Құдайдың неке сыйын бағалайсың ба?
“Жаратқан Ие рақымын түсіре көрсін! Ием сендерге жақсы күйеу мен жайлы баспана сыйлай көрсін!” (РУТ 1:8, 9).
ЖАУАПТАРЫН ІЗДЕП КӨР
Құдайдың ежелдегі қызметшілері неке сыйын бағалаған деп не себепті айта аламыз?
Кіммен неке құратынымыз Ехобаға бәрібір емес екенін қайдан білеміз?
Киелі жазбалардағы некеге қатысты қандай кеңесті қолдануға бел будың?
1. Әйелі пайда болғанда Адам қандай сезімде болды?
“МІНЕ, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан, Әрі тән, өз тәнімнен шыққан! Ол әйел деп аталатын болсын, Себебі ол еркектен алынып жасалған” (Жар. 2:23). Әйелін алғаш көрген сәтте Адам қуаныштан осындай өлең жолдарын шырқап жіберді. Ехоба Адамды терең ұйқыға батырып, оның бір қабырғасынан сұлу әйел жаратып берген еді. Кейіннен Адам оны Хауа деп атады. Құдай екеуін қосып, ерлі-зайыпты етті. Хауа Адамның қабырғасынан жаратылғандықтан, олар бір-біріне бүгіндегі кез келген ерлі-зайыптыдан анағұрлым жақын болды.
2. Неге ер мен әйелдің бір-біріне романтикалық сезімдері болады?
2 Даналықтың қайнар көзі Ехоба ер мен әйелді жіпсіз байлайтын махаббат сезімімен жаратты. Бір энциклопедияда былай делінген: “Шаңырақ көтерген еркек пен әйел некеден жыныстық қарым-қатынас пен айнымас романтикалық сезімді күтеді”. Ехобаның көптеген қызметшілері осыны бастан кешірген.
НЕКЕ СЫЙЫН БАҒАЛАҒАНДАР
3. Ысқақ қалай әйелді болды?
3 Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым неке сыйын жоғары бағалаған. Баласы Ысқаққа қалыңдық алып келу үшін Ыбырайым бас қызметшісін Месопотамияға жіберді. Қызметшінің айтқан дұғасы жауапсыз қалмады. Құдайдан қорқатын Рабиға Ысқақтың сүйікті әйелі болып, Ыбырайымның ұрпағын көбейтуге қатысты Ехобаның ниетінің орындалуына үлес қосты (Жар. 22:18; 24:12—14, 67). Бүгінгі қоғамда көбісі өмірлік серікті өздері таңдайды. Олай болса, адам өзі сұрамаса, оған жеңгетайлық жасағанымыз жөнсіз болар еді. Әрине, Құдай адамның кіммен некелесетінін пешенеге жазып қоймайды, бірақ мәсіхшілер көмек сұрап дұға етсе, сондай-ақ рухтың жетелеуімен жүрсе, Ехоба өмірдің осы және басқа салаларында көмектеседі (Ғал. 5:18, 25).
4, 5. Шуламдық қыз бен қойшы жігіттің арасында шынайы сезімнің болғанын қайдан білеміз?
4 Ежелгі Исраилде өмір сүрген шуламдық ару Сүлеймен патшаның әйелдерінің бірі болуға құрбыларының итермелегенін қаламады. Ол былай деді: “Иерусалим қыздары, сендерден өтінемін: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін!” (Таң. ә. 8:4). Бұл шуламдық ару мен бір қойшы жігіттің бір-біріне деген пәк сезімдері болды. Қыз сыпайы үнмен ғана: “Шарон жазығындағы райхандаймын, Аңғардың лалагүліне ұқсаймын”,— деді. Ал қойшы жігіт жауап қайырып: “Салыстырсам басқалармен, жалғызым, Тікенектер арасындағы лаладайсың”,— деді (Таң. ә. 2:1, 2). Расында да, олар бір-бірін шын сүйді!
5 Құдайға деген сүйіспеншіліктері өмірлерінде бірінші орында тұрғандықтан, шуламдық қыз бен қойшы жігіттің некелері баянды болмақ еді. Шуламдық қыз сүйіктісіне былай деді: “Жүрегіңнің үстіне мені мөрдей тақшы, Мөрлі білезіктей білегіңе салшы! Өйткені махаббат өлімдей қуатты, Құлшынысы оның ажалдай қатты! Өз отын ол найзағайдай шашады, Жаратқан Иенің тұтатқан жалынындай жанады. Мол су да махаббатты өшіре алмас, Тасыған өзен оны батыра алмас. Бір адам өз үйінің бар байлығын Ұсынғанмен сүйіспеншілік үшін, Мүлдем менсінбес еді ешкім онысын!” (Таң. ә. 8:6, 7 сілт.). Әрине, мәсіхшінің болашақ жарынан осындай махаббатты күткені орынды емес пе?
ТАҢДАУЫҢ ЕХОБАҒА БӘРІБІР ЕМЕС
6, 7. Кіммен неке құратынымыз Ехобаға бәрібір емес екенін қайдан білеміз?
6 Өмірлік жарың болуға кімді таңдайтының Ехобаға бәрібір емес. Ол кезінде исраилдіктерге Қанахан тұрғындары жайлы: “Олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! Әйтпесе олар балаларыңды Жаратқан Иеден бас тартқызып, бөтен тәңірлерге құлшылық еткізетін болады. Сонда Оның қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді лезде-ақ құртып жібереді”,— деп ескерткен (Заң. қ. 7:3, 4). Бірнеше ғасыр өте діни қызметкер Езра оларға: “Сендер жат ұлттық әйел алып, Жаратқан Иеге опасыздық жасадыңдар. Осылай сендер Исраилдің кінәсін одан әрі арттыра түстіңдер”,— деген (Езра 10:10). Ал елші Пауыл I ғасырдағы мәсіхшілерге: “Күйеуінің көзі тірісінде әйелдің оған басы байлаулы. Ал күйеуі көз жұмса, кімге тұрмысқа шығамын десе де өз еркі, тек Иеміздің ізбасарына шығу керек”,— деді (Қор. 1-х. 7:39).
7 Ехобаға бағышталған қызметшінің сенбейтін адаммен неке құрғаны Құдайға мойынсұнбаушылық болып табылады. Езраның күндеріндегі исраилдіктер “жат ұлттық әйел алуымен” опасыздық жасады. Біздің де Жазбалардағы анық нұсқауларды аттап өтуге сылтау іздегеніміз дұрыс болмайды (Езра 10:10; Қор. 2-х. 6:14, 15). Шомылдыру рәсімінен өтпеген адаммен отау құрған мәсіхші үлгілі емес әрі Құдайдың неке сыйын шын бағаламайтынын көрсетеді. Мәсіхшінің осындай әрекетке барғаны оны Құдай халқының арасындағы біраз жауапкершілігінен айыруы мүмкін. Және де осыдан кейін Ехобадан бата береді деп күтіп: “Ехоба, мен біліп тұрып сені тыңдамадым, бірақ сонда да, маған батаңды берші”,— деп дұға еткеніміз орынсыз болар еді.
ЕХОБА БІЗДЕН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ
8. Неліктен біз Құдайдың некеге қатысты басшылығын ұстануымыз қажет? Мысалмен түсіндір.
8 Қандай да бір құрылғыны жасап шығарған адам оның қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі. Оны қалай дұрыс құрастыру керектігін одан артық ешкім білмейді. Ал егер біз оның нұсқауларын елемей, құрылғыны өз бетімізше құрастырсақ ше? Ол істемек түгілі, бізге зардабын тигізуі мүмкін. Тура солай егер бақытты отбасын құрғымыз келсе, некеге бастау берген Ехобаның нұсқауларын ұстануымыз қажет.
9. Ехоба жалғыздық сезімін де, некенің қуаныш әкелетінін де біледі деп неге айта аламыз?
9 Ехоба адам баласы мен неке жайлы бәрін біледі. Адамдар “өсіп-өніп көбею” үшін Құдай оларды жыныстық сезіммен жаратты (Жар. 1:28). Ол адамдарда болатын жалғыздық сезімін түсінеді. Алғашқы әйел затын жаратпас бұрын ол былай деген: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін” (Жар. 2:18). Сондай-ақ Ехоба некелік өмір қандай қуаныш сыйлай алатынын да біледі (Нақыл сөздер 5:15—18 оқы).
10. Мәсіхшілер жыныстық қатынасында Ехобаға қалай ұнамды бола алады?
10 Бәріміз Адам атадан күнә мен кемелсіздікті мұра еткендіктен, бүгіндегі ешбір неке кемелді бола алмайды. Алайда Құдай Сөзін ұстанатын Ехобаның қызметшілері некелерін баянды ете алады. Мәселен, Пауылдың төсек қатынасы туралы кеңесіне көңіл қояйық (Қорынттықтарға 1-хат 7:1—5 оқы). Жазбаларда мұндай қатынастың мақсаты тек ұрпақ қалдыру деп айтылмаған. Ерлі-зайыптылардың эмоциялық және тәндік қажеттіліктері де бар. Бірақ Құдай олардың анайы әрекеттер жасауын жөн көрмейді. Мәсіхші күйеулер мен әйелдер өмірлерінің осы бір маңызды саласында бір-біріне шын сезімін білдіре отырып, жұмсақ та мейірімді болғысы келетіні шүбәсіз.
11. Ехобаға ұнамды түрде әрекет еткені үшін Рут қандай баталарға ие болды?
11 Некелік одақ адамдарға бақыт пен қуаныш сыйлау керек. Әсіресе мәсіхшілердің үйлері жанға жай болуы тиіс. Осыдан үш мыңдай жыл бұрын егде жастағы Нағима мен оның Орпа және Рут есімді жесір қалған келіндері Моабтан Яһудаға жол жүріп бара жатқанда не болғанын қарастырайық. Нағима жас келіндерін өз елдеріне оралуға талпындырды. Бірақ моабтық Рут Нағиманың жанында қалып, шынайы Құдайға адалдық танытты. Ехобаның жасы ұлғайған адал қызметшісі Боғоз Рутқа былай деді: “Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын!” (Рут 1:9; 2:12). Құдайдың неке сыйын бағалаған Рут Боғозға тұрмысқа шықты. Жаңа дүниеде қайта тірілген ол Исаның түп анасы болғанын білгенде қалайша қуанады десеңші! (Мат. 1:1, 5, 6; Лұқа 3:23, 32). Иә, Ехобаға ұнайтынды істегені үшін Рут мол батаға ие болды.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫНЫ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІН ДАНА КЕҢЕС
12. Некеге қатысты дана кеңестерді қайдан табуға болады?
12 Некенің негізін қалаған Ехоба отау тіккен ер мен әйелдің қалай бақытты бола алатынын үйретеді. Ешбір адам баласының білімі Құдайдікіне жетпейді. Мәселен, бірнеше рет үйленіп, ажырасқан адамнан неке туралы кеңес сұрар ма едің? Әрине, жоқ! Некеге қатысты дана кеңестерді тек Жазбалардан ғана таба аламыз. Ендеше, бұған қатысты кеңесті адам Киелі кітапқа сүйеніп айту керек. Мысалы, елші Пауыл рухтың жетелеуімен: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй, әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— деп жазған (Ефес. 5:33). Рухани толысқан мәсіхшілер үшін Киелі кітаптың осы сияқты кеңестерін түсіну қиын емес. Бізге бұл кеңестерге тек құлақ асып, қолдану ғана қалды. Неке сыйын шын бағалайтын болсақ, біздер осылай етемізa.
13. Петірдің 1-хаты 3:7-дегі кеңесті орындамаудың салдары қандай болуы мүмкін?
13 Мәсіхші күйеу әйеліне сүйіспеншілікпен қарау керек. Елші Петір былай деген: “Күйеулер, әйелдеріңе алған білімдеріңе сай қарап, бірге өмір кеше беріңдер. Құдайдың рақымының арқасында сендер де солармен бірге өмірді мұра ететіндіктен, оларға әлдеқайда нәзік құты — әйел заты — ретінде құрмет көрсетіңдер. Сонда дұғаларыңа тосқауыл болмайды” (Пет. 1-х. 3:7). Егер күйеу Ехобаның кеңестерін елемесе, мұнысы дұғаларына кедергі болуы мүмкін. Ал бұл болса екеуінің рухани күйлеріне нұқсан келтіретіні анық. Сондай-ақ қарым-қатынастарына сызат түсіп, ұрыс-керіс пен дөрекілік орын алуы ықтимал.
14. Сүюші әйел өз отбасына қалай ықпал ете алады?
14 Ехобаның Сөзі мен киелі рухының жетелеуімен жүретін әйел өз үйін тыныштық пен бақыттың ошағына айналдыру үшін көп нәрсе істей алады. Әйелін сүйіп, оны тәндік және рухани жағынан қорғау Құдайдан қорқатын күйеуге тән нәрсе. Ал әйел күйеуінің өзіне деген махаббатын арттыру үшін жақсы қасиеттер танытады. Нақыл сөздер 14:1-де айтылғандай, “ақылды әйел үйін өркендетер, ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер”. Иә, дана әрі сүюші әйел отбасының бақытты да баянды болуына өлшеусіз үлес қоса алады. Ол некені Құдай сыйы деп білетінін көрсетеді.
15. Ефестіктерге 5:22—25-те қандай кеңес жазылған?
15 Исаның қауымға қалай қарағанынан үйренетін ерлі-зайыптылар Құдайдың неке сыйына деген ризашылығын көрсетеді (Ефестіктерге 5:22—25 оқы). Бір-бірін риясыз сүйетін ерлі-зайыптылар кішіпейілділік танытады. Олар түсініспеушілік туындағанда, балаша сөйлеспей қою сияқты не тағы басқа жағымсыз қасиеттердің некелерінің сәнін кетіруіне жол бермейді. Ехоба мұндай жұптарға батасын төгеді!
ОЛАРДЫ ЕШКІМ АЖЫРАТПАСЫН
16. Неге кейбір мәсіхшілер салтбасты болып қалуда?
16 Адамдардың көбісі күндердің күнінде үйленуді жоспарлайды. Бірақ Ехобаның кейбір қызметшілері өздерінің және Құдайдың көңілінен шығатын адамды әлі кездестірмегендіктен, салтбасты болып қала береді. Ал тағы біреулері неке құруды қажет етпейді. Салтбасты мәсіхшілер некелік өмірдің қам-қарекетіне алаңдамай, өмірлерін Құдайға молынан қызмет етуге арнаудан қанағат алады (Мат. 19:10—12; Қор. 1-х. 7:1, 6, 7, 17).
17. а) Исаның некеге қатысты қандай сөздерін есте ұстағанымыз жөн? ә) Егер мәсіхшінің өзгенің жұбайына аңсары ауса, тез арада не істеуі керек?
17 Үйленген я салтбасты болайық, Исаның мына сөздерін жадымызда ұстайық: “Жаратушының о бастан адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратқанын оқымап па едіңдер? Жоқ әлде оның былай дегенін оқыған жоқсыңдар ма: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады. Енді олар екеу емес, біртұтас. Олай болса, Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Мат. 19:4—6). Біреудің жұбайына құмарту — күнә (Заң. қ. 5:21). Егер мәсіхшінің осындай бұрыс қалауы пайда болса, одан кідірместен арылу керек. Ал арам құмарлықтың тамыр жаюына жол беріп қойған жағдайда, жүрекке қаншалықты ауыр тисе де, оның түбіне балта шапқан дұрыс (Мат. 5:27—30). Иә, ой-ниетімізді түзетіп, алдамшы жүректің күнәкар қалауларын тізгіндеп отыру өте маңызды (Ерм. 17:9).
18. Біз Құдайдың неке сыйына қалай қарауымыз керек?
18 Ехоба Құдай туралы және неке оның сыйы екенін білмейтіндердің өздері қандай да бір шамада некені бағалайтындарын көрсетеді. Ал біз ше? Біз “Бақытты Құдайдың” қызметшілері ретінде оның барлық шараларының игілігін көре отырып, неке құрылымына құрметпен қарайтынымызды және оны Ехобаның сыйы деп білетінімізді көрсетуге қуаныштымыз (Тім. 1-х. 1:11).
[Сілтеме]
a “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 10, 11-тарауларында неке тақырыбы тереңірек қарастырылады.
[6-беттегі сөздер]
Шаңырағы берік неке Ехобаға даңқ әкеледі әрі бүкіл отбасына бақыт сыйлайды
[5-беттегі сурет]
Рут Құдайдың неке сыйын бағалаған
[7-беттегі сурет]
Құдайдың неке сыйын шын бағалайтыныңды көрсетіп жүрсің бе?