Исадан тәлім аламыз
Көкте және жерде өмір сүру үміті
Иса көктегі өмірді уәде етті ме?
Иә, ол уәде еткен! Исаның өзі қайта тіріліп, Әкесінің жанында болу үшін көкке көтерілген. Ол өлер алдында 11 адал елшісіне былай деді: “Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп... Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын” (Жохан 14:2). Бірақ көкке көтерілетіндердің саны аз ғана болу керек еді. Мұны Исаның шәкірттеріне айтқан келесі сөздерінен анық көруге болады: “Кішкентай қора, қорықпа! Әкелерің сендерге Патшалығын тапсыруға ризалық еткен” (Лұқа 12:32).
“Кішкентай қора” көкте не істейді?
Көктегі Әкеміз осы шағын топтың көкте Исамен бірге билік еткенін қалайды. Мұны қайдан білуге болады? Қайта тірілген Иса елші Жоханға адал шәкірттерінің кейбірінің ‘жер бетіне билік жүргізетінін’ айтты (Аян 1:1; 5:9, 10). Бұл ізгі хабар болатын. Адамзаттың ең үлкен мұқтаждықтарының бірі — жақсы үкімет. Иса басқаратын бұл үкімет не нәрсеге қол жеткізеді? Иса былай деді: ‘Әлем жаңарып, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырған кезде сендер де он екі тақта отырасыңдар’ (Матай 19:28). Иса мен шәкірттері басқаратын бұл үкіметтің кезінде ‘әлем жаңарады’, яғни алғашқы адам жұбы күнә жасағанға дейін өмір сүрген кемелді жағдай қайта орнайды.
Басқа адамдардың қандай үміті бар?
Адамзат баласының Исадан ерекшелігі олар жерде өмір сүру үшін жаратылған (Забур 113:24). Иса: “Сендер жерденсіңдер, Мен көктенмін”,— деген болатын (Жохан 8:23). Иса адамдарды жерде керемет болашақ күтіп тұрғанын айтқан. Бір жолы ол: “Кішіпейілділер бақытты: Олар жерді иемденетін болады!”— деді (Матай 5:5). Бұл жерде ол рухтың жетелеуімен жазылған Забур жырларынан үзінді келтірген болатын: “Ал кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатын мол көрер. Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді” (Забур 36:11, 29).
Сонымен мәңгілік өмірге тек көкке баратын “кішкентай қора” ғана ие болмайды. Иса барлық адам баласына берілген үміт туралы былай деген: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16).
Құдай қайғы-қасіретті қалай жояды?
Иса адамзаттың қайғы-қасірет шегуінің екі себебіне нұсқап, былай деген: “Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады” (Жохан 12:31). Алдымен, өзгелерді қанайтын құдайдан безген адамдарға сот жүргізіледі де, олар жойылады. Сосын, Шайтан қамауға алынады да, бұдан былай адамзатты алдай алмайтын болады.
Ал Құдай мен Мәсіх туралы білім алып, сенім дамытуға мүмкіндігі болмаған ертеде өмір сүрген адамдармен не болады? Өзінің қасында бөренеге шегеленген қарақшыға Иса: “Менімен бірге жұмақта боласың!”— деген (Лұқа 23:43). Иса миллиондаған басқа адамдармен қоса, сол кісіні де жұмақ орнаған жерде қайта тірілтеді, сөйтіп, оларға Құдай туралы білім беріледі. Осылайша ол әділ де кішіпейіл адамдармен бірге жерде мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады (Елшілердің істері 24:15).
Көбірек мәліметті “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?”a басылымының 3 және 7-тараулардан таба аласыз.
[Сілтеме]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
[9-беттегі сурет]
“Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді” (Забур 36:29).