53-тарау
Көптен күткен құдіретті Басқарушы
ИСАНЫҢ мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандырғанына халық таңғалып: “Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы!” — десті. Олар Иса туралы Мұсадан жолы үлкен пайғамбар ғана емес, сондай-ақ тамаша басқарушы болған болар еді деген ойда. Сондықтан олар Исаны ұстап алып патша етпекші.
Алайда олардың өзін патша етпек жоспарын біліп қалған Иса, бұны қаламағандықтан, жылдам әрекет жасады: халықты таратты да, шәкірттеріне қайықпен Қапарнаумға оралуды бұйырды. Ал өзі сиыну үшін тауға көтерілді. Сөйтіп сол түнді жалғыз өзі өткізді.
Исаның тұрған жерінен айнала жақсы көрінеді. Ол таң атпай қатты жел соғып, теңіздің долдана толқи бастағанын байқады. Айдың толысуына жақын қалған кез. Құтқарылу мейрамының қарсаңы. Түн сүттей жарық. Иса қайыққа қарсы соққан толқынға қарамастан, алға жылжуға тырмысып жатқан шәкірттерін көрді.
Ол таудан түсіп, толқындардың үстімен қайыққа қарай жүрді. Оларды қуып жеткенінде, қайық бес-алты шақырымдай жерге барып қалған болатын. Алайда ол қастарынан өтіп кеткісі келгендей әрі қарай жүре берді. Оны көрген шәкірттері елес екен деп айқайлап жіберді.
— Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп Иса олардың көңілдерін орнықтырды.
— Мырза, егер Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңыз,— деді сонда Петір.
— Кел,— деді Иса.
Петір дереу қайықтан түсіп, су бетімен Исаға қарай жүрді. Бірақ қатты соққан желді көрген ол зәресі ұшып, суға бата бастады да: “Мырза, мені құтқара көріңіз!” — деп айқай салды.
Иса дереу қолын созып демеп жіберіп: “Әй, сенімі аз неме! Неліктен күдіктендің?” — деді.
Петір мен Иса қайыққа отырғанда, жел басылды. Шәкірттері аң-таң. Бірақ олардың таңғалулары керек пе? Бірер сағат бұрын ғана Иса бар болғаны бес күлше және екі кішкентай балықпен мыңдаған адамды тамақтандырған болатын. Олар “нанмен болған кереметті түсінбеген”, яғни мәнін терең ұқпаған, әйтпесе Исаның судың үстімен жүргені мен желді басқаны оларды соншама таңғалдырмаған болар еді. Олар енді Исаға құрмет білдіріп: “Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз!” — деді.
Көп ұзамай олар Қапарнаумның маңында орналасқан тамаша әрі құнарлы жер Генесәретке келіп тоқтады. Бірақ олардың жағаға шыққаны сол, халық Исаны танып, ауру адамдарды әкелу үшін жан-жаққа тарап кетті. Төсекте жатқан күйінде жеткізілген аурулар оның шапанының шетіне қолдарын тигізіп-ақ сауықты.
Сол аралықта Исаның мыңдаған адамдарды тамақтандырғанын көргендер оның кетіп қалғанын байқады. Олар Тібериядан келген өзге қайықтарға отырып, Исаны іздеп Қапарнаумға қарай жүзді. Исаны тапқан кезде, олар: “Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз?” — деді. Бірақ, кейінірек білетініміздей, Иса оларды айыптайды. Жохан 6:14—25; Матай 14:22—36; Марқа 6:45—56.
▪ Иса мыңдаған адамды керемет түрде тамақтандырғаннан кейін халық Исаға не істемекші болды?
▪ Иса таудың басында болған кезінде нені көрді және не істеді?
▪ Бұған шәкірттері неліктен таңданбаулары керек еді?
▪ Олар жағаға жеткенде қандай жағдай болды?