Адамзаттың игілігіне тағайындалған патшалар әрі діни қызметкерлер
“Сендер таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер, қасиетті халық және Құдайдың ерекше меншігісіңдер” (ПЕТ. 1-Х. 2:9).
1. Неге “Иеміздің кешкі асы” мейрамы Еске алу кеші деп те аталады және бұл мейрамның мақсаты қандай?
НИСАННЫҢ 14 жұлдызында кешқұрым Иса мен оның он екі елшісі ақырғы рет яһудилердің Құтқарылу мейрамын тойламақ болды. Опасыз Яһуда Исқариот шығып кеткен соң, Иса өзге бір мейрамды енгізді. Кейінірек бұл мейрам “Иеміздің кешкі асы” деп аталды (Қор. 1-х. 11:20). Иса сол кеште шәкірттеріне екі рет: “Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар”,— деп айтты. Бүгінде аталмыш мейрам Еске алу кеші деген атаумен де белгілі (Қор. 1-х. 11:24, 25). Исаның өсиетіне мойынсұна отырып, жердің төрт бұрышындағы Ехоба куәгерлері осы күнді жыл сайын атап өтеді. Киелі кітап күнтізбесі бойынша, 14 нисан биыл 5 сәуірде, бейсенбі күні кеш батқан соң болмақ.
2. Иса қолданған рәміздері жайлы не деді?
2 Шәкірт Лұқа Исаның сол кеште айтқандары мен істегендерін былай деп баяндады: “Қолына нан алып, ризашылық білдірді де, сындырып, оларға беріп жатып: — Бұл сендер үшін ұсынылатын денемді білдіреді. Мені еске алу үшін, осылай істеп тұрыңдар. Сол сияқты, кешкі астан кейін тостағанды да алып, былай деді: — Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді” (Лұқа 22:19, 20). Елшілер бұл сөздерді қалай түсінді?
3. Шәкірттері рәміздердің мәнін қалай түсінді?
3 Яһуди ұлтынан шыққан елшілер Иерусалимдегі ғибадатханада діни қызметкерлердің Құдайға құрбандыққа мал шалатынын жақсы білген. Мұндай тартулар Ехобаның ықыласына ие болу үшін не күнәлары кешірілу үшін ұсынылатын (Леу. 1:4; 22:17—29). Демек, Иса олар үшін беретін тәні мен төгетін қаны туралы айтқанда, шәкірттері оның кемелді өмірін құрбандық ретінде беретінін түсінген. Оның құрбандығы кез келген малдан құнды болмақ еді.
4. Исаның “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісім” деген сөздері нені білдіреді?
4 Ал Исаның “Мына тостаған сендер үшін төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді” деген сөздері туралы не деуге болады? Исаның елшілері Еремия 31:31, 33 (оқы)a тармақтардағы жаңа келісімге қатысты пайғамбарлықты білген. Иса жоғарыдағы сөздерімен Ехобаның Мұса арқылы исраилдіктермен жасасқан Заң келісімін алмастыратын жаңа келісімді енгізіп жатқанын көрсетті. Екі келісім бір-бірімен байланысты болды ма?
5. Заң келісімі исраилдіктерге қандай мүмкіндіктер ашты?
5 Бұл екі келісімнің мақсаттары бір-бірімен тығыз байланысты болған. Заң келісімін енгізгенде, Ехоба халыққа былай деген болатын: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар. Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар” (Мыс. ш. 19:5, 6). Исраилдіктер бұл сөздерді қалай түсінген?
УӘДЕ ЕТІЛГЕН “ПАТШАЛАР ӘРІ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР”
6. Заң келісімі қандай уәденің орындалуына септігін тигізді?
6 Исраилдіктер үшін “келісім” деген ұғым таныс еді, өйткені Ехоба олардың арғы аталары Нұх және Ыбырайыммен салтанатты түрде келісім жасасқан болатын (Жар. 6:18; 9:8—17; 15:18; 17:1—9). Ыбырайыммен келісім жасасқанда, Ехоба былай деген еді: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жар. 22:18). Осы уәдені жүзеге асыру үшін Ехоба Заң келісімін енгізді. Соның негізінде Исраил Ехобаның “барлық халықтардың ішінде ерекше меншігі” бола алар еді. Не үшін? “Діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізу” үшін.
7. “Діни қызметкер мен патша” болуға қатысты уәде нені білдірді?
7 Исраилде патша да, діни қызметкерлер де болған. Алайда ежелде тек Мәліксадық қана Ехобаның рұқсатымен бұл екі қызметті бірдей атқарған (Жар. 14:18). Ал енді, Киелі кітапта жазылғандай, Ехоба Исраил халқына патша әрі діни қызметкер қызметін қатар атқару мәртебесін сыйлады (Пет. 1-х. 2:9).
8. Құдай тағайындаған діни қызметкерлер қандай қызмет атқарады?
8 Патшаның не істейтіні түсінікті. Ол билік етеді. Ал діни қызметкер не істейді? Еврейлерге 5:1-де былай деп түсіндірілген: “Адамдар арасынан таңдалған әрбір бас діни қызметкер сый-тартулар ұсыну және күнәні өтеу үшін құрбандықтар шалу арқылы адамдар үшін Құдайға қызмет етуге тағайындалады”. Сонымен, Құдай тағайындалған діни қызметкер Ехобаға құрбандық ұсына отырып, адамдардың күнәлары үшін кешірім сұрайды. Сондай-ақ ол Ехобаның өкілі ретінде халыққа Құдай заңын үйретеді (Леу. 10:8—11; Малх. 2:7). Осылайша діни қызметкер күнәкар адамдарға Құдаймен татуласуға көмектеседі.
9. а) Патшалар әрі діни қызметкерлер болу үшін исраилдіктер не істеу керек еді? ә) Неліктен Ехоба Исраилде діни қызметкерлерді тағайындады? б) Заң келісімінде тұрған исраилдіктерге патшалар әрі діни қызметкерлер болуға не кедергі жасады?
9 Заң келісімінің арқасында Исраилге “барлық халықтардың” игілігі үшін қызмет ететін патшалар әрі діни қызметкерлер болу мүмкіндігі ашылды. Алайда мұндай керемет мүмкіндікті иелену үшін олардан Құдайдың “айтқандарына құлақ асып, келісімін ұстанып жүру” талап етілді. Исраилдіктер Ехобаның айтқандарына құлақ аса алар ма еді? Иә, бірақ кемелді түрде емес (Рим. 3:19, 20). Сол себепті Ехоба Исраилдіктердің арасынан халыққа қызмет ететін діни қызметкерлерді тағайындады. Олар патшалар ретінде билік етпейтін. Діни қызметкерлер күнә жасаған исраилдіктер үшін құрбандыққа мал шалатын (Леу. 4:1—6:7). Олар өздері үшін де солай ететін (Евр. 5:1—3; 8:3). Ехоба мұндай құрбандықтарды қабылдағанымен, олар адамдардың күнәларын толық өтей алмайтын. Заң келісіміне бағынышты діни қызметкерлер тіпті ақжүрек исраилдіктерді Құдаймен біржола татуластыруға дәрменсіз болатын. Елші Пауыл айтқандай, “бұқалар мен ешкілердің қаны күнәдан тазарта алмайды” (Евр. 10:1—4). Исраилдіктер Заңды бұлжытпай орындамағандықтан, қарғысқа ұшырады (Ғал. 3:10). Бұл күйінде олар бүкіл адамзат үшін патша әрі діни қызметкер бола алмас еді.
10. Заң келісімінің мақсаты қандай болды?
10 Сонда Ехобаның патшалар әрі діни қызметкерлер туралы уәдесі исраилдіктер үшін арманда қалды ма? Жоқ, олай емес. Егер олар Құдайға барынша мойынсұнатын болса, бұл мүмкіндікке ие бола алар еді. Бірақ Мұса заңы өз күшінде болып тұрған кезде бұл мүмкін емес-тін. Не себепті? (Ғалаттықтарға 3:19—25 оқы). Мұны түсіну үшін Заң келісімінің мақсатын білуіміз керек. Заң тілалғыш исраилдіктерді жалған ғибадаттан қорғайтын. Сондай-ақ келісім олардың күнәкар екендерін және бас діни қызметкерлері ұсынған құрбандықтардан әлдеқайда құнды құрбандыққа мұқтаж екендерін түсінуге көмектескен. Заң исраилдіктерді Мәсіхті, яғни “май жағу рәсімі жасалған” адамды қабылдауға дайындаған “қамқоршы” болды. Ал Мәсіх келгенде, ол Еремия алдын ала айтқан жаңа келісімді енгізу керек еді. Мәсіхті қабылдағандар осы жаңа келісімге тұрып, патша әрі діни қызметкерлер болмақ еді. Мұның қалай болғанын көрейік.
ЖАҢА КЕЛІСІМГЕ ТҰРҒАНДАР ПАТШАЛАР ӘРІ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР БОЛДЫ
11. Иса басқалардың да патшалар әрі діни қызметкерлер болуына қалай жол ашты?
11 Б. з. 29 жылы назареттік Исаның Мәсіх екендігі анық болды. Шамамен 30 жасында ол шомылдыру рәсімінен өтіп, өзін Ехобаның ерекше тапсырмасын орындауға арнады. Ехоба Иса туралы: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деді де, оны маймен емес, киелі рухпен майлады (Мат. 3:13—17; Ел. іс. 10:38). Иса өзіне сенетін күллі адамдардың игілігі үшін тағайындалған Бас діни қызметкер әрі Патша болмақ еді (Евр. 1:8, 9; 5:5, 6). Осылайша ол басқалардың да патшалар әрі діни қызметкерлер болуына жол ашты.
12. Исаның құрбандығының арқасында не нәрсе мүмкін болды?
12 Иса сенушілердің мұра еткен күнәларын толықтай өтеу үшін Бас діни қызметкер ретінде қандай құрбандық ұсына алар еді? Еске алу кешін енгізгенде, Иса өзінің кемелді өмірін құрбандыққа ұсынатынын білдірді (Еврейлерге 9:11, 12 оқы). Б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткен кезінен бастап өлетін уақыты келгенге дейін Иса Бас діни қызметкер ретінде сыналып, көп нәрсеге үйренді (Евр. 4:15; 5:7—10). Ол қайта тірілген соң көкке көтеріліп, Ехобаға құрбандығының құнын ұсынды (Евр. 9:24). Содан кейін Иса өзінің құрбандығына сенім танытқан адамдар үшін Ехобаға “өтініш” жасай алатын болды. Ол бізге мәңгі өмір сүру үмітін көз алдымызда ұстай отырып, Құдайға қызмет етуге көмектеседі (Евр. 7:25). Сондай-ақ оның құрбандығы жаңа келісімді күшіне енгізді (Евр. 8:6; 9:15).
13. Жаңа келісімге тұруға шақырылғандарды не күтіп тұрды?
13 Жаңа келісімге тұруға шақырылғандар да киелі рухпен майланған болатын (Қор. 2-х. 1:21). Олардың ішінде адал яһудилер мен басқа ұлт адамдары бар еді (Ефес. 3:5, 6). Жаңа келісімге кіргендерді не күтіп тұрды? Олардың күнәлары толығымен кешірілу керек-тін. Ехоба былай деп уәде етті: “Олардың заңсыздықтарына кешірім жасаймын және өздері істеген күнәларын бұдан былай еске алмаймын” (Ерм. 31:34). Құдай күнәларын кешірген соң, олар “діни қызметкер мен патша” бола алды. Петір майланған мәсіхшілерге былай деді: “Сендер өздеріңді түнектен тамаша жарығына шақырғанның “керемет қасиеттерін барлық жерде жариялау үшін таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер, қасиетті халық және Құдайдың ерекше меншігісіңдер” (Пет. 1-х. 2:9). Бұл жерде Петір Ехобаның исраилдіктерге Заң келісімін енгізгенде айтқан сөздерін жаңа келісімге тұрған мәсіхшілерге қатысты қолданды (Мыс. ш. 19:5, 6).
ПАТШАЛАР ӘРІ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР КҮЛЛІ АДАМЗАТҚА ИГІЛІК ӘКЕЛЕДІ
14. Патшалар әрі діни қызметкерлер қайда қызмет етеді?
14 Жаңа келісімдегілер қайда қызмет етеді? Олар топ болып діни қызметкерлер ретінде жер бетінде қызмет етеді. Олар “керемет қасиеттерін жариялау” арқылы және рухани аспен қамтамасыз ету арқылы Ехобаны адамдарға таныстырады (Мат. 24:45; Пет. 1-х. 2:4, 5). Олар қайтыс болып, қайта тірілген соң, патша әрі діни қызметкер болып, Исамен бірге көкте билік етеді (Лұқа 22:29; Пет. 1-х. 1:3—5; Аян 1:6) Елші Жоханның аянда көрген Ехобаның тағының жанындағы көптеген рухани жаратылыстар осының дәлелі болып табылады. Олар “Тоқтыға” арнаған “жаңа әнде” былай деп жырлайды: “Сен әрбір ру, тіл, халықтан және ұлттан шыққан адамдарды өз қаныңмен сатып алып, Құдайдың меншігі және Құдайымызға патша әрі діни қызметкерлер еттің. Олар жер бетіне билік жүргізеді” (Аян 5:8—10). Жохан кейінірек аянда көргеніндей, осы патшалар “Құдай мен Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге 1000 жыл бойы патшалық етеді” (Аян 20:6). Исамен бірге олар күллі адамзаттың игілігі үшін патшалар әрі діни қызметкерлер болмақ.
15, 16. Патшалар әрі діни қызметкерлер күллі адамзатқа қандай баталар әкеледі?
15 144 000 патша әрі діни қызметкер адамзатқа қандай баталар алып келеді? Аян кітабының 21-тарауында олар көктегі жаңа Иерусалим қаласы ретінде сипатталып, “Тоқтының әйелі” деп аталған (Аян 21:9). Бұл тараудың 2—4 дейінгі тармақтарында былай делінген: “Көктен, яғни Құдайдан, түсіп келе жатқан, күйеуіне арнап сәнденген қалыңдықтай даярланған киелі қаланы, жаңа Иерусалимді де көрдім. Сонан соң көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: “Міне, Құдайдың шатыры адамдар арасында! Ол солармен бірге тұрып, олар оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды”. Неткен керемет баталар! Біз зар еңіреп, қайғы-мұңға батып, жақынымызды жоқтамайтын кез келеді, өйткені өлім атымен жоқ болады. Адамзат кемелділікке жетіп, Құдаймен біржола татуласады.
16 Патшалар әрі діни қызметкерлердің әкелетін басқа баталары туралы Аян 22:1, 2-де былай делінген: “Ол маған хрусталь іспетті тап-таза өмір суының өзенін көрсетті. Өзен Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алып, қаланың басты көшесінің ортасымен ағып жатты. Оның екі жағалауында да ай сайын, жылына он екі рет, жеміс беретін өмір ағаштары өсіп тұрды. Ағаштардың жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған еді”. Осындай бейнелі шаралардың арқасында “халықтар”, яки жердегі күллі адамзат, Адам атадан мұра еткен кемелсіздіктен толықтай айығады. Расында да, “бұрынғы жайттар құрып жоқ болады”.
ПАТШАЛАР ӘРІ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МІНДЕТТЕРІН ТОЛЫҚТАЙ АТҚАРЫП ШЫҒАДЫ
17. Патшалар әрі діни қызметкерлер мыңжылдықтың соңында нені жүзеге асырады?
17 Мыңжылдық биліктің соңында патшалар әрі діни қызметкерлер адамзатты кемелділікке жеткізеді. Бас діни қызметкер әрі Патша ретінде Мәсіх толықтай айыққан адамзат отбасын Ехобаға ұсынады (Қорынттықтарға 1-хат 15:22—26 оқы). Осылайша патшалар әрі діни қызметкерлер алдарына қойылған мақсатты толықтай жүзеге асырады.
18. Патшалар әрі діни қызметкерлер өз істерін аяқтаған соң, Ехоба оларды қалай қолданады?
18 Мыңжылдықтан кейін Ехоба Мәсіхтің зор мәртебеге ие болған серіктерін қалай қолданбақ? Аян 22:5-ке сай, “олар мәңгілік бойы патшалық етеді”. Кімдерге? Киелі кітапта бұл жайлы ешнәрсе айтылмаған. Алайда олар Ехобаның көзінде бағалы болып қала бермек. Өлместік сыйын алған олардың адамзатқа көмектесуде мол тәжірибелері болады. Сондықтан олар патша болып қалады әрі Ехобаның еркін мәңгілік бойы орындай береді.
19. Еске алу кешіне қатысатындар нені еске түсіреді?
19 2012 жылдың 5 сәуірінде өтетін Еске алу кешіне жиналған кезде Киелі кітаптың осы ілімдерін есімізге түсіретін боламыз. Жер бетіндегі майланған мәсіхшілердің тамтығы рәміздерден, ашымаған нан мен қызыл шараптан дәм татып, жаңа келісімде тұрғандарын көрсетеді. Исаның ұсынған құрбандығының рәміздері Құдайдың мәңгілік мақсатындағы олардың артықшылықтары мен жауапкершіліктерін естеріне салады. Осы кешке қатысатын бәріміз де Ехоба Құдайдың адамзаттың игілігі үшін патшалар әрі діни қызметкерлер тағайындағанына ризашылығымызды көрсете аламыз.
[Сілтеме]
a Еремия 31:31, 33: “Міне, дейді Жаратушы Ие, Исраил әулетіне және Иуда ұрпағымен Мен жаңа шарт жасасатын күн таяп қалды... Өз заңымды олардың жан сарайына орнатамын және жүрек түкпірлеріне хаттап жазып қоямын, сөйтіп, олардың Құдайына айналамын, ал олар Менің халқым болады”.
[29-беттегі сурет]
Патшалар әрі діни қызметкерлер адамзатқа мәңгілік баталар әкеледі