Құдайға жақында
Ехобаға момын адамдар ұнайды
МЕНМЕНДІК, қызғаныш, атаққұмарлық. Бұл қасиеттерді осы дүниеде жетістікке жетіп жатқан адамдардың бойынан табуға болады. Алайда мұндай адамдар Ехоба Құдайға ұнай ма? Жоқ. Ехоба момын адамдарды жақсы көреді. Мұны біз Руларды санау кітабының 12-тарауындағы оқиғадан білеміз. Бұл оқиға исраилдіктер Мысыр құлдығынан шығып, Синай жазығына келгенде орын алған еді.
Мұсаның әпкесі Мәриям мен ағасы Һарон оны “жазғыра бастады” (1-тармақ). Олар жай ғана Мұсамен сөйлесудің орнына, оны айыптай бастады және бұл туралы басқаларға да айтса керек. Мәриямның есімі бірінші аталған, сондықтан бүлікті бастаған сол болса керек. Олардың күңкілдеуінің бірінші себебі — Мұсаның эфиопиялық қызды әйелдікке алғаны болды. Бәлкім, Мәриям осы исраилдік емес әйелдің көлеңкесінде қаламын деп қорыққан болар.
Алайда Мәриям мен Һаронның наразылығын туғызған бұл ғана емес-тін. Олар: “Жаратушы Иеміз жалғыз Мұсаға ғана үн қатып па екен? Ол бізге де өз сөзін арнамап па еді?”— десті (2-тармақ). Олардың көбірек билік пен құрметке ие болғысы келгенге ұқсайды.
Киелі кітапта Мұса оларға қарсы сөз айтты делінбеген. Ол бәріне де шыдаған. Осы оқиға оның Киелі кітапта “жер бетіндегі барлық пенделер ішіндегі мінезі момын адам” деп суреттелгенінің бекер еместігін дәлелдедіa (3-тармақ). Мұсаға өзін қорғап сөйлеудің қажеті де жоқ еді, өйткені бәрін де естіген Ехоба адамдарға оны қолдайтынын білдірді.
Мұсаны Ехоба тағайындаған болатын, сондықтан ол Мұсаға қарсы шығуды өзіне қарсы шығумен пара-пар деп қарастырды. Күңкілдеген халыққа сөгіс айтқан соң, Ехоба: “Мен онымен ауызба-ауыз сөйлесемін”,— деуімен өзінің Мұсамен ерекше қарым-қатынаста екенін естеріне салды. Содан соң Ехоба Мәриям мен Һароннан былай деп сұрады: “Мұсаны жазғыруға қалай дәттерің барды?” (8-тармақ). Мұсаға қарсы сөйлеуімен олар шын мәнінде Ехобаға қарсы шыққан еді. Осылайша олар Ехобаның қаһарына ұшырады.
Бүлікті бастаған Мәриямның денесін алапес басып кетті. Һарон болса Мұсадан оған араша түсуін өтініп, жалбарына бастады. Өздерің ойлап көріңдерші: Мәриямның тағдыры өздері қарсы шыққан Мұсаның қолында еді! Мұса кішіпейілділікпен оның өтінішін орындады. Осы оқиғаға байланысты алғаш рет сөзге келген ол Ехобаға әпкесі жөнінде өтініш айтып, дұға етті. Мәриям алапесінен арылды, бірақ жеті күн қостың сыртында болуына тура келді.
Бұл оқиғадан біз Ехоба қандай адамдарды ұнататынын және қандай қасиетті ұнатпайтынын түсіне аламыз. Егер Ехобаға жақындағымыз келсе, бойымызда менмендік, қызғаныш және атаққұмарлықтың нышаны да болмауы керек. Ехоба момын адамдарды ұнатады. Ол былай деп уәде етеді: “Ал момын адамдар жерге ие болады да әлем байлықтарының игілігін көреді” (Забур 36:11; Жақып 4:6).
[Сілтеме]
a Момын адам әділетсіздікке төзіп, өш алмауға көмектесетін қасиетке ие.