Отбасы бақытының сыры
Некеңе адал бол
Әйелі былай деді: “Біраз уақыттан бері күйеуім Майклдің менен алшақтап, ал балаларға суық қарай бастағанын байқадымa. Интернетке қосылғаннан кейін, көп ұзамай күйеуім өзгере бастады, ол компьютерден порнография көріп жүр деп күдіктене бастадым. Бірде балалар ұйқыға жатқан соң, онымен ашық сөйлестім, сонда ол өзінің порнографиялық веб-сайттарды көріп жүргенін мойындады. Менің жігерім құм болды. Осындай жағдайға тап болғаныма сене алмадым. Мен оған мүлдем сенуден қалдым. Бұл аз болғандай, жұмыста бір әріптесім маған көңіл қоя бастады”.
Күйеуі былай деді: “Осыдан біраз уақыт бұрын әйелім Мария компьютердегі суретті көріп қалып, менімен ашық сөйлесті. Мен порнографиялық веб-сайттарды көріп жүргенімді мойындағанда, ол қатты ашуланды. Кірерге тесік таппай, өзімді кінәлі сезіндім. Некеміз осымен бұзылатын шығар деп ойладым”.
МАЙКЛ мен Марияның қарым-қатынасымен не болды? Майклдің үлкен қателігі порнография көргенінде деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ, ол кейін түсінгендей, проблеманың түп тамыры некеге деген адалдықтың жоқтығында едіb. Майкл мен Мария отау құрғанда, бір-бірін сүйіп, қызықты өмір кешеміз деп күткен болатын. Алайда, көптеген ерлі-зайыптылар сияқты, уақыт өте келе олардың да некеге адал болуға деген шешімдері әлсіреп, бара-бара аралары суып кеткенге ұқсайды.
Жылдар өте жұбайыңмен қарым-қатынасың суи бастағандай ма? Оны қайтадан қалпына келтіргің келе ме? Онда мына үш сұрақтың жауабын білу керек: Некеге адал болу деген нені білдіреді? Оған не қауіп төндіруі мүмкін? Жұбайыңа барынша адал болу үшін не істей аласың?
Некеге адал болу деген не?
Некеге адал болуды қалай түсіндірер едің? Көбісі мұны міндет деп қана түсінеді. Мысалы, ерлі-зайыптылар балаларына бола немесе некеге бастама берген Құдайдың алдында міндетті сезінгендіктен некелеріне адалдық сақтауы мүмкін (Жаратылыс 2:22—24). Әрине, мұндай ниет жақсы әрі қиын кезде отбасын сақтауға көмектеседі. Бірақ ерлі-зайыптылар некеде бақытты болу үшін бір-бірінің алдындағы борышын сезініп қойғандары жеткіліксіз.
Ехоба Құдай некенің ерлі-зайыптыларға зор қуаныш пен қанағат әкелгенін қалады. Оның ниеті бойынша, ер адам ‘қосағын қанағат етіп’, ал әйел жұбайын сүйіп, әрі өзін күйеуінің өз тәніндей жақсы көретінін сезіну керек еді (Нақыл сөздер 5:18; Ефестіктерге 5:28). Бұл үшін ерлі-зайыптылар бір-біріне сенім артуды үйренулері керек. Сондай-ақ ғұмырлық достық қарым-қатынас дамытулары қажет. Жұбайлар бір-бірінің сеніміне ие болып, әрі жақын дос болуға тырысса, некеге адал болу шешімдері нығая түседі. Сонда олардың жақын болатыны сонша — қарым-қатынастары “екеуі біртұтас болады” деген Киелі кітаптағы сөздерге сай келеді (Матай 19:5).
Некеге деген адалдықты үйдің кірпіштерін берік ұстап тұратын құмсылақпен салыстыруға болады. Құмсылақ цемент, су және құм сияқты қоспалардан жасалады. Тап солай, некеге деген адалдық та борыш, сенім және достық сияқты факторлардан құралады. Оны не бұзуы мүмкін?
Қандай қиындықтар болуы мүмкін?
Некеге адал болу көп күш салуды және жанқиярлық танытуды талап етеді. Сондай-ақ бұл жұбайыңның көңілінен шығу үшін өз мүддеңнен бас тартуға дайын болуды білдіреді. Бірақ бүгінде өз пайдаңды көздемей біреудің қалауын орындау — көпшілікке жат нәрсе, бұл тіпті кейбіреулердің ақылына да қонбайды. Алайда өзіңнен: “Өзімшіл адамдардың қайсысы некесінде бақытты?”— деп сұрап көрші. Бар болса да, некен-саяқ шығар. Неге? Өйткені өзімшіл адам қандай да бір құрбандыққа бару керек болғанда, әсіресе бұның пайдасын тез арада көре қоймаса, некеге адал болып қалуы екіталай. Ерлі-зайыптылардың алғашқыдағы ғашықтық сезімдері қаншалықты күшті болмасын, некеге адалдық сақтамаса, аралары суып кетеді.
Киелі кітап неке көп күш салуды талап ететін құрылым екенін ашық мойындайды. Онда: “Үйленген ер адам жұбайының көңілін табуға тырысып, бұ дүниелік істердің қамын жейді... Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуіне ұнауға тырысып, бұ дүниелік істердің қамын жейді”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 7:33, 34). Өкінішке қарай, әдетте өзімшілдіктен аулақ ерлі-зайыптылардың өздері де бір-бірінің уайым-қайғысын ескермей не жұбайының барған құрбандықтарын бағаламай жатады. Жұбайлар бір-бірін бағалаудан қалса, онда некелері “көп ауыртпалық” әкеледі (Қорынттықтарға 1-хат 7:28).
Неке өмірінің қиын сәттеріне төтеп беріп, ал қуанышты сәттерін одан бетер жайната түсу үшін, оған ұзақ уақытты одақ деп қарауды үйренулерің керек. Мұндай көзқарасты қалай дамытуға болады және серігіңді өзіңе адал болуға қалай талпындыра аласың?
Некеге барынша адал болу үшін не істеу керек?
Ең бастысы, Құдай Сөзі Киелі кітаптағы кеңестерді кішіпейілдікпен қолдан. Бұл өзіңе де, жұбайыңа да пайдалы (Ишая 48:17). Осыған орай, тиімді екі кеңесті қарастырып көр.
Некеңді басты орынға қой.
Елші Пауыл: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”,— деген (Філіпіліктерге 1:10 ЖД). Құдайдың көз алдында ерлі-зайыптылардың бір-біріне қалай қарайтыны өте маңызды. Әйелін құрметтейтін ер адамды Құдай да құрметтейді. Ал күйеуін сыйлайтын әйел “Құдай алдында аса бағалы” (Петірдің 1-хаты 3:1—4, 7).
Некең сен үшін қаншалықты қымбат? Әдетте, сен бір істі маңызды деп тапсаң, оған көбірек уақыт бөлесің. Өзіңнен былай деп сұра: “Өткен айда жұбайыма қанша уақыт бөлдім? Әлі де жақсы достар екенімізді көрсету үшін нақты не істедім?” Жұбайың үшін аз не мүлдем уақыт бөлмесең, ол неке одағына адал екеніңе сене қояр ма екен?
Жұбайың сені некеге адал деп есептей ме? Мұны қалай біле аласың?
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Бір қағазға келесі бес нәрсені жаз: ақша, жұмыс, отбасы, көңіл көтеру және достар. Енді жұбайың үшін осы бесеуінің қайсысы маңызды деп ойлайсың, соған қарай нөмірлеп шық. Жұбайың да саған қатысты осылай етсін. Сосын, қағаздарыңмен алмасыңдар. Егер отбасыңа жеткілікті уақыт бөліп, күш салмайтының байқалса, бір-біріңе деген адалдықтарыңды нығайту үшін қандай өзгерістер жасау қажет екенін талқылаңдар. Сондай-ақ өзіңнен: “Жұбайым үшін маңызды болып табылатын нәрселерге көбірек көңіл бөлу үшін не істей аламын?”— деп сұра.
Опасыздықтың кез келген түрінен аулақ бол.
Иса пайғамбар: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Матай 5:28). Егер адам жұбайының көзіне шөп салса, шаңырағының іргесін шайқалтып, серігіне, Киелі кітапқа сай, ажырасуға себеп береді (Матай 5:32). Алайда Исаның сөздерінен неке адалдығын бұзбас бұрын, адам жүрегінде әуелі жаман құмарлық пайда болатыны көрінеді. Осындай құмарлыққа жол берудің өзі — опасыздықтың бір түрі.
Некеге адал болып қалу үшін порнографияны көрмеуге өзіңе серт бер. Жұрт не демесін, порнография некеге у іспетті әсер етеді. Зайыбының осындай жаман әдеті жайлы бір әйелдің не дегенін байқашы: “Күйеуімнің айтуынша, порнография көру құштарлық сезімдерімізді күшейте түседі. Бірақ бұдан мен өзімді түкке тұрғысыз сезінем және ол мені қанағат тұтпайтындай көрінеді. Ол порнография көріп жатқанда, көз жасым көл болып ұйқыға кетем”. Бұл адам некеге адал болуға барынша тырысуда ма, әлде керісінше ме? Оның мұндай әрекетінен соң, жұбайына некеге адал болу оңай ма? Ол жарына жан досы ретінде қарай ма?
Әйүп пайғамбар некеге және Құдайға адал екенін ‘көзімен шарт жасау’ арқылы көрсеткен. Ол ‘қыз жайында ойламауға’ бел буған (Әйүп 31:1). Сен Әйүпке қалай еліктей аласың?
Порнографиядан аулақ болумен қатар, қарсы жынысты адамға ынтық болудан сақтан. Рас, көп адамдар қарсы жынысты адамға қылымсудың некеге еш зияны жоқ деп ойлайды. Бірақ Құдай Сөзі былай деп ескертеді: “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол; оның түбіне кім бойлай алсын?” (Еремия 17:9). Жүрегің сені алдап жүрген жоқ па? Өзіңнен былай деп сұрап көр: “Мен кімге көбірек көңіл бөлем: жарыма ма, әлде өзге біреуге ме? Жақсы жаңалықты бірінші кіммен бөлісем: жарыммен бе, өзгемен бе? Егер жұбайым әлдебіреумен араласуды азайтуымды сұраса, бұған қалай қараймын? Ашуланам ба, әлде өтінішін орындауға дайынмын ба?”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Жұбайыңнан өзге біреуге ынтық екеніңді байқасаң, онымен араласуыңды шектеп, тек қажет болғанда не ресми мәселеде ғана аралас. Ол адамның жұбайыңнан артық көрінетін тұстары жайлы ойлама. Қайта, жарыңның жақсы қасиеттері туралы ойла (Нақыл сөздер 31:29). Оны не үшін жақсы көргеніңді есіңе түсір. Өзіңнен: “Жұбайым шынымен сол қасиеттерін жоғалтып алды ма, әлде мен оларды көрмей жүрмін бе?”— деп сұра.
Бірінші болып әрекет ет
Жоғарыда айтылған Майкл мен Мария қиыншылықтарын шешуге қатысты кеңес сұрамақ болады. Әрине, бұл — бастамасы ғана. Әйтсе де олар қиыншылықтарын мойындауымен әрі көмек іздеуімен некелеріне адал және оны сақтап қалу үшін бар күшін салуға дайын екендерін анық көрсетті.
Некелерің берік немесе оған сызат түскен болсын, зайыбың некеңе адал болуға барынша тырысып жатқаныңды білуі керек. Бұған оның көзін жеткізу үшін қажетті қадамдардың бәрін жаса. Осылай етуге дайынсың ба?
a Есімдері өзгертілген.
b Мұнда порнография қараған ер адам туралы айтылғанымен, бұған барған әйел адам да некеге адал емес екенін көрсетеді.
ӨЗІҢНЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРА . . .
Жарыма көбірек көңіл бөлу үшін қандай істердің уақытын азайта аламын?
Некеге адал екенімді жұбайыма қалай көрсете аламын?