48-ТАРАУ
Сен Құдайдың бейбіт жаңа дүниесінде өмір сүре аласың!
ҚҰДАЙ Адам ата мен Хауа ананы Едем бағына қоныстандырды. Бірақ олар Құдайдың тілін алмай, соның кесірінен өлді. Сонда да Құдай олардың ұрпақтарына Жұмақта мәңгі өмір сүруге жол ашты. Олардың ішінде біз де бармыз. Киелі кітапта былай деп уәде етілген: “Әділдер жерді иеленеді, Мәңгі бақи онда өмір сүреді” (Забур 36:29).
Сондай-ақ Киелі кітапта “жаңа аспан” мен “жаңа жер” туралы айтылады (Ишая 65:17; Петірдің 2-хаты 3:13). Қазіргі “аспан” адамдар орнатқан үкіметтерді білдіреді. Ал “жаңа аспан” — көктегі үкімет. Бұл үкімет Иса Мәсіх пен оның көмекшілерінен тұрады. Жаңа аспан, яғни Құдайдың бейбітшілік орнататын үкіметі, жержүзіне билік еткенде, өміріміз тамаша болады!
Ендеше “жаңа жер” деген не? ~ Жаңа жер деген — Ехобаны сүйетін жақсы адамдар. Себебі Киелі кітапта “жер” сөзі кейде Жер шарын емес, онда өмір сүретін адамдарды білдіреді (Ишая 1:2; Забур 32:8; 65:4). Олай болса, “жаңа жер” — болашақта жер бетінде өмір сүретін жақсы адамдар.
Жақында зұлым адамдардың дүниесі құрып жоқ болады. Нұхтың күндерінде зұлым дүние Топан суда жойылғаны есіңде шығар. Бүгінгі зұлым дүние болса Армагеддонда жойылатынын білдік. Ал енді Армагеддоннан кейін Құдайдың жаңа дүниесінде өмір қандай болатынына көңіл бөлейік.
Сен Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүргің келе ме? ~ Ешбір дәрігер бізге мәңгілік өмір бере алмайды. Бізді өлімнен алып қалатын дәрі де жоқ. Мәңгі өмірге ие болудың жалғыз жолы — Құдайға жақындау. Бұл үшін не істеуіміз керектігін Ұлы Ұстазымыз айтып кеткен.
Қолымызға Киелі кітабымызды алып, Жохан 17:3-ті ашайық. Бұл жерде Ұлы Ұстазымыздың мына сөздері жазылған: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін өзің, яғни жалғыз шынайы Құдай, және өзің жіберген Иса Мәсіх туралы білім ала беру керек”.
Сонымен, Иса мәңгі өмір сүруіміз үшін не істеу керек деп айтты? ~ Алдымен, біз көктегі Әкеміз Ехоба, сосын, біз үшін өмірін қиған оның Ұлы жайлы білім алуымыз керек. Бұл үшін Киелі кітапты зерттеу қажет. Қолыңдағы “Ұлы Ұстаздан үйренейік” деген осы кітап саған Киелі кітапты зерттеуге көмектеседі.
Ехоба туралы білім мәңгі өмір сүруге қалай көмектеседі? ~ Біз күнде тамақ жеуіміз керек, солай ғой?! Сол сияқты біз күнде Ехоба туралы білім алуымыз керек. Өйткені Киелі кітапта: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деп айтылған (Матай 4:4).
Сондай-ақ біз Иса Мәсіх туралы білім алуымыз керек, өйткені Құдай оны адамдарды күнәдан құтқару үшін жіберген. Киелі кітапта: “Исадан басқа бізді ешкім құтқара алмайды”,— делінген. Сонымен қатар: “Кім Ұлға сенсе, сол мәңгілік өмірді иеленеді”,— деп айтылған (Елшілердің істері 4:12; Жохан 3:36). Исаға және онсыз мәңгі өмір сүру мүмкін емес екеніне шынымен сенеміз бе? ~ Егер шын сенсек, біз Ұлы Ұстазымыздан күнделікті білім аламыз және білгенімізді орындаймыз.
Ұлы Ұстаздан білім алудың жақсы бір жолы — осы кітапты қайта-қайта оқу және суреттеріне қарап ой жүгірту. Суреттерге қойылған сұрақтарға өзің жауап беріп көр. Бұл кітапты ата-анаңмен бірге оқы. Олар болмаса, басқа ересек адамдармен не балалармен бірге оқысаң болады. Ұлы Ұстазымыз бізге Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүру үшін не істеу керектігін айтқан. Басқаларға осы жайлы білуге көмектессең, қандай тамаша болар еді, келісесің ғой? ~
Киелі кітап бізге: “Осы дүние өтеді де кетеді”,— деп ескертеді. Сондай-ақ жаңа дүниеде өмір сүру үшін не істеу керектігін де түсіндіріп: “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— дейді (Жоханның 1-хаты 2:17). Сонымен, Құдайдың жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүру үшін бізге не істеу керек, айтшы? ~ Иә, Ехоба туралы және оның сүйікті Ұлы Иса туралы білім алуымыз қажет және білгендерімізді орындауымыз керек. Қолыңдағы бұл кітап осы істе саған зор көмегін тигізсін!