Жариялауымыз керек хабар
“Сендер менің куәгерімсіңдер,.. Мен — Құдаймын”,— дей отырып, Ехоба бізге маңызды жауапкершілік артып, әрі зор мәртебе көрсетіп отыр (Иш. 43:12, ЖД). Біз жай ғана Құдайға сенушілер емеспіз. Біз рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі маңызды шындықтарды қорғап, көрген-білгендерімізді айтатын куәгерлерміз. Ехоба бүгінде бізге қандай хабарды жариялауды тапсырып отыр? Бұл — Ехоба Құдайға, Иса Мәсіх пен Мәсіхтің Патшалығына баса назар аударатын хабар.
“ҚҰДАЙДАН ҚОРҚЫП, ОНЫҢ ӨСИЕТТЕРІН ОРЫНДА”
МӘСІХШІЛЕР дәуірінен ұзақ уақыт бұрын Ехоба адал қызметшісі Ыбырайымға өз ниетіне сәйкес, ‘жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батасы қонатынын’ айтқан (Жар. 22:18). Ол сондай-ақ Сүлейменге әрбір адамға қатысы бар “Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені адамға керектінің барлығы осында” деген ең маңызды талапты жаздырған (Еккл. 12:13). Бірақ барлық ұлт адамдары бұл туралы қалай біледі?
Құдайдың сөзіне сенген адамдар барлық уақытта да болған. Десе де, Киелі кітап дүние жүзі бойынша барлық халыққа белсенді түрде куәлік ету ісі ‘Иеміздің күнінде’ жүргізілетінін көрсетеді. Бұл күн 1914 жылы басталды (Аян 1:10). Аян 14:6, 7-де осы кезеңде періштелердің басшылығымен “әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа” маңызды хабардың жарияланатыны алдын ала айтылған. Ол хабарда мынадай шақыру бар: “Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етіңдер!” Бұл хабар Құдайдың еркі бойынша жариялануда. Біз осы іске қатысу мәртебесіне иеміз.
“Шынайы Құдай”. Ехоба “Сендер менің куәгерімсіңдер” деген сөздерді кімнің шынайы Құдай екеніне қатысты дау көтерілгендіктен айтқан (Иш. 43:10, ЖД). Жариялануы керек хабар қандай да бір сенімді қабыл алу не жалпы құдайдың бар екеніне сену керек деген шақыру ғана емес. Адамдарға көк пен жердің Жаратушысы — жалғыз шынайы Құдай екенін білуге мүмкіндік берілу керек (Иш. 45:5, 18, 21, 22; Жох. 17:3). Тек шынайы Құдай ғана келешекті тура айта алады. Біздің мақсатымыз — Ехобаның сөздерінің бұрынғы уақытта орындалғаны оның келешекке қатысты уәделерінің де жүзеге асатынына сенімді болуға негіз беретінін адамдарға көрсету (Еш. 23:14; Иш. 55:10, 11).
Уағыздағанда адамдардың көпшілігі өзге құдайларға табынамыз не ешкімге, еш нәрсеге сенбейміз деп айтады. Бізге құлақ салулары үшін әңгімемізді оларды да, өзімізді де қызықтыратын тақырыптан бастағанымыз жөн. Бұл жерде Елшілердің істері 17:22—31 дейінгі тармақтарда жазылған оқиға біз үшін жақсы үлгі болып табылады. Пауыл ілтипат танытып сөйлегенімен, әрбір адамның көк пен жерді Жаратушы Құдайдың алдында жауапты екенін ашық та айқын көрсеткеніне назар аударшы.
Құдайдың есімін паш етеміз. Шынайы Құдайдың есімі туралы айтудың мүмкіндігін ешқашан қалт жіберме. Ехоба өз есімін жақсы көреді (Мыс. ш. 3:15, сілтемені қара; Иш. 42:8). Ол адамдардың осы есімді білгенін қалайды. Оның еркі бойынша, ұлы есімі Киелі кітапта жеті мыңнан астам рет жазылған. Онымен адамдарды таныстыру біздің міндетіміз (Заң. қ. 4:35).
Адамдардың болашағы Ехобаны танып-білулері мен оны сеніммен шақырғандарына байланысты (Жоел 2:32; Мал. 3:16; Сал. 2-х. 1:8). Бірақ олардың көбісі Ехобаны білмейді. Олардың қатарында Киелі кітапта айтылған Құдайға ғибадат етеміз деушілер де бар. Құдайдың есімін тіпті қолында бар Киелі кітаптарын оқып жүргендер де білмейді. Өйткені оның есімі Киелі кітаптың қазіргі аудармаларының көпшілігінде алынып тасталған. Ал кейбіреулері болса Құдайдың есімін діни жетекшілері Ехоба деген есімді қолданбаңдар дегенде ғана естіген.
Адамдарды Құдайдың есімімен қалай таныстыра аламыз? Оны Киелі кітаптан, мүмкін болса өздерінің кітабынан, көрсеткеннен артығы жоқ. Киелі кітаптың кейбір аудармаларында бұл есім бірнеше мың рет кездеседі. Өзгелерінде Забур 82:19, Мысырдан шығу 6:3—6 дейінгі тармақтарда, Мысырдан шығу 3:14; 15 яки 6:3-тің сілтемелерінде кездесуі мүмкін. Түпнұсқада Құдайдың есімі тұрған жерлердегі “Тәңір”, “Құдай” деген сөздер өзге қаріппен жазылған аудармалар да бар. Кейде Киелі кітаптың қазіргі аудармаларында Құдайдың есімі тіпті кездеспейді, сондықтан неге бұлай екенін көрсету үшін ертеректегі аударманы қолдану керек болады. Кей елдерде Құдайдың есімін діни әндерден не ғимараттардағы жазулардан кездестіруге болады.
Өзге құдайларға табынатындарға “Жаңа дүние аудармасынан” Еремия 10:10—13 дейінгі тармақтарды көрсеткен жақсы. Ол жерде Құдайдың есімі ғана кездеспейді, оның кім екені де жақсы түсіндіріледі.
Ехоба деген есімді мәсіхшілер әлемі сияқты “Құдай” және “Тәңір” деген сөздермен алмастырып, жасырып қалма. Бұл, әрине, адаммен сөйлесе бастағанда дереу Құдайдың есімін айту керек дегенді білдірмейді. Теріс ұғымның салдарынан кейбіреулер әрі қарай тыңдамай қоюы мүмкін. Ал әңгіме басталып кеткен соң, Құдайдың есімін қолдануға қысылма.
Көңіл қоюға тұрарлық жайт, Киелі кітапта Құдайдың есімі “Тәңір”, “Құдай” деген сөздерге қарағанда көбірек кездеседі. Сөйтсе де, Киелі кітап жазушылары бұл есімді әрбір сөйлемде қолдануға ұмтылмаған. Олар оны кәдімгідей, еркін және құрметпен қолданған. Бұл — бізге жақсы үлгі.
Осы есімнің Иесі қандай? Құдайдың есімі бар екендігінің өзі өте маңызды шындық, бірақ бұл — бастамасы ғана.
Ехобаны жақсы көріп, сеніммен шақыру үшін, оның қандай Құдай екенін білу қажет. Синай тауында Құдай Мұсаға өз есімін ашқанда, жай “Ехоба” деп қоя салған жоқ. Ол өзінің кейбір ғажайып қасиеттеріне назар аударған (Мыс. ш. 34:6, 7). Біз де осылай етуіміз керек.
Шындыққа жақында қызығушылық білдіре бастаған адамға куәлік етсең де, қауым алдына шығып сөйлесең де, Патшалықтың әкелетін баталары туралы айтқанда, осы уәделерді беріп жатқан Құдайдың қандай екенін көрсет. Ехобаның өсиеттерін талқылап жатсаң, олардың негізінде жатқан даналық пен сүйіспеншілікке ерекше назар аудар. Құдайдың талаптары ауыр еместігін, қайта, біздің игілігіміз үшін берілгенін айқын көрсет (Иш. 48:17, 18; Миха 6:8). Ехобаның күшін көрсететін әрбір ісінен оның қасиеттері, нормалары мен ой-ниеттері байқалатынын көрсет. Ехоба өз қасиеттерін көрсеткенде байқалатын байсалдылыққа назар аудар. Адамдар Ехобаға деген сезіміңнің қандай екенін білсін. Сенің Ехобаға деген сүйіспеншілігің басқаларға да сондай сезім дамытуға көмектесе алады.
Біздің күндерімізде айтылып жатқан шұғыл хабар адамдарды Құдайдан қорқуға шақырады. Сондықтан айтқан сөздеріміз оларға Құдайдан қорқуды үйренулеріне көмектесу керек. Бұл қорқыныш — пайдалы да жағымды қорқыныш, Ехобаны терең қастерлеу сезімі (Заб. 88:8). Құдайдан қорқу Ехобаның жоғары Төреші екенін және келешегіміз оған ұнамды болған-болмағанымызға байланысты екенін түсінуді білдіреді (Лұқа 12:5; Рим. 14:12). Сондықтан мұндай қорқыныш Құдайға деген терең сүйіспеншілікпен, демек, оған ұнамды болуды жан-тәнімізбен қалаумен тығыз байланысты (Заң. қ. 10:12, 13). Құдайдан қорқу жамандық атаулыны жек көруге, оның өсиеттеріне мойынсұнып, шын жүректен ғибадат етуге талпындырады (Заң. қ. 5:29; Шеж. 1-ж. 28:9; Нақ. с. 8:13). Ол бізді осы дүниедегі нәрселерді сүюді Құдайға қызмет етумен қабаттастырмауға көмектеседі (Жох. 1-х. 2:15—17).
Құдайдың есімі — “мықты мұнара”. Ехобаны жақсы білетіндер — зор қорғанышқа ие. Бірақ олар бұған Құдайдың есімін білгені не қасиеттерін атап бере алатындығы үшін ие емес. Олар Ехобаға арқа сүйейді. Нақыл сөздер 18:10-да дәл осындай адамдар жайлы айтылған: “Жаратқан Иенің [“Ехобаның”, ЖД] есімі — мықты мұнара, бас сауғалар әділге қауіпсіз пана”.
Адамдарды Ехобаға арқа сүйеуге шақырудың мүмкіндігін ешқашан қалт жіберме (Заб. 36:3; Нақ. с. 3:5, 6). Ехобаға арқа сүйеу арқылы адам оған және оның уәделеріне сенетінін көрсетеді (Ев. 11:6). Құдай Сөзі егер адамдар Оның Әлемнің Әміршісі екендігін мойындап, жолдарын сүйіп және тек соның құтқаратынына сөзсіз сеніп, ‘Ехобаның есімін шақырса’ аман қалатындарына сендіреді (Рим. 10:13, 14, ЖД). Өзгелерге тәлім бергенде, өмірлерінің барлық саласында дәл осындай сенім дамытуларына көмектес.
Көп адамдар небір ауыр қиыншылықтарға кезігіп жатады. Олар жиі өздерін тығырыққа тірелгендей сезінер. Оларды Ехобаның жолдарын танып білуге, оған сенім артып, үйренгендерін өмірде қолдануға талпындыр (Заб. 24:5). Сонымен қатар Құдайдан шын жүректен көмек сұрауға және алып жатқан баталары үшін алғыс айтуға шақыр (Філіп. 4:6, 7). Олар Ехобамен Киелі кітапты оқу арқылы танысып қоймай, уәделерінің өз өмірлерінде орындалып жатқанын көрсе, Ехоба деген есімнің нағыз мағынасын түсінгенде пайда болатын тыныштық пен қауіпсіздікті сезінетін болады (Заб. 33:9; Ер. 17:7, 8).
Осылайша, адамдарға шынайы Құдай Ехобадан қорқу мен өсиеттерін ұстанудың қаншалықты даналық екенін түсінулеріне көмектесу үшін әрбір мүмкіндікті пайдалан.
‘ИСА ТУРАЛЫ КУӘЛІК ЕТЕМІЗ’
ҚАЙТА тірілгеннен кейін, көкке ораларының алдында Иса шәкірттеріне нұсқау беріп: “Сендер... жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар”,— деген болатын (Ел. іс. 1:8). Біздің күндеріміздегі Құдайдың адал қызметшілерінің ‘Иса туралы куәлік ететіні’ жайлы айтылған (Аян 12:17, ЖД). Сен куәлік етуде қаншалықты ынта-жігер көрсетудесің?
Исаға сенеміз деп шын көңілден айтатын адамдардың көпшілігі оның жер бетіне келгенге дейінгі өмірі жайлы ештеңе білмейді. Олар Исаның жер бетінде кәдімгі адам болғанын да біле бермейді. Оның Құдайдың Ұлы болғандығының мағынасын түсінбейді және Құдайдың ниетін жүзеге асырудағы рөлі туралы азын-аулақ қана хабарлары бар. Олар Исаның қазір не істеп жатқанын, сондай-ақ оның келешекте істейтіндері өмірлеріне қалай әсер ететінін білмейді. Кейбіреулері тіпті Ехоба Куәгерлері Исаға сенбейді деген жаңсақ ойда. Ал біздің мақсатымыз — адамдарға осы мәселелер жайлы шындықты айтып түсіндіру.
Киелі кітапта сипатталған Исаның шын мәнісінде өмір сүргеніне сенбейтіндер де бар. Ал өзгелері болса оны жай ғана ұлы адамдардың бірі деп есептейді. Көп адамдар оның Құдай Ұлы екенін жоққа шығарады. Осындайларға ‘Иса туралы куәлік ету’ көп күш салуды, шыдамдылық пен ілтипаттылықты талап етеді.
Сөйлесіп жатқан адамың қандай көзқарасты ұстанбасын, Құдай беретін мәңгілік өмірге ие болу үшін, ол Иса Мәсіхті танып білу керек (Жох. 17:3). Құдайдың еркі ап-анық айтылған: оның еркі бойынша, барлық адам “Иса Мәсіхті... Ие деп ашық мойындап”, оның билігіне мойынсұнуға тиіс (Філіп. 2:9—11). Олай болса, қате көзқарасты берік ұстанатын не теріс ұғым қалыптасып қалған адамдарды кездестіргенде, Иса Мәсіх жайлы сұрақтарды жылы жауып қоя салмаймыз. Кей жағдайларда Иса Мәсіх туралы адаммен бірінші рет жолыққанда-ақ ашық сөйлесе алсақ, кейде адамды дұрыс көзқарасқа абайлап, байқап түсіндіре отырып алып келуге болады. Келесі жолдары бұл сұрақтың басқа да қырларын қалай талқылауды ойластырып та алған жөн. Бірақ Киелі кітапты зерттеу сабағын бастамайынша, бәрін толығымен талқылап шығу мүмкін емес (Тім. 1-х. 2:3—7).
Құдайдың ниетіндегі Исаның маңызды рөлі. Иса “жол” болғандықтан, сондай-ақ онсыз ‘ешкім де Әкеге бара алмайтындықтан’, Иса Мәсіхке сенбей, Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болу мүмкін еместігін адамдардың түсінулеріне көмектесуіміз керек (Жох. 14:6). Ехоба тұңғыш Ұлына қандай маңызды рөлді бергенін түсінбейінше, адамға Киелі кітапты түсіну мүмкін емес. Неге? Өйткені Ехоба Исаны өзінің ниеттерін жүзеге асыруда қолданатын ең басты Тұлға еткен (Қол. 1:17—20). Барлық пайғамбарлықтың мән-мағынасы осыған келіп тіреледі (Аян 19:10, ЖД). Шайтанның бүлігі мен Адамның күнәсінің кесірінен пайда болған адамзат қиыншылықтарының барлығын жоятын да осы Иса Мәсіх (Ев. 2:5—9, 14, 15).
Исаның рөлін түсіну үшін, адам адамзаттың бейшара халде екенін және мұны өздері өзгерте алмайтынын түсіну керек. Бәріміз де дүниеге күнәкар болып келеміз. Күнә өмір бойы адамға әрқалай кесірін тигізіп келеді де, ерте ме, кеш пе, бәрін де өлімге жеткізеді (Рим. 3:23; 5:12). Куәлік беріп тұрған адамдармен бірге осы жөнінде ой жүгірт. Кейін Ехоба сүйіспеншілікпен төлем құрбандығының арқасында Исаға сенгендердің бәріне күнә мен өлімнен құтылуға мүмкіндік бергенін көрсет (Мар. 10:45; Ев. 2:9). Осының арқасында адамдар кемелділік пен мәңгілік өмірге ие бола алады (Жох. 3:16, 36). Бұған қол жеткізудің бұдан басқа жолы жоқ (Ел. іс. 4:12). Қауымда не әлдебіреуді оқытып жатқанда, осы жайттарды құр айтып қана қоймастан, мейіріммен және шыдамдылықпен Мәсіхтің Құтқарушы ретінде жасаған істері үшін адамдардың терең ризашылықтарын арттыруға тырыс. Ал ризашылық адамның көзқарасына, жүріс-тұрысы мен өмірдегі мақсаттарына қатты әсер ете алады (Қор. 2-х. 5:14, 15).
Әрине, Иса өз өмірін бір-ақ рет құрбан еткен (Ев. 9:28). Алайда ол қазір Бас діни қызметкер ретінде белсенді қызмет атқаруда. Мұның нені білдіретінін өзгелердің түсінуіне көмектес. Бәлкім, олар жан күйзелісіне түсіп, көңілдері қалып, қайғырып не айналадағылардың қатыгездігінен қиналып жүрген шығар. Иса жерде болған кезінде мұның бәрін басынан кешкен, сондықтан біздің сезімімізді жақсы түсінеді. Кемелсіздігімізді көріп, Құдайдың рақымына мұқтаж екенімізді сеземіз бе? Егер Исаның құрбандығын негіз етіп Құдайдан кешірім сұрап дұға етсек, Иса “Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз” ретінде әрекет етеді, әрі жаны ашып, ‘бізді қолдайды’ (Жох. 1-х. 2:1, 2; Рим. 8:34). Исаның құрбандығының және Бас діни қызметкер ретіндегі қызметінің арқасында Ехобаның “тағына еш қысылмастан жақындап”, дер кезінде көмек ала аламыз (Ев. 4:15, 16). Исаның Бас діни қызметкер ретіндегі көмегі кемелсіз болғанымызға қарамастан, таза ар-ұжданмен Құдайға қызмет етуге мүмкіндік береді (Ев. 9:13, 14).
Бұдан басқа, Иса Құдай тағайындаған мәсіхшілер қауымының Басы ретінде зор билікке ие (Мат. 28:18; Ефес. 1:22, 23). Сондықтан ол қауымға Құдайдың еркіне сай басшылық беріп отырады. Өзгелерге тәлім бергенде, қауым Басы қандай да бір адам емес, Иса Мәсіх екенін түсінуге көмектес (Мат. 23:10). Қызығушылық білдіргендерді ең алғаш жолықтырғанда-ақ “адал да ақылды құл” дайындаған әдебиеттердің көмегімен Киелі кітапты зерттейтін қауым кездесулеріне шақыр. Исаның қалай басшылық ететінін көрулері үшін, оларға ‘құлды’ ғана емес, оның Қожайыны кім екенін де түсіндір (Мат. 24:45—47, ЖД). Ақсақалдармен таныстырып, олардың Киелі кітаптың қандай талаптарына сай келу керектігін түсіндір (Тім. 1-х. 3:1—7; Тит. 1:5—9). Қауым ақсақалдардың “меншігі” еместігіне, қайта, олар бізге Иса Мәсіхтің ізімен жүруге көмектесетініне ерекше назар аудар (Ел. іс. 20:28; Ефес. 4:16; Пет. 1-х. 5:2, 3). Қызығушылық білдіргендерге біздің қоғамның Мәсіхтің басшылығымен әрекет ететін, ұйымдасқан, дүниежүзілік қоғам екенін түсінулеріне көмектес.
Інжілден өлімінен аз уақыт бұрын Иерусалимге келген Исаны шәкірттері “Жаратқан Иенің атынан келе жатқан Патша” деп атағанын білеміз (Лұқа 19:38). Киелі кітапты тереңірек зерттеген сайын көптеген адамдар Ехобаның Исаға билікті бергенін және бұл биліктің барлық халықтарға әсері бар екенін біледі (Дан. 7:13, 14). Кездесулерде көпшілік алдына шығып сөйлегенде немесе Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізгенде, адамдарға Исаның билігі біз үшін нені білдіру керектігін түсінулеріне және оған ризашылық білдірулеріне көмектес.
Біздің өмір-салтымыз Исаның расында да Патша екеніне сенетінімізді және оның басшылығына шын жүректен мойынсұнатынымызды көрсететініне айрықша назар аудар. Патша болып тағайындалған соң Иса шәкірттеріне қандай тапсырма бергеніне көңіл бұр (Мат. 24:14; 28:18—20). “Керемет ақылды Кеңесші” Исаның өмірде бірінші орында не тұру керектігі жайлы не айтқанын көрсет (Иш. 9:6, 7; Мат. 6:19—34). Тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әміршінің айтуы бойынша, ізбасарлары қандай рух танытулары керектігіне назар аудар (Мат. 20:25—27; Жох. 13:35). Өзгелер істеулері керек нәрсені істеп жүр ме, жоқ па деп соттаудан абай бол. Қайта, оларды іс-әрекеттері Патша Иса Мәсіхке мойынсұнатынын көрсете ме, соны тексеруге талпындыр. Алайда бұл айтылғандардың өзіңе де қатысы бар екенін ұмытпа.
Иса Мәсіх — “негіз”. Киелі кітап шәкірттер дайындау ісін Иса Мәсіх негізі болып табылатын үйді соғумен салыстырады (Қор. 1-х. 3:10—15). Осы құрылыста нәтижелі болу үшін адамдарға Исаны Киелі кітап қалай сипаттаса, дәл сондай тұлға ретінде танып білуге көмектес. Абайла, олар сенен үлгі-өнеге алу керек деген түсінікте болып қалмасын (Қор. 1-х. 3:4—7). Назарларын Иса Мәсіхке аудар.
Егер негіз дұрыс қаланса, Киелі кітапты зерттеп жүргендер “ізімен жүруіміз” үшін Исаның бізге үлгі қалдырғанын түсінеді (Пет. 1-х. 2:21). Сондықтан оларды Інжілді тарихта болған оқиғалар деп қана емес, өмірде ұстану керек үлгі ретінде қабылдауға талпындыр. Исаның ой-қалпы қандай болғандығы мен қандай қасиеттерге ие болғанын байқауларына көмектес. Оларды Исаның Әкесіне қалай қарағанына, азғырулар мен сынақтарға қалай төтеп бергеніне, Құдайға қалай мойынсұнғаны мен әр түрлі жағдайларда адамдармен қалай қарым-қатынас жасағанына назар аударуға талпындыр. Исаның өмірі қандай іске толы болғанына көңіл бұр. Сонда Киелі кітапты зерттеп жүргендер шешім қабылдарда не сынақтарға кезіккенде, өздерінен: “Осындай жағдайда Иса қалай әрекет етер еді? Іс-әрекеттерім оның маған жасағандарына деген терең ризашылығымды көрсете ме?”— деп сұрайтын болады.
Қауымның алдына шығып сөйлегенде, бауырластар Исаға онсыз да сенеді, оған ерекше назар аударып жатудың қажеті жоқ деп ойлама. Егер айтқандарыңды олардың осы сеніміне негіздесең, әлдеқайда мәнді-мағыналы болады. Қауым кездесулері жайлы айтқанда, мұны Исаның қауым Басы екендігімен байланыстырып өт. Уағыздау қызметі туралы айтқанда, бұл істе Исаның қандай рух танытқанына назар аудар. Қызметіміз жайлы айтқанда, Оның Патша ретінде адамдардың аман қалып, жаңа дүниеде өмір сүрулері үшін оларды жинап жатқандығын ескер.
Иса туралы негізгі ілімдерді біліп қою жеткіліксіз екені айдан-анық. Нағыз мәсіхші болу үшін Исаға сеніп, оны шын жүректен сүю керек. Ал мұндай сүйіспеншілік адал әрі мойынсұнғыш болуға талпындырады (Жох. 14:15, 21). Сонда қиыншылықта сенімімізде берік тұрып, өмір бойы Исаның ізінен таймай жүретін боламыз, әрі ‘тамыр жайып, негізделген’ толысқан мәсіхшілер екенімізді дәлелдей аламыз (Ефес. 3:18). Мұндай әрекеттер Иса Мәсіхтің Әкесі — Ехоба Құдайға даңқ әкеледі.
“ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ОСЫ ІЗГІ ХАБАР”
ӨЗІНІҢ Патшалық тағына келіп отырғандығы мен заманның ақыры туралы белгінің ұсақ-түйегіне дейін айта отырып, Иса: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деп алдын ала айтқан (Мат. 24:14).
Нақты айтқанда, қандай хабар соншалықты кең таралмақ? Бұл Исаның: “Патшалығың осында орнасын!”— деп үйреткен дұғасындағы Патшалық туралы хабар (Мат. 6:10). Аян 11:15-те бұл патшалық “Жаратқан Иеміздікі [Ехобанікі] және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі” деп айтылған, әрі бұл орынды да, өйткені басқару билігін беруші Ехоба және ол Мәсіхті Патша етіп тағайындаған. Бірақ, көңіл қоятын жайт, Исаның біздің күндерімізде жарияланады деген хабары бірінші ғасырдағы ізбасарларының таратқан хабарынан көбірек нәрсені қамтиды. Олар бірінші ғасырда: “Құдай патшалығы таяп қалды!”— деп жариялаған (Лұқа 10:9, ЖД). Сол кезде Патша ретінде майланған Иса олардың арасында еді. Бірақ Матай 24:14-ке сай, Иса Құдайдың ниеті жүзеге асу үшін орындалуы керек өзге бір маңызды оқиға жайлы алдын ала айтқан.
Даниял пайғамбарға осы оқиғамен байланысы бар аян берілген болатын. Ол “Ежелгі күннен бар болушыдан”, яғни Ехоба Құдайдан, ‘барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін, билік, даңқ пен патшалықты’ алып жатқан “адам ұлы тәріздіні”, Иса Мәсіхті, көреді (Дан. 7:13, 14). Бұл бүкіл әлем үшін маңызы зор оқиға 1914 жылы көкте орын алды. Бұдан кейін Шайтан мен оның жын-перілері көктен қуылды (Аян 12:7—10). Осы зұлым дүниенің соңғы күндері басталды. Әзірге ол толық жойылғанша, бүкіл жер бетінде Ехобаның тағайындаған Патшасы көктегі тағында отырып басқарып жатқандығы туралы хабар жердің түкпір-түкпіріндегі барлық адамдарға жариялануда. Адамдардың мұны қалай қабылдайтыны “адамзат патшалығының” Билеушісі ретінде Ең жоғарғы Құдайға деген көзқарастарын көрсетеді (Дан. 4:32).
Бізді алда бұдан да зор оқиғалар күтіп тұрғаны рас. Біз әлі де: “Патшалығың осында орнасын!”— деп дұға етеміз. Бірақ бұл Құдай Патшалығы әлі орнаған жоқ дегенді білдірмейді. Бұл сөздер Даниял 2:44 пен Аян 21:2—4 дейінгі тармақтардағы пайғамбарлықтарды орындау үшін көктегі Патшалықтың белсенді түрде әрекет ететінін білдіреді. Патшалық жер жүзін Құдай мен маңайындағыларын сүйетін адамдар өмір сүретін жұмаққа айналдырады. “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабарды” уағыздағанда, осы болашақта болатын оқиғалар жайлы айтамыз. Сонымен қатар Ехобаның өз Ұлына билікті беріп қойғандығы туралы да сеніммен айтамыз. Патшалық туралы куәлік еткенде, адамдардың назарын осы ізгі хабарға бұрасың ба?
Патшалықтың не екенін түсіндір. Құдай Патшалығы туралы жариялау тапсырмасын қалай атқара аламыз? Адамдардың қызығушылығын ояту үшін сөзімізді қалай бастасақ та, тез арада-ақ олар Құдай Патшалығы туралы хабарды айтып жатқанымызды түсінулері керек.
Бұл істің маңызды бөлігінің бірі — Патшалық туралы Киелі кітаптағы тармақтарды оқып не айтып беру. Патшалық туралы айтқанда, оның не екенін адамдардың ұққанына көз жеткіз. Көбінесе Құдай Патшалығының үкімет екенін айтып қоя салу жеткіліксіз болады. Кейбіреулерге көзге көрінбейтін үкіметті елестету қиын. Олармен бірге ой жүгіртудің түрлі жолдары бар. Мысалы, Әлемдегі тартылыс көзге көрінбейді, бірақ оның өмірімізге тигізетін әсері зор екенін жоққа шығару мүмкін емес. Бүкіләлемдік тартылыс заңдарын жасаған Тұлғаны да көре алмаймыз, бірақ оның құдіретті күшке ие екендігінде шек жоқ. Киелі кітапта оны “Мәңгілік Патша” деп атаған (Тім. 1-х. 1:17). Басқа да мысал келтіруге болады: ірі мемлекеттерде көп адамдар өз елінің астанасына барған да, мемлекет басшысымен жүзбе-жүз кездескен де емес. Үкімет басында не болып жатқанын олар тек жаңалықтардан біледі. Сол сияқты 2 200 тілде жарық көрген Киелі кітапта Құдай Патшалығы туралы айтылады. Одан билік жүргізу құқы кімге берілгенін және Патшалық қазір қандай істер атқарып жатқанын білеміз. Үздіксіз шығып тұратын өзге басылымдармен салыстырғанда, “Күзет мұнарасы” көп тілде шығады. Мұқабасында көрсетілгендей, оның мақсаты — “Ехобаның Патшалығын жариялау”.
Құдай Патшалығының не екенін түсінуге көмектесу үшін адамдардың әдетте үкіметтен не күтетінін айта кетуге болады. Олар үкіметтің экономикалық тұрақтылықпен, ұлтаралық теңдікпен қамтамасыз етіп, білім бергенін, сондай-ақ тыныштық орнатып, қылмыскерліктен қорғап, медициналық жәрдем көрсеткенін қалайды. Осыларды және адамзаттың өзге де орынды қалауларын Құдай Патшалығы ғана толық орындайтынын көрсет (Заб. 144:16).
Адамдарда Иса Мәсіх Патша ретінде басқаратын Патшалықтың азаматтары болуға деген ықылас оятуға тырыс. Оның жасаған кереметтері болашақта Патша болғанда не істейтінін алдын ала көрнекі түрде көрсеткенін түсіндір. Оның керемет қасиеттері туралы жиі айт (Мат. 8:2, 3; 11:28—30). Біз үшін өмірін қиғандығын және кейін Құдай оны тірілтіп, көкте мәңгі өлмес өмір сыйлағанын түсіндір. Енді ол дәл сол көктен Патша ретінде билік етуде (Ел. іс. 2:29—35).
Құдай Патшалығының қазір көктен басқарып жатқанына айрықша назар аудар. Бірақ адамдардың басым көпшілігі қазіргі жер бетіндегі жағдайлар Құдай Патшалығының басқарып тұрғанын көрсетпейді деп ойлайтынын естен шығарма. Көп адамдардың осылай ойлайтынымен келісіп, олардан Иса Мәсіх өзінің басқарып жатқанын дәлелдейтін белгінің қандай құрамдас бөліктерін айтқанын біле ме екен, соны сұрап көр. Сөйтіп, Матай 24-тарау, Марқа 13-тарау немесе Лұқа 21-тарауларында айтылып кеткен белгінің кейбір құрамдас бөліктерін атап өт. Сонан соң Мәсіхтің таққа отыруы неге жер бетінде осындай жағдайлардың болуына әкеп соққанын сұрап көріп, Аян 12:7—10, 12-ге назарын аудар.
Құдай Патшалығының көзге көрінетін ісінің дәлелі ретінде Матай 24:14-ті оқып, дүние жүзінде жүргізіліп жатқан Киелі кітаптан білім алу бағдарламасы туралы айтып бер (Иш. 54:13). Ехоба Куәгерлері тәлім алатын әр түрлі мектеп жайлы, ондағы тәлім беру бағдарламасы Киелі кітапқа негізделгенін әрі ақысыз оқытылатынын айт. Үйден үйге уағыздап қана қоймай, жеке адамдарға және отбасыларына үй жағдайында тегін Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынатынымызды және бұл істің 230-дан астам елде жүргізіліп жатқанын түсіндір. Қандай адамзат үкіметі өз азаматтарына — оларға ғана емес, дүние жүзіндегі барлық адамдарға — осындай білім беру бағдарламасын ұсына алады?! Бұл білім адамдардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын өз көздерімен көру үшін, адамдарды Патшалық Сарайына және конгрестерге шақыр (Иш. 2:2—4; 32:1, 17; Жох. 13:35).
Бірақ үй иесі бұлардың бәрінің тікелей өзіне қандай қатысы бар екенін түсіне ме? Сенің келген мақсатың — адамдарға сол Құдай Патшалығының азаматы болып, өмірді таңдауға мүмкіндіктері барын айту екенін ілтипатпен түсіндірсең болады. Бұл үшін не істеу керек? Құдайдың қоятын талаптарымен танысып, қазірдің өзінде оларға сай өмір сүру керек (Заң. қ. 30:19, 20; Аян 22:17).
Өзгелерге Патшалықты бірінші орынға қоюға көмектес. Патшалық туралы хабарды қабыл алғаннан кейін, адамға өмірінде көптеген шешімдер қабылдауға тура келеді. Құдай Патшалығын өмірінде қандай орынға қояды? Иса шәкірттерін ‘ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлауға’ шақырған (Мат. 6:33). Бұлай етуге бір сенімдегілерге қалай көмектесе аламыз? Өзіміз жақсы үлгі көрсетіп, сондай-ақ қандай әрекеттер жасауға болатынын нақты талқылау арқылы. Сонымен қатар өз мүмкіндіктерін қарастырып көрген бе екен, соны сұрап, басқалардың не істеп жатқанын айтып беруге де болады. Киелі кітаптағы оқиғаларды талқылап жатқанда, Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін тереңдет. Патшалықтың билік етіп жатқан үкімет екеніне баса назар аудар. Сондай-ақ ол туралы жариялаудың қаншалықты маңызды екеніне көңіл бұр. Адамдарға не істеу керектігін жай айта бергеннен гөрі, солай әрекет етуге деген ықыластарын оятқаның әлдеқайда жақсы нәтиже береді.
Бірінші кезекте уағыздауымыз керек маңызды хабар — Ехоба Құдай, Иса Мәсіх пен Патшалық туралы екені айдан-анық. Кездесулерде де, уағыздау қызметінде де осымен байланысты маңызды шындықтарға баса назар аударылып, жеке өмірімізді де соларға негіздеуіміз керек. Сонда Теократиялық қызмет мектебінде алған біліміміз шын мәнісінде пайда әкеліп жатқанын көрсетеміз.