Өмірбаян
“Үлкендермен дос болып, ақылына құлақ салдым”
Айтып берген: Эльва Джэрди
Шамамен 70 жыл бұрын үйімізге бейтаныс кісі келіп, әкеме бір ұсыныс айтты. Сол бір маңызды күн менің өмірімді толықтай өзгертті. Кейін өміріме ықпал еткен басқа да жандар болды. Ал, ең бастысы, мен теңдесі жоқ дос таптым. Өзім жайлы айтып беруге рұқсат етіңіздер.
МЕН 1932 жылы Австралияның Сидней қаласында дүниеге келдім. Ата-анам Құдайға сенгенімен шіркеуге бармайтын. Анам: “Құдай саған қарап тұр, егер бұзық болсаң, ол сені жазалайды”,— деп үйрететін. Сол себепті мен Құдайдан зәре-құтым қалмай қорқатынмын. Алайда менің Киелі кітапқа деген қызығушылығым басылмады. Демалыс күндері үйге анамның әпкесі соғып тұратын. Ол маған Киелі кітаптағы көптеген қызықты оқиғаларды айтып беретін, сондықтан мен қашанда оны асыға күтетінмін.
Жасөспірім кезімде әкем бірсыпыра кітаптарды оқитын. Оларды мамам бір қарт Куәгер әйелден алған болатын. Оқығандары әкеме қатты әсер еткендіктен, ол Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуге келісті. Бірде кешқұрым әкем Киелі кітап зерттеп жатқанда, мен тығылып тыңдап тұрдым. Мұны байқаған әкем мені бөлмеме қайтармақшы болып еді, бірақ қонақ кісі: “Эльва бізбен бірге отырсын да?”— деп өтінді. Оның бұл ұсынысы менің бүкіл өміріме әсер етті және шынайы Құдай Ехобамен дос болуға көмектесті.
Содан көп ұзамай әкем екеуміз қауым кездесулеріне бара бастадық. Ол жерде алған білімдері әкемді өмірін өзгертуге талпындырды. Ол тіпті бұрынғыдай мінез көрсетпейтін болды. Мұны көріп анам мен ағам Франк та кездесулерге баратын болдыa. Төртеуміз де рухани өсіп, ақырында Ехоба куәгерлері ретінде шомылдыру рәсімінен өттік. Содан бастап өмірімнің түрлі кезеңдерінде көпті көрген үлкен адамдар маған жақсы жағынан әсер етті.
ӨМІРІМДІ НЕ НӘРСЕГЕ АРНАЙМЫН?
Жасөспірім кезімде қауымдағы үлкен кісілермен жақын араласа бастадым. Олардың бірі біздің үйге алғаш рет уағыздап келген Куәгер Элис Плэйс еді. Ол маған әжем сияқты болып кетті. Элис маған уағыздауды үйретіп, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындырды. 15 жасымда мен бұл мақсатыма қол жеткіздім.
Сондай-ақ егде жастағы ерлі-зайыпты Перси мен Мадж Данамдармен де дос болдым. Олармен араласқаным менің болашағыма қатты әсер етті. Негізінде мен математиканы жақсы көретінмін, сондықтан осы пәннің мұғалімі болуды қатты қалайтынмын. Перси мен Мадж 1930 жылдары Латвияда миссионер болып қызмет еткен болатын. Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түскенде, оларды Австралияның Сидней қаласында орналасқан Бетелге шақырды. Бұл жұп маған шын жүректен қызығушылық танытты. Олар маған миссионер кездерінде бастарынан өткерген көптеген қызықты оқиғаларын айтып беретін. Осыдан анық түсінгенім — математиканың мұғалімі болғаннан гөрі, Киелі кітап тәлімгері болғаным мені әлдеқайда бақытты етеді. Осылайша мен миссионер болуды шештім.
Данамдар отбасы миссионерлік қызметке дайындалуым үшін мені ізашарлық қызметті бастауға талпындырды. Сөйтіп, мен 1948 жылы 16 жасымда Харствиллдегі (Сидней) қауымымда ізашар болып тағайындалдым да, ол жерде қызметтерін қуана атқарып жүрген жас он ізашардың қатарына қосылдым.
Келесі төрт жыл бойы мен Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Квинсленд штаттарындағы төрт қалада ізашарлық қызмет атқардым. Бетти Ло (қазір Ремнант) менің Киелі кітап зерттеуге көмектескен бірінші адамым болды. Менен екі жас үлкен Бетти сондай қамқор қыз болатын. Кейін ол Сиднейден батысқа қарай шамамен 230 шақырым жерде орналасқан Каура қаласында менің ізашар серігім болды. Бірге аз уақыт қызметтессек те, Беттимен әлі күнге дейін доспыз.
Арнайы ізашар болып тағайындалған соң мен Каурадан оңтүстік-батысқа қарай 220 шақырым жерде орналасқан Наррандера қаласына көшіп бардым. Джой Леннокс (қазір Хантер) менің сол қаладағы ізашар серігім болды. Ол да менен екі жас үлкен болатын. Қалада бізден басқа Куәгерлер жоқ-тын. Джой екеуміз Рэй мен Эстер Айронс деген қонақжай ерлі-зайыптылардың үйінде тұрдық. Олар бүкіл отбасымен шындыққа қызығушылық білдірді. Рэй ұлымен бірге апта бойы фермада еңбек ететін, ал Эстер үш қызымен шағын жатақханаға қарайтын. Әр жексенбі сайын Джой екеуміз Айронс отбасына және әлгі жатақханада бөлме жалдап тұратын теміржол жұмысшыларына түскі ас дайындайтынбыз. Осылайша бөлмеміздің жалақысын біршама өтейтінбіз. Ыдыс-аяқты жуып болған соң, біз Айронстардың алдына рухани дастарқан жаятынбыз, яғни олармен “Күзет мұнарасын” зерттеуге кірісетінбіз. Күндердің күнінде Рэй мен Эстер және олардың төрт баласы шындыққа келіп, Наррандерадағы қауымның негізін қалады.
1951 жылы мен Сидней қаласында өткен конгреске қатыстым. Ол жерде миссионерлік қызметке қызығатын ізашарларға арналған кездесу өтті. Үлкен шатырдың астында өткен осы кездесуге 300-ден астам адам жиналдық. Бруклиндегі Бетелден келген Нейтан Норр ізгі хабарды жердің түкпір-түкпіріне жариялау керектігіне баса назар аударды. Біз оның әрбір сөзіне құлақ түріп отырдық. Сол кездесуге қатысқан ізашарлардың көбісі кейіннен Тынық мұхиттың оңтүстік аймағы мен басқа да жерлерде алғашқы болып Патшалық хабарын жариялады. Ал 1952 жылы Ғалақад мектебінің 19-сыныбында оқитын 17 австралиялық бауырластың арасында болатынымды білгенде, қалай қуанғанымды көрсеңдер ғой! Жасым жиырмадан аспай жатып мен миссионер болу арманыма жеттім.
БОЛМЫСЫМНЫҢ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРУІ
Ғалақадта оқып, бауырластармен араласқаным білімім мен сенімімді арттырып қана қоймай, болмысымды да түбегейлі өзгертті. Ол кезде мен жаспын, сондықтан өзімнен және өзгелерден кемелділікті талап ететінмін. Кейбір нәрселерде тым қатал болдым. Мәселен, бірде Норр бауырластың жас бетелдіктермен доп ойнап жатқанын көріп жағамды ұстағаным бар.
Көреген, өмірде көпті көрген Ғалақад оқытушыларым мені бір нәрсе мазалап жүргенін байқаса керек. Сондықтан олар жеке көңіл бөліп, көзқарасымды өзгертуге көмектесетін болды. Бірте-бірте мен Ехобаны қатал әрі талапшыл емес, сүюші де қамқор Құдай деп біле бастадым. Сыныптастарым да маған көп көмектесті. Бір күні олардың бірі маған былай деді: “Эльва, Ехоба қолына қамшы ұстаған бақылаушы емес қой. Сондықтан өзіңе тым қатал болмасаңшы!” Оның ашық айтқан сөздері жүрегіме жылы тиді.
Ғалақадты бітірген соң мені және төрт сыныптасымды Африкадағы Намибия еліне тағайындады. Көп ұзамай біз 80 зерттеу сабағын жүргізетінбіз. Намибия мен миссионерлік қызметім маған қатты ұнайтын, бірақ мен Ғалақадта бір сыныптасыма ғашық болып қалғанмын. Ал ол Швейцарияға тағайындалған еді. Намибияда бір жыл өткізген соң, Швейцарияға сүйіктімнің қасына бардым. Ол аудандық бақылаушы болатын. Сондықтан екеуміз үйленген соң көптеген қауымдарды аралайтын болдық.
ҚИЫНДЫҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЗДЕСУІМ
Қуанышқа толы бес жыл өткен соң, бізді Швейцарияның Бетеліне қызмет етуге шақырды. Бетел отбасында көптеген рухани толысқан бауырластардың арасында жүргенге не жетсін!
Бірақ осыдан кейін маған қатты соққы болып тиген бір жағдай болды. Күйеуім маған және Ехобаға адалдық сақтамағанын білдім. Ал кейін ол мені тастап кеткенде, жан дүнием құлазып, қаңырап бос қалды. Бетелдегі аяулы достарымның көрсеткен сүйіспеншілігі мен қолдауы болмағанда, бұл қайғымды жалғыз өзім көтере алмас едім. Ішімдегіні ақтарғым келгенде, олар тыңдай білді, жалғыз қалғым келгенде, түсіне қарады. Өмірімнің осы бір қиын шағында олар жаныма шипа болған сөздер айтып, қамқорлық көрсетті және Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтуға көмектесті.
Оның үстіне, өмір тауқыметін көріп, әбден шыныққан егде жастағы достарымның айтқан сөздерін есіме алатынмын. Мысалы, Мадж Данам бірде былай деген болатын: “Эльва, Ехобаға қызмет етіп жүріп сен көп қиындық көресің. Бірақ ең ауыр сынақтар жақын адамдарыңның тарапынан болады. Әсіресе сондай кезде Ехобадан ажырама. Есіңде болсын, сен адамдарға емес, Ехобаға қызмет етесің”. Мадждың сөздері қиын сынақтарға төзуіме көмектесті. Мен күйеуімнің қателіктеріне бола Ехобадан ажырамаймын деп шештім.
Кейін мен Австралияға төркініме қайтып, сонда ізашарлық қызметімді жалғастырдым. Үйге бара жатқанда кемедегі жолаушылармен Киелі кітап туралы қызу әңгімелестік. Олардың арасында мені ұйып тыңдаған бір жуас норвегиялық жігіт болды. Оның есімі Арне Джэрде еді. Бір күні Арне біздің үйге соқты. Ол тез рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Ал 1963 жылы біз үйлендік. Екі жыл өткен соң тұңғыш ұлымыз Гарри дүниеге келді.
ҰЗАҚҚА СОЗЫЛМАҒАН БАҚЫТ
Арне, Гарри үшеуміз отбасылық өмірдің рақатын көрдік. Уақыт өте келе Арне үйімізді кеңейтіп, қарт ата-анамды қолымызға алдық. Алайда алты жылдан кейін Арненің миында ісік бар екені анықталды. Бұл бәрімізге ауыр тиді. Арне сәулелілік ем алу үшін ауруханаға жатты. Мен оған күнде барып тұратынмын. Біраз уақыт ол өзін жақсы сезінген еді, бірақ кейін жағдайы нашарлап, аяқ-қолы жұмыс істемей қалды. Дәрігер оның бірнеше апта ғана өмір сүретінін айтты, алайда ол аман қалды. Ақырында біз үйімізге оралып, мен оған күтім жасадым. Уақыт өте келе ол аяққа тұра бастады әрі ақсақалдық қызметін жалғастырды. Ол табиғатынан мойымайтын әрі көңілді адам болғандықтан оған күтім жасау оңайырақ болды, әрі ол тез жақсы болып кетті.
Бірнеше жыл өткен соң, 1986 жылы Арненің денсаулығы қайта нашарлап кетті. Ол кезде ата-анам көз жұмған болатын, сондықтан біз Сиднейден достарымызға жақын орналасқан Көгілдір тау деген жерге көшіп бардық. Ұлымыз Гарри Карин есімді сүйкімді қыз бауырласпен отау құрды. Кейін олар бізге бірге тұруды ұсынды. Бір айдың ішінде бәріміз Арне екеуміздің бұрынғы үйімізге жақын орналасқан үйге көшіп бардық.
Аурудың кесірінен өмірінің соңғы бір жарым жылы Арне төсек тартып жатты. Сондықтан үнемі оның қасында болу керек еді. Мен енді көп уақыт үйде болғандықтан, күніне екі сағат Киелі кітап пен соған негізделген әдебиеттерді зерттейтінмін. Осы зерттеулердің арқасында мен өз жағдайымда табандылық танытуға көмектесетін көптеген дана кеңестер таптым. Осыған қоса қауымдағы жасы үлкен бауырластар маған келіп, сүйіспеншілікпен көңіл бөлетін. Олардың арасында менікіндей сынақтарды бастан кешіргендері де бар еді. Бұл бауырластардың берген жігері шынымен де менің рухымды көтеріп тастайтын! 2003 жылдың сәуір айында Арне көз жұмды. Оның қайта тірілуге деген сенімі берік болды.
ЕҢ МЫҚТЫ ҚОЛДАУШЫМ
Жас кезімде мен талапшыл едім. Алайда өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Мен көптеген баталарды да, сондай-ақ екі қайғылы оқиғаны да бастан өткердім. Бірінші күйеуім маған және Ехобаға адал болмады, ал екінші күйеуім ауруға шалдығып, қайтыс болды. Өмірімнің қиын шақтарында мен түрлі жолдармен басшылық пен жұбанышқа ие болып тұрдым. Десе де осы күнге дейін менің ең мықты қолдаушым “мәңгі жасап келе жатқан” Ехоба Құдай болып келеді (Дан. 7:9). Оның кеңестері менің болмысымды өзгертіп, миссионерлік қызметтің қуанышқа толы кезеңдерін бастан кешіруіме мүмкіндік берді. Қиындықтар туындағанда, “Жаратқанның мейірімі болды сүйеніш маған... Оның жұбанышы жадыратты көңілімді” (Заб. 93:18, 19). Отбасым мен достарым да сүйіспеншілік көрсетіп, таяныш болды, қиын шақта маған қолғабыс етті (Нақ. с. 17:17). Олардың көпшілігі егде тартқандар еді.
Адал Әйүп: “Даналық қарияларда һәм парасат көп жасағандарда”,— деп айтып кеткен (Әйүп 12:12). Өмірім жайлы ойласам, осы сөздердің растығына көзім жетеді. Көп жасағандардың берген ақыл-кеңестері маған пайдасын тигізді, жұбаныштары тірек болды, достықтары өміріме сән берді. Олармен жақын дос болғаныма ризамын.
Қазір мен сексеннің сеңгіріне шықтым. Өмірде көрген нәрселерім мені басқа қариялардың мұқтаждықтарына бейжай қарамауға үйретті. Маған оларға барып, қол ұшын беру әлі де ұнайды. Сондай-ақ мен жастардың арасында болғанды да ұнатамын. Олардың тасыған күш-қуаты мен жалындаған құлшыныстары маған да жұғып кетеді. Жастар менен ақыл-кеңес пен көмек сұрап келгенде, оларға көмектесу мен үшін үлкен қуаныш!
[Сілтеме]
a Эльваның ағасы Франк Ламберт Австралияның шалғай аумақтарында құлшынысты ізашар болып қызмет етті.
[14-беттегі сурет]
Джой Леннокс екеуміз Наррандера қаласында ізашарлық қызметті атқарудамыз
[15-беттегі сурет]
Эльва 1960 жылы Швейцариядағы Бетел отбасымен бірге
[16-беттегі сурет]
Арнеге қарап жүрген кезім