Ата-аналар, асыл мұраларыңды қорғаңдар!
‘Даналық қорғаныш береді. [Ол] ие болғандардың өмірін сақтайды’ (ЕККЛЕСИАСТ 7:12, ЖД).
1. Неге ата-аналар балаларына сый ретінде қараулары керек?
АТА-АНА өмірге келбеті мен мінезі өздеріне тартқан бала әкеледі. Киелі кітапта олар: “Игілік [“мұра”, ЖД] Жаратқан Иеден келген”,— деп аталады (Забур 126:3). Өмірдің қайнар көзі шын мәнінде Ехоба болғандықтан, балалар оның меншігі болып саналады және ата-анаға осы меншігін сеніп тапсырады (Забур 35:10). Ата-аналар, Құдайдан осындай бағалы сый алып отырғандарыңа қалай қарайсыңдар?
2. Өзінің әке болатынын білгенде, Манұх не істеген?
2 Сөз жоқ, мұндай сыйды кішіпейілділікпен әрі ризашылықпен қабыл алған дұрыс. Осыдан 3 000 жылдан аса уақыт бұрын әйеліне періште келіп, балалы болатынын айтқанда, Манұх есімді исраилдік солай еткен. Жақсы хабар естігенде, ол: “Тәңір Ием! Өзің жіберген Құдайдың адамы тағы да келіп, туылатын баламызбен не істейтінімізді үйретсінші”,— деп дұға етеді (Билер 13:8). Ата-аналар, Манұхтың үлгісінен не нәрсеге үйрене аласыңдар?
Бүгінде Құдайдың көмегі қажет
3. Неге әсіресе бүгін бала өсіру үшін Құдайдың көмегі қажет?
3 Қазір ата-аналар балаларын тәрбиелеу үшін Ехобаның көмегін бұрын-соңды болмағандай қажет етеді. Неге? Себебі Шайтан мен оның жындары көктен жер бетіне тасталған. Киелі кітап: “Жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл сендерге төменге түсті, ол өзіне аз уақыт қалғанын білгендіктен, қатты ашулы”,— деп ескертеді (Аян 12:7—9, 12). Онда Шайтанның ‘ақырған арыстандай кімді жалмасам деп торуылдап жүргені’ түсіндіріледі (Петірдің 1-хаты 5:8). Әдетте, арыстандар ең әлсіз, көбінесе жас аңдарға шабуыл жасайды. Сондықтан мәсіхші ата-аналар балаларын қалай қорғау керек екеніне қатысты басшылықты Ехобадан алғандары абзал. Солай етуге қаншалықты күш салып жүрсіңдер?
4. а) Жақын арада арыстанның жүргенін білсе, ата-аналар не істер еді? ә) Қорғану үшін балалар не істеулері керек?
4 Егер жақын арада арыстанның жүргенін білсеңдер, әрине, ең бірінші балаларыңды жасырар едіңдер. Шайтанды жыртқышқа теңеуге болады. Ол адамдарды Құдайдың ықыласынан айыру үшін, оларды бұзуға тырысады (Әйүп 2:1—7; Жоханның 1-хаты 5:19). Ал балаларға зиян келтіру оңай. Ібілістің тұзағына түсіп қалмаулары үшін балалар Ехоба жайында біліп, оған бағынулары керек. Киелі кітаптан білім алудың өмірлік маңызы бар. Иса: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деген (Жохан 17:3). Оның үстіне, жастарға даналық, яғни білгендерін түсініп, өмірде қолдану қабілеті қажет. ‘Даналық оған ие болғандардың өмірін сақтайтындықтан’, сендер, ата-аналар, шындықты балаларыңның жүректеріне ұялатуларың керек (Екклесиаст 7:12, ЖД). Мұны қалай істеулеріңе болады?
5. а) Даналықты жүрекке қалай ұялатуға болады? ә) Нақыл сөздерде даналықтың маңыздылығы қалай суреттеледі?
5 Балаларыңа Құдай Сөзін оқып берулеріңе болады, әрі солай етулерің керек те. Бірақ оларға Ехобаны жақсы көріп, оған бағынуды үйрету үшін мұның өзі жеткіліксіз, бұл үшін олар естіген нәрселерін түсінулері керек. Мысал келтірейік: балаға жолдан өтпес бұрын екі жаққа қарап алу керек екені айтылады. Алайда кейбір бала бұған құлақ аспайды. Неге? Баланы қайғылы жағдайға ұшырататын ‘надандықтан’ арылту үшін оған көліктің астына түсудің арты қандай болатынын анық етіп немесе оның қаншалықты қауіпті екенін әсерлі етіп түсіндірмеген болуы мүмкін. Даналықты жүрекке ұялату үшін уақыт пен асқан төзімділік қажет. Бірақ бұл — күш салуға тұрарлық іс. Киелі кітапта: “Даналық ұнамды жолмен жүргізер, Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткізер. Ие болғанға даналық — өмірдің ағашы, Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты!”— деп айтылған (Нақыл сөздер 3:13—18; 22:15).
Даналық ұялататын тәлім
6. а) Неге балалар жиі ақымақтық жасайды? ә) Қазір қандай шайқас жүріп жатыр?
6 Көбінесе балалар тәлім берілмегендіктен емес, берілген тәлім жүректеріне жетпегендіктен бұрыс іске барады. Ібіліс балалардың жүректерін жаулап алу үшін күрес жүргізуде. Ол балалардың зұлым дүниенің ықпалына қаншалықты берілетінін байқап жүреді. Сондай-ақ ол олардың күнәға тартып тұратын туа біткен бейімділіктерін қолданғысы келеді (Жаратылыс 8:21; Забур 50:5). Ата-аналар балаларының жүректерін жаулап алу үшін нағыз шайқас жүріп жатқанын түсінулері керек.
7. Неге балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып отыру жеткіліксіз?
7 Әдетте, ата-аналар баласын нақты құлықтылық нормаларына үйрету мақсатымен ненің жақсы, ненің жаман екенін айтады. Олар балаға өтіріктің, ұрлықтың немесе некеден тыс жыныстық қатынастың дұрыс емес екенін айтулары мүмкін. Алайда баланың бойсұнуына ата-анасының сөзі ғана емес, одан да күшті себеп әсер ету керек. Бұл — Ехобаның заңдары. Бала Құдайдың өсиеттеріне құлақ асудың даналыққа жататынын түсіну керек (Нақыл сөздер 6:16—19; Еврейлерге 13:4).
8. Баланы даналықпен әрекет етуге көмектесу үшін не туралы үйретуге болады?
8 Әлемнің күрделілігі, тірі табиғаттың сан алуандығы, жыл мезгілдерінің ауысуы — мұның бәрі де балаға даналығы шексіз Жаратушының бар екенін түсінуге көмектесе алады (Римдіктерге 1:20; Еврейлерге 3:4). Оның үстіне, балаға Құдайдың оны жақсы көретінін және оған мәңгілік өмір беру үшін өз Ұлын құрбандыққа бергенін әрі Құдайға құлақ аса отырып, оны қуанта алатынын үйрету керек. Сонда бала Ібілістің кедергі жасағанына қарамастан, Ехобаға қызмет етуді шешуі әбден мүмкін (Нақыл сөздер 22:6; 27:11; Жохан 3:16).
9. а) Балаға қорғаныш болатын тәлім беру үшін не қажет? ә) Киелі кітап әкелерді не істеуге шақырады және мұны қалай түсінуге болады?
9 Балаға қорғаныш беретін әрі оны дұрыс әрекетке талпындыратын тәлім беру үшін уақыт және көңіл бөліп, жоспар құру керек болады. Бұл үшін ата-аналар Құдайдың басшылығын қабыл алулары керек. Киелі кітапта: “Әкелер, балаларыңа... Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеңдер!”— деп жазылған (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қараңдар). Бұл нені білдіреді? Киелі кітаптың түпнұсқасында “тәрбиелеу” деп аударылған сөз “санасына ақыл құю” дегенді білдіреді. Демек, Киелі кітап әкелерді балаларының санасына Ехобаның ақылын құюға шақырады. Балалар үшін бұл неткен тамаша қорғаныш! Балаға Құдайдың көзқарасын үйрететін болса, ол жамандыққа бармайтын болады.
Сүйіспеншілікпен жасалған әрекеттер
10. Балаларыңа дұрыс тәлім беру үшін нені білгендерің маңызды?
10 Алайда балаларыңа дұрыс тәрбие бергілерің келсе, сүйіспеншілікпен әрекет етулерің керек. Жақсы пікір алысу дұрыс тәрбие беруге зор ықпал етеді. Баланың жағдайынан хабардар болып, көзқарасын біліп отырыңдар. Оны еркін әңгімеге тартыңдар. Кейде олардан мүлдем күтпеген сөз естулерің мүмкін. Мұндайда өздеріңе ие болыңдар. Оны шын ықыласпен тыңдаңдар.
11. Ата-аналар Құдайдың ақылын балаларының санасына қалай құя алады?
11 Рас, балаларыңа Киелі кітаптан Құдайдың азғындыққа тыйым салғаны туралы заңдарды бір емес, көп рет оқыған да шығарсыңдар (Қорынттықтарға 1-хат 6:18; Ефестіктерге 5:5). Ехобаның нені ұнатып, нені ұнатпайтыны балаларыңның санасында қалған да болар. Алайда Ехобаның ақылын баланың санасына құю үшін мұның өзі жеткіліксіз. Ехобаның заңдарының неге маңызды екені туралы балалардың ой жүгіртулеріне көмектесу керек. Құдай заңдарының дұрыс әрі пайдалы екенін және оларға бағыну дұрыс әрі сүйіспеншілікке жататынына олардың көздері жету керек. Балаларыңмен олар Құдайдың көзқарасымен келісетіндей етіп, Киелі кітапты пайдаланып ой жүгірткенде ғана оларға Құдайдың ақылын санасына құйып жатырсыңдар деп айтуға болады.
12. Ата-аналар балаларының жыныстық қатынасқа деген көзқарастарының дұрыс болуына қалай көмектесе алады?
12 Жыныстық қатынас жөнінде сөз қозғалғанда: “Қалай ойлайсың, Құдайдың некеге дейін жыныстық қатынасқа тыйым салған заңына бағыну адамдарды бақытынан айыра ма?”— деп сұрауларыңа болады. Бала жауап берген соң, неге олай жауап бергенін түсіндіруге талпындырыңдар. Құдайдың дүниеге бала әкелетін керемет қабілет бергені туралы әңгімелескен соң: “Сүйіспеншілігі мол Құдайымыз бізге қуанышымыздан айыратындай заң беруі мүмкін бе? Әлде оның заңдары бізге бақыт әкеліп, қорғаныш бере ме?”,— деп сұрауларыңа болады (Забур 118:1, 2; Ишая 48:17). Осыған қатысты баланың ойын біліп алыңдар. Одан соң азғындықтың қалайша күйзеліске түсіріп, қиындықтарға душар ететінін мысалмен түсіндіріп берулеріңе болады (Патшалықтар 2-жазба 13:1—33). Балаларыңмен олар Құдайдың көзқарасын түсініп, онымен келісе алатындай етіп ой жүгірту арқылы Құдай ақылының саналарында қалуына көп ықпал ете аласыңдар. Алайда бұдан басқа да нәрсе істей аласыңдар.
13. Нені түсінгендері баланы Ехобаға бағынуға талпындырады?
13 Ехобаға бағынбаудың неге әкелетінін ғана емес, әрекеттеріміздің оған қалай әсер ететінін де түсіндіргендерің даналыққа жатады. Балаға Киелі кітаптан Ехобаның еркін орындамасақ, оның жүрегін ауыртатынымызды көрсетіңдер (Забур 77:41). “Неге Ехобаның жүрегін ауыртқың келмейді?— деп сұрап, сосын: — Құдайдың жауы Шайтан бізді Ехобаға оны жақсы көргендіктен емес, өз пайдамыз үшін қызмет етіп жүр деп айыптайды”,— деп түсіндіруге болады. Одан соң Әйүптің қалай мінсіздігін сақтау арқылы Құдайдың жүрегін қуантып, Шайтанның жалған айыбын жоққа шығарғанын түсіндіріңдер (Әйүп 1:9—11; 27:5). Балаға өз әрекеттерімен Ехобаны не қапаландыратынын, не қуантатынын түсіндіру керек (Нақыл сөздер 27:11). Осы және басқа да көптеген сабақтарды балаларға “Ұлы Ұстаздан үйреніңдер”a деген кітапты пайдаланып үйретуге болады.
Жақсы нәтиже
14, 15. а) “Ұстаз” кітабындағы қандай сабақтар балаларды әрекетке талпындырған? ә) Кітаптың қандай пайдасын көріп жатырсыңдар?
14 Хорватияда жеті жасар немересімен “Ұстаз” кітабын бірге оқитын қарт кісі немересінің: “Мамам істе деген нәрсені істемей қойып едім. Кейін “Тіл алғаның сені қорғайды” деген тарау есіме түсті де, қайтып келіп, енді тілін алатынымды айттым”,— дегенін жазып жіберген. “Өтірік айтуға болмайды” деген тарауға қатысты Флоридада (АҚШ) тұратын ерлі-зайыптылар былай деген: “Онда баланың сезімдерін ашық айтуға және басқа кезде мойындамайтын қателіктерін мойындауға талпындыратын сұрақтар қойылған”.
15 Бұл кітапта 230-дан аса сурет бар және әрбір суреттің жанында оны түсіндіретін сөздер жазылған. Бір риза болған ана былай деген: “Балам жиі кейбір суретке қадала қарап, басқа бетке аударғанымды қаламайды. Суреттер көркем ғана емес, сондай-ақ тәлім де береді, олар тым болмағанда баланы сұрақ қоюға талпындырады. Бір баланың қараңғы бөлмеде теледидар көріп отырған суретін көргенде, балам: — Мама, ана бала не істеп жатыр?— деп сұрады, оның даусынан суреттегі баланың дұрыс емес нәрсе істеп жатқанын сезіп отырғаны байқалды”. Суреттің жанында: “Ісіміздің бәрін кім көре алады?”— деген сұрақ жазылған.
Бүгінгі таңға арналған маңызды білім
16. Бүгінде балаға не туралы тәлім берген маңызды және неге?
16 Балалар дене мүшелерін дұрыс және бұрыс пайдаланудың не екенін білулері керек. Алайда мұндай тақырыпты қозғау әрқашан оңай бола бермейді. Бір журналист өзінің бала кезінде жыныс мүшелері жөнінде сөз қозғау ұят нәрсе саналғанын айтқан. Өз балаларына тәлім беруге қатысты ол: “Өзімді ыңғайсыз сезінсем де, бұл сезімімді жеңуді шештім”,— деп жазған. Иә, ыңғайсызданып, жыныстық қатынас туралы тақырыпты қозғаудан қашатын ата-аналар балаларын қорғай алмайды. Бала азғырушылар олардың білместіктерін пайдаланады. “Ұлы Ұстаздан үйреніңдер” кітабында бұл тақырып әдеппен, орынды түрде түсіндіріледі. Балаларға жыныстық қатынас жөнінде айту оларды пәктігінен айырмайды, қайта, бұл тақырыптан қашу қайғылы нәтижеге әкелуі мүмкін.
17. “Ұстаз” кітабы ата-аналардың балаларына жыныстық қатынас туралы білім беруіне қалай көмектеседі?
17 Жерге түсіп, кейін олардан бала пайда болған зұлым періштелер туралы талқыланатын 10-тарауда балаға: “Жыныстық қатынас туралы не білесің?”— деген сұрақ қойылады. Кітапта қарапайым әрі лайықты жауап беріледі. Ал 32-тарауда баланы азғырушылардан қалай қорғауға болатыны түсіндіріледі. Көптеген оқырман мұндай тәлімнің маңызды екенін айтып, хат жазды. Бір ана былай деп жазған: “Өткен аптада Джаван есімді ұлымды дәрігеріне апарғанда, ол бізден баламызға дене мүшелерін дұрыс қолдану туралы айтатын-айтпайтынымызды сұрады. Онымен жаңа кітап бойынша сөйлесіп жүргенімізді білгенде, бұл оған қатты әсер етті”.
18. “Ұстаз” кітабында мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге қатысты не айтылады?
18 Тағы бір тарауда Киелі кітаптағы Бабыл мемлекетінің рәмізі болған мүсінге табынудан бас тартқан Шидрақ, Мишақ, Абденаго есімді үш еврей жігіті туралы айтылады (Даниял 3:1—30). “Ұстаз” кітабында көрсетілгендей, кейбіреулер мүсінге табыну мен жалауды дәріптеудің арасында ортақ не барын түсінбеулері мүмкін. Алайда бір журналға берген сұхбатында автор Эдвард Гэффнидің айтқан сөздеріне көңіл аударайықшы (U.S. Catholic). Қызы алғаш рет мектепке барып, “мектепте жаңа дұға” жаттағанын айтып келгенде, одан дұғаны қайталап айтып беруін өтінгенін айтады. Гэффни былай дейді: “Ол қолын жүрегіне қойды да, мақтанышпен: — Мен жалауға адалдығымды сақтауға ант етемін...— деп бастап кетті”. Сөзін жалғастырып, ол: “Кенет, мен түсіндім. Ехоба Куәгерлері дұрыс айтқан екен. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ мемлекетке шексіз берілгендік деп баланың санасына құйып келе жатқан нәрсе — бұл да діннің бір түрі”,— дейді.
Бар күшімізді салуға тұрады
19. Бала тәрбиелеудің жемісі қандай болуы мүмкін?
19 Шынында да, балаларыңа тәлім беру — бар күштеріңді салуға тұрарлық іс. Канзаста (АҚШ) тұратын бір ана ұлынан хат алғанда, көзіне жас келеді. Ол былай деп жазыпты: “Байсалды да байыпты болып өсуіме септігін тигізген тәрбие алғаным үшін өзімді жолы болған адам ретінде есептеймін. Әкем екеуіңнің мақтауға лайық екендеріңде сөз жоқ” (Нақыл сөздер 31:28). “Ұлы Ұстаздан үйреніңдер” кітабы көптеген ата-аналарға балаларына, өздерінің асыл мұраларына, қорғаныш болатын тәлім берулеріне көмектесе алады.
20. Ата-аналар нені естерінен шығармағандары абзал және бұл оларға қалай әсер етуге тиіс?
20 Балаларымыз бар уақытымызды бөлуімізге, көңіл аударуымызға және олар үшін күш салуымызға лайық. Олардың балалық шағы өтеді де кетеді. Олармен бірге болып, қол ұшын беруге әрбір мүмкіндікті пайдаланып қалыңдар. Бұларыңа ешқашан өкінбейсіңдер. Олар сендерді жақсы көретін болады. Балаларың Құдайдың сендерге берген сыйы екенін ешқашан ұмытпаңдар. Олар баға жетпес асыл мұра! (Забур 126:3—5). Оларды қалай өсіргендерің үшін Құдай алдында жауап беретіндей қамқорлық көрсетіңдер, себебі оның алдында жауапты екендіктерің рас та.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған. “Құдайды қуантуға болады” деген 40-тарауды қараңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге ата-аналар әсіресе қазір балаларын қорғаулары керек?
• Даналықты баланың жүрегіне ұялату үшін не туралы үйретуге болады?
• Бүгінде балаларыңмен қандай маңызды мәселелерді талқылағандарың дұрыс?
• “Ұстаз” кітабы ата-аналарға балаларына тәлім беруге қалай көмектесуде?
[24-беттегі сурет]
Балалар, үш еврейдің үлгісінен не нәрсеге үйрене аласыңдар?
[25-беттегі суреттер]
“Ұстаз” кітабының суреттері мен олардың жанындағы сөздер тәлім берудің күшті құралы
Анани Петірді не деп алдады?
Ісіміздің бәрін кім көре алады?
[27-беттегі сурет]
Ата-аналар, Манұхтың үлгісінен неге үйрене аласыңдар?