63-тарау
Кейінгі берілген кеңестер
ИСА шәкірттерімен Қапарнаумдағы үйде әңгімелесіп отыр. Олар қайсысының жолы үлкен деген айтыс туралы ғана емес, тағы бір оқиға жайында әңгіме қозғады. Бұл оқиға Қапарнаумға келе жатқан жолда, олардың араларында Иса болмаған кезде, болған болса керек. Елші Жохан мұны Исаға былай деп мәлімдеді: “Сіздің атыңыздан адамдардың жындарын қуып шығарып жатқан біреуді көрдік. Оған тыйым салдық. Ол бізге еріп жүрген жоқ қой”.
Жоханның қөзқарасы бойынша, елшілер — сауықтыру құқығы берілген ерекше топ. Оның ойынша, бұлардың тобына кірмейтін болғандықтан, әлгі адам керемет жасамауға тиіс.
Алайда Иса оларға былай деп кеңес берді: “Оған тыйым салмаңдар! Менің атымнан керемет істеген біреу жуыр маңда Мені қаралап, жамандай қоймас. Бізге қарсы болмағанның бізге жақтас болғаны. Сендерге шындығын айтайын: Кім сендерге Мәсіхтің жолымен жүргендерің үшін ең болмағанда бір тостаған су берсе, ол алатын сыйынан құр алақан қалмайды”.
Әлгі адамға Исаның жолын қуу үшін, оның соңынан міндетті түрде еріп жүруі қажет емес еді. Мәсіхшілер қауымының негізі ол кезде әлі қаланбағандықтан, әлгі адамның елшілермен бір топта болмауы ол басқа бір қауымның мүшесі дегенді білдірмейтін. Ол Исаның есіміне шын мәнінде сенетін, сол себепті де жындарды қуып шығара алды. Оның істері Исаның: “Сыйдан құр алақан қалмайды”,— деп айтқан істеріне жататын. Осылайша, Иса әлгі адамның “сыйдан құр алақан қалмайтынын” көрсетті.
Ал егер елшілердің сөздері мен әрекеттері әлгі адамның Исаның ізбасары болуына кедергі болған болса ше? Бұл тіпті жаман болған болар еді! Иса былай деп ескерді: “Кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін теріс жолға түсірсе, ол үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңізге лақтырылғаны жақсырақ болар еді-ау!”
Иса біреуге кедергі жасайтын нәрселердің бәрін, тіпті бұл нәрселер оларға тура мағынадағы қол, аяқ, не көздері сияқты қымбат болса да, шәкірттерін өз өмірлерінен аластатуға шақырды. Бұларды сақтап қалып геенаға (Иерусалимнің жанындағы жанып жатқан қоқысқа) тасталғаннан гөрі, қандай да бір қымбат нәрседен бас тартып, Құдай Патшалығына кірген артық.
Сондай-ақ Иса былай деп ескертті: “Сақ болыңдар, осы кішкенелердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер! Сендерге айтамын, олардың періштелері көктегі Әкемнің келбетін әрдайым көріп тұрады”. Сосын ол бұл “кішкенелердің” қаншалықты қымбат екендігін көрнекі мысалдың көмегімен түсіндірді. Ол жүз қойы бар адамның біреуін жоғалтқаны туралы айтып берді. Исаның айтуынша, әлгі адам бір қойын іздеу үшін тоқсан тоғыз қойын қалдырып кетеді. Жоғалып-табылған бір қойға иесі қалған тоқсан тоғызынан да артық қуанады. “Дәл сол сияқты,— деп тұжырымдады Иса,— көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды!”
Елшілердің арасында болған айтысқа қатысты айтылса керек, Иса былай деді: “Жан дүниелеріңде тазартатын “тұз” болсын! Осылай өзара тату-тәтті өмір сүріңдер!” Тамаққа тұз қосса, дәмдірек болады. Ал бейнелі мағынадағы тұздың арқасында өзгелердің сөзін қабылдау оңай. Мұндай тұз татулықты сақтауға көмектеседі.
Бірақ адам баласы кемелсіз болғандықтан, кейде үлкен келіспеушіліктер болып тұрады. Иса мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін де түсіндірді: “Егер бауырласың саған қарсы күнә жасаса, оған барып, істегені туралы оңаша сөйлесіп, әшкереле! Егерде айтқаныңа құлақ асса, бауырласыңды қайтадан тапқаның”. Ал тыңдамаса ше? Иса былай деп кеңес берді: “Қасыңа бір-екі кісі ертіп алып, оған тағы бар. Әрбір сөз екі не үш куәгердің айтқандарымен дәлелденуі керек”.
Оның айтуынша, тіпті болмай бара жатқан жағдайда істі “қауымға”, яғни заңды шешім шығара алатын жиналыстағы жауапкершілік жүктелген бақылаушыларға тапсыру керек. Ал егер күнәкар шығарылған шешімге сай әрекет жасамайтын болса, оған “басқа ұлт адамына не салық жинайтын күнәкарға қарағандай қара” деді Иса.
Мұндай шешім қабылдағанда, бақылаушылар Ехобаның Сөзінде жазылған нұсқауларды қатаң ұстанулары керек. Сонда олар әлдекімді айыптап, жазаға лайықты деп шешсе, яғни ‘тыйым салса’, оны ‘көктегі Әке бекіткені’. Олардың әлдекімді кінәсы жоқ деп тапқаны да, яғни “рұқсат еткендері де”, оны ‘көктегі Әкенің бекіткені’ болады. Заңды мәселелерді қарастыруға қатысты Иса: “Екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын”,— деді. Матай 18:6—20; Марқа 9:38—50; Лұқа 9:49, 50.
▪ Неліктен Исаның күндерінде оған еріп жүрудің қажеті болмады?
▪ “Кішкенелерге” кедергі болмау қаншалықты маңызды және “кішкенелердің” аса құнды екенін Иса көрнекі түрде қалай көрсетті?
▪ Исаның елшілеріне жан дүниелеріңде тұз болсын деп кеңес беруіне не түрткі болуы мүмкін?
▪ “Тыйым салу” мен “рұқсат ету” деген тіркестер нені білдіреді?