Ехобаның “жанары” бәрін тексереді
“[Ехобаның] жанары адам баласын тексереді” (ЗАБ. 11:4 ЖД).
1. Біз қандай адамдарға жақын жүргіміз келеді?
ӨЗІҢЕ шын ықыласпен көңіл бөлетін адамдарға қалай қарайсың? Ондай адамдар ойын сұрасаң, ашық айтады. Көмек қажет болса, қол ұшын беруге дайын тұрады. Мұқтаж болғанда, сүйіспеншілікпен кеңес береді (Заб. 140:5; Ғал. 6:1). Мұндай адамдарға жақын жүргің келеді емес пе? Ехоба мен оның Ұлы — дәл осындай тұлғалар. Олар саған кез келген адамнан артық көңіл бөледі. Олардың ниеті таза да риясыз, әрі саған ‘шынайы өмірді берік ұстануға’ көмектескісі келеді (Тім. 1-х. 6:19; Аян 3:19).
2. Ехоба өзінің қызметшілеріне қаншалықты көңіл қояды?
2 Ехобаның бізге қаншалықты көңіл бөлетінін көрсетіп, забур жыршысы Дәуіт: “[Ехобаның] көзі бәрін көреді, жанары адам баласын тексереді”,— деді (Заб. 11:4 ЖД). Иә, Ехоба бізді көріп қана қоймай, тексереді де. Дәуіт тағы былай деді: “Сен менің жүрегімді тексердің, түнде мені сынадың... Менде арам пиғыл жоқ екенін көресің” (Заб. 17:3 ЖД). Байқасақ, Дәуіт Ехобаның өзіне бар ықыласпен көңіл қоятынын жақсы түсінген. Ол күнәкар ойлар мен арам пиғылға берілсе, Ехобаның жүрегін ауыртып, оның ықыласынан айырылып қалатынын білген. Дәуіт сияқты, сен де Ехобаның өзіңе көңіл қоятынына сенесің бе?
Ехоба жүректе не барын көреді
3. Ехобаның кемелсіздігімізді ескеретіні неден көрінеді?
3 Ехоба, ең алдымен, адамның жүрегіне, яғни ішкі дүниесіне, көңіл аударады (Заб. 18:15; 25:2). Сүйіспеншілікке толы ол кішігірім қателіктерімізге аса мән бермейді. Мысалы, Ыбырайымның әйелі Сара адам кейпінде келген періштеге жалған сөйлеген болатын. Періште оның қорыққаннан не қысылғаннан осылай айтқанын көрсе керек, оны жазғырмай, жай ғана түзетеді (Жар. 18:12—15). Ал Әйүп ‘Құдайды емес, өзін көбірек ақтағанда’, Ехоба осы үшін одан батасын алып қойған жоқ. Өйткені оның Шайтанның қолынан қатты азап шегіп жатқанын білді (Әйүп 32:2; 42:12). Тап солай, Ехоба сарепталық жесірді Ілияс пайғамбарға ашық айтқан сөздері үшін жазғырған жоқ. Себебі оның жалғыз баласынан айырылып, жүрегі қан жылап тұрғанын түсінген еді (Пат. 3-ж. 17:8—24).
4, 5. Ехоба Әбумәлікке қалай мейірімділік көрсетті?
4 Ехоба жүректі тексеретіндіктен, тіпті өзіне қызмет етпейтіндерге де мейірім көрсеткен. Мысалы, Філістір жеріндегі Герар қаласының патшасы Әбумәлікпен болған жағдайды алайық. Ол Сараны Ыбырайымның әйелі екенін білмей, әйелдікке алмақ болады. Алайда онымен жақындаспай тұрып, Әбумәлікке Ехоба түсінде аян беріп: “Мен сенің мұны таза көңілмен істегеніңді білемін. Сол себептен де, сені Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым. Енді әйелін күйеуіне қайтар, ол — пайғамбар. Сен үшін Маған сиынып сұрасын, сонда аман қаласың”,— дейді (Жар. 20:1—7).
5 Әрине, Ехоба жалған тәңірлерге табынатын Әбумәлікке қатаңдық танытуына болар еді. Алайда Құдай оның бұл жағдайда адал көңілмен әрекет еткенін көрді. Сондықтан мұны мейірімділікпен ескеріп, патшаға кешірімге ие болып, ‘аман қалу’ үшін не істеу керектігін айтады. Осындай Құдайға ғибадат еткің келеді емес пе?
6. Қалайша Иса Әкесіне еліктеген?
6 Иса Әкесіне кемелді түрде еліктеп, шәкірттерінің жақсы жақтарына көңіл аударған және олардың қателіктерін кешіруге дайын болған (Мар. 10:35—45; 14:66—72; Лұқа 22:31, 32; Жох. 15:15). Оның осындай көзқарасы Жохан 3:17-гі сөздерімен үйлеседі: “Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді”. Иә, Ехоба мен Исаның бізге деген сүйіспеншілігі зор әрі ешқашан айнымайды. Бұл олардың өмір сүргенімізді қалайтындарынан көрінеді (Әйүп 14:15). Осындай сүйіспеншілік Ехобаның бізді не үшін тексеретінін және бізге қалай қарайтынын, сондай-ақ көргеніне сай қалай әрекет ететінін түсінуге көмектеседі (Жоханның 1-хаты 4:8, 19 оқы).
Бізді сүйгендіктен тексереді
7. Ехоба бізді қандай ниетпен тексереді?
7 Ехобаға қылмысымыздың үстінен түсуді аңдып тұрған көктегі полиция қызметкері іспетті қарағанымыз мүлдем дұрыс болмас еді. Бізге ылғи күдікпен қарап, айып тағатын — Шайтан (Аян 12:10). Ол біреуге, жоқ болса да, арам пиғыл таңуға дайын (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Ал Ехобаға қатысты забур жыршысы: “Егер Сен, Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң — Жаратқан! Бұған кім төтеп береді?”— деген (Заб. 129:3). Әрине, ешкім де төтеп бере алмайды! (Екк. 7:20). Алайда Ехоба сүйікті баласын қауіп-қатерден сақтайтын қамқоршы ата-анаға ұқсайды. Ол бізді мейірімге толы жанарымен бақылап, кемелсіздігіміз бен әлсіздіктерімізді ескертіп, жамандықтан сақтандырып отырады (Заб. 102:10—14; Мат. 26:41).
8. Ехоба өзінің қызметшілеріне қалай жол көрсетіп, жөнге салады?
8 Құдай Жазбалар мен “адал да ақылды құлдың” беріп отырған рухани ас-суы арқылы жол көрсетіп, жөнге салуымен бізді сүйетінін көрсетеді (Мат. 24:45 ЖД; Евр. 12:5, 6). Сондай-ақ ол мәсіхшілер қауымы мен “адамдар кейпіндегі тартулар” арқылы көмектеседі (Ефес. 4:8 ЖД). Оның үстіне, Ехоба өзінің әкелік тәлім-тәрбиесін қалай қабыл алатынымызды бақылайды және одан әрі көмектесудің жолын іздейді. Забур 31:8-де: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін; Сені көзімнен таса қылмай, Әрдайым жетелеп жүремін”,— делінген. Ендеше Ехобаға құлақ асқанымыз қаншалықты маңызды! Біз оны сүйіспеншілікке толы Ұстазымыз әрі Әкеміз ретінде мойындап, оның алдында өзімізді кіші тұтуымыз керек (Матай 18:4 оқы).
9. Қандай жаман қасиеттерден аулақ болуымыз керек және неліктен?
9 Біз өркөкіректіктен, сенімнің жоқтығынан, не ‘күнәның кесірінен’, ешқашан қасарысып кетпейік (Евр. 3:13; Жақ. 4:6). Мұндай жаман қасиеттер көбінесе адамның жағымсыз ойлар мен күнәкар құмарлықтарға бой алдырғанынан пайда болады. Ондай адам, уақыт өте келе, тіпті Жазбаларға негізделген орынды кеңестерден бас тартуы мүмкін. Бұдан да сорақысы, алған бетінен қайтпаса, ол Құдайдың жауына айналуы мүмкін. Ал бұл өте қауіпті (Нақ. с. 1:22—31). Осыған орай, Адам мен Хауаның тұңғыш ұлы Қабылдың мысалын қарастырып көрейік.
Ехоба бәрін көреді әрі соған сай әрекет етеді
10. Неліктен Ехоба Қабылдың тартуына риза болмады, ал Қабыл не істеді?
10 Қабыл мен Әбіл құрбандық ұсынғанда, Ехоба олардың тартуына ғана емес, ниетіне де назар аударды. Сондықтан Әбілдің сеніммен әкелген құрбандығын ризашылықпен қабыл алып, сенімінің жоқтығын көрсеткен Қабылдың тартуына риза болмады (Жар. 4:4, 5; Евр. 11:4). Қабыл болған жайттан сабақ алып, көзқарасын өзгертудің орнына, інісіне қатты ашуланды (Жар. 4:6).
11. Қабыл жүрегінің бұзылғанын қалай көрсетті және бұдан қандай сабақ аламыз?
11 Ехоба Қабылдың алған беті қауіпті екенін байқап, оған мейіріммен үн қатып: “Істегенің дұрыс болса, онда жүзің жарқын болмас па еді?”— деді. Өкінішке орай, Қабыл Жаратушысының кеңесіне құлақ аспай, інісін өлтірді. Ол жүрегінің бұзылғанын Құдайдың сұрағына дөрекі жауап беруімен де көрсетті. Ехоба одан: “Інің Әбіл қайда?”— деп сұрағанда, ол ашулана: “Білмеймін; мен інімнің күзетшісі ме едім?”— деп жауап қатады (Жар. 4:7 сілт., 8, 9). Адам жүрегіне сенім арту қауіпті, себебі ол тіпті Құдайдың тікелей берген кеңесінен бас тартуға дейін жеткізуі мүмкін (Ерм. 17:9). Осындай мысалдардан сабақ алып, жаман ойлар мен күнәкар құмарлықтардан бірден бас тартайық (Жақып 1:14, 15 оқы). Бізге Жазбаларға негізделген кеңес берілсе, риза болып, оны Ехобаның сүйіспеншілігінің дәлелі деп қарастырайық.
Құдайдың алдында жасырын күнә жоқ
12. Адам күнә жасағанда Ехоба қалай әрекет етеді?
12 Кейбіреулер жасаған жаман ісін ешкім көрмесе, жазадан құтылып кетуге болады деп ойлайды (Заб. 18:13). Негізі, жасырын күнә деген жоқ. Өйткені “[Құдайдың] көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Оның алдында есеп беруге тиіспіз” (Евр. 4:13). Ехоба — ішкі ниеттерімізді тексеретін Төреші, әрі күнәға қатысты шара қолданғанда, кемелді әділдік танытады. Ол “рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады”. Алайда арам және зұлым ниетпен ‘әдейі күнә жасай беретіндерді’ “жазалаусыз қалдырмайды” (Мыс. ш. 34:6, 7; Евр. 10:26). Бұны Аханмен, Анани және Зәпирамен болған жағдайдан көруге болады.
13. Аханның ұрлық жасауына қандай жаман пиғыл түрткі болса керек?
13 Ахан Құдайдың нақты нұсқауына құлақ аспай, Иерихон қаласынан түскен олжаны шатырына әкеліп тығып қояды, отбасының да бұл іске қатысы болған болса керек. Күнәсі әшкереленгенде, ол қандай ауыр қылмыс жасағанын мойындайды, өйткені “Жаратушы Иенің алдында мен күнәһар болдым”,— дейді (Ешуа 7:20). Қабыл сияқты, Ахан да жүрегінің бұзылуына жол берді. Оның ұрлыққа баруына түрткі болған ең басты нәрсе ашкөздік еді. Иерихоннан түскен олжа Ехобанікі болғандықтан, Ахан оны шын мәнінде Құдайдан ұрлап алды. Осы үшін өзі де, отбасы да өмірінен айырылды (Ешуа 7:25).
14, 15. Анани мен Зәпира неге Құдайдың жазасына лайық болды және бұдан біз қандай сабақ аламыз?
14 Анани мен Зәпира Иерусалимдегі ертедегі мәсіхшілер қауымының мүшелері болған. Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамынан соң, әлі де Иерусалимде тұрып жатқан алыстан келген жаңа сенушілерді қамтамасыз ету керек болады. Сондықтан ерікті садақалардан қаржы қоры ұйымдастырылады. Анани танабын сатып, түскен қаржының бір бөлігін садақа ретінде береді. Бұдан әйелі де хабардар болатын. Алайда Анани елшілерге сатылған жердің ақшасын түгел бердім дейді. Осылай олар қауымда ерекше құрметке ие болғысы келгені сөзсіз. Бірақ бұл әрекет залымдық еді. Мұны Ехобаның рухы арқылы білген елші Петір Ананидің кінәсін бетіне басады. Сол заматта Анани құлап түсіп, жан тапсырады. Артынша Зәпира да осылай өледі (Ел. іс. 5:1—11).
15 Анани мен Зәпира әлсіздікке аяқастынан беріліп қалмаған еді. Олардың елшілерге айтқан өтірігі алдын ала ойластырылған болатын. Ең сорақысы, олар ‘Киелі Рухты және Құдайды алдамақ болды’. Осы оқиғадағы Ехобаның әрекетінен өз қауымын екіжүзділіктен қорғауға дайын екенін көрінеді. Шынында да, “мәңгі тірі Құдайдың қолына түсіп, сотталу қандай қорқынышты!” (Евр. 10:31).
Мінсіздігіңді сақтап жүр
16. а) Қалай Шайтан Құдай халқын бұзуға тырысуда? ә) Сен тұратын аймақта Шайтан адамдарды бұзу үшін қандай әдістер қолдануда?
16 Ехобаның ықыласынан айыру үшін Шайтан бізді бұзуға тырысып, қолынан келгеннің бәрін істеуде (Аян 12:12, 17). Оның зымиян ниеті азғындық пен зорлық-зомбылыққа толы осы дүниеден айқын көрінеді. Бүгінде порнографияны компьютер, теледидар сияқты құрылғылар арқылы оп-оңай табуға болады. Біз ешқашан Шайтанның ықпалына беріліп қалмайық. Қайта, ой-ниетіміз забур жыршысы Дәуіттікіндей болсын. Ол: “Жүрегім бұзылмаған қалпы үйімнің ортасында жүретін боламын”,— деген (Заб. 100:2).
17. а) Неге Ехоба жасырын күнәнің бетін бәрібір ашады деуге болады? ә) Біз не нәрсеге бел бууымыз керек?
17 Бұрын Ехоба кейбір ауыр күнә мен жалған әрекеттерді керемет жасап әшкерелегенімен, бүгінде олай етпейді. Дегенмен ол бәрін көріп отыр және өзі белгілеген уақытта барлық жасырын істердің бетін ашады. Пауыл былай деген: “Кейбіреулердің күнәлары көзге айқын көрініп, оларды тікелей айыпталуға бастап әкеледі. Ал басқаларынікі кейінірек қана әшкереленеді” (Тім. 1-х. 5:24). Ехобаны бұлай әрекет етуге талпындыратын — сүйіспеншілік. Ол қауымды сүйеді және оның таза болғанын қалайды. Сондай-ақ ол күнә жасап қойған, бірақ қазір соған шын өкінетін адамдарға мейірімділік танытады (Нақ. с. 28:13). Олай болса, Құдай алдында жүрегімізді таза сақтайық және ниетімізді бұзатын нәрселердің бәрінен аулақ жүрейік.
Жүрегіңді таза сақта
18. Дәуіт патша ұлының Құдайға деген сезімі қандай болғанын қалады?
18 Дәуіт патша ұлы Сүлейменге былай деген: “Ұлым, өз әкеңнің Құдайын біл және Оған шын жүрегіңмен, шын пейіліңмен қызмет ет, өйткені Жаратушы барлық пейілді сынайды, ойыңда не болса, соның бәрін біледі” (Шеж. 1-ж. 28:9). Дәуіт ұлының Құдайға құр сеніп қоймай, Оған өз қызметшілеріне бар ықыласпен көңіл қойғаны үшін ризашылық сезінгенін қалады. Сен де осы үшін Ехобаға ризасың ба?
19, 20. Забур 18:8—12 тармақтарға сай, Дәуітке Ехобаға жақындауға не көмектесті және біз оған қалай еліктей аламыз?
19 Ехоба Құдай ниеті түзу адамдардың өзіне жақындайтынын және керемет қасиеттерінің олардың жүректеріне әсер ететін біледі. Сондықтан ол өзінің қандай тұлға екенін білгенімізді қалайды. Оны қалай білуге болады? Бұл үшін оның Сөзі Киелі кітапты зерттеуіміз және баталарын өз өмірімізден көруіміз керек (Нақ. с. 10:22; Жох. 14:9).
20 Сен Құдай Сөзін ризашылықпен әрі дұға ете отырып күнделікті оқисың ба? Ондағы принциптерді ұстанудың қаншалықты пайдалы екенін көріп жүрсің бе? (Забур 18:8—12 оқы). Солай болса, Ехобаға деген сенімің мен сүйіспеншілігің арта түседі. Сонда Ехобаның саған бұрынғыдан да жақындайтыны сонша — ол сені қолыңнан ұстап жүргендей болады (Ишая 42:6; Жақ. 4:8). Иә, ол сені сүйетінін батасын төгу арқылы және шынайы өмірге апаратын тар жолда рухани қорғау арқылы дәлелдейді (Заб. 90:1, 2; Мат. 7:13, 14).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба бізді не үшін тексереді?
• Кейбіреулердің Құдайдың жауына айналуына не себеп болды?
• Ехобаның бізге көңіл қоятынына сенетінімізді қалай көрсетеміз?
• Құдай алдында жүрегімізді қалай таза сақтай аламыз?
[4-беттегі сурет]
Ехоба қамқор ата-ана сияқты бізді қалай бақылап отырады?
[5-беттегі сурет]
Ананидің мысалынан қандай сабақ аламыз?
[6-беттегі сурет]
Ехобаға таза жүрекпен қызмет ете беруге бізге не көмектеседі?