Алтыншы тарау
Барлығымызға қатысты даулы сұрақ
1, 2. а) Едемде Шайтан қандай даулы сұрақ көтерді? ә) Бұл даулы сұрақ оның айтқан сөздерінен қалай көрінеді?
БҮКІЛ адамзаттың алдына қойылған маңызды даулы сұрақтың саған да қатысы бар. Сенің мәңгілік болашағың — осы даулы сұрақты шешуде кімнің жағына шығатыныңа байланысты. Бұл даулы сұрақ Едем бағында бүлік шыққан кезде көтерілген еді. Шайтан Хауадан: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” — деп сұрады. Хауа Құдайдың бір ағашқа қатысты: “Бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісін жемеңдер... әйтпесе өлесіңдер”,— дегенін айтты. Кейін Шайтан Құдайға ашық жала жауып, Хауаның да, Адамның да өмірі олардың Құдайға мойынсұнуларына тәуелді емес деді. Шайтан Құдай өз жаратылыстарынан жақсы бір нәрсені, дәлірек айтқанда, өмірде қандай норманы ұстануды өздері таңдай алатын мүмкіндікті, жасырып отыр деп жариялады. Ол: “Сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі”,— деді (Жаратылыс 3:1—5).
2 Шын мәнінде, Шайтан адамдар үшін Құдайдың заңдарына бағынғандарынан гөрі, шешімді өздері қабылдағандары жақсы болады деді. Ол осылайша Құдайдың басқару жолына қарсылығын білдірді. Сондықтан да Құдайдың Әлемдегі билігіне, яғни оның билік етуге құқы бар екендігіне, қатысты өте маңызды даулы сұрақ көтерілді. Бұл сұрақтың мәнісі мынада еді: адамдар үшін Ехобаның билігі жақсы ма, әлде оған тәуелсіз билік пе? Әрине, Ехоба Адам мен Хауаны сол кезде-ақ жойып жібере алатын еді, бірақ бұнымен билікке қатысты көтерілген даулы сұрақ түбегейлі шешілмес еді. Адамзаттың өз бетінше өмір сүруіне ұзақ уақыт жол беру арқылы Құдай өзіне және заңдарына бағынбай тәуелсіз өмір сүру неге әкеліп соғатынын көрнекі түрде көрсете алды.
3. Шайтан қандай қосымша даулы сұрақ көтерді?
3 Шайтанның Ехобаның басқаруға байланысты құқығына қарсы әрекеті Едемдегі оқиғамен біткен жоқ. Ол өзгелердің Ехобаға деген шексіз берілгендіктеріне күмән келтірді. Осылайша бірінші сұрақпен тығыз байланысты қосымша даулы сұрақ көтерілді. Бұл сұрақ тек Адам мен Хауаның ұрпақтарына ғана емес, Құдайдың бүкіл рухани ұлдарына, тіпті тұңғыш сүйікті Ұлына да қатысты еді. Мысалы, Әйүптің күндерінде Шайтан адамдар Ехобаға Оны жақсы көргендіктен емес, жеке бастарының қамы үшін қызмет етіп жүр деді. Оның сөздерінің мәнісі мынада: егер Құдайдың қызметшілері қиындықтарға ұшыраса, онда Құдайды ұмытып, өз бастарының қамын ойлап кетеді (Әйүп 2:1—6; Аян 12:10).
Тарих нені дәлелдеді?
4, 5. Адамдардың тарих бойы өз қадамдарына бағыт беру әрекеттері нені дәлелдеді?
4 Билікке қатысты даулы сұрақтағы ең маңызды нәрсе мынау еді: Құдай адамдарды өзінен тәуелсіз өмір сүріп, табысты бола алатындай етіп жаратқан жоқ. Игіліктері үшін Құдай оларды өзінің әділ заңдарына тәуелді етіп жаратты. Еремия пайғамбар былай деп мойындаған: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін. Жөнге сал мені, Тәңірім” (Еремия 10:23, 24). Құдай Сөзі: “Тәңірге шын жүрегіңмен сенім арт және өз ақылыңа сүйенбе”,— деп шақырады (Нақыл сөздер 3:5). Аман-есен болулары үшін адамдар физикалық заңдарға бағынулары керек болғанымен қатар, Құдай оларға құлықтылық нормаларын да берді. Олар осы нормаларды ұстану арқылы жақсы дамыған үйлесімді қоғам құра алатын еді.
5 Әрине, Құдай адамзаттың өзінің басшылығынсыз табысты бола алмайтынын білген. Құдайдан тәуелсіз жолға түсіп, табысқа жету үшін адамдар бос әурешілік болған әр түрлі саяси, экономикалық, діни жүйелерді құрды. Бұдан адамдар бөлініп, бір-бірімен үнемі қақтығысатын болды, ал оның нәтижесі зорлық-зомбылық, соғыс пен өлімге алып келді. “Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді” (Екклесиаст 8:9). Міне, адамзат тарихында болып жатқан дәл осы нәрселер. Киелі кітапта алдын ала айтылғандай, қара ниеттілер мен алаяқтар ‘бұрынғыдан бетер жамандық жасауда’ (2 Тімотеге 3:13). Үлкен ғылыми-техникалық жетістіктерге жеткен ХХ ғасыр да адамзат тарихындағы ең сұрапыл апаттарды бастан кешірді. Еремия 10:23-тегі сөздердің растығы дәлелденді: адамдар өз қадамдарына бағыт беретіндей етіп жаратылмаған.
6. Жақында Құдай адамдардың өзінен тәуелсіз болуларына қатысты сұрақты қалай шешеді?
6 Құдайдан тәуелсіз болғанның салдары қайғылы болып, ұзаққа созылғандығы адамдардың басшылығы ешқашан табысты бола алмайтынын біржолата дәлелдеді. Бақытқа, бірлікке, денсаулық пен өмірге апаратын жалғыз жол — Құдайдың басшылығы ғана. Құдай Сөзі Ехобаның шыдап келген, әлі де шыдап отырған адамзаттың тәуелсіз басшылығы соңына таяп келе жатқанын айтады (Матай 24:3—14; 2 Тімотеге 3:1—5). Жақында ол адамдардың ісіне араласып, жер бетіне өз билігін жүргізеді. Киелі кітаптың пайғамбарлығында: “Сол патшалықтардың [қазіргі адамзат үкіметтерінің] кезінде Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын [көкте] патшалық орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді [адамдар ешқашан қайтадан жер бетіне билік етпейді]; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”,— делінген (Даниял 2:44).
Құдайдың жаңа дүниесіне кіру
7. Құдай адамзат басшылығын жойған кезде, кімдер аман қалады?
7 Құдай адамзат басшылығын жойған кезде, кімдер аман қалады? Бұған Киелі кітап былай деп жауап береді: “Жерде әділдер [Құдайдың басқару құқын қолдайтындар] өмір сүреді, онда мінсіздер қалады, ал заңды бұзушылар [Құдайдың басқару құқын қолдамайтындар] жер бетінен жойылып, опасыздар түп-тамырымен жоқ болады” (Нақыл сөздер 2:21, 22). Осындай ойды Забур жыршысы да айтқан: “Енді аз ғана уақыттан кейін құдайсыздар болмайды... Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 37:10, 29).
8. Құдай өзінің басқаруға құқы бар екенін қалай дәлелдейді?
8 Шайтанның дүниесін жойғаннан кейін, Құдай мыңдаған жылдар бойы адамзаттың қыр соңынан қалмай келген зорлық-зомбылық, соғыс, жоқшылық, қайғы-қасірет, ауру мен өлім мәңгілікке жойылатын өзінің жаңа дүниесін орнатады. Киелі кітап тіл алғыш адамзатты күтіп тұрған осы баталарды керемет түрде былай сипаттайды: “Ол [Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:3, 4). Патшалығы арқылы, яғни Мәсіхтің билігіне берген көктегі үкіметі арқылы, Құдай біздің Әміршіміз, яғни Басқарушымыз болуға құқы бар екенін дәлелдейді (Римдіктерге 16:20; 2 Петір 3:10—13; Аян 20:1—6).
Даулы сұрақта олар кімнің жағына шықты?
9. а) Ехобаға адал болғандар оның сөздеріне қалай қараған? ә) Нұх өзінің Құдайға шексіз берілгендігін қалай дәлелдеді және біз одан қандай үлгі аламыз?
9 Тарихта Әміршілері ретінде Ехобаға өздерінің шексіз берілгендіктерін дәлелдеген адал ер кісілер мен әйелдер болған. Олар өмірлерінің Құдайға мойынсұнуларына байланысты екендігін білген. Солардың бірі — Нұх. Құдай оған: “Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын... Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз”,— деді. Нұх Құдайдың басшылығына мойынсұнды. Ал оның замандастары ескертулерге қарамастан, ештеңе де болмайды деп, өздерінің күнделікті тұрмыс қалпымен өмір сүре берді. Нұх болса керемет үлкен кеме тұрғызып, өзгелерге Ехобаның әділ жолдарын уағыздаумен болды. Киелі кітапта былай делінген: “Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жаратылыс 6:13—22; Еврейлерге 11:7; 2 Петір 2:5).
10. а) Ыбырайым мен Сара Құдайдың билігін қолдайтындарын қалай көрсетті? ә) Ыбырайым мен Сара бізге қандай үлгі қалдырды?
10 Ыбырайым мен Сара да керемет үлгі қалдырды: олар Ехобаның билігін қолдайтындарын оның бұйырғандарын орындау арқылы көрсетті. Олар Халдей еліндегі өркениетті Ур қаласында тұрған еді. Алайда Ехоба оған өзіне бейтаныс елге баруды бұйырғанда, Ыбырайым “Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты”. Ур қаласында Сараның жақсы өмір кешкендігіне күмәнданбасақ та болады: оның үйі, достары, туыстары жанында еді. Алайда ол алда қандай жағдайлар күтіп тұрғанын білмесе де, Ехобаға және күйеуіне мойынсұнып, Қанақан жеріне барады (Жаратылыс 11:31—12:4; Елшілердің істері 7:2—4).
11. а) Қандай жағдайларда Мұса Ехобаның билігін қолдады? ә) Мұсаның үлгісінен қандай сабақ аламыз?
11 Ехобаның билігін қолдайтындардың бірі Мұса болған. Ол мұны ерекше қиын жағдайда Мысырдың перғауынымен бетпе-бет кездесе отырып көрсетті. Мұса өзіне сенді деп айтуға болмайды. Қайта, ол өзінің жақсы сөйлей алатынына күмәнданған. Әйтсе де, Мұса Құдайға мойынсұнған. Ол Ехобаның қолдауының арқасында және ағасы Һаронның көмегімен Оның сөздерін қыңыр перғауынға бір емес, бірнеше рет жеткізді. Тіпті оны кейбір исраилдіктер қатты сынаған. Дегенмен ол Ехобаның бұйырғандарын адал орындады. Мұса арқылы Исраил мысырлықтардың құлдығынан құтқарылды (Мысырдан шығу 7:6; 12:50, 51; Еврейлерге 11:24—27).
12. а) Ехобаға шексіз берілгендік оның жазбаша түрдегі нұсқауларын орындаумен шектелмейтіні неден көрінеді? ә) Мұны түсінгеніміз 1 Жохан 2:15-те жазылғанды қолдануға қалай көмектеседі?
12 Ехобаға адал болғандар тек жазбаша түрде берілген заңдарды орындау жеткілікті деп есептемеген. Потифардың әйелі Жүсіпті қайта-қайта азғырмақ болғанда, некеден тыс жыныстық қатынасқа тиым салатын жазбаша түрдегі Құдайдың өсиеті әлі болмаған еді. Дегенмен Жүсіп Ехобаның Едем бағында құрған некесі туралы білетін, ол өзгенің әйелімен жыныстық қатынаста болу Құдайға жақпайтын қылық екенін түсінген. Мысырлықтарға еліктеп, Құдайдың принциптерінің шегіне дейін сынау Жүсіптің ойына кіріп-шықпаған. Ол Құдайдың адамдармен қарым-қатынасы туралы ойланып, кейін түсінгенінше Оның еркіне сай іс-әрекет етіп Ехобаның жолымен жүрді (Жаратылыс 39:7—12; Забур 76:12, 13).
13. а) Әйүптің жағдайында, ә) үш еврей жігітімен болған жағдайда Шайтанның өтірікші екендігі қалай дәлелденді?
13 Ехобаны жақсы білетіндер қандай қиын сынақтарға кезіксе де, Одан бас тартпайды. Шайтан егер Ехоба ұнатамын деген Әйүптің өзі мүлкінен немесе денсаулығынан айырылатын болса, Құдайдан бас тартады деді. Бірақ Әйүп неліктен бақытсыздыққа ұшырағанын түсінбесе де, Шайтанның өтірікші екендігін дәлелдеді (Әйүп 2:9, 10). Ғасырлар өте, Шайтан өзінің дұрыстығын дәлелдемек болып, Бабылдың қаһарлы патшасының үш жас еврей жігітін өзі орнатқан мүсінге табынбаса, лаулап жанған пешке тастатуына түрткі болады. Олар екі жолдың бірін таңдаулары керек еді: патшаның бұйрығына бағынады ма, әлде бұтқа табынуға тиым салатын Ехобаның заңына ма? Сонда үш жігіт Ехобаға қызмет ететіндерін және олар үшін Ехоба Жоғарғы Әмірші екенін батыл түрде жариялады. Құдайға адал болу олар үшін өмірлерінен де артық болды (Даниял 3:14—18).
14. Кемелсіздігімізге қарамастан, Ехобаға адал екендігімізді қалай дәлелдей аламыз?
14 Бұл мысалдардан тек кемелді адам ғана Ехобаға адал бола алады немесе қателік жібергендер енді түзелмейді деген қорытынды жасауға бола ма? Әрине, жоқ! Киелі кітаптан Мұсаның да қателіктер жібергенін білеміз. Бұл Ехобаға ұнамаса да, ол Мұсадан бас тартқан жоқ. Исаның елшілерінің де әлсіз тұстары болған. Ехоба біздің кемелсіз екендігімізді ескереді және де оның еркін орындаудан әдейі бас тартпасақ, осыған риза болады. Егер әлсіздігімізден қандай да бір дұрыс емес әрекет жасасақ, онда сол үшін шын жүректен өкініп, оны қайталамауға барынша тырысқанымыз өте маңызды. Осылайша Ехоба шынында жақсы деп есептейтінді біздің де жақсы көретіндігімізді, оның жаман деп есептейтіндерін біздің де жек көретіндігімізді көрсетеміз. Исаның төлем құрбандығына деген сеніміміздің арқасында Құдайдың алдында таза бола аламыз (Амос 5:15; Елшілердің істері 3:19; Еврейлерге 9:14).
15. а) Адамдар арасында Құдайдың алдында кемелді адалдығын сақтаған кім және бұл нені дәлелдеді? ә) Исаның үлгісі бізге қалай көмектеседі?
15 Адамдардың Әмірші ретінде Ехобаға кемелді түрде мойынсұнулары мүмкін емес болғаны ма? Бұл сұрақтың жауабы 4000 жылға жуық уақыт бойы ‘ұлы құпия’ болып келді (1 Тімотеге 3:16). Адам Ата кемелді болып жаратылғанымен, Құдайға шын берілгендіктің кемелді үлгісін қалдырған жоқ. Бұл кімнің қолынан келер еді? Әрине оның кемелсіз ұрпақтарының емес. Мұндай үлгіні көрсете алатын Иса Мәсіхтің өзі ғана (Еврейлерге 4:15). Исаның үлгісі қолайлы жағдайда өмір сүрген Адамның, шын қаласа, кемелді адалдығын сақтауға мүмкіндігінің болғанын дәлелдеді. Құдайдың жаратылысында ешқандай да кемшілік болған жоқ. Иса Мәсіх біздерге Құдайдың заңдарына мойынсұнудың ғана емес, Ехобаға, Әлемнің Әміршісіне, қалай шын берілгендік танытудың да үлгісін көрсетті (Заңды қайталау 32:4, 5).
Жеке өзіміз қалай жауап береміз?
16. Ехобаның билігіне қатысты сұрақты есімізде ұстай отырып, неліктен сергек болуымыз керек?
16 Бүгінгі таңда Әлемдегі билікке қатысты даулы сұрақ әрбірімізге қойылған. Егер Ехобаның жағында екендігімізді ашық айтқан болсақ, Шайтан бізді өзінің нысанасына айналдырады. Ол бізге жан-жақтан қысым көрсетеді және мұны өзінің зұлым дүниесі жойылғанша істейтін болады. Бізге сергек болу қажет (1 Петір 5:8). Ехобаның билігіне қатысты сұрақты және сынақтарда Құдайға адал болып қалуға қатысты қосымша даулы сұрақты шешуде кімнің жағында екендігімізді өзіміздің іс-әрекетімізбен көрсетеміз. Осы дүниеліктер Құдайдың әділ принциптерін ұстанбаса да болады деп есептейді, біз мұндай ойдан аулақ болуымыз керек. Адалдығымызды сақтау үшін Ехобаның әділ нормаларын өміріміздің барлық саласында ұстануымыз керек.
17. Өтірік пен ұрлықтың бастауын біле отырып, неліктен мұндай істерден аулақ болуымыз керек?
17 Мысалы, біз “өтіріктің бастауы” болып табылатын Шайтанға еліктемеуіміз керек (Жохан 8:44). Барлық ісімізде де шыншыл болуымыз керек. Шайтанның дүниесінде жастардың ата-аналарын алдауы — қалыптасқан жағдай. Алайда мәсіхші жастар бұлай етпейді. Осылайша олар Шайтанның Құдайдың қызметшілері сынақтарда адалдығын сақтай алмайды деген тұжырымының жалған екендігін дәлелдейді (Әйүп 1:9—11; Нақыл сөздер 6:16—19). Іскерлік мәселелерге қатысты адамның қандай да бір қылықтары оның шындықтың Құдайымен бірге болудың орнына, ‘өтіріктің бастауымен’ бірге екендігін көрсетеді. Мұндайдан аулақ болуымыз керек (Миха 6:11, 12). Сондай-ақ мейлі ұрлаған адам қатты мұқтаж болсын немесе ұрланған заттардың иесі әл-ауқатты болсын, ұрлықты ешқашан ақтауға болмайды: (Нақыл сөздер 6:30, 31; 1 Петір 4:15). Біз тұратын жерде ұрлық жасау кәдімгі қалыптасқан жағдай болса да, немесе ұрланған зат түкке тұрмайтын болса да, бәрібір ұрлық — Құдайдың заңын бұзушылық (Лұқа 16:10; Римдіктерге 12:2; Ефестіктерге 4:28).
18. а) Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңында адамдарды қандай сынақ күтіп тұр? ә) Қазірдің өзінде нені әдетке айналдыруымыз керек?
18 Мәсіхтің Мыңжылдық билігі кезінде Шайтан мен оның жын-перілері зынданда болады, сондықтан олар адамдарға ықпал ете алмайды. Қандай жеңілдік! Бірақ мың жыл өткен соң, олар қысқа уақытқа босатылады. Шайтан мен оның соңынан ергендер Құдай алдында адалдығын сақтаған, кемелділікке жеткен адамдарға қысым көрсетеді (Аян 20:7—10). Егер біз сол кезеңде өмір сүрсек, Әлемдегі билікке қатысты даулы сұрақта кімнің жағына шығамыз? Ол кезде адамдар кемелділікке жететіндіктен, олардың кез келген дұрыс емес қылығы әдейі жасалған болып есептеледі де, оның нәтижесі біржола жойылу болады. Қазірдің өзінде Ехобаның өз Сөзі немесе ұйымы арқылы беріп отырған кез келген нұсқауларын даярлықпен қабыл алуды әдетке айналдыру қаншалықты маңызды! Осылай ете отырып, Әлемнің Әміршісі ретінде оған өзіміздің шын берілгендігімізді дәлелдейміз.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Қандай маңызды сұрақтың барлығымызға қатысы бар және неліктен?
• Ертедегі ер кісілер мен әйелдердің Ехобаға адалдықтарын дәлелдеулерінің қандай маңызы бар?
• Неліктен Ехобаны ісімізбен күнделікті дәріптеу маңызды?