Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
Жас кезінен марихуана мен темекі шеккен адам осы жаман әдетінен қалай арылды? Қарақшылар тобының қатыгез мүшесі ашуын тізгіндеуді үйреніп, ұлтшылдықтан қалай арылды? Бұл туралы өздері не дейді?
ГЕНРИХ МААР
ЖАСЫ 38-де
ҚАЗАҚСТАН
МАРИХУАНА МЕН ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІ БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Қазақстанның оңтүстігінде, Ташкент қаласынан шамамен 120 шақырым жерде дүниеге келдім. Туып өскен жердің жазы ыстық әрі құрғақ болатын. Ауаның температурасы 45 градусқа дейін көтерілетін. Ал қыстыгүні 10 градусқа дейін төмендейтін. Бұл жүзім мен марихуана өсіруге қолайлы жағдай еді.
Менің әке-шешем неміс болатын. Екеуі де евангелистер еді, бірақ діндеріне сай өмір сүрмейтін. Алайда олар маған Көктегі Әкеміз деп аталатын дұғаны үйретті. Он төрт жаста болғанымда анам мен әпкем Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрді. Бірде екі Куәгер анама оның ескі Киелі кітабынан Құдайдың есімі Ехоба екенін көрсетті. Бұл маған қатты әсер етті. Бірақ анам зерттеуді жалғастырмады, сол себепті менің де қызығушылығым басылып қалды. Бірде мұғалімім Ехоба куәгерлерін секта деп атап, олар туралы жалған әңгімелер айта берді. Әпкем екеуміз Куәгерлердің бірнеше кездесуіне барып, өз көзімізбен көргендіктен, мен мұғалімнің сөздері шындыққа жанаспайтынын айтып салдым.
Жасым он беске келгенде Ленинградқа, қазіргі Санкт-Петербург қаласына, оқуға кеттім. Бірге тұратын жігіттерге Ехоба жайлы білгендерімді айтатынмын. Сонда да мен темекі тарта бастадым. Демалысқа үйге барғанда, заңсыз болса да, марихуананы оп-оңай сатып алатынмын. Оған қоса, арақ пен қолдан жасалған жүзім шарабын көп ішетінмін.
Оқуымды бітірген соң, екі жылға әскерге аттандым. Балалық шағымда Киелі кітаптан алған білімдерім әлі де есімде еді. Сондықтан мүмкіндік туғанда, жолдастарыммен Ехоба жайлы сөйлесіп, Куәгерлерді жақтайтынмын.
Әскерден кейін Германияға қоныс аудардым. Иммигранттарға арналған лагерде тұрып жатқанда, қолыма Киелі кітапты зерттеуге арналған Куәгерлер шығарған басылым түсті. Мен оны оқып шықтым да, мұның шындық екеніне көзім жетті. Алайда марихуана мен темекі шегуді тастай алмадым. Біраз уақыттан кейін Карлсруэ қаласының маңына көшіп барғанда бір Куәгерді кездестіріп, Киелі кітапты зерттеуді бастадым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Мен көп уақыттан бері Киелі кітапты Құдай Сөзі деп есептейтінмін. Киелі кітапты зерттеуге арналған басылымды оқыған соң, онда өмірдегі маңызды сұрақтардың жауабы бар екеніне көзім жетті. Алайда жаман әдеттерімнен арылу үшін көп уақыт қажет болды. Маған Қорынттықтарға 2-хат 7:1-дегі кеңес қатты әсер етті. Сондықтан ‘тәнім мен рухымды арамдайтын барлық нәрселерден тазаруға’, яғни марихуана мен темекіден бас тартуға, бел будым.
Маған марихуана шегуді қою қиын болған жоқ. Алайда темекіні тастауға алты ай уақыт кетті. Бір күні менімен Киелі кітапты зерттейтін Куәгер: “Өміріңнің мәні неде?”— деп сұрады. Бұл сұрақ мені қатты ойландырып тастады. Бұған дейін темекіні қоюға бірнеше рет тырысқан едім, бірақ нәтижесіз болды. Ал енді темекі шегіп болғаннан кейін кешірім сұрау үшін емес, шекпес бұрын Құдайдан күш сұрап дұға етуді шештім. 1993 жылы темекі шегуді қоятын күнімді белгіледім. Содан бері Ехобаның көмегімен оны қолыма алған емеспін.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Ақшаның соры болған зиянды әдеттерімнен арылдым және денсаулығым әлдеқайда жақсарды. Қазір Ехоба куәгерлерінің Германиядағы филиалында ерікті қызметшімін. Киелі кітаптың дана кеңестерін өмірімде қолдануды үйренгеніме өте қуаныштымын! Киелі кітап неге үйрететінін білгеннің арқасында өмірім мағынаға толы.
ТАЙТУС ШАНГАДИ
ЖАСЫ 43-те
НАМИБИЯ
ҚАТЫГЕЗ ҚАРАҚШЫ БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Намибияның солтүстігінде Охангвена өлкесіндегі бір ауылда өстім. 1980 жылдары болған соғыс кезінде, біздің ауылдың адамдарының біразы өлтірілген еді. Ауылда тек жақсы төбелесетін ұлдар нағыз жігіт деп есептелетін. Сол себепті мен төбелесуді үйрендім.
Мектепті бітірген соң, жағалауда орналасқан Свакопмунд қаласында тұратын көкемнің қолына бардым. Көшіп барысымен бүлікшіл жастарға қосылдым. Қара нәсілділерді жақтырмайтын жерлерге, қонақ үйлер мен мейрамханаларға, әдейі төбелес шығару үшін баратынбыз. Бірнеше рет күзетшілермен және полиция қызметкерлерімен қақтығыстық. Түнде кезіккен адамдарға шабуыл жасау үшін мачете, үлкен өткір пышақ, алып жүретінмін.
Бір түні төбелес кезінде мені біреу өлтіріп қоя жаздады. Қарсылас топтың бір мүшесі басымды шауып тастауға шақ қалғанда, жолдасым оны бір ұрып есінен тандырып қойды. Өлім аузынан қалсам да, мен қарақшылықты қойған жоқпын. Егер біреумен сөзге келіп қалсам, еркек не әйел демей, тұра төбелесіп кететінмін.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Алғаш рет кездестірген Ехоба куәгері маған 36-ші Забурдың бірнеше тармағын оқып берді. Сосын, ол Аян кітабында болашаққа қатысты керемет уәделер жазылғанын айтты. Бірақ ол бұл уәделер Аян кітабының қай жерінде жазылғанын айтқан жоқ, сондықтан мен бір түннің ішінде сол кітапты түгел оқып шықтым. Маған Аян 21:3, 4-тегі: “Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” деген уәде қатты ұнады. Сөйтіп, Куәгерлер қайта келгенде, мен Киелі кітапты зерттеуге келістім.
Ой қалпым мен жүріс-тұрысымды өзгерту маған оңай болған жоқ. Алайда Елшілердің істері 10:34, 35-тен ‘Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын... әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайтынын’ білдім. Сонымен қатар Римдіктерге 12:18-ді өмірімде қолдануға тырыстым. Онда: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— делінген.
Маған ұстамдылыққа үйренумен қатар темекіні де тастау керек болды. Жиі көз жасымды төгіп Ехобадан көмектесуін сұрап дұға ететінмін. Басында мен мынау “соңғы” темекі деп айтатынмын да, шегіп болған соң дұға ететінмін. Алайда кейін менімен Киелі кітапты зерттеген Куәгер темекіні қолға алмас бұрын дұға етудің маңыздылығын түсінуге көмектесті. Маған темекі шегетіндерден аулақ жүру керек болды. Сондай-ақ ол маған бірге жұмыс істейтіндерге темекінің зиян екенін айтуға кеңес берді. Осының арқасында олар маған темекі ұсынбайтын болды.
Ақырында темекіні де, бұрынғы өмір салтымды да тастадым. Киелі кітап принциптерін біліп соларға сай өмір сүргеніме алты ай болғанда, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Ехоба куәгерлерінің нәсілге қарамай, бір-біріне сүйіспеншілік танытатынын көргенде, бұл шынайы дін екеніне көзім жетті. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, қауымдағы бір ақ нәсілді Куәгер мені үйіне асқа шақырды. Мен бұған қатты таңғалдым, өйткені ақ нәсілді адаммен дастарқандас болмақ түгілі, бейбіт сөйлесе де алмайтынмын. Ал қазір мен нағыз халықаралық бауырластықтың мүшесімін.
Күзетшілер мен полиция қызметкерлері мені күштеп өзгертуге қанша тырысса да, қолдарынан келмеді. Тек Киелі кітап қана өзгеруіме көмектесті және бақытты адам етті.
[21-беттегі сөздер]
“Жиі көз жасымды төгіп Ехобадан көмектесуін сұрап дұға ететінмін”