Ізгі хабардың игіліктері
“Жаратушы Тәңір Ие... Мені жарлыларға ізгі хабар жеткізіп, жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындап... қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді” (ИШАЯ 61:1, 2).
1, 2. а) Иса өзінің кім екенін көрсетті және қалай көрсетті? ә) Иса жариялаған ізгі хабар қандай баталар әкелді?
ЖЕРДЕГІ қызметі басталған кезде діни демалыс күндерінің бірінде Иса Назарет қаласындағы мәжілісханаға барады. Лұқаның айтуынша, ‘Оған Ишая пайғамбардың жазбасы берілді. Иса жазбаның мына жерін тауып, ашып жамағат алдында оқып берді: Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге тағайындады’. Иса бұл пайғамбарлық хабардың біраз жеріне дейін оқиды. Содан соң орнына отырды да, былай деді: “Сіздер естіген осы сөздер бүгін орындалды” (Лұқа 4:16—21).
2 Осылайша Иса өзінің келетіндігі алдын ала айтылған ізгі хабарды жариялаушы және жұбаныш әкелуші екенін көрсетті (Матай 4:23). Исаның айтқандары шын мәнінде де ізгі хабар еді! Ол тыңдаушыларына былай деді: “Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады” (Жохан 8:12). Ол тағы былай деді: “Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар. Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді” (Жохан 8:31, 32). Иә, Исада “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” болды (Жохан 6:68, 69). Нұр, өмір, азаттық — бұлардың өте бағалы сыйлар екендігі сөзсіз!
3. Исаның шәкірттері қандай ізгі хабарды уағыздады?
3 Б. з. 33-жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейін де, шәкірттері Исаның ізгі хабарды уағыздау ісін әрі қарай жалғастыра берді. Олар ‘Құдай Патшалығы туралы... Ізгі хабарды’ исраилдіктерге де, өзге халықтарға да уағыздады (Матай 24:14; Елшілердің істері 15:7; Римдіктерге 1:16). Оны қабыл алғандар Ехоба Құдаймен танысты. Олар діни құлдықтан босап, жаңа рухани халық — ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ қатарына қосылды. Бұл халықтың мүшелері болашақта Иелері Иса Мәсіхпен бірге көкте мәңгі билік жүргізетін болады (Ғалаттықтарға 5:1; 6:16; Ефестіктерге 3:5—7; Қолостықтарға 1:4, 5; Аян 22:5). Қандай керемет баталар десеңші!
Бүгінгі ізгі хабарды уағыздау ісі
4. Ізгі хабарды уағыздау тапсырмасы бүгінде қалай орындалуда?
4 Бүгінде майланған мәсіхшілер ‘басқа қойлардың’ күн санап өсіп келе жатқан ‘үлкен тобырының’ көмегімен алғашында Исаға берілген пайғамбарлық тапсырманы орындауда (Аян 7:9; Жохан 10:16). Нәтижесінде ізгі хабар бұрын-соңды болмаған көлемде уағыздалуда. 235 елдер мен аймақтарда Ехоба Куәгерлері ‘жарлыларға ізгі хабарды жеткізіп... жаралы жүректерді жұбатып орнықтырып, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салып... Құдай Иеміздің Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларынан кек алатын кезін жариялап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатып’ жүр (Ишая 61:1, 2). Демек, әлі де көп адамдар мәсіхшілердің ізгі хабарды уағыздау ісінің игілігін көріп, ‘әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендер’ шынайы жұбанышқа ие болуда (2 Қорынттықтарға 1:3, 4).
5. Ізгі хабарды уағыздауға байланысты Ехоба Куәгерлерінің христиан әлемінің шіркеулерінен ерекшелігі қандай?
5 Рас, христиан әлемінің шіркеулері де уағыздаудың түрлі әдістерін қаржыландырып отыр. Көбісі адамдарды өз дініне кіргізу үшін бөтен елдерге миссионерлер жібереді. Мысалы, бір діни журналда (The Orthodox Christian Mission Center Magazine) православие шіркеуі миссионерлерінің Мадагаскардағы, Оңтүстік Африкадағы, Танзаниядағы және Зимбабведегі қызметтері туралы хабарланды. Алайда, христиан әлемінің өзге де шіркеулері сияқты православие шіркеуі мүшелерінің де басым көпшілігі мұндай іске қатыспайды. Ал өмірін Құдайға арнаған Ехоба Куәгерлерінің барлығы да ізгі хабарды уағыздауға тырысады. Ізгі хабарды уағыздағандары сенімдерінің шынайы екендігінің дәлелі екенін олар түсінеді. Пауыл былай деген болатын: “Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсынан ақталып, Оны аузымен мойындауы арқылы құтқарылады”. Әрекет етуге талпындырмайтын сенім, іс жүзінде өлі (Римдіктерге 10:10; Жақып 2:17).
Мәңгі игіліктер сыйлайтын ізгі хабар
6. Бүгінде қандай ізгі хабар уағыздалуда?
6 Ехоба Куәгерлері ең керемет хабарды уағыздап жүр. Олар қабылдауға бейім адамдарға, адамзаттың Құдайға жақындай алуы үшін, күнәлары кешірілуі үшін және мәңгі өмір сүру үмітіне ие бола алулары үшін Исаның өз өмірін құрбан еткенін Киелі кітаптан ашып көрсетеді (Жохан 3:16; 2 Қорынттықтарға 5:18, 19). Олар Құдай Патшалығының көкте орнап қойғанын, оның Патшасы ретінде Иса Мәсіхтің сайланғанын және оның жақында жер бетінен зұлымдықты жойып, Жұмақты қайта қалпына келтіру ісіне басшылық жасайтынын жариялайды (Аян 11:15; 21:3, 4). Олар, қазіргі уақыттың адамдардың әлі де болса ізгі хабарды қабылдауға мүмкіндіктері бар, ‘Құдай Иеміздің кешірім беретін мейірімділік жылы’ екендігін жақындарына хабарлап жүр. Осылайша Ишаяның пайғамбарлығы орындалуда. Сондай-ақ олар, жақында ‘Құдайдың жауларынан кек алатын кезі’ келіп, Ехобаның күнәларына өкінбейтіндерді жоятынын да ескертеді (Забур 36:9—11).
7. Қандай оқиға Ехоба Куәгерлерінің бірлігін паш етеді және олардың бірлікте болуының себебі не?
7 Трагедия мен бақытсыздық жағдайлар жайлаған дүниеде бұл мәңгілік игілік әкелетін жалғыз ғана ізгі хабар. Мұны қабыл алғандар мәсіхшілердің біріккен дүниежүзілік бауырластығының қатарына кіреді. Ондағылар ұлтының, руының немесе әлеуметтік жағдайының әр түрлі болғанына бола, араларында бөлінушіліктің болуына жол бермейді. Олар ‘бәрін толықтай біріктіретін сүйіспеншілікке бөленген’ (Қолостықтарға 3:14; Жохан 15:12). Бұның растығын өткен жылы Африкадағы бір елде орын алған жағдай көрсетті. Бір күні таңертең бұл елдің астанасын ұйқыдан артиллерия гүрсілі оятты. Бұл — сәтсіз аяқталған мемлекеттік төңкерістің қызған шағы еді. Адамдар этникалық жікке бөліне бастағанда, өзге этникалық топқа жататын бауырластарын паналатқандары үшін Куәгерлердің бір отбасын кінәлаған кезде, олар: “Біздің үйімізде тек Ехоба Куәгерлері ғана бар”,— деп жауап берді. Олар үшін этникалық ерекшелік емес, мұқтаж кезде жұбаныш сыйлайтын мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік маңызды еді. Сол отбасының Куәгер емес туысы былай дейді: “Өзге барлық діндердің мүшелері бірін-бірі сатып кетті. Тек Ехоба Куәгерлері ғана олай еткен жоқ”. Қақтығыстар болып жатқан елдерден келіп түсіп жатқан осыған ұқсас оқиғалар жөніндегі хабарлар Ехоба Куәгерлерінің шын мәнінде ‘рухани бауырластарын сүйетінін’ көрсетеді (1 Петір 2:17).
Ізгі хабар адамдардың өмірін өзгертуіне әсер етеді
8, 9. а) Ізгі хабарды қабыл алғандар өмірлеріне қандай өзгерістер енгізуде ә) Ізгі хабардың әсерін қандай оқиғалардан көруге болады?
8 Ізгі хабар елші Пауыл айтқан “осы және болашақ өмірге” қатысты (1 Тімотеге 4:8). Ол болашаққа байланысты керемет, шынайы үміт оятып қана қоймай, ‘осы өмірімізді’ де жақсартуымызға көмектеседі. Ехоба Куәгерлерінің әр қайсысы өмірлерін Құдайдың еркіне сай құру үшін, Құдай Сөзі — Киелі кітаптан басшылық іздейді (Забур 118:101). Әділдік және шын берілгендік сияқты қасиеттерді дамытқандықтан, олар жаңа адам болып өзгеруде (Ефестіктерге 4:24).
9 Франконың мысалын қарастырып көрейікші. Ол ашушаң еді. Көңіліне бір нәрсе жақпай қалса, бұлқан-талқан болып, қолына түскен нәрсені сындырып тастайтын еді. Оның әйелі Ехоба Куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттеп жүреді. Олардың мәсіхшілерге тән үлгісі Франкоға өзгеруі керек екенін көре білуіне көмектеседі. Ол олармен бірге Киелі кітапты зерттеп, ақыр аяғында тыныштық пен ұстамдылық сияқты киелі рухтың жемісін таныта алатын болады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ол 2001 жылы Белгияда шомылдыру рәсімінен өткен 492 адамның бірі болды. Сондай-ақ Алехандроның да мысалын қарастырып көрейікші. Ол жас жігіттің есірткіге құмартып кеткені сонша, қоқыстың арасында өмір сүріп, есірткі сатып алу үшін сол жерден тапқандарын сататын күйге жетеді. 22 жасында оған Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты зерттеуге ұсыныс жасап, ол келіседі. Киелі кітапты күнделікті оқитын болады және мәсіхшілердің кездесуіне келіп тұрады. Өмірін тез қалыпқа келтіргені сонша, алты айға жетпей ізгі хабарды уағыздау ісіне қатысуға мүмкіндік алады. Сөйтіп ол Панамада өткен жылы уағыздау ісіне қатысқан 10 115 адамның бірі болды.
Ізгі хабар кішіпейілділерге игілік әкеледі
10. Ізгі хабарды кімдер қабылдайды және олардың көзқарастары қалай өзгеруде?
10 Ишая ізгі хабардың кішіпейілділерге уағыздалатыны жөнінде пайғамбарлық еткен болатын. Бұл кішіпейілділер кімдер екен? Олар Елшілердің істері кітабында “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандар” деп аталған адамдар (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Олар шындық туралы хабарды қабыл алған әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан момын адамдар. Мұндай адамдар Құдайдың еркін орындаудың арқасында алатын сыйлары осы дүние ұсынатын кез келген нәрседен әлдеқайда құнды екенін білуде (1 Жохан 2:15—17). Ал, Ехоба Куәгерлері ізгі хабарды қалай адамдардың жүрегіне жететіндей етіп уағыздайды екен?
11. Пауылдың сөздеріне сәйкес, ізгі хабарды қалай уағыздау керек?
11 Елші Пауылдың үлгісін қарастырып көрелік. Ол Қорынттықтарға былай деп жазған еді: “Мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға бел байлаған едім” (1 Қорынттықтарға 2:1, 2). Пауыл тыңдаушыларының көңілін білімділігіне бұрғысы келген жоқ. Ол бүгінде Киелі кітаптан табуға болатын Құдай кепілдік берген шындықтан өзге еш нәрсені үйреткен жоқ. Сондай-ақ, Пауылдың өзімен бірге ізгі хабарды уағыздаған Тімотені не нәрсеге жігерлендіргеніне көңіл аударыңдаршы: “Құдай сөзін уағызда! Мұны... орындауға табандылықпен ұмтыл” (2 Тімотеге 4:2). Тімоте ‘сөзді’, яғни Құдайдың хабарын, уағыздауы керек болатын. Сонымен қатар, Пауыл Тімотеге былай деп жазды: “Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 Тімотеге 2:15).
12. Бүгінде Ехоба Куәгерлері қалай Пауылдың сөздеріне де, үлгісіне де аса көңіл қояды?
12 Ехоба Куәгерлері Пауылдың үлгісіне де, Тімотеге жазған сөздеріне де аса көңіл қояды. Олар Құдай Сөзінің күшіне сенеді және қызметте жүргенде жақындарына үміт оятатын және жұбаныш беретін сөздерді ашып оқып, оны тиімді қолдана біледі (Забур 118:52; 2 Тімотеге 3:16, 17; Еврейлерге 4:12). Рас, олар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді де кеңінен қолданады, сөйтіп қызығушылық білдірген адамдар сол әдебиеттердің көмегімен бос уақыттарында Киелі кітапты көбірек біле түседі. Алайда олар әрдайым адамдарға Киелі кітаптағы сөздерді ашып көрсетуге тырысады. Олар Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған сөздердің момын адамдардың жүрегіне әсер ететінін біледі. Және осылай Киелі кітапты қолдануларының арқасында олардың өздерінің де сенімдері нығая түседі.
“Қайғырып жүргендердің бәрін жұбату”
13. 2001 жылы қандай оқиғалардың салдарынан көптеген қайғырған адамдарды жұбату қажет болды?
13 2001 жылы да орын алған бақытсыздық жағдайлардың салдарынан көптеген адамдар жұбанышқа зәру болды. Сол жылдың қыркүйек айында Құрама Шттаттарда бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Террористер Нью Иорктегі дүниежүзілік сауда орталығы мен Вашингтонға жақын орналасқан Пентагон ғимаратына шабуыл жасады. Бұл шабуылдар бүкіл елді есеңгіреткен ауыр соққы болды! Мұндай жағдайларға қарамастан Ехоба Куәгерлері өздеріне берілген “қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға” байланысты тапсырманы орындауға тырысуда. Келесі бірнеше мысалдардан олардың өзгелерді қалай жұбатып жүргендерін көруге болады.
14, 15. Екі түрлі жағдайда Куәгерлер қайғырған адамдарды жұбату үшін Киелі кітапты қалай тиімді қолдана білді?
14 Толық уақытты қызмет атқаратын бір Куәгер жаяужолда бір әйелге жолығып, жақында болған террористердің шабуылына байланысты не ойлайтынын сұрайды. Әйел жылап жіберді де, көңіл-күйінің нашар екенін және біреудің көмектескенін қалайтынын айтады. Куәгер Құдайдың бәріміздің де қамымызды ойлайтынын айтып, оған Ишая 61:1, 2-ні оқып береді. Барлық адамдардың қайғырып жүргенін айтқан ол әйелге Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған бұл сөздер қисынды болып көрінеді. Ол ұсынылған трактатты алып, Куәгерді үйіне шақырады.
15 Ізгі хабарды таратып жүрген екі Куәгер, үйінің алдындағы қалқада жұмыс істеп жатқан кісіге жолығады. Жақында дүниежүзілік сауда орталығында болған жан түршігерлік оқиға туралы айта келіп, оған Киелі кітаптан жұбататын сөздер оқып беруге ұсыныс жасайды. Оның келісімін алған соң, олар 2 Қорынттықтарға 1:3—7 дейінгі тармақтарын оқиды. Бұл тармақтардың ішінде ‘Ол (Мәсіх) арқылы көретін жұбанышымыз’ деген сөздер бар. Ол кісі Куәгер көршілерінің өзгелерге жұбаныш сыйлайтын сөздермен бөлісіп жүргендері үшін ризашылығын білдіріп: “Сендердің атқарып жүрген керемет істеріңе Құдайдың батасын тілеймін”,— дейді.
16, 17. Киелі кітаптың қайғырып, қатты мазаланған адамдарға көмектесетін күшін қандай екі оқиғадан көруге болады?
16 Қызығушылық білдірген адамдарға қайта барып жүрген Куәгер алғаш келгенінде жолыққан әйелдің ұлын жолықтырып, оған жақындағы болған қайғылы оқиғадан кейін көршілерінің жағдайларын сұрап жүргенін айтады. Куәгердің уақыт бөліп, адамдардың көңіл-күйін біліп жүргені ол кісіні қатты таңғалдырады. Ол, дүниежүзілік сауда орталығына шабуыл жасалған кезде оған өте жақын жерде жұмыс істеп жатқанын және болған оқиғаны түгел көргенін айтады. Ол қайғылы оқиғалардың болуына Құдайдың неліктен жол беретінін сұрағанда, Куәгер Киелі кітаптан бірнеше тармақтарды, соның ішінде Забур 36:39-ды да оқып береді. Онда былай делінген: “Әділдерді Тәңір құтқарады, қасірет шеккен кездерінде қорған болады”, (СА). Ол кісі мейіріммен Куәгер мен отбасының хал-жағдайын сұрап, тағы келуін өтінді және келгені үшін шын жүректен ризашылық білдірді.
17 Террористердің шабуылынан кейінгі күндері Ехоба Куәгерлері жұбатқан мыңдаған адамдардың бірі көршілерін аралап жүрген Куәгерлер кезіккен әйел болды. Болған жағдай қатты мазалаған әйел Куәгерлер оқыған Забур 71:12—14 дейінгі тармақтарды құлақ түріп тыңдады: “Ол кедейді, зар жылаған мен көмекшісі жоқ езілген адамдарды құтқарады. Кедей мен бейшараларға мейірімі түсіп, бейшараның жанын сақтайды; Зұлымдық пен зорлық-зомбылықтан жандарын құтқарып, олардың қаны Оған қымбат болады” (СА). Қандай жұбататын сөздер десеңші! Ол әйел бұл тармақтарды тағы қайталап оқуларын сұрады да, одан соң әңгімені әрі қарай жалғастыру үшін оларды үйіне кіргізеді. Әңгіменің аяғы Киелі кітапты зерттеуге ұласады.
18. Бір Куәгерден көпшіліктің атынан дұға етуін өтінгенде, ол жақындарына қандай көмек көрсетті?
18 Бір Куәгер молшылықта өмір сүріп жатқан тұрғындары әдетте Патшалық туралы ізгі хабарға көп қызығушылық білдіре қоймайтын ауданда орналасқан мейрамханада жұмыс істейді. Террористердің шабуылы оларға да қатты соққы болып тиді. Шабуыл болғаннан кейінгі жұма күні кешкісін мейрамхананың меңгерушісі адамдардың бәрінің де сыртқа шығуын өтінді де, қаза болғандардың құрметіне шырақ жағып, бір мезгіл үнсіздік сақтауға шақырды. Олардың сезімін сыйлаған Куәгер сыртқа шығып, жаяужолда үнсіз тұрды. Меңгеруші оның Ехобаның Куәгері екенін білетін, сол себепті қаза болғандардың құрметіне үнсіздік сақтаған уақыт аяқталған кезде одан бәрінің атынан дұға етуін өтінді. Куәгер келісті де, дұғасында көпшіліктің қайғырып жүргенін атап өтті, бірақ олардың тым қатты қайғыратындай үміт жоқ емес екенін айтты. Ол мұндай сұмдық істер болмайтын уақыт туралы және Киелі кітапқа негізделген тура білім арқылы барлығының да жұбаныш сыйлайтын Құдайға жақындай алатындарын айтты. “Аумин” деп бітірген соң, сырттағы алпыстан аса адаммен бірге меңгеруші де Куәгердің жанына келіп, рақметін айтты да, оны құшақтап, бұл өзі естіген ең жақсы дұға болғанын айтты.
Қоғамға тигізер пайдасы
19. Кейбіреулердің Ехоба Куәгерлерінің жоғары нормаларды ұстанатынын бағалайтынын қандай оқиға көрсетеді?
19 Әсіресе осы күндері Ехоба Куәгерлері қызмет атқарып жүрген жерлерде, көпшіліктің айтуынша, адамдар олардың қызметінің пайдасын көруде. Тыныштықтың, шыншылдықтың және өнегелілік тазалықтың болуына септігін тигізіп жатқан адамдар қалай жақсы әсер етпесін? Орта Азиядағы бір елде Куәгерлер бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік агенттігінде жұмыс істеген отставкадағы офицерді кездестіреді. Ол бір жолы әр түрлі діни ұйымдарды тексеруге тапсырма алғанын және Ехоба Куәгерлерін тексергенде олардың шыншылдықтары және жақсы мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерінің қатты әсер еткенін айтады. Оны олардың берік сенімдері мен ілімдерінің Киелі кітапқа негізделгені таңғалдырады. Сөйтіп бұл кісі Киелі кітапты зерттеуге келіседі.
20. Өткен жылы Ехоба Куәгерлері атқарған істерден нені көруге болады? ә) Әлі де өте көп жұмыс істелуі керек екенін неден көруге болады және өзімізге тапсырылған ізгі хабарды уағыздау мүмкіншілігіне қалай қараймыз?
20 Осы мақалада айтылған біраз оқиғалардан, бұдан да басқа мыңдаған оқиғаларды келтіруге болар еді, Ехоба Куәгерлерінің 2001 қызмет жылында қыруар еңбек атқарғандарын анық көруге боладыa. Олар миллиондаған адамдармен сөйлесті, қайғырған көптеген адамдарды жұбатты және олардың ізгі хабарды уағыздау ісі жақсы жемісін берді. 263 431 адам өмірлерін Құдайға арнап, суға шомылдыру рәсімінен өтті. Дүние жүзі бойынша ізгі хабарды уағыздаушылардың саны 1,7 пайызға өсті. Және де Исаның өлген күнін еске алу кешіне 15 374 986 адамның келуі әлі де көп жұмыс бар екенін көрсетеді (1 Қорынттықтарға 11:23—26). Сол себепті ізгі хабарды қабыл алатын кішіпейіл адамдарды әлі де іздей берелік. Және Ехобаның кешірім беретін мейірімділік жылы әлі де жалғасып жатқандықтан, “жаралы жүректерді” жұбата бергейміз. Қандай қанағаттандыратын тамаша іс атқарудамыз десеңдерші! Иә, бәріміз де Ишаяның: “Жаратқан Иеге қатты қуанам, Құдайыма шаттанады жан дүнием”,— деген сөздеріне қосыламыз (Ишая 61:10). “Жаратушы Тәңір Ие әділдігі мен даңқты істерін де барлық халықтардың көз алдарында шүбәсыз қаулатып шығарады да!” — деген пайғамбарлық сөздерін орындау үшін Құдай әрі қарай да бізді қолдана бергей (Ишая 61:11).
[Сілтеме]
a 29-дан 32-ге дейінгі беттерде Ехоба Куәгерлерінің 2001 қызмет жылындағы атқарған істері туралы есебі берілген.
Естеріңде ме?
• Кішіпейіл адамдар Иса уағыздаған ізгі хабардың қандай пайдасын көрді?
• Бірінші ғасырдағы Исаның шәкірттері уағыздаған ізгі хабарды қабыл алған адамдар қандай игіліктерге ие болды?
• Бүгінде тыңдауға бейім адамдар ізгі хабардың қандай пайдасын көруде?
• Ізгі хабарды уағыздау мүмкіншілігімізге қалай қараймыз?
[29—32 беттеріндегі таблица]
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ 2001 ҚЫЗМЕТ ЖЫЛЫНЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕСЕБІ
(Басылымнан қараңдар)
[25-беттегі суреттер]
Ехоба Куәгерлері ізгі хабарды уағыздау жауапкершілігін үнемі естерінде ұстайды
[26-беттегі суреттер]
Ізгі хабарды қабыл алған адамдар біріккен дүниежүзілік бауырластықтың қатарына қосылады