Балаға ата-анасынан не қажет?
ӘКЕ мен ана дүниеде ешбір адам толық түсіне алмайтын керемет бір құбылыстың орын алуына екі жақты үлес қосады. Нәтижесінде жаңа өмір пайда болып, ана құрсағында кішкентай адам дамып жетіледі. Ол шыр етіп дүниеге келгенде, бәріміз қайран қалып, “Қандай керемет!” деп жататынымыз да сондықтан.
Алайда нәресте дүниеге келген күннен бастап ата-ананың мойнына көп жауапкершілік жүктеледі. Нәп-нәзік сәбидің дені сау болу үшін олар көп тер төгулері керек. Ал өсе келе оған сана-сезім, эмоция, құлықтылық пен рухани жағынан жетілуге көмектесу қажет болады.
Салауатты адам болып өсуі үшін, балаға әсіресе ата-ананың сүйіспеншілігі қажет. Бірақ жақсы көретіндерін айтып қана қоймай, мұны іс жүзінде де көрсеткендері маңызды. Иә, ата-ананың баласына үлгі көрсеткені абзал. Сондай-ақ оларды өнегелік нормалар мен принциптерді ұстануға үйрету қажет, әрі мұны ерте жастан бастау маңызды. Бала тәлім-тәрбиені уақытында алмаса, кейін тым кеш болып, ата-ана қатты опық жеуі мүмкін.
Ең жақсы принциптерді Киелі кітаптан ғана таба аламыз. Оның принциптеріне негізделген тәлім-тәрбиенің теңдесі жоқ. Осындай тәрбиенің арқасында бала уақыт өте келе өзіне айтылғандардың бәрі адамның емес, Жаратушысының, яғни көктегі Әкесінің сөзі екенін ұғады. Сондықтан оның кеңестері бала үшін әлдеқайда салмақты болады.
Киелі кітап ата-ананы баласының санасына дұрыс принциптерді ұялату үшін бар күшін салуға шақырады. Алайда ата-аналар бала өскен сайын, онымен маңызды тақырыптарға әңгімелесудің қиынға соғатынын байқаған. Осы орайда “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітабы зор көмек болып табылады. Онда баламен бірге оқуға болатын рухани тақырыптар бар. Оның үстіне, бұл кітап баланың өзіне оқып беріп отырған адаммен шүйіркелесіп әңгімелесуіне көмектеседі.
Кітаптағы орынды жерде қойылған сұрақтар баланы сөйлеуге талпындырады. Әр сұрақтың соңында тильда (~) белгісі қойылған. Белгіні көргенде, оқып отырған ата-ана сәл кідіріп, баланы өз ойын айтуға шақыру қажет. Әдетте бала сөйлескенді ұнатады. Оқу барысында оны сөзге тартып отырмаса, тез жалығып, ойы басқа жаққа ауып кетеді.
Бұдан да маңыздысы, сұрақтардың көмегімен баланың ойында не барын білуге болады. Рас, қойылған сұраққа бала дұрыс жауап бермеуі мүмкін. Алайда кейінгі сөйлемдер балаға дұрыс ой түзуге көмектеседі.
Бұл кітаптың ерекшелігі — онда 230 астам сурет бар. Олардың көбісінің жанында сұрақ қойылған. Бала сол сұраққа суреттің әрі оқыған мәліметтің көмегімен жауап бере алады. Сол себепті баламен суреттерді талқылау қажет. Олар балаға маңызды жайттарды ұғып алуға көмектеседі, сондықтан тәлім беруде суреттер өте тиімді көрнекі құрал болып табылады.
Бала әріп танығанда, кітапты сізге оқып беруге және өз бетінше оқуға талпындырыңыз. Оны неғұрлым көп оқыса, соғұрлым ішіндегі кеңестер санасы мен жүрегіне әсер етеді. Араларыңыздағы сүйіспеншілік пен құрмет күшейе түсу үшін, кітапты бірге әрі жүйелі түрде оқуды әдетке айналдырыңыз.
Осыдан біраз жылдар бұрын ойға да келмеген жайттар, мысалы балаларды жыныстық қатынасқа, спиритизмге және басқа да жексұрын әрекеттерге мәжбүрлеу сияқты істер бүгінде орын алуда. Сондықтан балаларымызды қорғау қажет. Осы орайда бұл кітаптың көмегі зор, өйткені онда осы мәселелер сыпайы, бірақ ашық түрде талқыланады. Десе де, ең бастысы, баланың назарын даналықтың қайнар көзі Ехоба Құдайға аудару керек. Ұлы Ұстазымыз Иса да әрқашан адамдардың назарын Ехобаға аударған. Бұл басылымның сізге және отбасыңызға Ехоба Құдайға ұнамды өмір сүруге және мәңгі баталарға ие болуға септігі тиеді деп үміттенеміз.