4-ТАРАУ
Құдайдың есімі бар
БІРЕУМЕН танысқың келсе, бірден нені сұрайсың? ~ Иә, оның есімін сұрайсың. Барлық адамның есімі бар. Құдай алғашқы ер кісіге Адам, ал оның әйеліне Хауа деген есім берді.
Алайда есім тек адамдарға ғана берілмейді. Басқа ненің аты болатынын ойлап көрші. Мысалы, біреу саған қуыршақ не күшік сыйласа, оған ат қоясың ғой? ~ Демек, есімнің болуы маңызды.
Аспандағы көптеген жұлдызға қарашы. Қалай ойлайсың, олардың аты бар ма? ~ Иә, Құдай аспандағы әрбір жұлдызға ат берген. Киелі кітап бізге былай дейді: “Иеміз аспандағы жұлдыздарды санайды, Барлығын да өз аттарымен атайды” (Забур 146:4).
Сеніңше, ғаламдағы ең маңызды тұлға кім? ~ Әрине, Құдай. Оның есімі бар ма? ~ Иса Құдайдың есімі бар екенін айтқан. Бірде Құдайға дұға етіп, ол: “Ізбасарларыма есіміңді аштым”,— деген (Жохан 17:26). Сен Құдайдың есімін білесің бе? ~ Есімі кім екенін бізге Құдайдың өзі айтқан. Ол: “Мен Ехобамын. Бұл менің есімім”,— деген. Сонымен, Құдайдың есімі — ЕХОБА (Ишая 42:8 ЖД).
Басқалар сені есіміңмен атаса, не сезінесің? ~ Қуанышты боласың ғой?! ~ Ехоба да өз есімін адамдардың білгенін қалайды. Сондықтан Құдай туралы айтқанда, Ехоба деген есімді қолдануымыз керек. Ұлы Ұстазымыз да солай еткен. Бірде ол: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен сүй!”— деген (Марқа 12:30).
Иса “Ехоба” деген есімнің аса маңызды екенін түсінген. Сол себепті ізбасарларына оны қолдану керектігін айтқан. Ол тіпті Құдай есімі жайлы дұға етуге үйреткен. Ехоба өз есімін барлық адамға паш еткісі келетінін Иса жақсы білген.
Ехоба өз есімінің маңызды екенін көп жыл бұрын Мұса деген кісіге білдірген болатын. Мұса исраилдік еді. Исраилдіктер Мысыр деген елде тұрып жатқан. Сол елдің халқы мысырлықтар деп аталатын. Олар исраилдіктерді құл етіп, оларға қатыгездік көрсеткен. Бірде Мұса қандас бір бауырына көмектеспек болады. Бірақ бұған Мысыр патшасы, немесе перғауын, қатты ашуланады. Сөйтіп, Мұсаны өлтірмекші болады. Бірақ Мұса Мысырдан қашып кетеді.
Содан Мұса Мадиян еліне барып тұрады. Сол жерде ол үйленіп, балалы-шағалы болады. Қой бағып күн көреді. Бірде таудың етегінде қой бағып жүргенде, Мұса ғажайып бір көрініс көреді: бір бұта жанғанмен, өртеніп кетпей тұр екен. Оны жақынырақ көргісі келіп, қасына барады.
Сол кезде не болғаның білесің бе? ~ Ол жанып тұрған бұтаның ішінен: “Мұса! Мұса!”— деген дауысты естиді. Бұл кімнің даусы деп ойлайсың? ~ Мұсаны шақырған — Құдай. Оның Мұсаға маңызды тапсырмасы бар еді. Сондықтан оған: “Сені перғауынға жіберемін. Барып, халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шық!”— деп бұйырды, әрі бұл істе оған көмектесуге уәде береді.
Бірақ Мұса Құдайға: “Мен Мысырдағы исраилдіктерге барып, мені Құдай жіберді десем, олар “Оның есімі кім?” деп сұрайды ғой. Оларға не деп жауап беруім керек?”— деді. Сонда Құдай Мұсаға былай деді: “Мені сендерге Ехоба жіберді. Мәңгі-бақи менің есімім осындай болмақ” (Мысырдан шығу 3:1—15). Көрдің бе, Құдай Ехоба деген өз есімін ешқашан өзгертпейді екен. Әрі адамдарға осы есіммен мәңгі танымал болуды қалайды.
Сонымен, Мұса Мысырға қайтып барады. Сол уақытта мысырлықтар Ехобаны исраилдіктердің бір болмашы құдайы деп есептейтін. Олар Ехобаны бүкіл жерді жаратқан Құдай деп ойламаған еді. Сондықтан Ехоба Мысыр патшасына: “Мен жер жүзіне атымды шығарамын”,— дейді (Мысырдан шығу 9:16). Расында да, Ехоба өз есімін бәріне танымал етті. Мұны қалай істегенін білесің бе? ~
Мұса исраилдіктерді Мысырдан алып шығады. Олар Қызыл теңізге жеткенде, Ехоба теңізді қақ жарып, жол ашады. Исраилдіктер құрғақ жермен арғы жағаға аман-есен өтеді. Ал арттарынан қуған перғауын мен оның әскері теңіздің түбіне түскенде, екі жақтағы су төбелерінен құлап, бәрі қырылып қалады.
Көп ұзамай Ехобаның Қызыл теңізде жасаған ісін жер бетіндегі адамдардың бәрі естиді. Мұны біз қайдан білеміз? ~ Сол оқиғадан кейін шамамен 40 жыл өткенде исраилдіктер Ехоба уәде еткен Қанахан жеріне келеді. Сол жерде тұратын Рахаб есімді жас әйел екі исраилдікке: “Сендер Мысырдан шыққанда, Ехоба Қызыл теңізді құрғатып, алдарыңнан жол ашқанын естідік”,— деген (Ешуа 2:10).
Бүгінде адамдардың көбі сол мысырлықтарға ұқсайды. Олар Ехобаның бүкіл әлемнің Құдайы екеніне сенбейді. Сондықтан Ехоба қызметшілерінің адамдарға өзі жайлы айтқанын қалайды. Иса да адамдарға Құдай жайлы айтқан. Ол жердегі өмірінің соңында Ехобаға дұға етіп: “Оларға есіміңді аштым”,— деген (Жохан 17:26).
Сен Исаға еліктегің келе ме? Онда басқаларға Құдайдың есімі Ехоба екенін айтып жүр. Адамдардың көбі мұны білмейді. Сондықтан оларға Киелі кітаптан Аян 4:11-ді ашып, оқып берсең болады. Кел, онда не жазылғанын бірге оқып көрейік: “Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды”.
Бұдан біз не білдік? ~ Иә, Ехоба — ең маңызды есім. Бұл — Құдіретті Құдайдың, Исаның Әкесінің, әрі барлығын жаратқан Тұлғаның есімі. Есіңде болса, Иса Ехоба Құдайды шын жүректен жақсы көруіміз керек екенін айтқан. Ал сен Ехобаны жақсы көресің бе? ~
Ехобаны жақсы көретініңді қалай көрсетесің? ~ Мұның бір жолы — оны Досың ретінде жақынырақ танып білу. Тағы бір жолы — оның есімі жайлы адамдарға айту. Оның есімін Киелі кітаптан көрсетіп беруге болады. Сондай-ақ адамдарға Ехобаның керемет істері мен жасаған жақсылықтары жайлы да айтуға болады. Сонда Ехоба қатты қуанады. Өйткені ол адамдардың өзі туралы білгенін қалайды. Сен де Ехоба жайлы адамдарға айта аласың, солай емес пе? ~
Алайда Ехоба туралы айтқанда, адамдардың бәрі бірдей тыңдай бермейді. Тіпті Ұлы Ұстазымыз Исаны да адамдардың көбі тыңдағысы келмеген. Бірақ ол Ехоба туралы айтуын доғармаған.
Сонымен, Исаға еліктеп, біз де Ехоба жайлы айта берейік. Осылай Ехоба Құдайдың есімі біз үшін бағалы екенін көрсетеміз. Сонда ол бізге риза болады.
Қазір Киелі кітаптан Құдай есімінің маңызды екенін көрсететін кейбір тармақтарды бірге оқып шығайық: Ишая 12:4, 5; Матай 6:9; Жохан 17:6 және Римдіктерге 10:13.