ЕКІНШІ ТАРАУ
Киелі кітап — Құдайдан келген кітап
Қай жағынан Киелі кітап кез келген басқа кітаптардан ерекше?
Қалай Киелі кітап қиыншылықтарға төтеп беруге көмектеседі?
Неге Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға сенім артуға болады?
1, 2. Неге Киелі кітапты Құдайдан келген керемет сый деуге болады?
ЖАҚЫН досыңнан жақсы сыйлық алған кезің есіңде ме? Оның сыйлығы сені мәз-мейрам етіп қана қоймай, жүрегіңе жылу берген де болу керек. Досыңның сыйынан ол туралы да бір нәрсе, атап айтқанда оның достықты бағалайтынын, білуге болады. Осындай қажетті сый үшін досыңа ризашылық білдіргеніңде күмән жоқ.
2 Киелі кітап — Құдайдың сыйы, әрі біз оған барынша риза болсақ болады. Осы бір ерекше кітаптан басқа еш жерден табу мүмкін емес нәрселер жөнінде білуге болады. Мысалы, онда жұлдызды аспан мен жердің және алғашқы еркек пен әйелдің қалай жаратылғаны туралы айтылады. Киелі кітапта қалай өмірдегі қиыншылықтарға төтеп беруге және уайым-қайғыға берілмеуге болатынына қатысты сенімді басшылық бар. Онда Құдайдың өз еркін қалай жүзеге асыратыны және жердегі жағдайды қалай жақсартатыны түсіндіріледі. Киелі кітап — неткен керемет сый!
3. Бізге Киелі кітапты бергенінен Ехоба туралы не білуге болады және неге бұл жүрекке жылы тиеді?
3 Сонымен қатар Киелі кітап — жүрекке жылы тиетін сый, өйткені онда оны Сыйлаушы Ехоба Құдай жөнінде де біраз мәлімет бар. Оның осындай кітап бергені — біздің өзі туралы білгенімізді қалайтындығының дәлелі. Иә, Киелі кітап Ехобаға жақындауыңа көмектеседі.
4. Киелі кітаптың таралымына қатысты саған не нәрсе қатты әсер етті?
4 Қазір Киелі кітапты табу қиын емес, бәлкім, ол сенде де бар болар. Киелі кітап толықтай немесе оның жекеленген кітаптары 2600-ден аса тілге аударылған, әрі жер шарының 90 пайызынан аса тұрғындары оған қол жеткізе алады. Орта есеппен апта сайын миллионнан аса Киелі кітап таратылады! Киелі жазбалардың толықтай немесе жекелеген кітаптарының миллиардтаған данасы басып шығарылған. Оған тең келетін кітаптың жоқ екендігі сөзсіз.
5. Қалай Киелі кітап “Құдай рухының жетелеуімен жазылған”?
5 Оның үстіне, Киелі кітап “Құдай рухының жетелеуімен жазылған” (Тімөтеге 2-хат 3:16 оқы). Қалайша? Бұған оның өзі былай деп жауап береді: “Адамдар Құдайдың киелі рухының қозғау салуымен айтқан” (Петірдің 2-хаты 1:21). Мысалы, мекеме бастығы бір хат жаздырса, хатшысы бастығының ойлары мен нұсқауларын жазады. Сондықтан жазған хат хатшыныкі емес, бастықтікі болып есептеледі. Сол сияқты Киелі кітапта оны жазған кісілердің емес, Құдайдың хабары бар. Сол себепті бүкіл Киелі кітапты орынды түрде “Құдайдың сөзі” деуге болады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13).
ҮЙЛЕСІМДІ ЖӘНЕ ТУРА
6, 7. Неге Киелі кітаптағы мәліметтің өзара үйлесімділігі ерекше көңіл қоюға тұрарлық?
6 Киелі кітап 1 600 жылдан аса уақыт бойы жазылған. Оны жазған адамдар әртүрлі уақытта өмір сүрген және әртүрлі ортадан шыққан. Олардың кейбірі егінші, балықшы және малшы болса, өзге бірі пайғамбар, би, патша болған. Ізгі хабарды жазғандардың бірі Лұқа деген дәрігер болған. Жазушылардың шыққан ортасына қарамастан, Киелі кітап басынан аяғына дейін өзара толық үйлесімділіктеa.
7 Киелі кітаптың алғашқы кітабынан адамзаттың басына түсіп жатқан қиыншылықтардың қалай бастама алғанын білуге болады. Ал соңғы кітабынан бүкіл жер бетінің жұмаққа, немесе баққа, айналатынын көреміз. Киелі кітаптағы бүкіл мәлімет тарихтың мыңдаған жылын қамтып, Құдай еркінің біз үшін ашыла түсуіне ықпал етеді. Киелі кітаптың өзара үйлесімділігі қайран қалдырады, бірақ Құдайдан келген кітап тап сондай болу керек қой.
8. Киелі кітаптың ғылыми тұрғыдан тура екендігіне мысалдар келтір.
8 Киелі кітап ғылыми тұрғыдан тура. Онда тіпті сол кездегі адамдардың дүниетанымынан әлдеқайда алда болған нұсқаулар бар. Мысалы, Мұсаның 3-жазбасы кітабында ежелгі Исраил халқына берілген карантин мен гигиенаға қатысты заңдар жазылған, ал ол уақытта олардың айналасындағы халықтар мұндай мәселелерге қатысты ештеңе білмеген. Жердің пішініне қатысты бұрыс пікірлер қалыптасқан уақытта, Киелі кітапта ол шар ретінде суреттелген (Ишая 40:22). Онда жердің “ештеңесіз ілініп қойылғаны” тура айтылған (Әйүп 26:7). Әрине, Киелі кітап — ғылыми оқулық емес. Сөйтсе де ғылыми жайттарға қатысты онда тура мәлімет жазылған. Құдайдан келген кітап осындай болу керек емес пе?!
9. а) Қалай Киелі кітаптың өзі тарихи тұрғыдан тура әрі сенім артуға тұрарлық екенін көрсетеді? ә) Киелі кітапты жазғандардың адалдығынан осы кітап жөнінде не білдің?
9 Сондай-ақ Киелі кітап — тарихи тұрғыдан да тура әрі сенім артуға тұрарлық кітап. Ондағы мәлімет өте нақты. Жазбаларда адамдардың есімі ғана емес, шыққан тектері де көрсетілгенb. Киелі кітапты жазғандар шыншыл да, адал болған. Өз халқының жеңілістері турасында айта бермейтін тарихшылардан ерекшелігі — олар жеке өздерінің де, бүкіл халқының да кемшіліктері жөнінде ашық жазатын. Мысалы, Мұсаның 4-жазбасы кітабында Мұса өзінің үлкен қателік жасап қойып, сол үшін жазаланғаны турасында жазған (Мұсаның 4-жазбасы 20:2—12). Өзге тарихи мәліметтерде мұндай шыншылдық кездесе бермейді, бірақ Киелі кітап ондай емес. Өйткені ол — Құдайдан келген кітап.
ДАНАЛЫҚ БАР КІТАП
10. Неге Киелі кітаптың өмірде қолдануға тиімді кітап екендігі таңғалдырмайды?
10 Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылғандықтан, “тәлім беру, әшкерелеу, түзету... үшін тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16). Иә, Киелі кітап — өмірде қолдануға тиімді кітап. Онда адамның болмысы тура суреттелген. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, өйткені оның Авторы бізді жаратқан Ехоба Құдай ғой! Ол біздің ойларымыз бен сезімдерімізді өзімізден де жақсы түсінеді. Сондай-ақ ол бақытты болуымыз үшін бізге не қажет екендігін де біледі. Оған не нәрседен аулақ жүруіміз керектігі де мәлім.
11, 12. а) Таудағы уағызында Иса қандай тақырыптарды қозғаған? ә) Киелі кітапта өмірдің тағы қандай салаларына қатысты кеңестер бар және неге олар әлі де пайдалы?
11 Матай жазған ізгі хабардың 5-тен 7-ге дейінгі тарауларында жазылған Исаның Таудағы уағызын қарастырып көрейік. Тәлім берудің шыңы болған осы уағызында Иса шынайы бақытты табу мен дауды шешудің жолын, сондай-ақ қалай дұға ету керектігі мен мал-мүлікке қатысты дұрыс көзқарас танытуды қоса алғанда, түрлі тақырыптарды қозғаған. Исаның сөздері сол кезде қаншалықты пәрменді әрі тиімді болса, бүгінде де тап солай.
12 Киелі кітапта отбасы өміріне, жұмысқа және өзгелермен қарым-қатынасымызға қатысты принциптер бар. Ондағы принциптерді барлық адамдардың қолдануына болады, әрі оның кеңестері әрқашан пайдалы. Киелі кітаптан табуға болатын даналық жөнінде Құдайдың өзі Ишая пайғамбар арқылы былай деген: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін” (Ишая 48:17).
ПАЙҒАМБАРЛЫҚ КІТАП
13. Ехоба Ишая пайғамбарға Бабылға қатысты қандай мәліметті бүге-шігесіне дейін жаздырды?
13 Киелі кітапта көптеген пайғамбарлықтар бар, олардың біразы орындалып та қойған. Бір мысалды қарастырып көрейік. Б. з. б. сегізінші ғасырда өмір сүрген Ишая пайғамбар арқылы Ехоба Бабыл қаласының күйрейтінін алдын ала айтқан (Ишая 13:19; 14:22, 23). Сондай-ақ қаланың қалай жаулап алынатыны бүге-шігесіне дейін көрсетілді. Жау әскері Бабыл өзенін құрғатып, қалаға ұрыссыз кіру керек-тін. Бұл ғана емес, Ишая тіпті Бабылды жаулап алатын патшаның есімін де атады. Ол Кир патша еді (Ишая 44:27—45:2 оқы).
14, 15. Ишаяның Бабылға қатысты айтқан пайғамбарлығының кейбір тұстары қалай орындалды?
14 Шамамен 200 жылдан кейін, б. з. б. 539 жылдың қазан айының 5-сінен 6-сына қараған түні, Бабылға таяу жерде әскер жиналды. Оның қолбасшысы кім болды? Кир есімді парсы патшасы. Осылай керемет пайғамбарлық орындала бастады. Алайда Кирдің әскері алдын ала айтылғандай, Бабылды ұрыссыз ала ма?
15 Қаланы қоршаған еңселі қабырғаға сенген бабылдықтар сол түні той тойлап жатқан еді. Ал сыртта Кир патша қала арқылы ағып жатқан өзенді шеберлікпен басқа арнаға бұрып жібереді. Көп ұзамай су деңгейі төмендеп, Кирдің сарбаздары суды кешіп өтіп, қала қабырғасына жетеді. Бірақ олар қабырғадан қалай өтпек? Қандай да бір себептермен сол түні қала қақпасы салғырттықпен ашық қалыпты!
16. а) Бабылдың қандай күйге ұшырайтыны турасында Ишая нені пайғамбарлық етті? ә) Бабылдың қаңырап бос қалатынына қатысты Ишаяның пайғамбарлығы қалай орындалды?
16 Бабылға қатысты былай пайғамбарлық етілген еді: “Бұдан былай онда ешкім қоныс теппейді, ұрпақтан ұрпаққа елсіз бос жатады. Арабтар онда шатыр тікпейді, қойшылар да отарларын тынықтырмайды” (Ишая 13:20). Бұл пайғамбарлықта Бабылдың күйрейтіндігі ғана емес, мәңгіге қаңырап бос қалатыны да айтылған еді. Мұның қалай орындалғанын сен тіпті өз көзіңмен көре аласың. Бағдаттың (Ирак) оңтүстігіне қарай 50 шақырымдай жерде орналасқан ежелгі Бабыл қаласының үйіндісі — Ехобаның Ишая пайғамбар арқылы айтқан келесі сөздерінің дәлелі: “[Бабылды] сыпырып тастаймын” (Ишая 14:22, 23)c.
17. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалғаны қалай сенімімізді нығайтады?
17 Киелі кітаптың сенімді пайғамбарлықтар жазылған кітап екенін қарастырғанымыз сенімімізді нығайтады емес пе?! Егер өткен заманда Ехоба Құдайдың пайғамбарлықтары орындалған болса, оның жер бетін жұмаққа айналдыруға қатысты берген уәдесін де орындайтынына сенуге толық негіз бар (Мұсаның 4-жазбасы 23:19 оқы). Иә, біздің жалған сөйлей алмайтын Құдай әуел бастан-ақ уәде еткен мәңгілік өмірге деген үмітіміз бар (Титке 1:2)d.
“ҚҰДАЙДЫҢ СӨЗІ ТІРІ”
18. Елші Пауыл “Құдайдың сөзі” туралы қандай пәрменді сөздер айтқан?
18 Осы тарауда қарастырған жайттардан Киелі кітаптың шынымен ерекше кітап екендігі анық көрінеді. Сөйтсе де оның құндылығы өзара үйлесімділігімен, ғылыми және тарихи тұрғыдан тура, даналыққа толы және сенімді пайғамбарлықтар бар екендігімен ғана шектелмейді. Елші Пауыл былай деп жазды: “Себебі Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қай-қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, тіпті жан мен рухты, буын мен жұлынды айырады, әрі жүректегі ой ниетті аян етеді” (Еврейлерге 4:12).
19, 20. а) Қалай Киелі кітап өзіңді тексеруіңе көмектеседі? ә) Құдайдың ерекше сыйы Киелі кітапқа деген ризашылығыңды қалай көрсетуіңе болады?
19 Киелі кітаптағы Құдайдың “сөзін”, немесе хабарын, оқығанымыз өмірімізді өзгерте алады. Ол өзімізді жақсылап тексеруге көмектеседі. Біз Құдайды сүйеміз деуіміз мүмкін, бірақ оның рухының жетелеуімен жазылған Сөзі Киелі кітаптың ілімдерінің жасырын ойларымыз бен ішкі ниетімізді аян еткені бізге қалай әсер етеді?
20 Киелі кітап — шынында да Құдайдан келген кітап. Оны оқу, зерттеу және бағалау керек. Әрқашан осы кітапқа жүгінуің арқылы Құдайдың осы керемет сыйына деген ризашылығыңды білдіресің. Сондай-ақ Құдайдың адамзатқа қатысты ниетін терең түсінесің. Ал Құдайдың ниеті және оның қалай жүзеге асатыны келесі тарауда талқыланады.
a Кейбіреулер Киелі кітапта қайшылықтар бар дегенмен, бұған келелі дәлел жоқ. Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жалпыға арналған кітап” кітапшасының 14—17 беттерін қара.
b Мысалы, Лұқа 3:23—38 тармақтарда жазылған Исаның ата-тегі туралы егжей-тегжейлі мәліметке көңіл аударуға болады.
c Бабылға қатысты пайғамбарлық туралы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жалпыға арналған кітап” кітапшасының 27—29 беттерінен табуға болады.
d Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалғаны Бабылдың күйреуінен ғана көрінбейді. Мұны Тир мен Ниневияның күйреуін қоса алғанда, басқа да мысалдардан көруге болады (Езекиел 26:1—5; Софония 2:13—15). Сонымен қатар Даниялдың пайғамбарлық кітабында Бабылдан кейін қандай ірі мемлекеттердің кезектесе билікке келетіні алдын ала айтылған. Сондай мемлекеттердің қатарына Мидо-Персия және Грекия да кіреді (Даниял 8:5—7, 20—22). Қосымшадағы “Иса — уәде етілген Мәсіх” деген тақырыпта Иса Мәсіхтің өмірінде орындалған көптеген пайғамбарлықтар талқыланады.