Балаларыңды құрмет көрсетуге баулыңдар
ХАЛЫҚТА “Өнегенің өрісі кең” деген нақыл сөз бар. Бұл сөз әдепті де ілтипатты адамды қай жерде болмасын жылы ықыласпен, мейірімділікпен қарсы алатынын көрсетеді.
Жастардың әдепті жүріс-тұрысы, ізетпен сөйлегені бізді қаншалықты сүйсіндіреді десеңші! Гондурастағы бір аудандық бақылаушы әртүрлі жастағы жариялаушылармен үйме-үй жүріп уағыздағанда байқағаны жайында былай деді: “Жиі үй иесіне менің сөздерімнен гөрі, тәрбиелі және ізетті балалардың қалдыратын әсері әлдеқайда күшті болып жатады”.
Өнегесіздік кең етек жайған осы заманда адамдарға қалай қарау керектігін білудің пайдасы зор. Бұған қоса Киелі жазбалар бізді “Мәсіх туралы ізгі хабарға лайық әрекет етуге” шақырады (Філіп. 1:27; Тім. 2-х. 3:1—5). Сондықтан балаларымызды өзгелерге құрмет көрсетуге баулу маңызды. Ендеше, оларға жай сырт көзге ізетті болуды емес, шынайы құрмет көрсетуді қалай үйрете алатынымызға көңіл бөлейікa.
Әдептілікке үлгі көрсетіп үйретіңдер
Әдетте бала көргенін істейді. Сондықтан баланы әдептілікке баулу үшін, ата-ананың өздері әдепті де ілтипатты болулары керек (Заң. қ. 6:6, 7). Баламен ізеттілік жайлы ой жүгірту маңызды, алайда мұның құр өзі жеткіліксіз. Оған қайта-қайта түсіндірумен қатар, іс жүзінде қалай болатынын көрсетіп отыру қажет.
Пауланыңb мысалын қарастырайық. Оны мәсіхші анасы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген. Адамдарға құрмет көрсету Пауланың болмысына тән қасиет болып кеткен. Мұның сырын түсіндіріп: “Анамыз үлгі көрсеткеннің арқасында біз адамдарға ізет көрсетуге дағдыландық”,— деді ол. Ал Уолтер есімді әке болса өз балаларына мәсіхші емес аналарын құрметтеуді үйреткен. Ол былай дейді: “Ұлдарыма аналарын құрметтеуді өз үлгіммен үйретуге тырыстым. Ешқашан әйелім жайында жағымсыз сөз айтпайтынмын”. Уолтер ұлдарын Құдай Сөзіне сай тәрбиелеуін және Ехобадан дұғада көмек сұрауын доғармады. Қазір бір ұлы Ехоба куәгерлері филиалында, ал екіншісі ізашар ретінде қызмет етіп жүр. Екі ұлы әкелерін де, шешелерін де жақсы көреді әрі сыйлайды.
Киелі кітапта: “Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы”,— делінген (Қор. 1-х. 14:33). Ехобаның барлық ісінде тәртіп бар. Мәсіхшілер Құдайдың осы қасиетіне еліктеп, үй іші тіршілігін құнттап ұстауға тырысу керек. Мысалы, кейбір ата-аналар балаларына ұйқыдан тұрғанда төсектерін жинауды, мектепке кетерде киімдерін өз орнына ілуді үйретеді және үй ішінің шаруасына көмектесуге дағдыландырады. Егер балалар үйдің басқа бөлмелері ұқыпты да таза екенін көріп жүрсе, өз бөлмелері мен заттарын солай ұстауға әлдеқайда бейім болады.
Балаларың мектепте алып жүрген білімдеріне қалай қарайды? Мұғалімдерінің олар үшін не істеп жатқаны жайлы ризашылықпен сөйлей ме? Ата-аналар, мұғалімдердің еңбегін бағалайтындарың сендердің сөздеріңнен байқала ма? Байқалса, мұндай көзқарас балаларыңа әсер етіп, олар да алып жатқан білім үшін мұғалімдеріне ризашылық сезінетін болады. Оларды мұғалімдеріне рақмет айтуға неге талпындырмасқа?! Кімнің болсын — мұғалім, дәрігер не сатушы ма — қызметіне ризашылық білдіру, оған құрмет көрсетудің керемет жолы болып табылады (Лұқа 17:15, 16). Ізеттілігімен әрі әдептілігімен сыныптастарынан ерекшеленетін жас мәсіхшілер мақтауға тұрады.
Мәсіхшілер қауымының мүшелері әдепті жүріс-тұрыста және ілтипатпен сөйлеуде жақсы үлгі көрсетулері керек. Қауымдағы жастардың “рақмет” немесе “оқасы жоқ” деп ілтипат білдіріп жатқандарын есту қандай ғанибет! Егер қауымдағы ересектер бағдарламаны мұқият тыңдау арқылы Ехобаға құрмет көрсететін болса, жастар да соларға еліктеуге талпынады. Балалар Патшалық сарайына келгенде, әдептіліктің үлгісін көріп, өз кезегінде, олар да басқаларға солай құрмет көрсетуді үйренеді. Мысалы, төрт жасар Андрей үлкендердің жанынан өтіп бара жатып “Кешіріңіз!” деп айтуды үйренген екен.
Ата-аналар, балаларың өздерің күткендей жүріс-тұрысқа үйрену үшін, оларға тағы қалай көмектесулеріңе болады? Құдай Сөзінде сабақ болатын көптеген мысалдар бар. Соларды бірге талқылауға уақыт бөлгендерің дұрыс, әрі солай етуге тиіссіңдер де (Рим. 15:4).
Киелі кітап мысалдарын қолданып тәрбиелеңдер
Отбасымен Қанахан жеріне қайтып келе жатқанда, Жақыпқа Есаумен кездесу керек болады. Сонда ол балаларына ағасына иіліп сәлем беруді үйреткенге ұқсайды (Жар. 33:3, 6, 7). Сендер де балаларыңа “Сәлеметсіз бе!”, “Қайырлы таң!” немесе “Қайырлы кеш!” деп амандасуды үйретіп, алдын ала жаттыға аласыңдар ма? Балаларыңның осылай ізет көрсеткені Ехобаға мадақ әкеледі, ал сендерді мақтаныш сезіміне бөлейді.
Құрмет көрсету мен көрсетпеудің бір-біріне қайшы екенін балаларға Киелі кітап оқиғаларының көмегімен неге түсіндірмеске? Мысалы, Исраилдің жолдан тайған патшасы Ахаз Ілияс пайғамбарды көру үшін оған елубасын елу сарбазымен жібереді. Сонда елубасы пайғамбардан өзімен бірге патшаның алдына баруын талап етіп сөйлейді. Бірақ Құдайдың өкілімен бұлай сөйлеуі дұрыс емес еді. Ілияс оған қалай жауап бергеніне көңіл бөлейікші. Ол елубасыға: “Егер мен Құдай адамы болсам, аспаннан от түсіп, сені және сенің елулігіңді жандырып жіберсін”,— дейді. Айтқанындай-ақ, “аспаннан от түсіп, оны және оның елулігін жандырып жібереді” (Пат. 4-ж. 1:9, 10).
Содан Ілиясқа екінші елубасы жіберіледі. Ол да пайғамбарға бұйырып сөйлейді. Тағы да аспаннан от түсіп, оны сарбаздарымен бірге жандырып жібереді. Кейін Ілиясқа үшінші елубасы келеді. Бірақ ол пайғамбарға құрмет көрсетеді. Оған бұйырып сөйлемей, тізерлей жығылып: “Құдай адамы! Менің жанымда және көз алдыңдағы сенің құлдарыңның — елуліктердің — жанын лағынет атпасын; Міне, көктен от түсіп, алдыңғы екі елубасыларын елуліктерімен жандырып жіберді, бірақ енді сенің көз алдыңда менің жанымды лағынет атпасын!”— деп жалбарынады. Қорықса да, өзіне құрметпен сөйлеп тұрған адамға пайғамбар Құдайдан от түсіруін сұрай ма? Әрине, олай етпейді! Ілияс Құдай періштесінің айтуымен сол елубасыға еріп патшаға барады (Пат. 4-ж. 1:11—15). Бұл оқиға құрмет көрсетудің қаншалықты маңызды екеніне баса назар аударады емес пе?!
Елші Пауылды Рим сарбаздары қамалға кіргізейін дегенде, сөйлеуге қақым бар демей, ол мыңбасыға құрмет көрсетіп: “Сізге бір сөз айтуға бола ма?”— дейді. Нәтижесінде Пауылға өзін қорғап сөйлеуге мүмкіндік беріледі (Ел. іс. 21:37 Кк, 38—40).
Тергеу кезінде Исаны біреу жағынан тартып жібереді. Сонда ол қалай наразылық білдіру керектігін біліп: “Дұрыс емес нәрсе айтқан болсам, оны дәлелде. Ал айтқаным дұрыс болса, неге ұрасың?”— дейді. Бұдан Исаның сөзіне ешкім кінә таға алмағанын көреміз (Жох. 18:22, 23).
Біреудің қатаң түзетуін қалай қабылдауға және бұрынғы ауыр күнәні не олқылықты қалай кішіпейілділікпен мойындауға болатынына қатысты Құдай Сөзінде мысалдар көп (Жар. 41:9—13; Ел. іс. 8:20—24). Солардың бірі Әбигелдің оқиғасы. Ол күйеуі Набалдың Дәуітке көрсеткен дөрекілігі үшін кешірім сұраған. Кешірім сұраумен қатар, оның алдына мол сый-тартумен келген. Әбигелдің бұл әрекетіне сүйсінген Дәуіт күйеуі қайтыс болғаннан кейін оны әйелдікке алды (Пат. 1-ж. 25:23—41).
Балаларыңа қиын сәттерде де, күнделікті қарым-қатынаста да адамдарға құрмет көрсетуді үйретіңдер. “Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтасын” (Мат. 5:16).
[Сілтемелер]
a Әрине, ата-аналар балаларына үлкендерді сыйлау керектігін, бірақ арам пиғылды адамдардың сөзіне еруге болмайтынын түсіндіру қажет. Бұл үшін “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2007 жылдың қазан айындағы санының 3—11 беттерін қараңдар.
b Кейбір есімдер өзгертілген.