Өмірдегі өзгерістерге қарамастан, Құдайдың ықыласынан айырылмаңдар
СЕНІҢ өміріңде өзгерістер болып жатыр ма? Саған осы өзгерістерге бейімделу қиын ба? Мұндай жағдайлар көбіміздің басымыздан өткен не өтуі мүмкін. Осындай кезде қандай қасиеттер таныту керектігін ертедегі Құдай қызметшілерінің өмірінде болған оқиғалар көрсетеді.
Мысалы, Дәуіт пен оның басынан өткен жағдайларды қарастырып көрейік. Самуил оны болашақ патша ретінде тағайындағанда, ол небәрі қойдың соңында жүрген бала болатын. Жас болса да, Дәуіт філістірлік алып Ғолиятпен жекпе-жекке шыққан (Пат. 1-ж. 17:26—32, 42). Кейіннен ол Саул патшаның сарайында тұрды, әскербасы етіп тағайындалды. Өмірінде осындай өзгерістер орын алатыны Дәуіттің үш ұйықтаса түсіне кірмеген, әрі ол болашақта не болатынынан да бейхабар еді.
Қызғанышқа бой алдырған Саул Дәуіттің көзін құртуға тырысты (Пат. 1-ж. 18:8, 9; 19:9, 10). Содан Дәуітке бірнеше жыл бойы бас сауғалауға тура келді. Тіпті таққа отырғаннан кейін де, оның өмірі күрт өзгерді. Әсіресе неке адалдығын бұзып, күнәсін жасыру үшін кісі өлтірген соң, Дәуіттің отбасы ауыр жағдайға тап болды. Мысалы, өз ұлы Абессалом оған қарсы бүлік шығарды (Пат. 2-ж. 12:10—12; 15:1—14). Алайда күнәларына өкінген соң, Дәуіт Ехобаның кешірімі мен ықыласына ие болды.
Денсаулықтың нашарлауы, қаражаттың жетіспеуі, отбасындағы қиындықтар және қабылдаған шешімдердің кесірінен сенің де жағдайың өзгеруі мүмкін. Мұндай қиындықтарға төтеп беру үшін қандай қасиеттер дамытуымыз керек?
Кішіпейілділіктің маңыздылығы
Кішіпейіл адам көнгіш болып келеді. Нағыз кішіпейіл адам өзіне де, өзгеге де тура баға бере алады. Егер өзгелердің қасиеттері мен жетістіктерін төмендетпейтін болсақ, біз олардың өздерін және істеген істерін әлдеқайда бағалай түсеміз. Сондай-ақ кішіпейілділік кезіккен жағдайымыздың себебін әрі бұл жағдайда қалай әрекет етуіміз керектігін түсінуге көмектеседі.
Саул патшаның ұлы Жонатан — кішіпейіл болудың жақсы үлгісі. Ол өзі еш әсер ете алмаған өзгерістерге тап болды. Самуил пайғамбар Саулға Ехобаның одан тақты алып қоятынын хабарлағанда, оның орнына Жонатанның отыратынын айтпаған (Пат. 1-ж. 15:28; 16:1, 12, 13). Ал Құдай Дәуітті патша етіп таңдағанда, Жонатан енді патша болмайтынын түсінген болар. Осылайша Саулдың Құдайға мойынсұнбауы, қандай да бір шамада, Жонатанға кері әсерін тигізді. Саулдың жасаған істері үшін Жонатан жауапты болмаса да, ол әкесінің тағына отыра алмады (Пат. 1-ж. 20:30, 31). Жонатан бұл жайтты қалай қабылдады? Ол жаман сезімдерге бой алдырып, Дәуітке қызғанышпен қарады ма? Жоқ. Дәуіттен тәжірибесі де, жасы да үлкен болғанына қарамастан, Жонатан оған әрдайым қолдау көрсетті (Пат. 1-ж. 23:16—18). Кішіпейіл болғандықтан ол Құдайдың кімді таңдағанын түсінді, әрі ‘өзі туралы тиістісінен артық ойламады’ (Рим. 12:3). Осы жағдайда Жонатан Ехобаның алдында ненің дұрыс екенін түсіне білді, әрі соған сай әрекет етті.
Әрине, өзгерістер жиі қиындықтар тудырады. Жонатанға өзіне жақын екі адамның бірінің жағына шығу керек болды. Біреуі — Ехоба тағайындаған болашақ патша әрі досы Дәуіт, ал екіншісі — Ехоба бас тартқан, бірақ әлі тақта отырған патша әрі әкесі Саул. Ехобаның ықыласынан айырылғысы келмегендіктен, Жонатанға бұл жайт ауыр тиген болар. Өмірімізде болатын өзгерістер бізді де уайым-қайғыға салып, бойымызда үрей тудыруы мүмкін. Бірақ бұл өзгеріске Ехоба қалай қарайтынын түсінуге тырысар болсақ, кезіккен қиындықтармен күресе отырып, оған әрі қарай да адал қызмет ете аламыз.
Қарапайым болу
Қарапайым адам мүмкіндіктерінің шектеулі екенін мойындайды. Қарапайымдылық пен кішіпейілділікті шатастырмау керек. Өйткені кішіпейіл адам мүмкіндіктерінің шектеулі екенін толығымен түсінбеуі мүмкін.
Дәуіт қарапайым адам болған. Ехоба оны патша ретінде таңдағанымен, ол ұзақ уақыт бойы таққа отыра алмаған. Не себепті оның таққа отыруы кешеуілдеп жатқанын Ехоба оған түсіндірмеген. Жағдай қиын болғанымен, бұл Дәуітті мазалаған жоқ. Ол мүмкіндіктерінің шектеулі екенін, сондай-ақ Ехоба осындай жағдайға жол берсе де, бәрін қадағалап отырғанын білген. Сондықтан өз өмірін сақтау үшін Саулды өлтіруге тырыспаған және тіпті серігі Әбішайға да бұны істеуге рұқсат етпеген (Пат. 1-ж. 26:6—9).
Кейде қауымда орын алған жағдайды түсінбеуіміз мүмкін немесе қандай да бір істер біз қалағандай атқарылмайтын шығар. Осындай кезде қалайша қарапайымдылық таныта аламыз? Бұл үшін қауымның Басы Иса екенін және оның тағайындалған ақсақалдар арқылы басшылық ететінін мойындау керек. Сондай-ақ Ехобаның ықыласынан айырылып қалмау үшін, оның Иса Мәсіх арқылы әрекет ететінін ескеріп, қиын болса да, сабырлықпен күту қажет (Нақ. с. 11:2).
Момындықтың пайдасы
Момындық жұмсақ мінезді болуды білдіреді. Зардап шеккен кезімізде бұл қасиет шыдамды болуға, ашуға берілмеуге, ренжімеуге және кек сақтамауға көмектеседі. Момындықты дамыту оңай емес. Сол себепті бір жазба орнында ‘жердегі күллі момындардың’ өзі ‘момындықты іздеуге’ шақырылған (Соф. 2:3 ЖД). Момындықтың кішіпейілділікпен және қарапайымдылықпен байланысы бар болғанымен, ол ізгілік пен жұмсақтық қасиеттерін де қамтиды. Момын адам үйренуге дайын әрі түзетуді қабыл алатындықтан рухани жетістіктерге жетеді.
Қалайша момындық өмірдегі өзгерістерді дұрыс қабылдауға көмектеседі? Көп адамдар өзгерістерге тек жаман жағынан қарауға бейім екенін байқаған шығарсың. Шын мәнінде, осындай өзгерістер Ехобаға бізді әрі қарай тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Мұсаның өмірі мұның бір дәлелі болып табылады.
Қырық жасар Мұса бойында жақсы қасиеттер дамытқан еді. Ол Құдай халқының қамын ойлады және жанқиярлық рух танытты (Евр. 11:24—26). Сөйтсе де, исраилдіктерді Мысырдан бастап алып шықпас бұрын, Мұса бойындағы момындығын шыңдай түскен жағдайларға кезікті. Атап айтқанда, ол Мысырдан қашып, Мадиян еліне қоныстанды. Сөйтіп бұрынғы атақ-дәрежесінен айырылған Мұса қой бағып, қарапайым өмір сүрді. Бұл өзгеріс қандай нәтиже берді? Осының арқасында ол рухани нәрселерді жеке басының қалауларынан жоғары қоюды үйреніп, әлдеқайда жақсара түсті (Ру. сан. 12:3).
Ехоба тілазар халықтан бас тартып, Мұсаның ұрпағынан үлкен халық таратуды қалайтынын айтқанда, ол қалайша момындық танытты? (Ру. сан. 14:11—20). Мұса Құдайдан халықты кешіруін өтінді. Оның осы өтінішінен қара басының қамын емес, Құдай мен халықтың мүддесін ойлайтындығы көрінеді. Халықтың басшысы әрі Құдаймен келістірушісі болу үшін Мұса сияқты момын адам керек еді. Мәриям мен Һарон оған қарсы шыққанда, Киелі кітаптың айтуынша, Мұса “жер бетіндегі барлық пенделер ішіндегі мінезі момын адам болатын” (Ру. сан. 12:1—3, 9—15). Олардың наразылығын Мұса көңіліне алмаған болса керек. Егер ол момын болмаса, осының бәрі немен бітер еді?
Басқа бір жолы, халық ішіндегі кейбір адамдарға Құдай рухы қонып, олар пайғамбарлық ете бастайды. Сонда Мұсаның қызметшісі Ешуа олардың бұған қақысы жоқ деп ойлады. Мұса болса момындық танытып, бұған Ехобаның көзімен қарап, беделімнен айырылдым деп уайымдаған жоқ (Ру. сан. 11:26—29). Егер Мұса момын болмаса, Ехобаның құрылымындағы бұл өзгерісті қабылдар ма еді?
Момын болғаны Мұсаға Құдайдың берген билігі мен тапсырмаларын дұрыс атқаруға көмектесті. Ехоба оған Хориб тауына көтеріліп, халық алдында тұруды бұйырды. Құдай Мұсаға періште арқылы сөйлеп, оны келістіруші етіп тағайындады. Қолына үлкен билік тисе де, момын болғанының арқасында Мұса Құдайдың ықыласынан айырылмады.
Біз жайында не деуге болады? Момындық — рухани өсуіміз үшін аса маңызды қасиет. Құдай халқының арасында билік пен жауапкершілік алғандардың бәрі момын болулары керек. Бұл бізге өзгерістерге кезіккенде, өркөкіректіктен аулақ болуға және әр жағдайға дұрыс қарауға көмектеседі. Өзгерістерді қалай қабылдайтынымыз маңызды. Оларды жақсарудың жолы деп қабылдаймыз ба? Өзгерістердің арқасында момындық қасиетін дамытудың керемет мүмкіндігі туады.
Біздің өзгерістерге үнемі кезігетініміз сөзсіз. Кейде олардың себебін түсінбейміз. Оның үстіне, мүмкіндіктеріміз шектеулі әрі уайымға салынуға бейімбіз. Сондықтан бізге рухани көзқарас сақтау қиын. Дегенмен кішіпейілділік, қарапайымдылық пен момындық сияқты қасиеттер өзгерістерге дұрыс қарауға және Құдайдың ықыласынан айырылмауға көмектеседі.
[4-беттегі сөздер]
Нағыз кішіпейіл адам өзіне тура баға береді
[5-беттегі сөздер]
Момындық — рухани өсуіміз үшін аса маңызды қасиет
[5-беттегі сурет]
Мұса момындығын шыңдай түскен жағдайларға кезікті