5-ТАРАУ
Осы дүниеден қалай алшақ жүре аламыз?
“[Сендер] осы дүниелік емессіңдер” (ЖОХАН 15:19).
1. Жердегі өмірінің соңғы түні Иса не нәрсеге айрықша көңіл аударды?
ЖЕРДЕГІ өмірінің соңғы түні Иса ізбасарларының ертеңін ойлап, уайымдаған. Ол тіпті осы жайлы Әкесіне дұға етіп, былай деген: “Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жохан 17:15, 16). Жан тәнімен айтқан осы өтінішінде Иса екі нәрсені — ізбасарларына деген мол сүйіспеншілігін және олардың кейбіріне алдында ғана айтқан “осы дүниелік емессіңдер” деген сөздерінің қаншалықты маңызды екенін — көрсетті (Жохан 15:19). Иә, ізбасарларының осы дүниеден алшақ жүргені Иса үшін өте маңызды болғаны сөзсіз!
2. Исаның ‘осы дүние’ деген сөздері не нәрсеге нұсқайды?
2 Исаның сөздеріндегі ‘осы дүние’ деген тіркес Құдайдан алыстап, Шайтанның билігіне берілген әрі оның өзімшілдік пен менмендікке талпындыратын рухының құлдығына түскен адамзат қоғамына нұсқайды (Жохан 14:30; Ефестіктерге 2:2; Жоханның 1-хаты 5:19). Иә, “осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық” болып табылады (Жақып 4:4). Алайда Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылғысы келмейтіндер осы дүниеде өмір сүрсе де, қалай одан алшақ жүре алады? Мұның бес жолы бар: Мәсіх билік ететін Құдай Патшалығына адал болып, саясатқа қатысты бейтараптық сақтау, осы дүниенің рухына қарсы тұру, сырт көріністің қарапайым болуы, көзді қарапайым етіп сақтау және рухани қару-жарақты асыну. Қазір осыларды қарастырайық.
АДАЛДЫҚ ПЕН БЕЙТАРАПТЫҚ САҚТАУ
3. а) Иса саясатқа қалай қараған? ә) Неге Исаның майланған ізбасарларын оның өкілдері деуге болады? (Сілтемені де қара.)
3 Иса саясатқа араласпады, қайта, болашақта өзі басқаратын көктегі үкімет Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздауға бар күшін салды (Даниял 7:13, 14; Лұқа 4:43; 17:20, 21). Сондықтан ол Рим әміршісі Понти Пилатқа: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”,— деп айта алды (Жохан 18:36). Ізбасарлары Исадан үлгі алып, оның өзіне және Патшалығына адалдық сақтайды және Патшалық туралы хабарды бүкіл дүниеге жариялайды (Матай 24:14). Елші Пауыл былай деп жазған: “Осылайша Мәсіхтің өкілдеріміз; біз арқылы Тәңірдің Өзі адамдарға ескертеді. Мәсіхтің атынан: — Құдаймен татуласыңдар!— деп өтінеміз”a (Қорынттықтарға 2-хат 5:20).
4. Шынайы мәсіхшілер Құдай Патшалығына деген адалдықтарын қалай көрсетеді? (“Ертедегі мәсіхшілер бейтараптық сақтаған” деген қоршауды қара.)
4 Өкілдер өзге мемлекеттің не оның басшысының атынан әрекет етеді. Сондықтан өздері қызмет етіп жүрген елдің ішкі саясатына араласпай, бейтараптық сақтайды. Алайда олар өз елінің үкіметін қолдайды. “Отанымыз көкте” деп есептейтін Мәсіхтің майланған ізбасарлары жөнінде де солай деуге болады (Філіпіліктерге 3:20). Олар Патшалық хабарын құлшына уағыздап, Мәсіхтің миллиондаған ‘басқа қойларына’ ‘Құдаймен татуласуға’ көмектесуде (Жохан 10:16; Матай 25:31—40). ‘Басқа қойлар’ болса Исаның хабаршылары ретінде қызмет етіп, оның майланған бауырластарына қолдау көрсетеді. Бір отарға бірігіп Мәсіхтің Патшалығын қолдайтын бұл екі топ та осы дүниенің саяси істеріне мүлдем араласпайды (Ишая 2:2—4).
5. Мәсіхшілер қауымының исраилдіктерден ерекшелігі неде және олар осыған сай қалай әрекет етеді?
5 Шынайы мәсіхшілер Мәсіхке адал болып қалғысы келетіндіктен ғана бейтараптық сақтамайды. Ежелде исраилдіктер Құдай меншігіне берген бір ғана жерді мекендеген, ал бүгінде оның халқы дүниенің төрт бұрышында тұрады (Матай 28:19; Петірдің 1-хаты 2:9). Олай болса, жергілікті саяси партияларды жақтайтын болсақ, Патшалық хабарын еркін уағыздай алмаймыз, әрі бірлігіміз де бұзылады (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Ал соғысқа қатыссақ, бауырластарды сүюге қатысты өсиетті бұзып, оларға қарсы шайқасқан болар едік (Жохан 13:34, 35; Жоханның 1-хаты 3:10—12). Сол себепті Иса шәкірттерін қолдарына семсер алмауға шақырған. Тіпті оларды жауларын жақсы көруге талпындырған (Матай 5:44; 26:52). (“Мен бейтараптық сақтап жүрмін бе?” деген қоршауды қара.)
6. Өміріңді Құдайға бағыштағаның “патшаға” қатысты көзқарасыңа қалай әсер етеді?
6 Біз, мәсіхшілер, өмірімізді адамға, адамдар құрған ұйымға не қандай да бір халыққа емес, Құдайға бағыштадық. Қорынттықтарға 1-хат 6:19, 20-да: “Енді өз меншіктерің емессіңдер, Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәның құлдығынан азат етті”,— делінген. Исаның ізбасарлары билігі барларға құрмет көрсету, алым-салық төлеу және қандай да бір шамада оларға бағыну арқылы “патшаға тиістісін патшаға” береді, сөйте тұра ‘Құдайға тиістісін Құдайға береді’ (Марқа 12:17; Римдіктерге 13:1—7). Олар мұны Ехобаға ғибадат ету, оған адалдықпен мойынсұну және оны жан-тәнімен сүю арқылы істейді. Ал қажет болса, Құдай үшін өмірлерін қиюға да дайын (Лұқа 4:8; 10:27; Елшілердің істері 5:29; Римдіктерге 14:8).
‘ОСЫ ДҮНИЕЛІК РУХҚА’ ҚАРСЫ ТҰР
7, 8. ‘Осы дүниелік рух’ деген не және ол адамдарды қалай ‘билейді’?
7 Сондай-ақ осы дүниеден алшақ жүру үшін мәсіхшілер оның зиянды рухына қарсы тұру керек. Пауыл былай деген: “Біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық” (Қорынттықтарға 1-хат 2:12). Ал Ефестегі мәсіхшілерге: “Сол кезде осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің — Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер”,— деген (Ефестіктерге 2:2, 3).
8 Осы дүниенің рухы — адамдарға ықпал ететін көзге көрінбейтін күш. Ол Құдайға мойынсұнбауға талпындырады және ‘күнәкар құмарлықтар’ мен ‘көздің қомағайлығын’ тудырады (Жоханның 1-хаты 2:16; Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Бұл рух өз ‘күшін’ күнәкар құмарлықтарды өршіту, адамға білдіртпей және ұдайы ықпал ету арқылы көрсетеді және осы дүниені ауа іспетті жайлап алған. Сонымен қатар бұл рух адамның бойын ‘билейді’. Ол мұны өзімшілдік, менмендік, атаққұмарлық, тәуелсіздік және бүлікшілік рухы сияқты жағымсыз қасиеттерді бірте-бірте ояту арқылы істейдіb. Бір сөзбен айтқанда, осы дүниелік рух Шайтанға тән бейімділіктерді адам жүрегіне ұялату үшін талмай әрекет етуде (Жохан 8:44; Елшілердің істері 13:10; Жоханның 1-хаты 3:8, 10).
9. Осы дүниенің рухы санамыз бен жүрегімізге қалай еніп кетуі мүмкін?
9 Осы дүниенің рухы санаң мен жүрегіңе еніп кетуі мүмкін бе? Сақ болмасаң, әбден мүмкін (Нақыл сөздер 4:23). Оның ықпал ете бастағанын жиі байқамай да қаласың. Мысалы, ол жақсы жолдас болып көрінгенмен, Ехобаны сүймейтін адамдар арқылы әсер етуі мүмкін (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Сондай-ақ осы зиянды рухты бойымызға Шайтан мен оның дүниесінің көзқарасын насихаттайтын кез келген адам не кез келген нәрсе арқылы, мысалы, лайықсыз әдебиеттер, интернеттегі порнография не жолдан таюшылардың сайттары, пайдасыз көңіл көтеру мен бәсекелестікке талпындыратын спорт түрлері арқылы сіңіріп алуымыз мүмкін.
10. Осы дүниенің рухына қарсы тұруға не көмектеседі?
10 Осы дүниенің рухына қарсы тұрып, әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында болуға не көмектеседі? Ехобаның рухани шараларын барынша қолданғанымыз және киелі рухын сұрап ұдайы дұға еткеніміз біз үшін бірден-бір көмек болып табылады. Ехоба Шайтан мен оның билігіндегі зұлым дүниеден әлдеқайда күшті (Жоханның 1-хаты 4:4). Олай болса, Ехобаға үнемі дұға еткеніміз қаншалықты маңызды!
СЫРТ КӨРІНІСІМІЗДІҢ ҚАРАПАЙЫМ БОЛУЫ
11. Осы дүниенің рухы адамдардың киім киюге қатысты көзқарасына қалай әсер етуде?
11 Рухтың әсері адамның сырт көрінісінен және тазалыққа қатысты көзқарасынан айқын көрінеді. Көп елде адамдардың киім киюге қатысты көзқарастарының құлдырағаны соншалық — теледидар бағдарламасына қатысқан бір кісінің айтуынша, жуырда жезөкшелерге киер киім қалмайтын көрінеді. Бір газетте айтылғандай, “ашық жері көп, ал ұяты жоқ” деген кең тараған көзқарастың тіпті жасөспірім қыздарға да ықпал еткені байқалады. Ал кейбіреулер олпы-солпы киінуге бейім. Бұл олардың бүлікшіл рухын, әдепсіздігін және өзін-өзі қадірлемейтінін көрсетеді.
12, 13. Киелі кітапта сырт көрініске қатысты қандай принциптер бар?
12 Біз Ехобаның қызметшілеріне лайықты, яғни ұқыпты, таза, талғампаздықпен және жағдайға сай киінгіміз келеді, әрі бұл дұрыс та. Сырт көрінісіміз барлық уақытта да “қарапайым да сыпайы” болу керек. Бұл игі істерімен “Құдайға ұнамды болуға ұмтылғандардың” барлығына — ер адамдарға да, әйелдерге де — лайық. Иә, біз бірінші кезекте өзімізге назар аударғымыз келмейді, қайта, ‘әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленгіміз’ келеді (Тімотеге 1-хат 2:9, 10; Яһуда 21). Құдай алдында аса бағалы ‘көзге көрінбес ізгі қасиеттердің’ біз үшін ең жақсы сән болғанын қалаймыз (Петірдің 1-хаты 3:3, 4).
13 Сырт көрінісіміздің басқалардың шынайы ғибадатқа қатысты көзқарастарына ықпал етуі мүмкін екені де есіңде болсын. “Қарапайым” деп аударылған грек сөзі моральдық мағынада қолданғанда, қастерлеу, қорқу және басқалардың сезімдері мен көзқарастарын ескеруге қатысты ойға нұсқайды. Сондықтан біз өзгелердің ар-ұжданын істеуге құқылымыз деген нәрселерден жоғары қоюға ұмтылуымыз керек. Ал ең бастысы, Ехобаға және оның халқына мадақ әкеліп, ‘бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеу’ арқылы оның қызметшілеріне лайық болуға ұмтылғымыз келеді (Қорынттықтарға 1-хат 4:9; 10:31; Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4; 7:1).
14. Сырт көрініс пен тазалыққа қатысты қандай сұрақтардың үстінен ой жүгіртуіміз керек?
14 Уағызға шыққанда не мәсіхшілердің кездесулеріне барғанда, сырт көрінісімізге және тазалығымызға ерекше мән бергеніміз абзал. Өзіңнен былай деп сұра: “Сырт көрінісіме және тән тазалығына мән бермегенім басқаларға жағымсыз әсер етпей ме? Оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырмаймын ба? Мен, бірінші кезекте, қауымдағы жауапкершіліктерді атқаруға лайық болуды ойлаймын ба, жоқ әлде мен үшін өз құқым маңыздырақ па?” (Забур 67:7; Філіпіліктерге 4:5; Петірдің 1-хаты 5:6).
15. Неге Киелі кітапта мәсіхшілердің сырт көрінісі мен тазалығына қатысты нақты ережелер тізімі берілмеген?
15 Киелі кітапта мәсіхшілердің сырт көрінісі мен тазалығына қатысты нақты ережелер тізімі берілмеген. Ехоба бізді таңдау еркімізден және ойлау қабілетімізден айырғысы келмейді. Қайта, біздің Киелі кітап принциптерінің үстінен ой жүгірте білетін және “түйсіктері машықтанып, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретілген” рухани толысқан адам болғанымызды қалайды (Еврейлерге 5:14 Тт). Ал ең бастысы, әрбір ісімізге өзіне және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншіліктің қозғау салғанын қалайды (Марқа 12:30, 31). Сырт көрінісіміз бен киім үлгілеріміз осы шектеулерден шықпай-ақ алуан түрлі бола алады. Жер шарының қай жерінде болмасын, Ехобаның қуанышты халқы бас қосқанда осыны көруге болады.
КӨЗІҢДІ “ҚАРАПАЙЫМ” ЕТІП САҚТА
16. Осы дүниенің рухы қалай Исаның тәліміне қайшы әрекет етеді және өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?
16 Осы дүниенің рухы алдампаз, әрі миллиондаған адамды бақытты болу үшін ақша мен дүние-мүліктің соңына түсуге талпындырады. Алайда Иса: “Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деген (Лұқа 12:15). Осылай деуімен ол аскетизмге, яғни өз мүддесінен толығымен бас тартуға, шақырмаған. Иса шынайы бақыт пен өмірге “рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар” және көзін “қарапайым” етіп сақтайтындар, яғни бар назарын рухани нәрселерге аударып, жан-тәнімен соған ұмтылатындар, ие бола алатынын айтқан (Матай 5:3, 6:22 ЖД, 23). Өзіңнен былай деп сұра: “Исаның айтқанына шынымен сенемін бе, жоқ әлде маған “өтіріктің бастауы” Шайтан ықпал етіп жатыр ма? (Жохан 8:44). Сөздерім, мақсаттарым, маңызды санайтын нәрселерім мен өмір салтым нені аян етеді? (Лұқа 6:45; 21:34—36; Жоханның 2-хаты 6)”.
17. Көзін қарапайым етіп сақтайтындар қандай баталарға ие?
17 Иса: “Даналық өзінен туған істермен ақталады”,— деген (Матай 11:19). Көзін қарапайым етіп сақтайтындар қандай баталарға ие болатынын ойлап көрші. Патшалықтың мүддесі үшін қызмет еткені оларды рухани сергітеді (Матай 11:29, 30). Артық уайымға салынбай, көңілдері тоқ болады (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Барға қанағат ететіндіктен олар отбасымен және бауырластармен көбірек уақыт өткізе алады. Нәтижесінде ұйқылары да тыныш болады (Екклесиаст 5:12). Олар қолдарынан келгенше жақсылық жасап, беруден келетін бақытқа кенеледі (Елшілердің істері 20:35). Сондай-ақ ‘үміттері молайып’, жан тыныштығы мен қанағат сезіміне бөленеді (Римдіктерге 15:13; Матай 6:31, 32). Бұл — құн жетпес баталар емес пе!?
“РУХАНИ ҚАРУ-ЖАРАҚТЫҢ” БӘРІН” АСЫН
18. Киелі кітапта біздің жауымыз туралы және оның тәсілдері мен шайқастың қалай жүретіні жайлы не айтылған?
18 Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленуге ұмтылатындар өздерін бақытсыз етуді ғана емес, мәңгілік өмірден айыруды да мақсат ететін Шайтаннан рухани жағынан қорғана алады (Петірдің 1-хаты 5:8). Пауыл былай деген: “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12). “Күресу” деген сөз бекіністе тұрып қашықтан шайқасуға емес, қоян-қолтық айқасқа нұсқайды. Сондай-ақ “әкімдер”, “күштілер” және “билеп-төстеушілер” деген сөздерден рухани әлемнен келетін шабуылдың жақсы ұйымдастырылғаны әрі арнайы жоспарланғаны көрінеді.
19. Мәсіхшілердің рухани қару-жарағын сипаттап бер.
19 Біз әлсіздіктерімізге және мүмкіндіктеріміздің шектеулі екеніне қарамастан, жеңіске жете аламыз. Бұл үшін “Құдай берген “рухани қару-жарақтың” бәрін” асынуымыз керек (Ефестіктерге 6:13). Ефестіктерге 6:14—18 тармақтарда бұл қару-жарақ былай сипатталған: ‘Сонымен, шындықпен “белді бекем буып”, әділдікті “сауыт қылып киіп”, табанды тұрыңдар! “Аяқкиімдеріңді де киіп”, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар! Бұларға қоса сенімдеріңді “қалқан қылыңдар”, онымен шайтанның барлық “отты жебелерін” өшіріп тастай аласыңдар; құтқарылғандықтарыңды “дулыға етіп киіп”, қорғаныңдар; Құдай сөзін “рухани семсер қылып ұстаңдар”! Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтыңдар’.
20. Кәдімгі сарбаздан біздің қандай айырмашылығымыз бар?
20 Бұл рухани қару-жарақты бізге Құдай берген, сондықтан оны барлық уақытта асынып жүретін болсақ, ол бізге жақсы қорғаныш болады. Сарбаздар соғысқа араға біраз уақыт салып шығуы мүмкін, ал мәсіхшілер Шайтанның дүниесі жойылып, оның барлық зұлым рухтары тұңғиыққа лақтырылмайынша, қиян-кескі шайқаста үздіксіз күреседі (Аян 12:17; 20:1—3). Сондықтан әлсіздіктеріңмен не бұрыс қалаулармен күресіп жүрген болсаң, қамықпа, өйткені Ехобаға адал болып қалу үшін бәріміз де тәнімізді өзімізге ‘бағындыруымыз’ керек (Қорынттықтарға 1-хат 9:27). Қайта, күреспейтін болсақ, нағыз уайымдайтын нәрсе сол болар еді!
21. Рухани шайқаста жеңіске жету үшін не істеуіміз керек?
21 Алайда біз өз күшімізбен жеңіске жете алмаймыз. Сондықтан Пауыл ‘Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынуымыз’ керек екенін есімізге салады. Сонымен қатар біз Киелі кітапты зерттеу және өзімізбен бірге күресіп жүрген бір сенімдегі ‘сарбаздармен’ араласудың мүмкіндіктерін жібермеу арқылы Ехобаға құлақ асуымыз керек (Тімотеге 2-хат 2:3; Еврейлерге 10:24, 25). Ынты-шынтысымен осылай етіп жүргендер жеңіске жетіп қана қоймайды, сондай-ақ сынаққа кезіккенде сенімдерін қорғай алады.
СЕНІМІҢДІ ҚОРҒАУҒА ДАЙЫН БОЛ
22, 23. а) Неге сенімімізді қорғауға әрқашан дайын болуымыз керек және өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз қажет? ә) Келесі тарауда қандай тақырып талқыланады?
22 Иса шәкірттеріне: “Осы дүниелік емессіңдер... Сондықтан да ол сендерді жек көреді”,— деген (Жохан 15:19). Сол себепті мәсіхшілер сенімдерін қорғауға әрдайым дайын болу керек, әрі мұны ілтипат пен құрмет танытып істеу қажет (Петірдің 1-хаты 3:15). Өзіңнен былай деп сұра: “Неге Ехоба куәгерлерінің кей жағдайларда көпшіліктің пікіріне қайшы келетін көзқарас ұстанатынын түсінемін бе? Осындай жағдайларға қатысты Киелі кітапта жазылған және адал құл табы айтқан нәрселердің дұрыс екеніне толық көз жеткіздім бе? (Матай 24:45; Жохан 17:17). Ехобаға ұнайтындай әрекет ету керек болғанда, өзгелерден ерекше болуға дайынмын ба, әрі мұны мақтаныш санаймын ба? (Забур 33:3; Матай 10:32, 33)”.
23 Алайда осы дүниеден алшақ жүруге деген ықыласымыздан айыру үшін Шайтан жиі жасырын тұзақ құрады. Мысалы, жоғарыда айтылғандай, ол Ехобаның қызметшілерін көңіл көтеру түрлері арқылы осы дүниеге еліктіруге тырысады. Олай болса, ар-ұжданымызды таза сақтай отырып, демалып күш жинауға көмектесетін лайықты көңіл көтеру түрлерін қалай таңдауға болады? Бұл тақырып келесі тарауға арқау болмақ.
a Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан бастап Мәсіх майланған ізбасарларынан тұратын қауымның Патшасы ретінде билік етіп келеді (Қолостықтарға 1:13). Ал 1914 жылы оған “Әлемді басқаруға” патшалық билігі берілді. Сондықтан майланған мәсіхшілер бүгінде Мәсіх Патшалығының өкілдері ретінде де қызмет етеді (Аян 11:15).
b Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жазбалар туралы пікір алысу” кітабының (ор.) 135—139 беттерін қара.
c Қосымшадағы “Туды дәріптеу, дауыс беру және азаматтық қызмет деген тақырыпты” қара.