“Шын көңілмен” зерттеп, тура біліміңді арттыра бер
ЕХОБАНЫҢ қызметшілерінің бәрі оған ұнамды болғысы келеді. Сондықтан біз сенімімізді нығайтуға және қасиетті қызметімізді құлшыныспен атқаруға тырысамыз. Алайда елші Пауыл өз заманындағы кейбір яһудилерге әсер еткен қауіпті бір жайтқа біздің де назарымызды аударып, былай деді: “Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген” (Рим. 10:2). Демек, Ехобаға деген сеніміміз және ғибадатымыз тек қана сезімге негізделмеуі керек. Бізге Жаратушымыз бен оның еркі жайлы тура білім алу қажет.
Пауыл басқа бір хатында Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстың білім алуға ұмтылумен байланысты екенін көрсетті. Ол Мәсіхтің ізбасарларына: “Сендердің Құдайдың еркін толықтай біліп... Осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды [“Құдай жайлы тура білімдеріңнің арта беруін”, ЖД] тілеп келеміз”,— деді (Қол. 1:9, 10). “Тура білім” алу неліктен маңызды және оны неге арттыра беруіміз керек?
Сенімнің негізі
Құдай мен оның еркі жайлы Киелі кітаптағы тура білім сеніміміздің негізі болып табылады. Мұндай білімсіз Ехобаға деген сеніміміз үп етсе, құлап қалатын қағаздан жасалған үйшік сияқты болар еді. Пауыл бізді Құдайға қасиетті қызметті “ақылмен” (Тт) атқарып, ‘ой-тілектерімізді жаңартуға’ шақырған (Рим. 12:1, 2). Бұл үшін Киелі кітапты үнемі зерттеу қажет.
Польшада жалпы ізашар болып қызмет ететін Ева былай деп мойындады: “Егер Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттемесем, Ехоба жайлы тура білімім жетілмей, тоқтап қалады. Мен мәсіхшілік болмысымнан айнып, Құдайға деген сенімім де әлсіреп, рухани құлдырай бастаймын”. Мұндай күйге ешқашан ұшырамайық! Қазір Ехоба жайлы тура білімін арттырған әрі соның нәтижесінде оған ұнамды болған бір адамның мысалын қарастырайық.
“Тағылымыңды Сенің сондай қатты сүйемін!”
118-ші Забурде Ехобаның тағылымдары, ережелері, жарлықтары мен әділ шешімдеріне қатысты жыршының не сезінгені жазылған. Ол: “Ережелеріңнен рақат табамын... Өсиеттеріңді қатты ұнатам”,— деп жырлады. Сондай-ақ: “Тағылымыңды Сенің сондай қатты сүйемін! Күні бойы ол жайлы ойланып та жүремін”,— деді (Заб. 118:16, 24, 47, 48, 77, 97).
Бұл сөздерден забур жыршысының Құдай Сөзінің үстінен ой жүгірткені әрі бұдан рақат алғаны көрінеді. Сондай-ақ оның Құдай заңын зерттеуді жақсы көргені байқалады. Забур жыршысының бұл сүйіспеншілігі жай ғана сезім емес еді. Ол Ехобаның сөздерінің мәнін терең ұғу үшін шын ықыласпен ‘ойланып жүрген’. Бұдан забур жыршысының Құдай мен оның еркін мүмкіндігінше тура біліп алуды қалағанын көреміз.
Забур жыршысының Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі жүрек түкпірінен шыққаны анық. Өзімізден: “Құдай Сөзін мен де осылай сүйемін бе? Оны күн сайын оқып, ой жүгіртуден қуаныш алып жүрмін бе? Құдай Сөзін тыңғылықты әрі дұға ете отырып оқимын ба?”— деп сұрауымызға болады. Егер осылай істеп жүрген болсақ, бұл ‘Құдай жайлы тура біліміміз артып’ жатыр дегенді білдіреді.
Ева былай деді: “Мен үнемі жеке зерттеуімнің сапасын жақсартуға тырысамын. “Жақсы жерге қараңдар” кітапшасын алғалы бері қолданып келемін. Қажеттілікке қарай көп мәліметті “Киелі жазбаларды түсіну” кітабынан және басқа да анықтамалықтардан қарауға тырысамын”.
Отбасылық міндеттері көп Войцех пен Малгожатаның да мысалын қарастырайық. Олар Киелі кітапты жеке зерттеуді жүйелі түрде өткізу үшін не істеді? “Әрқайсымыз Құдай Сөзін жеке зерттеу үшін арнайы уақыт белгілейміз,— деді олар.— Кейін, тапқан қызықты әрі жігерлендіретін ойларды отбасылық зерттеуде және күнделікті әңгімеде бір-бірімізге айтамыз”. Иә, Киелі кітапты терең зерттеу оларға көп қуаныш әкелуде және ‘тура білімдерін арттыруда’.
Ықылас салып зертте
Біз, мәсіхшілер, Құдайдың ‘барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайтынын’ білеміз (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сондықтан Киелі кітапты оқу және оны ‘жақсылап ұғып алу’ аса маңызды (Мат. 15:10). Мұның бір жолы — оны ықылас салып зерттеу. Осылай зерттеген ежелгі береялықтар жайлы Пауыл былай деген: “Олар Ізгі хабарды шын көңілмен қабылдап, шындығына көздерін жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді” (Ел. іс. 17:11).
Шын көңілмен зерттеген береялықтарға еліктеп, Киелі кітапты басқа ойларға алаңдамай, бар ықыласыңды салып зерттейсің бе? Мәсіхші бұрын зерттеуді ұнатпаған болса да, береялықтардың үлгісіне еліктей алады. Оның үстіне, кейбір адамдар қартайған сайын оқуды және зерттеуді азайтуға бейім, бірақ мәсіхшілер бұлай етпеу керек. Жасы қаншада болмасын, адам басқа ойларға алаңдамай, оқып зерттей алады. Оқып отырғанда, басқалармен бөлісуге болатын мәліметтерді байқа. Мысалы, оқып білгеніңді жұбайыңа не досыңа қысқаша айтып беруді мақсат етіп қойсаң болады. Бұл басқаларға пайдалы болады, ал саған мәліметті есте сақтап, көңіліңе түйіп алуға көмектеседі.
Зерттеу жүргізуге қатысты Құдайдың ежелгі қызметшісі Езрадан үлгі алуға болады. Ол ‘Ехобаның заңын оқып білуге жүрегін дайындаған’ (Езра 7:10 ЖД). Жүректі қалай дайындауға болады? Алдымен, зерттеуге қолайлы жағдай жасап ал. Сосын, отырып Ехобадан басшылық пен даналық сұрап дұға ет (Жақ. 1:5). Өзіңнен: “Зерттеу кезінде не білмекпін?”— деп сұра. Сөйтіп, оқу барысында негізгі ойларға көңіл аудар, қаласаң, оларды түртіп ал. Есте сақтап қалғың келетін ойлардың астын сызып отырғаның да жақсы. Мәліметті уағызда, шешім қабылдағанда не бауырластарды жігерлендіргенде, қалай қолдана алатының жайлы ойлан. Зерттеудің аяғында оқығаныңды бір шолып шық. Бұл білгендеріңді есте сақтауға көмектеседі.
Ева өзінің қалай зерттейтінін былай деп түсіндірді: “Киелі кітапты оқығанда, көрсетілген қосымша тармақтарды ашып отырамын, “Күзет мұнарасы басылымдарының индексі” мен компакт-дискідегі “Күзет мұнарасының кітапханасын” қолданамын. Сондай-ақ қызметте қолданғым келетін ойларды жазып алып отырамын”.
Кейбіреулер рухани нәрселерге барынша ықылас қойып, көп жылдан бері Киелі кітапты терең зерттеп келеді (Нақ. с. 2:1—5). Алайда олардың атқарып жүрген жауапкершіліктері аз емес, әрі жеке зерттеуге уақыт бөлу де оңайға соға бермейді. Сенің де жағдайың осындай болса, күнделікті кестеңе қандай өзгерістер енгізе аласың?
Уақытты қайдан табуға болады?
Өзіңе ұнайтын істермен айналысуға уақыт табу әлдеқайда оңай екенімен келісерсің. Көп бауырлас Киелі кітапты түгел оқып шығу сияқты қол жеткізуге болатын мақсаттар қоюдың жеке зерттеуге барынша ықылас қоюға көмектесетінін байқаған. Рас, шежірелерді, ғибадатхананың егжей-тегжейлі сипаттамаларын немесе күнделікті тіршілігімізге қатысы жоқ болып көрінетін күрделі пайғамбарлықтарды оқу оңай болмауы мүмкін. Алайда мақсатыңа кішігірім қадамдар жасай отырып жетсең болады. Мысалы, Киелі кітаптың қиын болып көрінетін бөліктерін зерттемес бұрын, сол кітаптың жазылу тарихы немесе оның пайдалы жақтары жазылған материалдарды оқып алуға болады. Мұндай мәліметтерді “Күзет мұнарасындағы” “Ехобаның сөзі тірі” айдарынан немесе “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған әрі тиімді” (ор.) кітапшасынан таба аласың.
Киелі кітапты оқуды қызықты ету үшін, оқығандарымызды көз алдымызға елестеткеніміз дұрыс. Сонда кейіпкерлерді ойымызда жандандырып, оқиғаның ішінде жүргендей боламыз. Осы бір-екі кеңесті қолданғанның өзінде зерттеуден қанағат алуға және оның жемісін көруге болады. Сонда бұған қуана-қуана уақыт табуға тырысасың және Киелі кітапты күнделікті оқу да оңайырақ болады.
Айтылған осы кеңестер жеке адамдарға тиімді, бірақ отбасына қатысты не деуге болады? Төрт көзің түгел отырғанда, неге отбасылық зерттеудің пайдасы жөнінде әркім өз ойын ортаға салып талқыламасқа? Мұның нәтижесінде қолдануға тиімді ұсыныстар айтылуы мүмкін. Мысалы, Киелі кітаптың үзінділерін қарастыру үшін, күнде немесе белгілі бір күндері сәл ертерек тұруға болатын шығар. Я болмаса отбасының кестесіне өзгерістер енгізу керектігі анықталар. Мысалы, кейбір отбасылар күнделікті тармақты не Киелі кітаптан үзіндіні тамақтан соң талқылаудың тиімді екенін байқаған. Дастарқан жиналып, әркім өз шаруасымен кетпес бұрын, 10—15 минут кесте бойынша Киелі кітапты оқиды не оның қандай да бір тармақтарын талқылайды. Алғашында бұл қиын болып көрінуі мүмкін, алайда келе-келе дағдыланып алған соң, отбасының қуанышты сәттерінің біріне айналады.
Войцех пен Малгожата өз отбасыларына не көмектескені жайлы былай деді: “Бұрын уақытымыз маңызсыз, бос нәрселерге кететін. Сондықтан электрондық пошта арқылы хат жазуға және көңіл көтеруге кететін уақытты қысқартып, терең зерттеу жүргізуге арнайы бір күнді белгіледік”. Бұл отбасы өзгерістер жасағанына еш өкінген жоқ. Сенің де отбасыңның өкінбесі анық.
Тура білімді арттырудың жемісі
Құдай Сөзін терең зерттеудің арқасында адам ‘түрлі игі істер істеп, өсіп-өнеді’ (Қол. 1:10). Оны терең зерттеп жүрген болсаң, сенің де жетістіктерің бәріне айқын болады. Сен Киелі кітаптағы шындықтарды терең түсінетін рухани адам боласың. Тәжірибесіздер сияқты тым шектен шықпай, парасатты шешім қабылдай алатын және басқаларға жақсы көмек көрсете алатын боласың. Ең бастысы, Ехобаға жақындай түсесің. Сондай-ақ оның қасиеттерін терең түсінетін боласың. Ал бұл адамдарға ол жайлы айтқан сөздеріңнен байқалып тұратын болады (Тім. 1-х. 4:15; Жақ. 4:8).
Жасыңа не тәжірибеңе қарамастан, Құдай Сөзін оқудан қуаныш алуға және оны шын ықыласпен терең зерттеуге мейлінше күш сал. Мұндай еңбегіңді Ехобаның ұмытпайтынына сенімді бол (Евр. 6:10). Ол саған батасын үйіп-төгіп береді.
[13-беттегі қоршау]
‘ТУРА БІЛІМІМІЗДІ АРТТЫРА БЕРСЕК’...
Ехобаға деген сеніміміз нығаяды және оның халқына лайық өмір сүретін боламыз (Қол. 1:9, 10).
Терең түсінікке ие болып, дұрыс пен бұрысты айыра алатын және дана шешім қабылдайтын боламыз (Заб. 118:99).
Адамдардың Ехобаға жақындауына көмектесуден көп қуаныш табатын боламыз (Мат. 28:19, 20).
[14-беттегі суреттер]
Қиын болса да, зерттеу жүргізуге қолайлы жер табуға тырыс
[15-беттегі сурет]
Кейбір отбасылары Киелі кітап үзінділерін тамақтанып болған соң оқиды