Құдайға жақында
“Құдайдан үлгі алыңдар”
МЕЙІРІМДІЛІК. Жанашырлық. Кешірімділік. Сүйіспеншілік. Өкінішке қарай, бүгінде осындай жағымды қасиеттерді таныту сиреп барады. Ал сен жайында не деуге болады? Қанша күш салсаң да, саған осындай жақсы қасиеттерді дамыту мүмкін еместей көріне ме? Сыншыл жүрегіміз бізге қандай да бір кедергілердің, мысалы жаман әдетіміз не бұрын жіберген қателіктеріміздің, кесірінен бұл қасиеттерді дамыту мүмкін еместей етіп көрсететін шығар. Алайда Киелі кітапта жұбаныш беретін мынадай шындық бар: Жаратушымыз біздің мұндай жақсы қасиеттерді дамытуға қабілетті екенімізді біледі.
Құдай Сөзі шынайы мәсіхшілерді: “Сонымен, сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар”,— деп шақырады (Ефестіктерге 5:1). Бұл сөздер Құдайдың өзіне ғибадат ететіндерге деген зор сенімін паш етеді. Қалайша? Ехоба Құдай адамды өзіне ұқсас етіп жаратқан (Жаратылыс 1:26, 27). Ол өзінде бар қасиеттерді адамдарға да дарытқанa. Сондықтан Киелі кітап мәсіхшілерді ‘Құдайдан үлгі алуға’ шақырғанда, Ехобаның өзі, былайша айтқанда, олардың әрқайсысына: “Мен саған сенемін. Кемелсіздігіңе қарамастан белгілі бір шамада мен сияқты болуға қабілетті екеніңді білемін”,— дейді.
Біз Құдайдың қандай қасиеттеріне еліктей аламыз? Бұның жауабын осы Жазба орнының мәнмәтінінен білуге болады. Пауыл Құдайға еліктеуге шақырғанда, “сонымен” деген сөзбен бастаған. Бұл сөз мейірімділік, жанашырлық және кешірімділік туралы айтылған алдыңғы тармақпен байланыстыру үшін қолданылған (Ефестіктерге 4:32; 5:1). Сосын, Құдайға еліктеуге қатысты кеңестен кейінгі тармақта Пауыл мәсіхшілерге риясыз сүйіспеншілік танытып өмір сүру жөнінде айтқан (Ефестіктерге 5:2). Расында да, Ехоба Құдай — біз үшін мейірімділік пен шынайы жанашырлық танытудың, өзгелерді кешіру мен сүйіспеншілік көрсетудің ең керемет үлгісі.
Неліктен біз Құдайға ұқсауды қалауымыз керек? Бұның келелі себебін Пауылдың: “Сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар”,— деген сөздерінен байқауға болады. Бұл әсерлі ой емес пе? Ехоба өзіне ғибадат ететіндерге аса сүйікті балаларындай қарайды. Кішкентай бала әкесіне ұқсауға тырысатынындай, шынайы мәсіхшілер де барынша көктегі Әкелеріне ұқсауға тырысады.
Ехоба адамдарды өзіне еліктеуге мәжбүрлемейді. Керісінше, ол зор құрмет көрсетіп, ерік бостандығын берген. Сондықтан Құдайға еліктейсің бе, жоқ па, бұл өзіңе байланысты (Заңды қайталау 30:19, 20). Алайда Құдайдың қасиеттерін танытуға қабілетің бар екенін ұмытпа. Әрине, Құдайға еліктеу үшін, алдымен, оны танып білу керек. Киелі кітап Құдайдың қасиеттері мен әрекет ету жолдары жайлы егжей-тегжейлі танып білуіңе көмектеседі. Оның керемет болмысы миллиондаған адамдарды өзіне еліктеуге талпындырды.
[Сілтеме]
a Қолостықтарға 3:9, 10-нан Құдайға ұқсас жаратылу деген мінез-құлыққа қатысты айтылғанын көруге болады. Мұнда Құдайға ұнамды болғысы келетіндер ‘Жаратушының тұлғасы бойынша жаңарған’ (Тт) ‘жаңа ізгі болмысқа иеленуге’ шақырылады.