Қайта тірілуге деген үміт күш береді
“Бұлардың бәрінен бас тартып... Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білуге құштармын” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 3:8—10).
1, 2. а) Көп жылдар бұрын бір діни қызметкер қайта тірілуді қалай суреттеді? ә) Қайта тірілу қалай болады?
БАСПАСӨЗ беттерінде 1890 жылдардың басында Бруклинде (Нью-Иорк, АҚШ) тұратын бір діни қызметкердің таңғаларлық уағызы жарияланды. Оның айтуы бойынша, қайта тірілу кезінде өлген адамның сүйегі мен еті — мейлі ол жанып кетсін, не бақытсыздыққа ұшырап шашылып қалсын, жыртқыш аң жеп қойсын, болмаса тыңайтқышқа айналып кетсін, бәрібір — қайта бірігіп, жанданады. Оның айтуынша, белгілі бір 24 сағаттық күні бүкіл жер беті қайтыс болған миллиардтаған адамдардың қолдарына, аяқтарына, саусақтарына, сүйектеріне, сіңірлеріне және терілеріне толып кетеді. Бұл дене мүшелері кезінде бір денені құраған өзге бөліктерін іздей бастайды. Содан соң, аспанға не тозаққа кеткен жандары қайта оралып денелерге кіреді.
2 Бастапқыда денені құраған атомдардың қайта бірігуі арқылы адамның қайта тірілуі ақылға қонарлық нәрсе емес, сондай-ақ адамның өлмейтін жаны да жоқ (Екклесиаст 9:5, 10; Езекиел 18:4). Өлгендерді қайта тірілтетін Ехоба Құдайға алғашында адамның денесін құраған атомдарды қайтадан біріктіру қажет емес. Ол қайта тірілгендер үшін жаңа дене жасай алады. Ехоба өзінің Ұлы Иса Мәсіхке өлгендерді қайта тірілтуге күш берді. Олар мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады (Жохан 5:26). Сол себепті Иса: “Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады”,— деді (Жохан 11:25, 26). Қандай керемет уәде десеңші! Бұл, Ехобаның адал қызметшілері ретінде қиындықтарға төзіп, тіпті өлімнен де қорықпауымыз үшін, бізге күш береді.
3. Неліктен Пауылдың қайта тірілу туралы ілімді қорғауына тура келді?
3 Қайта тірілу грек пәлсапашысы Платонның көзқарасына сай адамның өлмейтін жаны бар деген іліммен үйлеспейді. Сол себепті елші Пауыл Афины қаласының Ареопагында гректердің әйгілі адамдарына куәлік еткен кезінде, Исаға нұсқап, оны Құдайдың қайта тірілткенін айтқанда не болды екен? ‘Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері мазақтады’,— делінген Киелі кітапта (Елшілердің істері 17:29—34). Исаның қайта тірілгенін көргендердің көбісі әлі тірі еді және олар, өзгелердің мазақ еткеніне қарамастан, Исаның қайта тірілтілгеніне куәлік етті. Бірақ, Қорынт қаласының қауымындағы кейбір жалған оқытушылар қайта тірілу болмайды деген пікір айтты. Сол себепті Пауыл, Қорынттықтарға жазған бірінші хатының 15-тарауында мәсіхшілердің бұл ілімін керемет түрде қорғады. Оның айтқан дәлелдерін мұқият зерттегеніміз қайта тірілуге деген үміттің негізі бар екендігіне және адамға күш беретініне еш күмән қалдырмайды.
Исаның қайта тірілтілгенінің керемет дәлелдері
4. Пауыл Исаның қайта тірілгенінің куәсы ретінде кімдерді келтірді?
4 Пауылдың өзінің дәлел келтіруін неден бастағанына көңіл бөліңдерші (1 Қорынттықтарға 15:1—11). Қорынттықтар құтқарылу туралы ізгі хабарды берік ұстанбаса, мәсіхші болғандарының бекер болғаны. Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өліп, жерленді және қайта тірілтілді. Қайта тірілтілген Иса Кефаға (Петір), “содан кейін он екі елшінің бәріне” көрінді (Жохан 20:19—23). “Барып... шәкірт қылыңдар” деп бұйырған кезінде болса керек, оны 500-ге жуық адам көрді (Матай 28:19, 20). Барлық адал елшілерімен бірге оны Жақып та көрді (Елшілердің істері 1:6—11). Дамаск қаласына жақын жерде, “ерте туылған”, яғни рухани өмірге уақытынан бұрын қайта тірілгендей болған, Пауылға көрінді (Елшілердің істері 9:1—9). Қорынттықтар Пауылдың уағыз айтқанының арқасында ізгі хабарды қабылдап, мәсіхші болған еді.
5. 1 Қорынттықтарға 15:12—19 тармақтарда жазылған Пауылдың қисынды түсіндірмесі қандай?
5 Пауылдың қисынды түсіндірмесіне көңіл аударыңдаршы (1 Қорынттықтарға 15:12—19). Мәсіхтің қайта тірілгенін өз көзімен көргендер уағыз айтып жүргенде, қайта тірілу болмайды деп қалай айтуға болады? Егер Иса өлімнен қайта тірілтілмеген болса, онда біздің уағызымыз да, сеніміміз де бекер болғаны, әрі Мәсіхті тірілтті деп Құдай туралы жалған куәлік келтіріп жүргеніміз. Егер өлгендер қайта тірілмейтін болса, ‘күнәларымыз әлі де мойнымызда қалғаны’ және Мәсіхке сеніп қайтыс болғандардың мәңгіге жойылғаны. Оның үстіне, “егерде Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік”.
6. а) Исаның қайта тірілгеніне дәлел ретінде Пауыл не айтты? ә) “Соңғы жау” деген не және ол қалай жойылады?
6 Пауыл Исаның қайта тірілтілгенін растайды (1 Қорынттықтарға 15:20—28). Иса — өлім ұйқысында жатқандардың “алғашқы жемісі” (ЖД), демек қайта тірілетін өзгелердің де бар болғаны. Дүниеге өлімнің келуіне адам — Адам атаның тіл алмауы себеп болғандықтан, қайта тірілу де адам — Иса арқылы келді. Исамен байланыста болғандар, ол қайтып келгенде тірілетін еді. Мәсіх, Құдайдың үстемдігіне қарсы болған “күллі билік пен күш атаулыны жойып жібереді” және Ехоба барлық жауларын аяғына жығып бергенше Патша ретінде билік жүргізеді. Тіпті Мәсіхтің құрбан болғанының арқасында “соңғы жау” — Адам атадан мұра еткен өлім де жойылады. Сонан соң, Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырып, “әлемді аяғына жығып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады”.
Өлгендер үшін шомылдыру рәсімінен өткен бе?
7. “Өлу үшін” шомылдыру рәсімінен өтетін кімдер және олар үшін бұл нені білдіреді?
7 Қайта тірілудің болатынын мойындағысы келмейтіндерге Пауыл былай деді: “Өлгендердің орнын басып, шомылдыру рәсімінен өткендер [“Өлу үшін шомылдыру рәсімінен өткендер”, ЖД] не істемек?” (1 Қорынттықтарға 15:29). Пауыл бұл жерде тірілер өлгендер үшін шомылдыру рәсімінен өтеді дегісі келген жоқ, өйткені Исаның шәкірттерінің әрқайсысы өзі үшін шындықты біліп, сенім артып, өздері үшін шомылдыру рәсімінен өтуі керек (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 2:41). Майланған мәсіхшілер “өлу үшін” — яғни өліп, содан соң қайта тірілуге бастайтын өмір жолына түсу үшін — шомылдыру рәсімінен өтеді. Шомылдыру рәсімінен өтудің бұл түрі Құдайдың рухы мәсіхшілердің жүрегінде аспанда өмір сүруге деген үміт оятқан кезде басталып, аспанда өлмейтін рухани өмір кешу үшін қайта тірілгенде бітеді (Римдіктерге 6:3—5; 8:16, 17; 1 Қорынттықтарға 6:14).
8. Тіпті шайтан мен оның қызметшілері өлтіруі мүмкін болса да, мәсіхшілер не нәрсеге сенімді?
8 Пауылдың сөздерінен көріп отырғанымыздай, қайта тірілуге деген үміт мәсіхшілерге, сағат сайын бастарын қауіп-қатерге тігіп, күн сайын өліммен бетпе-бет келсе де, Патшалық туралы уағыз айту ісін жалғастыра берулеріне мүмкіндік береді (1 Қорынттықтарға 15:30, 31). Егер Ехоба Шайтан мен оның қызметшілерінің қолынан қаза болуына жол беретін болса, олар Оның өздерін қайта тірілте алатынын біледі. Тек Құдай ғана олардың жанын, немесе өмірін, мәңгіге жойылуды білдіретін жаһаннамда жойып жібере алады (Лұқа 12:5).
Сақ болуымыз керек
9. Қайта тірілуге деген үмітіміздің күш беруі үшін неден аулақ болуымыз керек?
9 Қайта тірілуге деген үміті Пауылға күш берген. Сірә, Ефесте болған кезінде, жаулары оны жыртқыш аңдармен алысу үшін арнайы алаңға тастаса керек (1 Қорынттықтарға 15:32). Егер солай болған болса, Даниелдің арыстандардан құтқарылғаны сияқты, ол да аман қалған (Даниел 6:16—22; Еврейлерге 11:32, 33). Қайта тірілуге үміт артқандықтан, Пауыл Ишая пайғамбардың күндерінде Иудеяда өмір сүрген жолдан тайғандардың көзқарасын ұстанған жоқ. Олар: “Ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өлеміз”,— дейтін (Ишая 22:13). Қайта тірілуге деген үмітіміз Пауыл сияқты бізге де күш беруі үшін, мұндай рух танытатын адамдардан аулақ болуымыз керек. “Мұндайларға алданып қалмаңдар! Араммен араласқан адал әдетінен айырылады”,— деп ескертті Пауыл (1 Қорынттықтарға 15:33). Әрине, бұл принцип өміріміздің әр саласына қатысты.
10. Қайта тірілуге деген үмітімізді жоғалтпау үшін не істеуіміз керек?
10 Қайта тірілудің болатынына күмәнданатындарға Пауыл былай деді: “Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын” (1 Қорынттықтарға 15:34). Осы “заманның ақырының” кезінде Құдай мен Мәсіх жөніндегі тура білімге сай өмір сүруіміз керек (Даниел 12:4; Жохан 17:3). Бұл қайта тірілуге деген үмітімізді жоғалтпауға көмектеседі.
Қандай денеде қайта тіріледі?
11. Пауыл майланған мәсіхшілердің қайта тірілуін қалай суреттеді?
11 Әрі қарай Пауыл кейбір сұрақтарды түсіндіреді (1 Қорынттықтарға 15:35—41). Қайта тірілудің болатынына күмән келтіргісі келген біреу былай деп сұрауы мүмкін: “Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген кезде денелері қандай болмақ?” Пауылдың айтуы бойынша, жерге сепкен дән көктеген кезде, өледі. Сол сияқты рухтан туған адамдар да өлуге тиіс. Дәннен өнген өсімдіктің денесі өзгеше болатынындай, қайта тірілген майланған мәсіхшілердің денесі де адамзаттың тәнінен өзгеше. Оның өлгенге дейінгі қасиеттері сол күйінде қалғанымен, аспанда өмір сүруге мүмкіндік беретін жаңадан жаратылған рухани денеде тіріледі. Әрине, жерде өмір сүру үшін қайта тірілгендердің тәндік денелері болады.
12. “Аспандық денелер” мен “жерлік денелер” дегеніміз не?
12 Пауылдың айтуы бойынша, адамның денесі жануардың денесінен өзгеше. Тіпті жануарлардың денесі де әр түрлі (Жаратылыс 1:20—25). Рухани жаратылыстардың “аспандық денелерінің” салтанаты “жерлік денелерден” өзгеше. Сондай-ақ күн, ай, жұлдыздар салтанаты жағынан әр түрлі. Бірақ, қайта тірілген майланғандардың салтанаты әлдеқайда зор.
13. 1 Қорынттықтарға 15:42—44 тармақтарға байланысты не шіріп, не қайта тұрады?
13 Осы өзгешеліктерді атап өткен Пауыл былай деп қосты: “Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады” (1 Қорынттықтарға 15:42—44). Ол былай деді: “Топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді”. Бұл жерде Пауыл топ ретіндегі майланғандар жайында айтса керек. Өлген кезде олардың денесі шіріп кетеді де, қайта тірілгенде күнәдан арылып, мәңгі шірімейтін денеге ие болады. Осы дүниеде қорлық көргенімен, олар аспанда өмір сүру үшін қайта тіріліп, Исамен бірге салтанатты ұлылықпен көрінеді (Елшілердің істері 5:41; Қолостықтарға 3:4). Өлген кезде “тәндік дене” жерленіп, қайта тірілгенде “рухани денеге” ие болады. Бұл майланған мәсіхшілерге қатысты мүмкін болғандықтан, өзгелердің жерде өмір сүру үшін тірілуінің де мүмкін екеніне сенімді бола аламыз.
14. Пауыл Мәсіх пен Адамды қалай салыстырды?
14 Әрі қарай Пауыл Мәсіхті Адам атамен салыстырады (1 Қорынттықтарға 15:45—49). Алғашқы адам — Адам ата “тірі жан болып шыға келді” (Жаратылыс 2:7). “Соңғы Адам” — Иса “мәңгілік өмір беретін Рух” болып табылады. Ол өзінің өмірін төлем құрбандығы ретінде бірінші кезекте өзінің майланған ізбасарлары үшін қиды (Марқа 10:45). Адам ретінде олар, “топырақтан жаратылғанның кейпінде” болады, ал қайта тірілген кезде соңғы Адам — Мәсіхтің кейпіне ие болады. Әрине, Исаның құрбандығы, жерде өмір сүретіндерді де қоса, барлық тілалғыш адамзатқа пайдасын тигізеді (1 Жохан 2:1, 2).
15. Неліктен майланған мәсіхшілер тәндік денеде тірілтілмейді және Иса қатысып отырған уақытта олар қалай қайта тірілтілуде?
15 Майланған мәсіхшілер қайтыс болғаннан кейін қайтадан тәндік денеде тірілмейді (1 Қорынттықтарға 15:50—53). Ет пен қаннан тұратын тәндік шіритін дене ешқашан өлмеу мүмкіндігіне ие бола алмайды және аспан Патшалығына кіре алмайды. Кейбір майланғандар өлім ұйқысында көп уақыт жатпас еді. Иса қатысып отырған уақыт ішінде жердегі өмірін адалдықпен аяқтаған олар ‘түгелдей өзгерер еді; бұл кенеттен, қас қағым сәтте... іске асар еді’. Олар қас қағым сәтте шірімейтін әрі салтанатты денеде рухани өмірге қайта тірілер еді. Ақыр аяғында Мәсіхтің аспандағы “қалыңдығының” саны 144000 болады (Аян 14:1; 19:7—9; 21:9; 1 Салоникалықтарға 4:15—17).
Өлімді жеңу!
16. Пауыл мен ежелгі пайғамбарлардың сөздеріне сәйкес Адам атадан мұра етілген өлімді не күтіп тұр?
16 Пауыл қуана өлімнің мәңгіге жойылатынын жариялады (1 Қорынттықтарға 15:54—57). Шіритін және өлетін дененің орнына шірімейтін және мәңгілік дене берілгенде, “өлім мәңгілікке жоқ болады”. Сөйтіп, “өлім, қайда сенің жеңісің? өлім, қайда сенің улы тісің?” деген сөздер орындалады (Ишая 25:8; Ошия 13:14). Өлім тудыратын улы тіс — күнә, ал күнә өзінің күшін күнәкарларға өлім үкімін шығаратын заңнан алады. Бірақ, Исаның құрбандығы мен қайта тірілуінің арқасында күнәкар Адам атадан мұра еткен өлім бұдан былай жеңіске жетпейтін болады (Римдіктерге 5:12; 6:23).
17. 1 Қорынттықтарға 15:58-дегі сөздердің бүгінгі күнге қандай қатысы бар?
17 “Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болыңдар! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігіне көз жеткіздіңдер”,— деді Пауыл (1 Қорынттықтарға 15:58). Бұл сөздер — осы соңғы күндері өліп қалулары мүмкін болса да — бүгін өмір сүріп жатқан майланғандардың қалдығы мен Исаның “басқа да қойларына” қатысты (Жохан 10:16). Олардың Патшалықты уағыздаушылар ретіндегі еңбектері бекер емес, өйткені оларды қайта тірілу күтіп тұр. Сол себепті, Ехобаның қызметшілері ретінде, “өлім, қайда сенің жеңісің?” деп қуана айғайлайтын уақыт келгенше, Иеміздің жұмысын атқара берейік.
Қайта тірілуге деген үміт орындалуда!
18. Пауылдың қайта тірілуге деген үміті қаншалықты күшті болды?
18 Пауылдың Қорынттықтарға жазған бірінші хатының 15-тарауынан қайта тірілуге деген үміттің оның өміріне әсер еткенін анық көруге болады. Ол Исаның өлімнен қайта тірілтілгеніне және өзгелердің де адамзаттың ортақ моласынан босайтынына сенімді болды. Сенің де сенімің Пауылдікіндей берік пе? Пауыл пайдакүнемдіктің арқасында келетін нәрселердің бәрін “сыпырынды” санады және “Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білу” үшін ‘бәрінен бас тартты’. Ол “қайта тірілу [“ертерек қайта тірілу”, ЖД]” үмітімен Мәсіх сияқты өлуге дайын болды. Бұл қайта тірілу сонымен бірге “алғашқы қайта тірілу” деп те аталады, ол Исаның майланған 144000 шәкірттеріне қатысты орындалды. Иә, олар аспанда өмір сүру үшін қайта тіріледі, ал “өлгендердің басқалары болса” жерде өмір сүру үшін қайта тірілтіледі (Філіпіліктерге 3:8—11; Аян 7:4; 20:5, 6).
19, 20. а) Есімдері Киелі кітапта жазылған қандай адамдар жерде өмір сүру үшін қайта тіріледі? ә) Кімдердің қайта тірілгенін күтудесің?
19 Өлгенге дейін адалдықтарын сақтаған майланғандар қайта тірілуге деген үміттерінің салтанатты ұлылықпен орындалғанын көрді (Римдіктерге 8:18; 1 Салониқалықтарға 4:15—18; Аян 2:10). “Үлкен апаттан” аман өткендер ‘теңіз өзінде болған өлгендерді қайтып беріп, өлім де, тозақ та өздерінде болған өлілерді қайтып берген’ кезде қайта тірілуге деген үміттің жер бетінде орындалғанын көреді (Аян 7:9, 13, 14; 20:13). Жерде өмір сүру үшін қайта тірілгендердің ішінде жеті ұл, үш қызынан айырылған Аюп та болады. Олар қайтып тірілген кездегі Аюптың қуанышын және тағы жеті інілері мен үш сұлу қарындастарын көргендегі балаларының қуанышын көздеріңе елестетіп көріңдерші! (Аюп 1:1, 2, 18, 19; 42:12—15).
20 Ыбырайым мен Сара, Ысқақ пен Рабиға және араларында “барлық пайғамбарлар” да бар өзге адамдар қайта тірілгенде қандай керемет болады десеңші! (Лұқа 13:28). Ол пайғамбарлардың бірі Мәсіх басшылық еткенде қайта тірілесің деп уәде етілген Даниел болатын. Міне, Даниелдің молада жатқанына 2500 жылдай болды, бірақ қайта тірілудің арқасында ол жақында ‘бүкіл жер бетіндегі әкімдердің’ бірі ретінде ‘өз жеребесін алу үшін қайта тұрады’ (Даниел 12:13; Забур 44:17). Ертеде қайтыс болған адал адамдармен ғана емес, өзіңнің әкеңмен, анаңмен, ұлыңмен, қызыңмен немесе басқа да өлім деген жау арамыздан алып кеткен қымбатты жақындарыңмен қайта қауышқан қандай қуанышты болады десеңші!
21. Неліктен қазірден бастап өзгелерге жақсылық жасауымыз керек?
21 Біздің бірнеше онжылдықтар бойы Ехобаға қызмет етіп келе жатқан достарымыз бен жақындарымыздың кейбіреуі қазір қартайып та қалған шығар. Жасы ұлғайғандықтан өмірдің қиындықтарын жеңу олар үшін оңайға түспеуі мүмкін. Қазірдің өзінде оларға қолымыздан келгенше көмек көрсете алғанымыз сүйіспеншіліктің қандай зор белгісі десеңші! Сөйтер болсақ, олар қайтыс болып кеткен жағдай болса, сүйіктілерімізге байланысты міндетімізді орындай алмай қалғанымызға өкінбейтін боламыз (Екклесиаст 9:11; 12:1—7; 1 Тімотеге 5:3, 8). Барлық жастағы және жағдайдағы өзге адамдарға жасаған жақсылықтарымызды Ехобаның ұмытпайтынына күмәнданбауымызға болады. “Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” — деп жазды Пауыл (Ғалаттықтарға 6:10; Еврейлерге 6:10).
22. Қайта тірілуге деген үмітіміз орындалғанша не істеуге белімізді бекем бууымыз керек?
22 Ехоба — “қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі” (2 Қорынттықтарға 1:3, 4). Оның сөзі бізді жұбатады және күш-қуат беретін қайта тірілуге деген үмітті айтып өзгелерді жұбатуымызға көмектеседі. Қайтыс болып кеткендер жерде өмір сүру үшін қайта тіріліп, үмітіміз орындалғанға дейін, қайта тірілудің болатынына Пауыл сияқты сенімді болайық. Әсіресе, Құдайдың қайта тірілте алатын күшіне артқан үміті ақталған Исаға еліктейік. Қайтыс болғандар жақында Мәсіхтің даусын естіп, тұрады. Бұл бізге жұбаныш пен қуаныш әкелгей! Бәрінен бұрын, Иеміз Иса Мәсіх арқылы өлімді жеңуді мүмкін еткен Ехобаға ризашылық білдірейік!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Пауыл Исаның қайта тірілгенінінің куәсы ретінде кімдерді келтірді?
• “Соңғы жау” деген не және ол қалай жойылады?
• Майланған мәсіхшілерге қатысты жерленетін және тірілетін не?
• Жерде өмір сүру үшін қайта тірілген кездерінде Киелі кітап кейіпкерлерінің қайсысымен кездескің келеді?
[14-беттегі сурет]
Елші Пауыл қайта тірілудің болатынын керемет түрде қорғады.
[18-беттегі суреттер]
Аюп, оның отбасы және өзгелер қайта тірілгенде қандай шексіз қуаныш болады десеңші!