Шынайы мәсіхшілер Құдай Сөзін құрметтейді
“Сенің сөзің — шындық” (ЖОХ. 17:17).
1. Куәгерлермен алғаш сөйлескенде, олардың қандай басты ерекшелігін байқадың?
АЛҒАШ РЕТ Ехоба куәгерімен мазмұнды әңгіме құрғаныңды есіңе түсірші. Саған әсіресе не ұнады? Бәлкім, сені Куәгердің барлық сұрақтарыңа Киелі кітаппен жауап бергені таңғалдырған болар. Құдайдың жерге қатысты ниетін, өлген соң адаммен не болатынын және қайтыс болған жақындарымыздың қайта тірілетінін білгенде қалай қуандық десеңші!
2. Сенің Киелі кітапты бағалауыңа не себеп болды?
2 Киелі кітапты зерттей келе, біз оның тек өмір мен өлім туралы және болашаққа қатысты сұрақтарға жауап беріп қана қоймайтынын білдік. Оның дүниедегі ең пайдалы кітап екенін түсінгенде, оны тіптен бағалай түстік. Жазбалардағы кеңестер ешқашан ескірмейді, сондықтан оларға құлақ асқан адам табысты да бақытты ғұмыр кеше алады (Зәбүр 1:1—3 оқы). Шынайы мәсіхшілер қашан да Киелі кітапты “адамның емес, Құдай сөзі ретінде” қабылдаған (Сал. 1-х. 2:13). Қазір тарихқа қысқаша шолу жасап, Құдай Сөзін шынымен бағалайтындар мен олай етпейтіндердің арасындағы айырмашылыққа назар аударайық.
ҚИЫН МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ ТАРҚАЛДЫ
3. Бірінші ғасырдағы қауымның бірлігіне не себепті қауіп төнді және неге бұл қиын мәселе болды?
3 Алғашқы сүндеттелмеген Корнел есімді кісі майланғаннан кейінгі он үш жыл ішінде қауымның бірлігіне қауіп төндірген бір мәселе туындады. Басқа ұлттан шыққан көп адам мәсіхшілікті қабылдап жатты. Оларға шомылдыру рәсімінен өту үшін яһудилердің әдет-ғұрпына сай сүндеттелу керек пе еді? Бұл сұрақ яһудилерді тығырыққа тіреді. Өйткені олар Мұса заңы бойынша, яһуди еместермен бауырлас болмақ түгілі, олардың табалдырығын аттамаулары керек еді. Мәсіхшілікті қабылдағандары үшін олар онсыз да аяусыз қуғынға ұшыраған болатын. Ал енді басқа ұлт адамдарын құшақ жайып қабылдайтын болса, яһуди дінін ұстанушылар мен мәсіхшілердің арасына түскен сызат ұлғайып, қуғын-сүргін үдей түсер еді (Ғал. 2:11—14).
4. Мәселені шешу үшін кімдер бас қосты және кей адамдарда бұған қатысты қандай сұрақтар туындаған болуы мүмкін?
4 Б. з. 49 жылы Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар “осы мәселені қарастыру үшін бас қосты” (Ел. іс. 15:6). Олардың барлығы сүндетке отырған яһудилер еді. Бұл кісілер бос әңгіме айтып, таласып-тартысқан жоқ. Қайта, Киелі кітап ілімдерін қызу талқылап, әрқайсысы өз ойын ашық айтып отырды. Олар осындай қиын мәселенің байыбына қалай жетпек еді? Әлдекімнің қалауы немесе жеке пікірі мәселенің шешілуіне ықпал ете ме? Исраилде мәсіхшілер үшін оңтайлы күн туғанын күтіп, шешім қабылдауды кейінге қалдыра ма? Я болмаса әйтеуір бір шешімге келу үшін өздері дұрыс деп санайтын ойынан бас тарта сала ма?
5. Б. з. 49 жылы Иерусалимде өткен кездесу кейінгі ғасырлардағы мәсіхшілер әлемінің кеңесінен несімен ерекше болды?
5 Бүгінде мәсіхшілер әлемінің дінбасылары кеңес құрғанда жиі басқалардың ырқына көне салады және өз ойларын алға тартып, өзгелерді дауыс беруге мәжбүрлейді. Алайда Иерусалимдегі кеңесте мұндай нәрселердің ешқайсысы да болған жоқ және бір таңғаларлық жайт, олар бірауыздан шешім қабылдай алды. Бұл қалай мүмкін болды? Әрқайсысының өз ойы болса да, барлығы Құдай сөзін құрметтеген және мәселенің шешімін табу үшін Жазбаларға жүгінген (Забур 118:97—101 оқы).
6, 7. Даулы мәселені шешу үшін Жазбалар қалай қолданылды?
6 Мәселені шешуге Амос 9:11, 12-дегі сөздер көмектесті. Бұл жазба орны Елшілердің істері 15:16, 17-де былай деп келтірілген: “Осыдан кейін мен қайта ораламын және Дәуіттің құлаған үйін қалпына келтіремін. Оның қираған бөліктерін жөндеп, үйді қайта тұрғызамын. Осы халықтан қалған тамтық менің есіміммен аталатын басқа ұлт адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп бұларды жасаймын”.
7 Бірақ баз біреулер: “Мұнда басқа ұлттан шыққандар сүндеттелмеу керек деп айтылмаған ғой!”— деуі мүмкін. Иә, мұнда олай айтылмаған. Десе де яһуди мәсіхшілері бұл сөздерді басқа ұлттардан сүндеттелуді талап етпеу керектігінің дәлелі деп түсінді. Не себепті? Олар сүндеттелген яһуди еместерді “басқа ұлттан шыққандар” деп емес, бауырластары ретінде қарастыратын (Мыс. ш. 12:48, 49). Мысалы, Киелі кітаптың бір аудармасында Естер 8:17 былай деп тәржімеленген: “Көптеген басқа ұлт адамдары сүндетке отырып, яһуди болды” (“Bagster’s version of the Septuagint”). Ендеше Исраилдің тамтығы (яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар) мен басқа ұлт адамдарының (сүндеттелмеген басқа ұлт адамдары) Құдай атымен аталатын бір халық болатыны анық еді. Басқа ұлт адамдарына мәсіхші болу үшін сүндетке отырудың қажеті болмады.
8. Неге яһуди мәсіхшілеріне шешім қабылдау үшін батылдық қажет болды?
8 Бұл ақжүрек мәсіхшілердің “бірауыздан шешім” қабылдауына Құдай Сөзі мен рухы қозғау салды (Ел. іс. 15:25). Бәлкім, мұндай шешім яһуди мәсіхшілерінің одан бетер қуғынға ұшырауына түрткі болған шығар, десе де адалдық танытқандар Киелі жазбаларға негізделген шешімді батыл ұстанды (Ел. іс. 16:4, 5).
АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ
9. Шынайы ғибадаттың жалған ілімдермен арамдалуының басты себебі не болды және қандай маңызды ілім бұрмаланды?
9 Елшілердің өлімінен кейін мәсіхшілердің сеніміне жалған ілімдердің еніп кететінін елші Пауыл алдын ала айтқан болатын (Салоникалықтарға 2-хат 2:3, 7 оқы). “Дұрыс ілімге” құлақ аспай кететіндердің қатарында тіпті қауымда жауапкершілігі бар бауырластар да болмақ еді (Тім. 2-х. 4:3). Пауыл өз заманындағы ақсақалдарға былай деп ескертті: “Шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді үйрететіндер шықпақ” (Ел. іс. 20:30). “Жаңа Британ энциклопедиясында” жалған тәлімнің пайда болуының басты себебі былай деп түсіндіріледі: “Грек пәлсапасы жайлы біраз хабары болған кейбір мәсіхшілер өз сенімдерін түсіндіру үшін қайтадан пәлсапаға жүгіне бастады. Осылайша олар өздерін білімдар сезініп, жалған тәңірлерге табынатындарға мәсіхшілікті қабылдауға көмектесеміз деп пайымдаған”. Мысалы, олар Киелі кітаптың Иса Мәсіхтің кім екеніне қатысты маңызды ілімін жалған нанымдармен бұрмалады. Киелі кітап Исаны Құдайдың Ұлы деп атаса, грек пәлсапасына құмар болғандар Иса — Құдай деп үйрететін.
10. Мәсіхтің кім екеніне қатысты мәселені қалай шешуге болар еді?
10 Кейін бұл сұрақ кейбір шіркеу кеңестерінде талқыланды. Олар Иса Мәсіхтің кім екеніне қатысты жауапты Жазбалардан қиналмай-ақ таба алар еді, алайда олар Киелі кітапты бедел тұтпады. Шын мәнінде, олардың көбісі кеңеске келмей тұрып-ақ өз шешімдерін жасап қойған, әрі ойларын өзгертуге ықыластары жоқ еді. Мұндай кездесулерде қабылдаған шешімдер мен жарлықтардың көбінде Киелі кітаптың аты да аталмайды.
11. Дінбасылар шешімдерін не нәрсеге негіздейді және неге?
11 Шіркеу дінбасылары шешім қабылдағанда не себепті Жазбаларға жүгінбеген? Зерттеуші Чарлз Фриманның айтуынша, олар Киелі кітаптан Исаның Құдай екенін қолдайтын жазба орындарын таба алмағандықтан осылай еткен. Қайта, Жазбаларда Иса Құдайға бағынышты екені айтылған. Ал дінбасылар мұны жоққа шығара алмағандықтан, шіркеу дәстүрі мен адамдардың ойын Інжілдегі хабардан жоғары қойды. Қазіргі таңда да дінбасылар Құдай Сөзінен гөрі ертедегі шіркеу әкейлерінің айтқанын маңызды санайды. Егер де қызметте үштікке сенетін адамдармен әңгімелескен болсаң, осыны өзің де байқаған боларсың.
12. Императордың ықпалы қаншалықты күшті болды?
12 Рим императоры мұндай кеңестерге айтарлықтай ықпал еткенін де айта кету керек. Профессор Ричард Рубенстайн Никей шіркеуіндегі жағдай туралы былай жазған: “Константин есімді жаңа император дінбасылардың қалтасын толтырды. Бір жыл ішінде император барлық шіркеулерін жөндетіп, қызметтері мен лауазымдарын қайтарып берді... жалған құдайлардың дін қызметшілерінде болған мәртебені енді христиан дін қызметшілеріне берді”. Нәтижесінде “Константиннің беделі өсіп, Никей шіркеуіндегі кеңеске қатты әсер еткен болса керек”. Чарлз Фриман да мұны растап былай деген: “Бұдан былай император шіркеуге қолдау көрсетіп қана қоймай, діни іліміне де ықпал ететін болды” (Жақып 4:4 оқы).
13. Неліктен кейінгі ғасырлардағы діни жетекшілер Киелі кітаптың анық ілімдерін мойындамаған?
13 Шіркеу басшылары Иса Мәсіхтің болмысы туралы дауласып жүргенде, қарапайым халық бұл сұрақтың жауабын білді. Өйткені олар Жазбаларды анық түсініп, білгендерін шындық деп қабылдаған. Ал императордан алтын мен билік көксеген дінбасылары Киелі кітапты еш елемеді. Сол кездері діни жетекші болған Григорий Нисский азық-түлік пен киім сатушылардың, ақша айырбастаушылар мен малайлардың діни тақырыпқа қатысты айтып жүргендерін жаратпады. Қарапайым халықтың “Әкесі Ұлынан жоғары”, “Ұлы Әкесінен кіші” және “Исаны Құдай жаратты” деп жүргендері оның қитығына тиді. Ал халық болса бұл сөздерін Киелі кітаппен дәлелдей алатын. Григорий мен оның жақтастары осы қарапайым адамдардың сөздеріне құлақ түргенде, дауларының түйіні баяғыда-ақ шешілер еді.
“БИДАЙ” МЕН “АРАМШӨПТІҢ” БІРГЕ ӨСУІ
14. Бірінші ғасырдан бастап майланған мәсіхшілердің әрдайым болғанын қайдан білеміз?
14 Иса бір астарлы әңгімесінде бірінші ғасырдан бастап жер бетінде шынайы мәсіхшілердің әрдайым болатынын алдын ала айтқан. Ол майланған ізбасарларын “арамшөп” арасында өсетін “бидаймен” салыстырды (Мат. 13:30). Әрине, біз нақты кімдердің майланғандар болғанын білмейміз. Бір білетініміз — Құдай Сөзін батылдықпен қорғап, шіркеудің жалған ілімдерін әшкерелеген адамдар әрқашан болған. Сондай адамдардың мысалын қарастырайық.
15, 16. Құдай Сөзіне құрметпен қарағандардың кейбірін ата.
15 Архиепископ Агобард (Лион, Франция. Б. з. 779—840 ж.) пұтқа табынушылық, әулиелерге бағышталған шіркеулер мен онда жасалған Жазбаларға қайшы әдет-ғұрыптарға қарсы болған. Оның замандасы Клаудиус есімді дін қызметкері де шіркеудің салт-жораларын және әулиелерге сиынып, “қасиетті” заттарға тағзым етуді дұрыс санамаған. ХІ ғасырда архидиакон Беренгариас (Турс, Франция) католиктердің еске алу кешінде пайдаланатын нан мен шарап Исаның тәні мен қанына айналады деген ілімді жоққа шығарғаны үшін шіркеуден қуылды. Ол да Киелі кітапты шіркеу дәстүрлерінен жоғары қойғандардың қатарында еді.
16 ХІІ ғасырда Құдай Сөзіндегі шындықты жақсы көрген Бруйлік Петр мен Лозаннелік Генри өмір сүрді. Петр католиктердің нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізу, Исаның тәні мен қанына қатысты ілімді, өлгендер үшін дұға ету және айқышқа табыну сияқты ілімдер Жазбаларға сай келмейді деп ойлағандықтан, діни қызметкерліктен бас тартты. Осындай көзқарасы үшін ол 1140 жылы өмірімен қош айтысты. Ал Генри болса шіркеудегі жалған ғибадатты және өнегесіз істерді әшкерелеген. 1148 жылы ол тұтқындалып, қалған өмірін түрмеде өткізді.
17. Вальдо мен оның ізбасарлары қандай маңызды істер жасады?
17 Бруйлік Петр өлімге кесілген шақта Киелі кітаптың кең таралуына үлес қосқан бір адам дүниеге келді. Оның аты — Вальдес немесе Вальдоa. Ол Бруйлік Петр мен Лозаннелік Генри сияқты діни тәлім алмаса да, Құдай Сөзін қатты бағалаған. Сол себепті ол бар қаражатын жұмсап, Киелі кітаптың кейбір бөліктерінің Францияның оңтүстік шығысында тұратын халықтың тіліне аударылуына қам жасады. Сол жердің тұрғындарына Киелі кітапты ана тілінде оқығандары қатты әсер етті. Сондықтан олардың кейбірі дүние-мүліктерін өзгелерге таратып, бүкіл өмірлерін Киелі кітаптағы шындықты айтуға арнады. Бұл шіркеу басшыларына еш ұнамады. Кейін вальденстер деген атпен танымал болған бір топ ерлер мен әйелдер 1184 жылы шіркеуден қуылып, жер аударылды. Бірақ осының арқасында Киелі кітап хабары кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе Вальдоның, Бруйлік Петр мен Лозаннелік Генридің ізбасарларын Еуропаның түкпір-түкпірінен кездестіруге болатын. Кейінгі ғасырларда Киелі кітапты қорғаған басқа да адамдар өмір сүрді. Мысалы, Джон Уиклиф (шамамен 1330—1384 ж.), Уильям Тиндал (шамамен 1494—1536 ж.), Генри Гру (1781—1862 ж.) және Джордж Сторрз (1796—1879 ж.).
“ҚҰДАЙ СӨЗІ БҰҒАУЛАНҒАН ЖОҚ”
18. ХІХ ғасырдағы Киелі кітаптың зерттеушілері қандай әдіс қолданды және неге ол тиімді болды?
18 Құдай Сөзінің дұшпандары ондағы шындықтың таралуына тосқауыл бола алмады. Тімөтеге 2-хат 2:9-да айтылғандай, “Құдай сөзі бұғауланған жоқ”. 1870 жылы Киелі кітапты зерттеген бір топ ақжүрек адам шындықты іздей бастады. Олар зерттеуді қалай жүргізді? Алдымен, бір адам сұрақ көтеретін. Содан кейін олар бұл сұрақты талқыға салатын. Сосын олар осы мәселеге қатысты жазба орындарын қарап шығатын. Ал жазба орындарының өзара байланысын түсініп алған соң, қандай да бір тұжырым жасайтын. Бұл зерттеу жүргізудің ең дұрыс жолы еді. Өйткені бірінші ғасырдағы елшілер мен ақсақалдар да солай еткен. ХІХ ғасырдың аяғында өмір сүрген “рухани ата-бабаларымыздың” берген тәлімі толықтай Киелі кітапқа негізделгенін білу бізді қалай жігерлендіреді десеңші!
19. 2012 жылғы мәтін қандай және неге бұл тармақтың таңдалуы орынды?
19 Бүгінде біздің де сеніміміз толықтай Киелі кітапқа негізделген. Сол себепті Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі 2012 жылғы мәтін ретінде Исаның келесі сөздерін таңдады: “Сенің сөзің — шындық” (Жох. 17:17). Құдайдың ықыласына ие болу үшін шындықта жүру маңызды. Ендеше, әрдайым Құдай Сөзінің басшылығымен жүріп-тұруға барынша тырысайық!
[Сілтеме]
a Вальдесті кейде Пьер Вальдес немесе Питер Вальдо деп атайды. Оның аты нақты кім болғаны белгісіз.
[8-беттегі сөздер]
2012 жылғы мәтін: “Сенің сөзің — шындық” (Жохан 17:17).
[7-беттегі сурет]
Вальдо
[7-беттегі сурет]
Уиклиф
[7-беттегі сурет]
Тиндал
[7-беттегі сурет]
Гру
[7-беттегі сурет]
Сторрз