Бұл кітапқа сенім артуға бола ма?
“Басқа тарихи еңбектерге қарағанда, Киелі кітапта оның сенім артуға тұратындығын растайтын тура жайттардың анағұрлым көп екенін көріп отырмын” (атақты ағылшын ғалымы Исаак Ньютон)1.
КИЕЛІ КІТАПҚА сенім артуға бола ма? Онда тарихта шын мәнінде болған адамдар, жерлер және оқиғалар туралы әңгімелене ме? Егер солай болса, бұл кітапты мұқият әрі шыншыл адамдар жазғандығының дәлелдері болу керек, әрі мұндай дәлелдер жоқ емес те. Олардың көбісі қазба жұмыстарының нәтижесінде табылды, бірақ одан да көп дәлелді Киелі кітаптың өзінен көруге болады.
Қазба жұмыстары барысында табылған дәлелдер
Киелі кітапта аталған жерлерден осы кітаптың тарихи және географиялық тұрғыдан дәл екенін растайтын ежелгі өркениет қалдықтары табылған болатын. Археологтар тапқан дәлелдердің кейбірін қарастырып көрейік.
Кейіннен Исраил патшасы болған ер жүрек қойшы бала Дәуіт Киелі кітап оқырмандарына жақсы таныс. Оның есімі Киелі кітапта 1138 рет, ал “Дәуіттің әулеті” деген тіркес 25 рет кездеседі (Патшалықтар 1-жазба 16:13; 20:16). Алайда осы уақытқа дейін Дәуіттің тарихи тұлға болғандығына қатысты Киелі кітаптан басқа еш жерде бұлтартпас дәлел табылған емес. Ендеше Дәуіт жай ғана ойдан шығарылған кейіпкер ме?
Исраилде шығатын бір газетте 1993 жылы профессор Авраам Биранның жетекшілігіндегі бір топ археологтың таңғажайып жаңалық ашқаны жарияланды (“Israel Exploration Journal”). Олар Исраилдің солтүстігіндегі Телль-Дан деп аталатын ескі төбеден базальт тасын тапты. Тасқа “Дәуіттің әулеті” және “Исраил патшасы” деген сөздер жазылған екен2. Б.з.б. IX ғасырға сай келетін бұл жазу Исраил елінің шығыстағы жауы арамейлер орнатқан жеңіс монументінің бір бөлігі болып саналады. Бұл көне жазу несімен соншалықты маңызды?
Профессор Биран мен оның серіктесі профессор Иосиф Навехтың сөздеріне негізделген бір мақалада: “Дәуіт деген есім, Киелі кітапты қоспағанда, алғаш рет осы көне жазбада кездесіп отыр”a3,— делінген (“Biblical Archaeology Review”) . Бұл жазбада көңіл бөлуге лайық тағы бір жайт бар: онда “Дәуіттің әулеті” деген тіркес бірге жазылған. Тіл маманы профессор Ансон Рейни былай деп түсіндіреді: “Сөздерді біріктіріп жазу... жиі кездеседі, әсіресе тілде қалыптасып қалған атауларға қатысты осылай деуге болады. Б.з.б. IX ғасырдың ортасында “Дәуіттің әулеті” деген тіркестің қалыптасып қалған саяси және географиялық атау болғандығында күмән жоқ”5. Демек, Дәуіт патша мен оның әулетінің ежелде көпке танымал болғаны анық.
Киелі кітапта айтылған Ассирияның Ниневи деген ұлы қаласы жөнінде не деуге болады? Ол шын мәнінде болған ба? Жуырға дейін, яғни XIX ғасырдың басына дейін, кейбір Киелі кітап сыншылары бұған сенгісі келмеген. Алайда 1849 жылы Остин Генри Лэйард мырза ежелгі Ниневи қаласының бір бөлігі болған Куюнджик қаласынан Сеннахирим патшаның сарайының қалдықтарын тапты. Осыдан кейін сыншылар еш қарсылық білдіре алмады. Бірақ бұл қалдықтардың айтары әлі көп еді. Жақсы сақталған бір бөлменің қабырғаларында бекінісі берік қаланың жаулап алынуы мен шабуыл жасаған патшаның алдынан өтіп жатқан тұтқындар бейнеленген. Патшаның бейнесінің үстінде “Әлемнің әміршісі, Ассирия патшасы Сеннахирим нимеду-тағында отырып, Лахиште (Ла-ки-су) (тапқан) олжасын шетінен саралап, қарап шықты”6 деген жазу бар еді.
Британ мұражайында сақталған бұл бедер мен жазу Сеннахиримнің яһуди қаласы Лахишті жаулап алғаны туралы Патшалықтар 4-жазба 18:13, 14-те жазылған мәліметке сай келеді. Табылған нәрселердің маңыздылығына назар аударып Лэйард былай деді: “Осы жаңалықтарға дейін Ниневидің орнын көрсетіп тұрған топырақ пен қоқыс үйіндісінің астынан Сеннахирим мен Езекия [Яһуда патшасы] екеуінің арасындағы соғыс жайлы мәліметті табамыз деп кім ойлаған? Бұл мәліметті Сеннахирим бірден жазып алып отырған әрі ол Киелі кітап сөздерінің бүге-шігесіне дейін тура екендігін растайды”7.
Археологтар қыш бұйымдары, қираған ғимарат қалдықтары, балшық тақталар, тиындар, құжаттар, ескерткіштер мен жазбалар сияқты Киелі кітаптың туралығын дәлелдейтін басқа да көптеген мәдени мұраларды тапты. Мысалы, олар Ыбырайым өмір сүрген, сауда-саттық пен діни орталық болған Халдей еліндегі Ур қаласын тапты (Жаратылыс 11:27—31)8. XIX ғасырда қазба жұмыстары кезінде табылған Набонид жылнамасында болса ұлы Кирдің б.з.б. 539 жылы Бабылды жаулап алуы баяндалған, ал бұл оқиға Даниял кітабының 5-тарауында жазылған9. Ежелгі Салониқа қаласындағы аркада “политархтар” деп аталған қала әкімдерінің есімдері жазылған (үзінділері Британ мұражайында сақтаулы). Бұл атау классикалық грек әдебиетінде кездеспейді, ал Лұқа оны өзі жазған Ізгі хабарда қолданған (Елшілердің істері 17:6, “Жаңа дүние аудармасы. Түсініктемелерімен” (ағ.), сілтемені қараңыз)10. Осылайша Лұқа кітабының тура екендігі тағы да дәлелденді (Лұқа 1:3, 4 салыстырыңыз).
Алайда археологтар Киелі кітаптағы мәліметтермен келіспек түгілі, бір-бірімен де барлық уақытта келісе бермейді. Сөйтсе де Киелі кітаптың сенім артуға тұрарлық кітап екендігінің бұлтартпас дәлелдері осы кітаптың өзінен табылады.
Еш бүкпесіз жазылған
Шыншыл тарихшылар тек жеңістерді ғана емес (мысалы, Сеннахиримнің Лахисті жаулап алғаны туралы жазба), жеңілістерді де, жетістіктерді ғана емес, сәтсіздіктерді де, адамның күшті жақтарын ғана емес, әлсіздіктерін де жазады. Осындай шыншылдықпен жазылған тарихи деректер көп кездесе бермейді.
Ассирияның тарихшылары туралы Даниел Лакенбилл былай деп жазды: “Олардың атаққұмар патшаларға жағу үшін, тарихи оқиғалардың дәлдігіне қатысты олқылықтар жіберіп отырғаны жиі байқалады”11. Патшалардың осындай “атаққұмарлығын”, мысалы, Ассирия патшасы Ашшурнасирпалдың жылнамасындағы мына сөздерден көруге болады: “Мен патша тағына лайықпын, мен ұлымын, мен мәртебелімін, мен құдіреттімін, мен қадірлімін, мен даңқтымын, мен әйгілімін, мен күштімін, мен өжетпін, мен арыстандай айбарлымын әрі ер жүрекпін”12. Осы іспетті деректерді тарихи шындық деп қабылдар ма едіңіз?
Ал Киелі кітап жазушыларынан, керісінше, жанға жағымды шыншылдықты көруге болады. Мысалы, Исраил халқын бастап алып жүрген Мұса ағасы Һаронның, әпкесі Мәриямның, немере інілері Надаб пен Әбиһудің, өз халқының және өзінің қателіктерін еш бүкпесіз ашық жазған (Мысырдан шығу 14:11, 12; 32:1—6; Леуіліктер 10:1, 2; Руларды санау 12:1—3; 20:9—12; 27:12—14). Сондай-ақ Киелі кітапта Дәуіт патшаның үлкен қателіктері туралы ашық айтылған, ол кезде Дәуіттің әлі патша тағында отырғандығын ескере кеткен жөн (Патшалықтар 2-жазба, 11-ші және 24-тараулар). Матай өз атымен аталған кітабында елшілердің (олардың арасында өзі де болған) бір-бірімен қайсымыздың жолымыз үлкен деп дауласқанын және Иса тұтқындалған түні оны тастап қаша жөнелгенін әңгімелейді (Матай 20:20—24; 26:56). Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы хаттарды жазған ер кісілер бірінші ғасырдағы кейбір қауымдарда азғындық пен келіспеушілік сияқты қиыншылықтардың болғанын ашық айтқан. Сондай-ақ оларға қатысты ойларын еш бұрмасыз жазған (Қорынттықтарға 1-хат 1:10—13; 5:1—13).
Киелі кітап жазушыларының шыншыл болғаны ақиқатты жоғары бағалағандарын көрсетеді. Олардың жақын адамдары, халқы, тіпті өздері жайлы жағымсыз жайттарды жасырмай жазғаны Киелі кітаптың сенім артуға тұрарлық кітап екенін жақсы көрсетеді емес пе?
Егжей-тегжейіне дейін тура
Сотта куәлік берген адамның сөздерінің растығын көп жағдайда кішігірім айғақтар арқылы анықтауға болады. Осы кішігірім айғақтардың бір-бірімен сәйкес келуі куәгердің шындықты айтып тұрғанын көрсетуі мүмкін, ал олардың бір-біріне қарама-қайшы келуі оның жалған сөйлеп тұрғанын мәлім етеді. Алайда жайттардың бүге-шігесіне дейін үйлесіп тұрғаны да куәліктің растығына күмән келтіруі мүмкін.
Ал Киелі кітап жазушыларының берген “куәлігі” жөнінде не деуге болады? Олардың жазғандарынан керемет бірізділік көрінеді. Тіпті ондағы елеусіз жайттар да өзара үйлесім тапқан. Алайда бұл — олар өзара келісіп алған деген күмән тудыратындай әдейілеп жасалмаған. Ондағы жайттардың бір-біріне сай келуі алдын ала ойластырылмаған, қайта, Киелі кітап жазушыларының жиі өздері аңдамай үйлесімді жазғаны анық көрінеді. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.
Киелі кітап жазушысы Матай: “Иса Петірдің үйіне келгенде оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді”,— деп жазған (Матай 8:14). Бұл жерде Матай бір елеусіз, десе де қызықты жайтқа нұсқады: Петір үйленген болатын. Осы бір кішігірім жайттың растығы Пауылдың сөздерінен де көрінеді. Ол: “Басқа елшілер... және Кефа (Петір)b сияқты біздің де сенуші әйелге үйленіп, оны сапарға шыққанда ертіп жүруге қақымыз жоқ па?”— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:5). Мәнмәтіннен көрінетіндей, мұнда Пауыл өзіне тағылған жөнсіз айыптан қорғанған (Қорынттықтарға 1-хат 9:1—4). Петірдің әйелі бар екендігі туралы осы бір кішігірім жайтты Пауыл Матайдың жазбасының туралығын растау үшін емес, жай ғана сөз арасында айтып өткен.
Ізгі хабарды жазушылардың төртеуі де — Матай, Марқа, Лұқа, Жохан — Иса тұтқындалған түні шәкірттерінің бірі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің құлына қарай сілтеп қалып, құлағын шауып түсіргенін жазған. Тек Жоханның Ізгі хабарында ғана маңызсыз болып көрінетін бір жайт бар: “Малайдың аты Мәлік еді” (Жохан 18:10, 26). Неге Жохан ғана бұл адамның есімін атаған? Бірнеше тармақтан кейін, басқа ешбір жерде айтылмаған бір елеусіз жайт келтіріледі: Жохан “бас діни қызметкермен таныс еді”. Сондай-ақ ол бас діни қызметкердің үй ішімен де таныс болған, ол үй қызметкерлерін, ал олар оны танитын (Жохан 18:15, 16). Сондықтан үш Ізгі хабар жазушысының өздері танымайтын қызметшінің есімін неге атамағаны, ал Жоханның неге солай еткені түсінікті-ақ.
Кейде бұндай ұсақ-түйек жайттар бір жерлерде қалып қояды да, басқа бір жерлерде сөз арасында айтылып кетеді. Мысалы үшін, Матай кітабында яһудилердің жоғарғы кеңесінде тергеліп жатқан Исаны кейбіреулер “жағынан тартып-тартып жіберіп: “Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, соны айтып берші!”— деп келекелегені жазылған (Матай 26:67, 68). Ұрған адам Исаның алдында тұрған болса, оны кім ұрғанын “айтып берші” деп сұраудың жөні бар ма еді? Матай бұны түсіндірмеген. Бірақ айтылмай кеткен жайтты Ізгі хабар жазушыларының өзге екеуі айтқан: қарсыластары Исаны ұрмас бұрын, оның бетін бүркеп тастаған еді (Марқа 14:65; Лұқа 22:64). Матай өз хабарында барлық жайттарды егжей-тегжейлі сипаттап жазуға тырыспаған.
Жоханның Ізгі хабарында Исаның тәлімін естуге қарақұрым халықтың жиналғаны әңгімеленеді. Осы хабарда айтылғандай, Иса қалың жұртты көргенде, “Філіпке: — Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз?— деді” (Жохан 6:5). Неге Иса шәкірттерінің бәрі сол жерде тұрса да, нанды қайдан сатып алуға болатынын Філіптен сұрады? Жохан бұл жайлы ештеңе айтпаған. Бірақ дәл осы оқиғаны баяндаған Лұқа мұның Ғалилея көлінің солтүстік жағалауындағы Бетсайда қаласының маңында болғанын айтқан, ал ілгеріректе Жоханның Ізгі хабарында ‘Філіптің Бетсайда қаласынан екені’ айтылған (Жохан 1:44; Лұқа 9:10). Сондықтан Исаның сұрақты сол аймақта тұрған адамға қойғаны қисынды-ақ. Ұсақ-түйек жайттардың арасындағы үйлесімділік адамды таңғалдырады, алайда бұның әдейі ойластырылмағаны анық.
Кей жағдайларда қандай да бір кішігірім жайттардың айтылмай кетуі, қайта, Киелі кітап жазушысына сенімділікпен қарауға көмектеседі. Мысалы, Патшалықтар туралы 3-жазбада Исраил елінде қатты қуаңшылық болғаны әңгімеленеді. Оның күшті болғаны сонша — патша жылқылары мен қашырларына жем-су таба алмай қалады (Патшалықтар 3-жазба 17:7; 18:5). Бірақ дәл сол жазбада Ілияс пайғамбардың көлемі шамамен 1000 шаршы метр болатын орды толтыру үшін Кармил тауынан су әкелуді (құрбандық шалуға қолдану үшін) бұйырғаны баяндалған (Патшалықтар 3-жазба 18:33—35). Қуаңшылық кезінде бұл су қайдан пайда болды? Патшалықтар туралы 3-жазбаны жазған адам бұл жағын түсіндіріп жатпады. Дегенмен, кейінірек сөз арасында айтылып кеткендей, Исраилдің әрбір тұрғыны Кармилдің Жерорта теңізінің жағалауында орналасқанын білетін (Патшалықтар 3-жазба 18:43). Демек, теңіз суы иек астында болған болу керек. Басқа жағынан егжей-тегжейлі жазылған бұл кітап құр аңыз болса, оны жазған адам қалай қарама-қайшылықтың болуына жол берген?
Сонымен, Киелі кітапқа сенім артуға бола ма? Археологтар Киелі кітапта айтылған адамдардың, жерлер мен оқиғалардың тарихта шын мәнінде болғанын растайтын бірталай өркениет қалдықтарын тапты. Алайда Киелі кітаптың өзінен табылатын дәлелдер сенімділігімізді анағұрлым арттырады. Бұл кітапты жазғандар барлығын, тіпті өздері жайлы да, еш бүкпесіз, шыншылдықпен әңгімелеген. Алдын ала ойластырылмаса да, Жазбалардың бір-бірімен үйлесуі оған берілген “куәліктің” рас екенін дәлелдейді. Киелі кітаптың “сенім артуға тұратындығын растайтын [осындай] тура жайттар” оған толықтай сенуге болатынын көрсетеді.
[Сілтемелер]
a Осы жаңалықтан кейін профессор Андре Лемэр 1868 жылы табылған Меса стеласындағы (Моаб тасы деп те аталады) мәтіннің бүлінген жолдары тағы қалпына келтірілгеннен кейін, ол жерден де “Дәуіттің әулетіне” нұсқайтын сөздер табылғанын мәлімдеді4.
b “Кефа” — “Петір” есімінің семит тіліндегі баламасы (Жохан 1:42).
[15-беттегі сурет]
Тель-Даннан үзінді
[16, 17-беттердегі сурет]
Патшалықтар 4-жазба 18:13, 14-те баяндалғандай, Лахиш қаласының жаулап алынуы бейнеленген ассириялық қабырға