Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер
“Өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” (ҚОЛ. 3:13).
1, 2. Неліктен өзгелерді кешіруге қаншалықты дайын екендігіміз туралы ойлануымыз керек?
КИЕЛІ КІТАПТАН Ехобаның күнәға қалай қарайтынын және біз күнә жасағанда, оның қандай сезімде болатынын біле аламыз. Сондай-ақ одан Құдайдың бізді кешіруге дайын екенін білеміз. Алдыңғы мақалада Ехобаның Дәуіт пен Манасаны неліктен кешіргенін қарастырған болатынбыз. Олар өкінді, күнәларын Құдай алдында мойындады және оларды қайталамауға бел буды. Ал Ехоба өз кезегінде оларды қайтадан ықыласына бөледі.
2 Қазір өзгелерді кешіруге өзіміздің қаншалықты дайын екенімізді көрейік. Егер Манасаның кесірінен қаза тапқан адамдардың ішінде туысың болса, сен Манасаға қалай қарар едің? Оны кешіре алар ма едің? Бұл — өте орынды сұрақ, өйткені біз әділетсіздік, қатыгездік пен өзімшілдік жайлаған заманда өмір сүрудеміз. Ендеше, неліктен мәсіхшіге кешірімді болуды үйрену керек? Сені біреу ренжітсе, сезімдеріңді жүгендей білуге, Ехобаға ұнамды болатындай әрекет етуге әрі дайындықпен кешіруге саған не көмектеседі?
НЕЛІКТЕН КЕШІРІМДІ БОЛУ КЕРЕК
3—5. а) Кешірімшіл болу керектігі туралы ойландыру үшін Иса қандай мысал келтірді? ә) Матай 18:21—35 тармақтардағы Исаның мысалынан не нәрсеге үйренеміз?
3 Бізге өзімізді ренжіткендерді, мейлі ол бауырлас болсын-болмасын, кешіруге дайын болу керек. Осылай еткеніміз үй ішіндегілермен, достармен, бөтен адамдармен және Ехобамен тату болуымызға көмектеседі. Жазбаларға сай, басқалар бізді қаншалықты жиі ренжітпесін, оларды дайындықпен кешіру — мәсіхшілерге қойылатын талап. Бұл талаптың орынды екенін көрсету үшін, Иса қожайынына қарыздар болған құл туралы мысал келтірді.
4 Патша бір құлының 60 000 000 күндік жалақыға тең қарызын кешіреді. Содан кейін құл сыртқа шығып, өзіне небәрі 100 күндік жалақыға тең ақша қарыз болған басқа бір құлды тауып алады. Ол қарызын қайтарғанша біраз күте тұруын өтінсе де, әлдеқайда көп қарызы кешірілген әлгі құл оны түрмеге жапқызып қояды. Бұны білген патша ашуға мінеді. “Менің саған мейірім танытқанымдай, сен де оған мейірім танытуың керек емес пе еді?— деп, қаһарланып, оны қарызын түгел қайтармайынша, түрмешілердің қолына тапсырды” (Мат. 18:21—34).
5 Иса осы мысал арқылы бізді не нәрсеге үйреткісі келді? Ол былай деп түсіндірді: “Тап солай, егер әрқайсысың өз бауырласыңды шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем де сендерге солай етпек” (Мат. 18:35). Исаның не айтқысы келгені түсінікті. Кемелсіз ғұмырымызда біз күнә жасап, жиі сүрініп жатамыз. Бұл біздің Ехобаның талаптарына толық сай келе алмайтынымызды көрсетеді. Алайда ол бізді кешіруге дайын. Олай болса, Ехобамен дос болғысы келетін әркім басқаларды кешіруге дайын болу керек. Бұл Исаның Таудағы уағызында айтқан келесі сөздерінен көрінеді: “Егер адамдардың қателіктерін кешірсеңдер, көктегі Әкелерің де сендерді кешіреді. Ал басқалардың қателіктерін кешірмесеңдер, Әкелерің де сендердің қателіктеріңді кешірмейді” (Мат. 6:14, 15).
6. Неліктен кешіру әрдайым оңай бола бермейді?
6 Бәлкім, сен “сөзбен айту әрине оңай, бірақ іс-жүзінде бұлай ету қиын” дерсің. Себебі басқалар ренжіткенде, бұл бізге қатты тиюі мүмкін. Мысалы, ашулануымыз, бізді сатып кеткендей сезінуіміз, “әділдік” орнатуды не тіпті кек алуды қалауымыз мүмкін. Ренжігеніміз соншалық, тіпті ренжіткен адамды ешқашан кешіре алмайтындай сезінетін шығармыз. Сенде осындай сезімдер болса, Ехобаның талабына сай келіп, кешірімді болуды қалай үйрене аласың?
СЕЗІМДЕРІҢДІ САЛМАҚТАП-САРАЛА
7, 8. Өзгелер сені ренжіткенде, кешірімді болуыңа не көмектеседі?
7 Біреу бізге жамандық жасағанда не сондай болып көрінгенде, көңіліміз қатты түсуі мүмкін. Бір жас жігіт ашуға булыққан кезінде не болғаны туралы былай дейді: “Бірде мен бұлқан-талқан болып үйден шығып кеттім де, ешқашан қайтып келмеймін деп сөз бердім. Бұл жаздың мамыра-жай бір күні еді. Мен шағын әрі әдемі көшенің бойымен кетіп бара жаттым. Айналамдағы тыныштық пен әсемдік бірте-бірте жанымды тыныштандырып, ашуымды тарқата бастады. Бірнеше сағаттан кейін мен ашуға бой алдырғаныма өкініп, сабама түстім де, үйге қайта оралдым”. Бұл мысалдан көрінетіндей, егер ашуымыз басылғанша біраз уақыт күте тұрсақ, жағдайға дұрыс баға бере аламыз әрі артынан өкінетін әрекет жасамаймыз (Заб. 4:4; Нақ. с. 14:29; Жақ. 1:19, 20).
8 Ал егер біраз уақыт өткеннен кейін де ашуың басылмаса ше? Онда не себепті ашуланғаныңды анықтауға тырыс. Біреудің саған әділетсіздік жасағаны не дөрекі сөйлегені көңіліңе тиді ме? Жоқ әлде ол адам сені әдейі ренжіткісі келді деп ойлайсың ба? Оның әрекеті соншалықты жаман болды ма? Егер не себепті ашуланғаныңды анықтасаң, бұл жағдайда Киелі кітаптың қай принциптерін қолдану керектігін түсініп, Ехобаға ұнамды түрде әрекет ете аласың (Нақыл сөздер 15:28; 17:27 оқы). Осылай ой жүгірткенің жағдайға дұрыс баға беріп, кешірімді болуыңа көмектеседі. Бұлай ету қиын болуы мүмкін, бірақ Киелі кітап жүрегіңдегі ой-ниетті аян етуге әрі Ехобаның кешірімшілдігіне еліктеуіңе көмектеседі (Евр. 4:12).
КӨҢІЛІҢЕ АЛУЫҢ КЕРЕК ПЕ?
9, 10. а) Өзгелер ренжіткенде, бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін? ә) Ашулануға баяу болып, кешіруге асық болсаң, өзіңді қалай сезінесің?
9 Өмірде ашуымызға тиетін көп жағдайлар болып тұрады. Мысалы, көлік айдап келе жатқаныңда, біреу сені соғып кете жаздады делік. Ондай кезде сен не істейсің? Кейбіреулердің ызаланатыны сонша — басқа жүргізушімен төбелес шығарып жатады. Мәсіхші ретінде біз осылай әрекет еткіміз келмейтіні анық.
10 Жауап қайтармас бұрын бір сәт ойланып алған дұрыс. Бәлкім, көлік айдап келе жатқаныңда алаңдап, өзің бір нәрсені дұрыс істемеген боларсың. Немесе сені соға жаздаған көліктің бір ақауы бар шығар. Егер біз жағымсыз жағдайдың неге туындағанын түсінуге тырыссақ, барлық мән-жайды білмейтінімізді мойындасақ және кешіруге дайын болсақ, онда ашу мен реніштен арылу жеңіл болады. Барлығын көңілімізге ала бермейік. Уағыздаушы 7:9-да былай делінген: “Ашуға булығуға асықпа, ашу-ыза ақымақтың көкірегіне орнығар”. Көп жағдайда басқалар бізді әдейілеп ренжітті деп ойлауымыз мүмкін. Алайда көбінесе бұл кемелсіздіктің не түсініспеушіліктің кесірінен болып жатады. Сондықтан өзгелер не айтып, не істемесін, жағдайға жан-жақты қарауға тырысып, сүйіспеншілікпен кешіруге дайын бол. Осылай әрекет етсең, бақытты болатының сөзсіз (Петірдің 1-хаты 4:8 оқы).
“ТАТУЛЫҒЫҢ ӨЗІҢЕ ҚАЙТСЫН”
11. Адамдар ізгі хабарды қалай қабылдағанына қарамастан, біз не істеуіміз керек?
11 Қызметте әлдекім саған дөрекілік танытса, қалай сабырлық сақтай аласың? Иса 70 шәкіртін уағыздауға жібергенде, оларға әрбір үйге кіріп: “Осы үйде татулық болсын!”— деп айтуды үйреткен. Сөзін жалғап ол: “Егер сол жерде татулықты сүйетін адам бар болса, оған тілегендерің орындалсын, ал жоқ болса, өздеріңе қайтсын”,— деген болатын (Лұқа 10:1, 5, 6). Адамдар ізгі хабарға құлақ асқанда, біз дән риза боламыз, өйткені олар бұның зор пайдасын көретін болады. Дегенмен кейде татулықты сүймейтін адамдарды да кездестіріп жатамыз. Онда біз не істеуіміз қажет? Иса біздің оларға тілеген татулығымыз өзімізбен қалуы керектігін айтқан. Адамдар бізді қалай қарсы алмасын, әр есіктің жанынан кеткенде, біз жантыныштығын сезінуіміз керек. Ал егер үй иесінің қарсылығын көңілімізге алсақ, жантыныштығынан айырыламыз.
12. Пауылдың Ефестіктерге 4:31, 32 тармақтардағы сөздеріне сай, біз қалай әрекет етуіміз керек?
12 Біз қызметте ғана емес, барлық жағдайда тату болып қалуға тырысуымыз керек. Біз басқаларды кешіруге дайынбыз, бірақ бұл біреудің бұрыс қылықтарын мақұлдауың немесе ренжімегендей сыңай танытуың керек дегенді білдірмейді. Кешіру дегеніміз адамның қылығына әрі қарай ренжи бермеуді және жантыныштығын сақтауды білдіреді. Кейбіреулер өздеріне жасалған жамандық туралы ойлай береді де, жантыныштығынан айырылады. Мұндай жағымсыз ойларға берілме. Есіңде болсын, басқаларға ашулана жүріп бақытты бола алмайсың. Ендеше, кешіруге асық бол! (Ефестіктерге 4:31, 32 оқы).
ЕХОБАНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАТЫНДАЙ ӘРЕКЕТ ЕТ
13. а) Қалай мәсіхші жауының “басына қызып тұрған шоқ үйеді”? ә) Қарсылық білдірген адамға биязы жауап бергенің қандай нәтиже әкелуі ықтимал?
13 Кейде сен өзіңе дөрекілік көрсеткен адамға мәсіхшілер ұстанатын нормаларды бағалауға көмектесе аласың. Елші Пауыл былай деген: “Жауың ашықса, оны тамақтандыр; шөлдесе, сусын бер. Себебі осылай етуіңмен оның басына қызып тұрған шоқ үйесің”. Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!” (Рим. 12:20, 21). Өзіңе суық қабақ танытқан адамдармен ілтипатпен сөйлессең, олар көзқарастарын өзгертіп, тіпті жылы шырай танытуы мүмкін. Егер өзіңе жамандық жасаған адамға түсінушілікпен не тіпті жанашырлықпен қарайтын болсаң, оның Киелі кітап туралы білуге деген ықыласы оянуы мүмкін. Қандай болған күнде де, сенің биязы жауабың адамды үлгілі жүріс-тұрысың туралы ойлануға талпындырады (Пет. 1-х. 2:12; 3:16).
14. Адам бізге қандай жамандық жасамасын, неге кешірімді болуымыз керек?
14 Біз кейбір адамдармен араласпаймыз. Мысалы, оларға бір кездері қауымның мүшесі болған, бірақ күнә жасап, онысына өкінбегендіктен, қауымнан шығарылған адамдар жатады. Мұндай адам сені ренжіткен болса, тіпті ол өкінген күнде де, оны кешіру өте қиын болуы мүмкін. Осындай кезде Ехобадан кешірімді болуға көмектесуін сұрай беруің керек. Оның үстіне, сен ол адамның жүрегінде не болып жатқанын білмейсің ғой. Ал Ехоба біледі. Ол адамның ішкі дүниесін сынап, күнәкарларға шыдамдылық танытады (Заб. 7:10; Нақ. с. 17:3). Сол себепті Жазбаларда былай делінген: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар. Жұрт алдында дұрыс болып табылатынды істеңдер. Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. Сүйікті бауырластар, өздерің үшін кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар. Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын”,— дейді Ехоба (Рим. 12:17—19). Сенің басқа адамға үкім шығаруға құқың бар ма? Әрине, жоқ (Мат. 7:1, 2). Ал Құдай барлығына әділ сот жүргізетініне сенімді бола аласың.
15. Ренжіткен адамға деген реніштен арылуға бізге не көмектеседі?
15 Егер әлдекім саған қарсы әділетсіздік жасаса, әрі сол ісіне өкінген адамды саған кешіру қиынға соқса, онда ол да өзің сияқты кемелсіздіктің құрбаны екенін ұмытпа (Рим. 3:23). Ехоба кемелсіздікті мұра еткен күллі адам баласына жаны ашиды. Сол себепті өзімізді ренжіткен адам үшін дұға еткеніміз дұрыс болар еді. Сонда оған деген ашуымыз тарқайтыны сөзсіз. Иса тіпті өзімізге жамандық жасаған адамдарға реніш сақтамауымыз керектігін айтып: “Ұдайы жауларыңды жақсы көріңдер және өздеріңді қудалап жатқандар үшін дұға ете беріңдер”,— деген (Мат. 5:44).
16, 17. Ақсақалдар күнә жасаған адам шын өкінді деп шешсе, сен не істеуің керек және неліктен?
16 Ехоба мәсіхші ақсақалдарға қауым ішінде күнә жасалған жағдайларды қарастыру ісін сеніп тапсырды. Бұл бауырластар жағдайды Құдай сияқты бүге-шігесіне дейін білмесе де, оның Сөзін басшылыққа ала отырып, киелі рухтың жетелеуімен шешім қабылдауға тырысады. Олай болса, олардың дұғада Ехобадан көмек сұрай отырып қабылдаған шешімдерінен Құдайдың көзқарасы айқын болады (Мат. 18:18).
17 Осындай жағдайда біздің адалдығымыз сыналады. Ақсақалдар әлдекімді шын өкінді деп шешсе, сол адамды кешіріп, оған сүйіспеншілік танытасың ба? (Қор. 2-х. 2:5—8). Өзің не туысың сол адам жасаған күнәнің зардабын көрген болсаңдар, бұлай ету әсіресе оңайға соқпауы мүмкін. Алайда Ехобаға және оның осындай мәселені қауым арқылы шешетініне сенім артқаның даналыққа жатады. Осылайша сен басқаларды кеңпейілмен кешіретініңді көрсетесің (Нақ. с. 3:5, 6).
18. Өзгелерді кеңпейілмен кешіру қандай пайда әкеледі?
18 Психология мамандары кешіруге дайын болудың өте пайдалы екенін айтады. Өзгелерді кешіретін болсақ, денсаулығымызға кері әсер ететін ашу-ыза мен жағымсыз сезімдерден арыламыз әрі басқалармен қарым-қатынасымыз жақсарады. Ал өзгелерге кек сақтағанымыз түрлі ауруларға шалдықтырады, стреске ұшыратады және өзгелермен тіл табысуды қиындатады. Алайда, ең бастысы, кешіруге дайын болсақ, көктегі Әкеміз Ехобамен қарым-қатынасымыз жақсы болады (Қолостықтарға 3:12—14 оқы).