Дінді мен үшін кім таңдайды — өзім бе, ата-анам ба?
ПОЛЬШАДА көп адам Ехоба куәгерлеріне: “Қай дінде туылсам, сол дінде өлемін”,— дейді. Бұдан олардың дін атадан балаға берілу керек деген көзқарастарын көреміз. Сен тұратын аймақтағы адамдар да осындай ойда ма? Мұндай көзқарастың салдарынан дін шынайы сенім емес, жиі отбасының жай ғана әдет-ғұрпына айналуда. Бұл жағдай рухани мұраны әке-шешесінен не ата-әжесінен қабыл алған Ехоба куәгерлерімен де болуы мүмкін бе?
Тімотенің жағдайы олай болмады. Құдайды қастерлейтін анасы мен әжесі оны шын Құдайға сенуге әрі оны жақсы көруге үйреткен. Сондықтан ол ‘балалық шағынан-ақ Киелі жазбалармен таныс’ еді. Уақыт өте келе анасы мен әжесі сияқты, ол Иса Мәсіх туралы Жазбаларда айтылғанның бәрі рас екеніне көз жеткізіп, мәсіхшіліктің тура жол екенін түсінді (Тім. 2-х. 1:5; 3:14, 15). Қазіргі кездегі мәсіхші ата-аналар да балаларына Ехобаның қызметшісі болуға бар күшін салып көмектескенімен, мұндай қалауды балалар өздері дамыту керек (Мар. 8:34).
Ехобаға сүйіспеншілікпен қызмет етіп, кез келген жағдайда мінсіздік сақтау үшін, әр адам қисынды ой түзе отырып, шындыққа өзі көз жеткізуі керек. Сонда оның сенімі берік негізге қаланады, әрі терең тамыр жаяды (Ефес. 3:17,18; Қол. 2:6, 7).
Балалардың рөлі
“Мен Ехоба куәгерлерінің шынайы дінді ұстанатынын білетінмін,— дейді Ехоба куәгерлерінің отбасында өскен Альбертa.— Бірақ қандай өмір салтын ұстануым керектігі жайында айтылғандарды қабылдау қиынға соқты”. Жас болсаң, саған да қиын шығар. Құдайға ұнамды өмір салтына шын мәнінде не жататынын неге қарастырып көрмеске? Сонда оның еркін орындаудан қуаныш алуың әбден мүмкін (Заб. 39:9). Альберт былай дейді: “Мен жай дұға ете бастадым. Алғашында бұл оңай болмады. Тіпті өзімді мәжбүрлеуге тура келді. Бірақ көп ұзамай дұрыс нәрсені істеуге тырысатын болсам, Ехобаға ұнамды бола алатынымды түсіндім. Бұл маған өзгеріс жасауға қажетті күш берді”. Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытсаң, оның талаптарын орындау ықыласың күшейе түседі (Жақ. 4:8).
Қандай да бір ойын туралы, мысалы, интеллектуалдық не спорттық ойындардың бірін, ойлап көрші. Ойынның ережелерін білмесең не жақсы ойнай алмасаң, оның саған қызықты болуы екіталай. Ал ережелерін біліп, үйрене бастасаң, ойнағың келіп тұрады, тіпті оған мүмкіндік іздейсің, солай емес пе?! Рухани істер жайлы да осылай деуге болады. Сондықтан кездесулерге дайындалуды қолға ал. Қауым істеріне атсалыс. Жас болсаң да, сен өз үлгіңмен басқаларды жігерлендіре аласың (Евр. 10:24, 25).
Мұндағы принцип адамдармен сенімің жайлы сөйлесуге де қатысты. Бұл іске мәжбүр болғандығың емес, сүйіспеншілігің талпындыру керек. Өзіңнен былай деп сұра: “Неге басқаларға Ехоба туралы айтқым келеді? Оны сүюге менде қандай негіз бар?” Сен Ехобаны сүюші әке ретінде танып білуің қажет. Ол Еремия арқылы: “Мені шын жүректеріңмен іздейтін болсаңдар, Мені... табасыңдар”,— деген (Ерм. 29:13, 14). Бұл үшін сенен не талап етілуі мүмкін? Якуб былай дейді: “Маған ой қалпымды өзгерту қажет болды. Мен бала кезімнен жиналыстарға баратынмын, уағызға қатысатынмын, бірақ мұның бәрі ойланбай істейтін әдетке айналған еді. Ехобаны жақсырақ біліп, жеке қарым-қатынас дамытқанда ғана шындық мен үшін нағыз өмір жолына айналды”.
Қызметтен қуаныш алуда жақсылыққа талпындыратын ортаның көмегі зор. “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар”,— делінген Киелі кітапта (Нақ. с. 13:20). Олай болса, рухани мақсаттар қоятын және Ехобаға қуанышпен қызмет ететін адамдармен дос бол. Иола былай дейді: “Ехобаға қызмет етуді көздейтін жастармен араласудан зор жігер алдым. Сөйтіп өзім де уағызға жүйелі түрде әрі қуанышпен шығатын болдым”.
Ата-ананың рөлі
“Ехоба туралы білім бергендері үшін ата-анама шексіз ризамын”,— дейді Иола. Шынында да, баланың қандай жолды таңдайтынына ата-ана зор ықпал ете алады. Елші Пауыл: “Ата-аналар, балаларыңа... ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер”,— деп жазды (Ефес. 6:4). Бұл кеңестен ата-ана балаға өзінің емес, Ехобаның жолын үйретуі керек екенін анық көреміз. Балаларды өздерің қалаған мақсатқа талпындырғаннан гөрі, Ехобаның ниетіне сай өмір сүруді мақсат етулеріне көмектескендерің әлдеқайда жақсы емес пе?!
Ехобаның сөзін балаларыңның санасына құйыңдар және ‘оларға өз үйіңде отырған кезде және жол үстінде келе жатқанда, әрі жатар алдында және орныңнан тұрғанда осылар туралы айтып түсіндіріңдер’ (Заң. қ. 6:6, 7). Үш бала өсірген Ева мен Ришард: “Біз балаларымызбен толық уақытты қызметтің әр түрі жайлы көп сөйлесетінбіз”,— деп естеріне алды. Мұның олар қандай жемісін көрді? “Балалар теократиялық қызмет мектебіне кішкентай кездерінде жазылып, жариялаушы болды, кейін шомылдыру рәсімінен өтті. Сосын үшеуі де толық уақытты қызметке кірісті”,— дейді.
Ата-ананың жақсы үлгі көрсеткені маңызды. Ришард былай дейді: “Біз қауымда басқаша, үйде басқаша әрекет етпей, екі жақты өмір сүруден аулақ болуға бекіндік”. Ата-аналар, әрқайсысың өздеріңе мынадай сұрақтар қойып көріңдер: Менің өмірімнен балаларым нені байқап жүр? Олар менің Ехобаны шынымен сүйетінімді көре ме? Сүйіспеншілігімді дұғаларымнан және жүйелі түрде өткізетін жеке зерттеуімнен байқай ма? Уағыз қызметіне, көңіл көтеруге, дүние-мүлікке деген көзқарасымнан және қауымдағы бауырластар жайлы не айтатынымнан сүйіспеншілігімді көре ме? (Лұқа 6:40). Күнделікті өмірлерің балаларыңның көз алдында, сондықтан сөздерің мен істеріңнің бір жерден шықпағанын олар байқап қояды.
Баланы тәрбиелеуде жөнге салу шараларының маңызы зор. Дегенмен Киелі кітапта “баланы өзіне лайық жолмен үйрету” де керектігі айтылған (Нақ. с. 22:6 ЖД). Ева мен Ришард: “Біз әр баламен Киелі кітап зерттеу сабағын жеке-жеке өткізетінбіз”,— дейді. Әрине, әр баламен жеке зерттеу қажет пе, жоқ па, мұны ата-аналар өздері шешеді. Қандай болған күнде де, әр баланың өз ерекшелігін ескеру керек. Сондықтан ата-ананың икемді әрі парасатты болғаны жөн. Балаларыңа қандай да бір әннің жаман екенін айтып қоя салудың орнына, қалай дана шешім қабылдауға болатынын және бұған қандай Киелі кітап принциптерінің қатысы барын неге көрсетпеске?
Балаларың өздерінен не күтілетінін білетін шығар және сендердің ырықтарыңа көніп жүргендей көрінуі мүмкін. Алайда олардың көңілдерінде не жатқанын біліп алуларың қажет. Естеріңде болсын, “адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, ақылды адам олардан сарқып алар” (Нақ. с. 20:5). Баланың көңіліндегі жасырын проблеманың белгісін байқағанда, шұғыл түрде шара қолданғандарың жөн. Оны жазғырмай, қайта, қамын ойлайтындарыңды көрсетіңдер. Сондай-ақ орынды сұрақтар қойыңдар, бірақ тым қазбалап кетуден абай болыңдар. Шынайы қамқорлықпен баланың жүрегіне жол тауып, оларға қолдау көрсете аласыңдар.
Қауымның рөлі
Құдайдың қызметшісі ретінде сен қауымыңдағы жастардың рухани мұраларын бағалауына көмектесе аласың ба? Бала тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты болса да, қауымның басқа мүшелері, әсіресе ақсақалдар, қолдау көрсетуіне болады. Мұндай көмекке әкесі не шешесі Куәгер емес отбасындағы балалар аса мұқтаж.
Жастар Ехобаны сүюі және өздерінің қажет әрі бағалы екенін сезінулері үшін ақсақалдар қандай көмек ұсына алады? Польшадағы бір қауымда бақылаушы болып қызмет етіп жүрген Мариуш былай дейді: “Ақсақалдар жастармен пікір алысуы, пікір алысуы және пікір алысуы қажет. Тек қиындық туындағанда ғана емес, барлық жағдайда — уағызда, кездесулерде, дастархан басында да сөйлесу керек”. Неге жастардан қауым жайлы ойын сұрамасқа? Ашық пікір алысудың арқасында жастар қауымға жақындай түседі және оның мүшесі екендіктерін сезінеді.
Ақсақал болсаң, қауымыңдағы жастарды жақсы білесің бе? Жоғарыда айтылған Альберт қазір ақсақал болып қызмет етеді, бірақ жасөспірім шағында көп сынаққа кезіккен. “Жасөспірім кезімде ақсақалдардың жеке өзіме көңіл бөлгеніне мұқтаж болғанмын”,— дейді ол. Жастардың рухани саулығы жайлы дұға етуімен де ақсақалдар әрқайсысының қамын ойлайтындарын көрсете алады (Тім. 2-х. 1:3).
Жастарды қауым істеріне араластырған жөн, әйтпесе олар осы дүниенің мақсаттарын қуып кетуі мүмкін. Олармен бірге қызметке бара аласың ба? Достаса аласың ба? Бірге демалғанда сенімділік және достық ниет сезіліп тұратын жағдай жасауға тырысыңдар. Иола былай деп есіне алады: “Бір ізашар әйел бауырлас маған үнемі көңіл бөлетін. Сол бауырласпен қызметке алғаш рет шын көңілмен шықтым”.
Өз шешімің
Жастар, өздеріңе келесі сұрақтарды қойып көріңдерші: Мен қандай мақсаттарды көздеймін? Шомылдыру рәсімінен өтуге ұмтылып жүрмін бе? Мұндай шешімді отбасының әдет-ғұрпы болғандықтан емес, Ехобаны шын жүректен сүйгендіктен қабылдау керек.
Ехоба сенің жан досың, ал шындық нағыз қазынаң болсын. Ол Ишая пайғамбар арқылы саған: “Абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын”,— дейді. Онымен дос болсаң, әрқашан жаныңнан табылады. Ехоба міндетті түрде саған күш-қуат береді және ‘жеңімпаз қолымен сүйемелдейді’ (Ишая 41:10).
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
[4-беттегі сурет]
Баланың көңіліндегісін сарқып алуға тырыс
[6-беттегі сурет]
Шомылдыру рәсімінен өтуге Ехобаға деген шынайы сүйіспеншілік талпындырады