Өмірбаян
Ехоба маған өз еркін орындауды үйретті
Айтып берген: Макс Ллойд
Бұл 1955 жыл еді. Бір бауырлас екеуміз Оңтүстік Америкадағы Парагвай елінде, яғни миссионер болып тағайындалған жерімізде уағыздап жүрдік. Кешқұрым біз отырған үйді ашуға мінген бір топ адам қоршап алып, былай деп айқай салды: “Біздің құдайымыз — қанішер құдай. Ол гринголардың қанын ішкісі келеді”. Гринголар (шетелдіктер), яки біздер, мұндай жағдайға қалай тап болып жүрміз?
АЛДЫМЕН, шындық жолына қалай аяқ басқанымды айтып берейін. Мен Австралияда дүниеге келдім. Сол жерде Ехоба маған өз еркін орындауды үйрете бастады. 1938 жылы әкем Куәгерлерден “Дұшпандар” деген кітапты алды. Ол кезде мамам екеуінің жергілікті шіркеудің дін қызметкерлерінен көңілі қалған болатын, өйткені олар Киелі кітаптың кей үзінділерін ертегілер деп атайтын. Бір жылдай өткен соң ата-анам Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтті. Сол кезден бастап Ехобаның еркін орындау отбасымыз үшін басты орында тұратын болды. Көп ұзамай менен бес жас үлкен әпкем Лесли шомылдыру рәсімінен өтті. Ал артынша мен де 1940 жылы тоғыз жасымда шомылдыру рәсімінен өттім.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң көп ұзамай Австралияда Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін басып шығару мен таратуға тыйым салынды. Сондықтан бала кезімнен Киелі кітапты ғана пайдаланып, өз сенімімді түсіндіруді үйрендім. Сондай-ақ мен мемлекеттік туға не себепті тағзым етпейтінімді немесе соғысты қолдамайтынымды түсіндіру үшін мектепке Киелі кітабымды алып баратынмын (Мыс. ш. 20:4, 5; Мат. 4:10; Жох. 17:16; Жох. 1-х. 5:21).
Мектептегі оқушылардың көбісі мені “немістердің шпионы” деп мазақтап, менімен араласпайтын. Сол кезде мектепте фильмдер көрсетілетін. Фильм басталар алдында барлығы түрегеліп, мемлекеттік әнұран айтуға міндетті болатын. Мен болсам орнымда отыра беретінмін. Сондықтан екі-үш бала шашымнан тартып, тұрғызуға тырысатын. Ақыр аяғында Киелі кітапқа негізделген нанымдарымды берік ұстанғаным үшін мені мектептен шығарып жіберді. Десе де мен үйде хат арқылы сабақ оқи алдым.
ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН МАҚСАТЫМ
14 жасымда мен ізашар ретінде толық уақытты қызмет етуді мақсат етіп қойдым. Сол себепті ата-анам алдымен жұмыс тауып, еңбек етуім керектігін айтқанда, көңілімнің түскені-ай! Олар отбасының шығындарын көтерісуім керектігін түсіндіріп, 18-ге толған соң ғана ізашар бола алатынымды айтты. Содан менің айлығым отбасымыз қозғайтын басты тақырыпқа айналды. Мен ізашарлық қызметке қаражат жинағым келетінін айтып, дауласатынмын, бірақ олар тапқан ақшамды бәрібір алып қоятын.
Ізашарлық қызметті бастайтын уақыт келгенде, ата-анам менің ақшамды банкке салып отырғандарын айтты. Содан соң киім және ізашарға қажетті басқа да заттарды алуым үшін барлық ақшамды қайтарып берді. Ата-анам маған өз басымды өзім алып жүріп, өзгелерге масыл болмауды үйретті. Қазір ойлап отырсам, бұл мен үшін өте пайдалы болды.
Бала кезімізде біздің үйге ізашарлар жиі тоқтайтын, сондықтан Лесли екеуміз олармен қызметтес болып, содан қуаныш табатынбыз. Демалыс күндерді үйден-үйге уағыздауға, көшеде куәлік беруге және Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргізуге арнайтынбыз. Сол жылдары жариялаушылар ай сайын 60 сағат уағыздау керек еді. Анамыз көбінде осыншама сағат қызмет ететін, әрі бұл Лесли екеуміз үшін керемет үлгі болды.
ТАСМАНДАҒЫ ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТІМІЗ
Менің ізашар ретінде тағайындалған алғашқы жерім Австралияның Тасман аралы болды. Онда әпкем және жездеммен бірге қызмет еттім. Бірақ көп ұзамай олар Ғалақад мектебінің 15-сыныбына шақырылды. Мен болсам тым ұяң әрі бұрын-соңды үйден алысқа шықпаған едім, сондықтан кейбіреулер мені бұл жерде үш айдан артық шыдай алмайды деп ойлады. Алайда бір жылдың ішінде, 1950 жылы мен серіктестік қызметшісі болдым (қызметтің бұл түрі бүгіндегі ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі атқаратын қызметке ұқсайтын). Кейіннен мен арнайы ізашар болдым. Бір жас ізашар бауырлас менің серігім болды.
Бізді мыс өндіретін бір шалғай қалашыққа тағайындады. Онда Куәгерлер жоқ-тын. Біз ол жерге автобуспен түстен кейін бардық та, бір ескі қонақүйде қондық. Келесі күні үйме-үй уағыздап жүріп, адамдарға тұратын үй-жай іздеп жүргенімізді айттық. Кешке таман бір кісі Пресвитериан шіркеуінің жанындағы дін қызметкерінің үйі бос тұрғанын және ол туралы дьяконмен сөйлесу керектігін айтты. Дьякон бізге жылы шырай танытып, сол үйде тұруға рұқсат берді. Әрине, күн сайын шіркеу қызметшісінің үйінен шығып, уағызға бару біртүрлі еді.
Бұл аумақ құнарлы болды. Біз біраз адамдармен жақсы әңгімелесіп, көптеген Киелі кітап зерттеу сабақтарын бастадық. Алайда астанадағы шіркеу жетекшілері Ехоба куәгерлерінің дін қызметкерінің үйінде тұрып жатқанын білгенде, дьяконнан бізді тез арада қуып шығуды талап етті. Біз қайтадан далада қалдық.
Ертесіне сағат үштерге дейін уағыздадық та, түнеп шығатын жер іздей бастадық. Бірақ спорт алаңындағы орындықтардан басқа жер таппадық. Чемодандарды сонда тығып, уағызға қайта кірістік. Қараңғы түсіп бара жатса да, уағыздаған көшедегі қалған бір-екі үйге кіріп-шығуды шештік. Солардың бірінің иесі бізге үйінің артындағы екі бөлмелі кішкене үйді ұсынды.
АУДАНДЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ҒАЛАҚАД МЕКТЕБІ
Ізашарлық қызметті сегіз айдай атқарған соң, маған Австралиядағы филиалдан аудандық бақылаушы болуға ұсыныс түсті. Бұл мені таңғалдырды, себебі мен небәрі 20 жаста едім. Осы қызметті атқаруға бірнеше апта үйретілгеннен кейін, қауымдарды жігерлендіру үшін оларға сапар жасай бастадым. Бауырластардың қасында сары ауыз балапандай болсам да, олар мені жассынып, менсінбей жүрмеді, керісінше атқарып жатқан қызметім үшін сыйлады.
Аралаушылық бақылаушылық қызметім қызыққа толы еді. Бірде автобуспен жол жүрсем, бірде трамваймен не машинамен жол жүретінмін. Сондай-ақ мотоциклдің артқы жағына отырып, бір қолыма чемодан, біреуіне уағызға арналған сөмкемді ұстап келетін кездерім болған. Бауырластармен бірге уақыт өткізу нағыз бақыт әкелетін. Серіктестік қызметші болған бір бауырлас өзінің әлі соғылып бітпеген үйінде мені қабылдауға ықылас білдірді. Ол үйдегі кереуетім ванна болса да, екеуіміз де сол аптада зор жігер алдық.
Ал 1953 жылы өмірімде тағы бір қуанышты жағдай болды: мені Ғалақад мектебінің 22-сыныбына шақырды! Алайда бұған бір жағынан қуансам, бір жағынан уайымдадым. Себебі 1950 жылдың 30 шілдесінде әпкем мен жездем Ғалақадты бітіріп, Пәкістанға тағайындалған болатын. Бірақ онда барғандарына бір жыл болмай жатып, Лесли ауырып қалып, қайтыс болды. Енді мен шетелге кетіп қалсам, ата-анама бұл қалай әсер етеді? Алайда олар маған: “Бар да, Ехоба айтқан жерде қызмет ете бер”,— деді. Сол кеткеннен әкемді көрмедім. Ол 1957 жылы көз жұмды.
Шақыру алған соң көп ұзамай мен бес австралиялық бауырласпен бірге Нью-Йоркке кемемен алты апталық жолға шықтым. Біз Киелі кітап оқыдық, зерттедік және кеменің жолаушыларына куәлік еттік. Саут-Лансингтегі мектепке бармас бұрын, 1953 жылы Янки стадионында өткен халықаралық конгреске қатыстық. Онда жиналғандардың ең жоғарғы саны 165 829 адам болды.
Біздің сыныпта жердің түкпір-түкпірінен келген 120 оқушы болды. Қайда тағайындалатынымызды мектепті бітірген соң бір-ақ білдік. Сонда бәріміз жапа-тармағай Ғалақадтың кітапханасына жүгіріп, тағайындалған еліміз туралы мәлімет іздей бастадық. Мені Парагвайға тағайындады. Бұл ел саяси төңкерістерімен танымал еді. Сонда барған соң бір күні таңертең басқа миссионерлерден түнде жұрт қандай “мейрам” тойлағанын сұрадым. Олар маған күлді де: “Бұл сен көрген алғашқы революция. Барып сыртқа қарашы”,— деді. Мен шығып қарасам, далада солдаттар қаптап жүр екен.
ӨМІРІМІЗ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ
Бірде аудандық бақылаушы екеуміз шалғай орналасқан қауымға барып, “Жаңа дүние қоғамы әрекет етуде” деген бейнефильмді көрсетпек болдық. Біз пойызбен, сосын атпен және ат арбамен, ал ақыр соңында өгіз арбамен 8—9 сағаттай жол жүрдік. Қолымызда генератор мен проектор болды. Діттеген жерімізге жеткен соң, ертеңіне фермаларды аралап, адамдардың бәрін кешкісін фильм көруге шақырдық. Сөйтіп, кешке 15 адам жиналды.
Фильмді 20 минуттай көрген соң адамдар бізге тез арада үйге кіру керектігін айтты. Біз проекторды алып, айтқандарын істедік. Сонда үйді қоршап алған бір топ адам шулап, аспанға оқ атып, былай деп айқай салды: “Біздің құдайымыз — қанішер құдай. Ол гринголардың қанын ішкісі келеді”. Ол жерде тек екі гринго ғана болған, солардың бірі мен едім. Фильмді көруге келгендер үйге баса көктеп кіргісі келген тобырды бөгеп тұрды. Бір кезде олар кетіп қалды. Алайда таңғы сағат үштерде қайта оралды да, мылтық атты және қалаға қайтар жолда бізді ұстап алатындарын айтып қорқытты.
Бауырластар шерифпен хабарласты. Ол түсте екі атпен келіп, бізді қалаға алып барды. Жолда қалың бұталы шөпке не ағаштарға жақындаған сайын ол қолына мылтығын алып, алдыға түсіп, ол жерді тексеретін. Ат өте тиімді көлік еді, сондықтан кейінірек мен де біреуін иемдендім.
БАСҚА МИССИОНЕРЛЕРДІҢ КЕЛУІ
Уағыз ісі шіркеу дін басыларының қарсылығына қарамастан алға басты. 1955 жылы тағы бес миссионер келді. Олардың арасында Ғалақадтың 25-сыныбын бітіріп келген Элси Свонсон есімді канадалық қыз бауырлас бар еді. Ол басқа қалаға тағайындалғанға дейін, біз филиалда бірге қызмет еттік. Элси бүкіл өмірін Ехобаға қызмет етуге арнаған болатын. Шындықты қабылдамаған әке-шешесі оған еш көмек көрсетпейтін. 1957 жылы 31 желтоқсанда Элси екеуміз үйлендік те, Парагвайдың оңтүстігіндегі миссионерлер үйінде өзіміз ғана тұрдық.
Суды ауладағы құдықтан алатынбыз, өйткені үйімізге су жүргізілмеген болатын. Оның үстіне, үйде душ пен әжетхана, кір жуатын машина, тіпті тоңазытқыш та болмады. Біз тамағымызды күн сайын сатып алып жейтінбіз. Алайда қарапайым өмір кешкеніміз және қауымдағы бауырластармен тығыз қарым-қатынаста болғанымыз некелік өміріміздің сол бір кезеңін өте бақытты етті.
1963 жылы анамды көру үшін Австралияға барғанымызда, баласын он жыл бойы көрмей, қатты қуанғаннан болар, анам жүрек ұстамасына ұшырады. Парагвайға қайта оралатын уақыт жақындағанда бізге аса қиын шешім қабылдау керек болды. Біреу күтім жасар деген үмітпен анамды ауруханада қалдырып, жақсы көретін қызметімізге оралуымыз керек пе? Көп дұға еткеннен кейін Элси екеуміз осында қалып, анама қараймыз деп шештік. Сондай-ақ біз толық уақытты қызметімізді қатар алып жүре алдық. Ал 1966 жылы анам қайтыс болды.
Біраз жыл бойы мен Австралияда аудандық және облыстық бақылаушы болып қызмет ету мәртебесіне ие болдым. Сондай-ақ ақсақалдарға арналған Патшалық қызмет мектебінде оқытушы болдым. Кейіннен өмірімізде тағы бір өзгеріс болды. Мені Австралияда алғаш құрылған филиал комитетінің мүшесі ретінде тағайындады. Ал жаңа филиал құрылысы болғанда, құрылыс комитетінің төрағасы болдым. Тәжірибелі жұмысшылардың жұмыла жұмыс істегендерінің арқасында әдемі филиал соғылды.
Кейін мені бүкіл елдегі уағыздау ісіне қарайтын қызмет бөліміне тағайындады. Ал филиалдарды аралаушы бақылаушы ретінде тағайындалғанымда, өзге филиалдарда қызмет ететін бауырластарға көмек пен жігер беруге мүмкіндігім болды. Әсіресе Ехобаға адалдықтарын сақтағандары үшін түрмеде не концлагерьде отырған бауырластармен араласқаннан зор жігер алатынмын.
ҚАЗІРГІ ҚЫЗМЕТІМІЗ
2001 жылы филиалдарды аралап ұзақ сапар жасап келген соң, мен Бруклиндегі (Нью-Йорк) Құрама Штаттардың жаңадан құрылған филиал комитетінде қызмет етуге шақырылдым. Элси екеуміз шақыруды дұға ете отырып қарастырдық та, қуана-қуана қабыл алдық. Қазір Бруклинде қызмет етіп жатқанымызға 11-ден астам жыл болды.
Ехоба не айтса соны істейтін керемет әйелім болғанына дән ризамын. Элси екеуміз сексеннің сеңгіріне шықсақ та, денсаулығымыз әлі де жаман емес. Біз мәңгілік бойы Ехобаның тәлімін алатын кезді және еркін орындайтын адамдарға дайындап отырған көл-көсір баталарын көретін уақытты асыға күтудеміз.
[19-беттегі сөздер]
Бірде автобуспен жол жүрсем, бірде трамваймен не машинамен жол жүретінмін. Сондай-ақ мотоциклдің артқы жағына отырып, бір қолыма чемодан, біреуіне уағызға арналған сөмкемді ұстап келетін кездерім болған
[21-беттегі сөздер]
Біз мәңгілік бойы Ехобаның тәлімін алатын кезді асыға күтудеміз
[18-беттегі суреттер]
Сол жақта: Австралияда аудандық бақылаушы болған кезім
Оң жақта: Ата-анаммен бірге
[20-беттегі сурет]
Үйленген күніміз 31 желтоқсан, 1957 жыл