Ехобаның әділдігіне қуаныңдар
“Әділдік және сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатын адам өмірге, әділдік пен атақ-даңққа ие болады” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 21:21, ЖД).
1. Бүгінгі күні адамдардың қандай жолының нәтижесі жаман болды?
“АДАМҒА түзу болып көрінетін жолдар бар, бірақ олар өлімге апарады” (Нақыл сөздер 16:25). Киелі кітаптағы осы нақыл сөз қазіргі уақыттағы адамдардың көбісінің қандай жолмен жүргенін қалайша тура суреттейді десеңші! Әдетте адамдар тек өздері дұрыс деп есептейтін нәрселерді істеуге тырысады, ал айналадағылардың ең керекті деген қажеттіліктерінің өзін елеусіз қалдырады (Нақыл сөздер 21:2). Ауыздарымен олар заңға мойынсұнғыш, ал іс жүзінде өздері тұрып жатқан елдің заңын, құлықтылық және қоғамдық талаптарын ыңғайы келсе бұза салады. Осының нәтижесінде бөлшектеніп, әбігерге түсіп, берекесі кеткен қоғам құрылған (2 Тімотеге 3:1—5).
2. Өз пайдасы үшін адам баласы не нәрсеге аса зәру?
2 Біздің пайдамыз үшін, сонымен қатар бүкіл адам баласының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін, барлық адамдар қабыл алып, мойынсұнуға даяр болатын әділетті заң немесе нормалар ауадай қажет. Адам баласы орнатқан заңдар мен нормалар қаншалықты дана әрі адал ниетпен шығарылмасын, осы қажеттілікті қанағаттандыра алмайтыны анық (Еремия 10:23; Римдіктерге 3:10, 23). Егер сондай нормалар бар болса, оны қайдан табуға болады және олар қандай? Келесі сұрақ бұдан да маңызды болар: егер сондай нормалар бар болса, олар сендерді қуанышқа бөлей ме, оларға мойынсұнасыңдар ма?
Әділ нормаларды табуға болады
3. Бүкіл адамзатқа ұнайтын әрі пайдалы нормалар орнатуға кім лайық және неге?
3 Барлық адамға ұнайтын әрі пайдалы нормаларды табу үшін, біз нәсілдік, мәдени және саяси көзқарастардың ықпалына берілмейтін, сондай-ақ адам баласы сияқты болашағын дұрыс болжай алмайтын, дәрменсіз емес тұлғаға жүгінуіміз керек. Әрине, осындай талаптарға сай келетін жалғыз тұлға — құдіретті Жаратушы Ехоба Құдай. Ол былай дейді: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, менің ойым да пікірлеріңнен тым биік” (Ишая 55:9). Оның үстіне, Киелі кітапта Ехоба “сенімді және Оның өтірігі жоқ; Ол әділ әрі шыншыл” Құдай ретінде суреттелген (Заңды қайталау 32:4). Киелі кітаптың кез келген жерінен “Жаратқан Ие әділетті” деген сияқты тіркестерді кездестіруге болады (Мысырдан шығу 9:27; 2 Шежірелер 12:6; Забур 10:7; 128:4; Еремияның зары 1:18; Аян 19:2). Иә, ең керемет нормаларды тек Ехоба бере алады, өйткені ол сенімді де әділетті.
4. “Әділдік” деген сөздің мағынасы қандай?
4 Бірақ бүгінде “әділ” деген сөздің аса құны жоқ. Бұл сөзді адамдардың көпшілігі теріс, тіпті кемсіту мағынасында да қолданады. Олар үшін әділдік — екіжүзділікке, көз бояу үшін құдайшыл болып көрінуге тырысумен тең. Сөйтсе де сөздіктің түсіндіруіне сай, “әділдік” деген “адал, тура, жөн, дұрыс; Құдайдың талаптарына немесе құлықтылық нормаларға сай келетін; тура немесе әділ әрекет ететін” дегенді білдіреді. Осылай суреттелетін заңдар немесе нормаларға мойынсұну бізді қуанышқа бөлемес пе еді?
5. Киелі кітапта әділдіктің қалай суреттелетінін түсіндіріңдер.
5 “Иудей энциклопедиясында” әділдік қасиетіне қатысты былай делінген: “Әділдік деген дерексіз ұғым емес, қайта, барлық жағынан әділетті әрі дұрыс әрекет етуді білдіреді”. Мысалы, Құдайдың әділдігі — оның қасиеттілігі немесе тазалығы сияқты өзіне тән қасиеттерінің бірі ғана емес, дұрыс әрі әділ әрекеттерінен көрінетін оның болмысы. Ехоба қасиетті де таза болғандықтан, оның істері де, одан шыққан нәрселердің бәрі де әділетті деуге болады. Киелі кітапта былай делінген: “Тәңір Өзінің барлық жолында әділетті, барлық ісінде игілікті” (Забур 144:17).
6. Пауыл өзі өмір сүрген кездегі сенімі жоқ кейбір яһудилер туралы не деген және неге?
6 Елші пауыл Римдегі мәсіхшілерге жазған хатында осы ойды ерекше атап өткен. Сенімі жоқ кейбір яһудилер жөнінде ол былай деді: “Өйткені олар Құдайдың әділдігін ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Құдайдың әділдігіне мойынсұнбай қойды” (Римдіктерге 10:3, ЖД). Неге Пауыл оларды ‘Құдайдың әділдігін ұқпайтындарға’ жатқызды? Олар Заң жөнінде, яғни Құдайдың әділ нормалары жөнінде, білім алмаған ба еді? Алған болатын. Бірақ олардың көпшілігі әділдікті өзгелермен қарым-қатынасында танытуы керек қасиет деп емес, тек жеке басының жетістігі, діни қағидаларды мейлінше мұқият орындаудың арқасында ғана қол жеткізген жемісі деп қарастыратын. Исаның заманындағы діни қызметкерлер іспетті олар да әділдіктің терең мағынасын дұрыс түсінбеген (Матай 23:23—28).
7. Ехобаның әділдігі қалай көрінеді?
7 Ал Ехоба болса өзінің әділдігін ашық танытады және ол оның барлық істерінен де, өзгелермен қатынасынан да анық көрінетін. Оның әділдігі әдейі істелген күнәға көз жұмуға жол бермейді, сөйтсе де әділдігі Құдайды одан қорқып, аулақ жүруге мәжбүр ететін суық, тырнақ астынан кір іздейтін тұлға етпейді. Керісінше, оның әділ әрекеттерінің арқасында адамдар оған жақындау және күнәнің қорқынышты салдарынан арылу мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан Ехоба ‘әділ Құдай әрі Құтқарушы’ деп әбден орынды аталған (Ишая 45:21).
Әділдік және құтқарылу
8, 9. Мұса арқылы берілген Таурат заңынан Құдайдың әділдігі қалай көрінетін?
8 Құдайдың әділдігі мен біздің құтқарылуымыз үшін жасаған сүйіспеншілікке толы әрекетінің қандай байланысы бар екенін түсіну үшін, Мұса арқылы берген Таурат заңына көңіл бөлейік. Таурат заңының әділетті болғандығында сөз жоқ. Мұса исраилдіктермен қоштасып жатып, мынаны естеріне салды: “Мен бүгін өздеріңе ұсынып отырған заң іспетті әділетті жарғылары мен заңдары бар өзге бір ұлы халық бар ма?” (Заңды қайталау 4:8). Мыңдаған жылдар өткен соң Дәуіт патша: “Тәңір Иенің шешімдері шынайы, барлығы мүлтіксіз де әділетті”,— деген (Забур 18:10).
9 Заң арқылы Ехоба жақсы мен жаманды білдіретін кемелді нормаларының неден тұратынын анық көрсетті. Таурат заңында исраилдіктерге дінге қатысты ғана емес, сауда-саттық, отбасы, не ішіп-жеу және тазалық мәселесі, сондай-ақ сот ісін жүргізу мәселесінде де өздерін қалай ұстау керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілген еді. Заңды бұзғандар қатаң жазаланатын, тіпті кейбір жағдайларда өлім жазасына кесілетінa. Алайда Заңда көрсетілген Құдайдың әділ нормалары ауыр, көтере алмастай жүк болды ма екен? Бүгінгі таңдағы көп адамдардың ойындағыдай, олар бостандықты шектеп, қуаныштан айырды ма екен?
10. Ехобаны сүйетіндердің оның заңдарына деген көзқарасы қандай болған?
10 Ехобаны сүйетіндерді оның әділетті заңдары мен жарғылары қуанышқа бөлейтін. Мысалы, Дәуіт патша Ехобаның сот шешімдерінің шынайы да әділетті екендігін мойындап қана қойған жоқ, өзіміз көргендей, оларды шын жүректен сүйіп, ризашылық білдірген. Ехобаның заңдары мен шешімдері жөнінде ол былай деп жазды: “Алтыннан, саф алтыннан да олар құнды, тіл үйірген таза балдан да тәтті. Бұлардан пендең ескерту алады, бәрін ұстанғанда зор сый тосады” (Забур 18:8, 11, 12).
11. Қалай “Таурат заңы “тәрбиелеушіміз” болып бізді Мәсіхке әкелді”?
11 Ғасырлар өткен соң, Пауыл не себепті Таурат заңын қатты бағалау керек екендігін көрсетті. Ғалаттықтарға арнаған хатында ол былай деп жазды: “Таурат заңы “тәрбиелеушіміз” болып бізді Мәсіхке әкелді, осылай Оған сеніп, ақталдық” (Ғалаттықтарға 3:24). Пауыл өмір сүрген кезде, тәрбиелеуші деген үлкен үйдегі қызметші не құл болатын. Оның міндетіне балаларды қорғау және мектепке дейін апарып салу кіретін. Сол сияқты Таурат заңы да исраилдіктерді азғындықтан және айналасындағы халықтардың діни жораларының әсерінен қорғайтын (Заңды қайталау 18:9—13; Ғалаттықтарға 3:23). Сонымен қатар Таурат заңы исраилдіктердің күнәкар екендігін, күнәларының кешірілуі мен құтқарылуды қажет ететіндіктерін көрсетті (Ғалаттықтарға 3:19). Таурат заңы бойынша жасалатын құрбандықтар күнәдан азат етілу төлемі қажет екеніне нұсқайтын, сондай-ақ шынайы Мәсіхті қалай тануға болатындығының белгісі болды (Еврейлерге 10:1, 11, 12). Демек, Ехоба Өзінің әділдігін Таурат заңы арқылы көрсетуімен, адамдардың игілігі мен мәңгіге құтқарылуын ойлайтынын білдірген.
Құдай әділ деп тапқандар
12. Таурат заңын бұлжытпай орындағанда исраилдіктер не нәрсеге қол жеткізер еді?
12 Ехобаның берген Заңы барлық жағынан кемелді болғандықтан, оған мойынсұнған исраилдіктер Құдайдың көз алдында әділетті болып есептелер еді. Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Мұса исраилдіктерге мынаны ескерткен: “Құдайымыз Тәңірдің бұйрығына сай, Оның алдында осы өсиеттердің барлығын орындауға тырысар болсақ, біздің әділдігіміз осы болады” (Заңды қайталау 6:25). Ал Ехоба: “Менің жарғыларым мен заңдарымды орындаңдар! Оларды бұлжытпай орындайтын адам солар арқылы өмір сүреді. Мен Тәңірмін”,— деп уәде еткен (Леуіліктер 18:5; Римдіктерге 10:5).
13. Әділетті Заңды орындауды талап етуімен Ехоба әділетсіздік танытқан ба? Түсіндіріңдер.
13 Өкінішке орай, исраилдіктер жалпы халық ретінде ‘осы өсиеттердің барлығын орындамаған’, сондықтан уәде етілген баталарға да ие болмаған. Олардың Таурат заңын орындай алмағандығының себебі — Құдайдың Заңы кемелді, ал олар кемелсіз еді. Бұл Ехоба әділетсіз дегенді білдіреді ме? Әрине, жоқ. Пауыл: “Бұл нені білдіреді? Әлде Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!” — деген (Римдіктерге 9:14). Құдай Таурат заңын бергенге дейін де, одан кейін де белгілі адамдарды кемелсіздігі мен күнәлі екендігіне қарамастан, әділ деп есептеген. Мұндай адамдардың қатарына Нұх, Ыбырайым, Әйүп, Рахаб, Даниялдар кіреді (Жаратылыс 7:1; 15:6; Әйүп 1:1; Езекиел 14:14; Жақып 2:25). Олай болса, мынадай сұрақ туады: не нәрсеге негізделіп Құдай сол адамдарды әділ деп есептеген?
14. Киелі кітапта адам “әділ” деп аталғанда бұл нені білдіреді?
14 Киелі кітапта адамды “әділ” деп атағанда, бұл оның күнәсіз не кемелді екенін білдірмейді. Бұл оның Құдай мен адамдардың алдында өзінің міндеттерін орындайтынын білдіреді. Мысалы, Нұх ‘замандастарының арасындағы әділ, мінсіз адам’ деп аталған, өйткені “Нұх барлығын Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жаратылыс 6:9, 22; Малахи 3:18). Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның ата-анасы Зәкәрия мен Елізабет ‘Құдай алдында әділ жандар болып, Жаратқан Иенің барлық өсиеттері мен ережелеріне сай қалтқысыз өмір сүрген’ (Лұқа 1:6). Тіпті исраилдік емес, Рим әскерінің жүзбасы Корнел де ‘әділ, Құдайды қастерлейтін кісі’ деп аталған (Елшілердің істері 10:22).
15. Әділдік немен тығыз байланысты?
15 Сонымен қатар адамның әділ болуы — оның жүрегінде не бар екендігімен тығыз байланысты: оның Ехобаға және оның уәдесіне деген сенімі, сүйіспеншілігі мен ризашылығы қаншалықты зор. Әділдік деген Құдайдың талаптарын орындауды ғана білдірмейді. Киелі кітапта Ыбырайым “Тәңір Иеге сенді, сондықтан Тәңір оны Өз алдында әділ деп есептеді” делінген (Жаратылыс 15:6, сілтемені қара). Ыбырайым Құдайдың бар екендігіне ғана емес, оның “ұрпаққа” қатысты берген уәдесіне де сенген (Жаратылыс 3:15; 12:2; 15:5; 22:18). Ыбырайымның, сондай-ақ басқа да адал адамдардың сенімі мен сеніміне сай істері, кемелсіздіктеріне қарамастан, Ехобаның олармен тығыз қарым-қатынаста болуына және оларға батасын беруіне себеп болған (Забур 35:11; Римдіктерге 4:20—22).
16. Азаттық төлеміне сенудің арқасында не нәрсеге қол жеткізуге болады?
16 Ақыр аяғында, адамдардың әділ болуы — олардың Иса Мәсіхтің төлем ретінде берген құрбандығына сену-сенбеуіне байланысты. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер жөнінде Пауыл: “Бірақ Оның [Құдайдың] рақымымен Мәсіх төлемдерін төлеп, құтқаруының арқасында олар тегін ақтала алады [“әділ деп жарияланды”, ЖД]”,— деп жазды (Римдіктерге 3:24). Мұнда Пауыл Исамен бірге көктегі Патшалықты мұра ету үшін таңдап алынғандар туралы жазған. Бірақ Исаның төлем ретінде берген құрбандығы оларға ғана емес, өзге де миллиондаған адамдардың Құдай алдында әділ болуларына мүмкіндік берді. Елші Жохан көрген аянында ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ ‘өте үлкен тобырды көрген’. Олар ‘тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп тұр екен’. Ақ шапандары олардың Құдай алдында таза да әділетті екенін білдіреді, өйткені ‘олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылған’ (Аян 7:9, 14).
Ехобаның әділдігіне қуаныңдар
17. Әділдікке ұмтылатындар қандай қадамдар жасаулары керек?
17 Адамдар Өзінің алдында әділ болу үшін сүйіспеншілігі мол Ехоба Ұлы Иса Мәсіхті құрбан еткенімен, адамдар өздігінен әділ бола қалмайды. Адам азаттық төлеміне сенетінін көрсетіп, өмірін Құдайдың еркіне сай келтіруі, өзін дұғада Оған бағыштауы және онысын шомылдыру рәсімінен өту арқылы паш етуі керек. Бұдан кейін әрі қарай да әділ болуға тырысып, басқа да рухани қасиеттерді дамыта беруге тиіс. Пауыл суға шомылдыру рәсімінен өткен, әрі көкте өмір сүруге шақырылған мәсіхші Тімотені “әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа” ұмтылуға шақырған (1 Тімотеге 6:11; 2 Тімотеге 2:22). Үнемі күш салып отыру керек екендігіне Иса да ерекше көңіл бөлген: “Ең алдымен патшалықты және Оның әділдігін іздеуді жалғастыра беріңдер”. Біз Құдай Патшалығындағы баталарды алуға барынша ұмтылып жүргеніміздей, Ехобаның әділ жолымен жүру үшін де тап солай етіп жүрміз бе? (Матай 6:33, ЖД).
18. а) Неге әділдікке талпыну оңай емес? ә) Луттың басына түскен оқиғадан қандай сабақ аламыз?
18 Әрине, әділдікке ұмтылу оңай емес. Өйткені кемелсіз болғандықтан, біз әділетсіздікке бейімбіз (Ишая 64:6). Оның үстіне, айналамыздағы адамдардың Ехобаның әділ жолдарында жұмысы жоқ. Біздің жағдайымыз азғындығымен әйгілі Содомда өмір сүрген Луттың жағдайына ұқсайды. Петір Ехобаның не себепті Лутты төніп тұрған апаттан құтқарып алғанын түсіндірді. Ол былай деді: “Сол ізгі жан олардың арасында тұрып, Құдайдың бұйрығына қайшы іс-әрекеттерін күн сайын көріп, естіп, өзінің әділетті ар-ұжданы алдында азап шекті” (2 Петір 2:7, 8). Сондықтан әрқайсысымыз өзімізден былай деп сұрауымызға болады: айналамда көріп жүрген азғын әрекеттерді іштей қолдаймын ба? Көңіл көтеретін нәрсенің не спорттың әйгілі, бірақ қатыгез түрлерін жай ғана талғамсыздық деп қабылдаймын ба? Жоқ әлде, Лут сияқты мен де осындай әділетсіз істерден азап шегемін бе?
19. Құдайдың әділдігіне қуанар болсақ, қандай баталарға ие боламыз?
19 Қазіргі аумалы-төкпелі, қауіпті кезеңде Құдайдың әділдігіне қуану — қауіпсіздік пен қорғаныш болады. “Уа, Тәңір! Сенің тұрағыңда кім өмір сүре алады? Сенің киелі тауыңда кім тұрақтай алады?”,— деген сұрақтарға Дәуіт патша: “Мінсіз жүріп, әділдік жасайтын адам ғана”,— деп жауап берген (Забур 14:1, 2). Құдайдың әділдігіне талпынып, оған қуана берер болсақ, Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болып, әрі қарай да оған ұнамды болып, батасын ала беретін боламыз. Сондықтан қанағаттандырарлық өмір кешіп, өзімізді сыйлай білетін боламыз, көңіліміз де тоқ болады. Құдай Сөзінде: “Әділдік және сүйіспеншілікпен мейірімділік танытатын адам өмірге, әділдік пен атақ-даңққа ие болады”,— делінген (Нақыл сөздер 21:21, ЖД). Сонымен қатар әділ әрі дұрыс әрекет етуге барынша талпынар болсақ, өзгелермен қарым-қатынасымыз жақсы болады және өмірімізді құлықтылық жағынан да, рухани жағынан да жақсартамыз. Забур жыршысы былай деп дауыстаған: “Адалдықты сақтайтындар және әрдайым әділетті әрекет ететін адам бақытты!” (Забур 105:3).
[Сілтеме]
a Мұсаның заңының қандай пайдасы болғаны туралы толығырақ мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының 2-томының 214—220-беттеріндегі “Мұса заңының ерекшеліктері” мақаласынан және “Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат ету үшін біріккен” (ор.) кітабының 152-бетінен қараңдар.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Әділдік деген не?
• Құтқарылудың Құдайдың әділдігімен қандай байланысы бар?
• Құдай неге негізделіп адамдарды әділ деп есептейді?
• Ехобаның әділдігіне біз қалай қуана аламыз?
[23-беттегі суреттер]
Дәуіт патша Құдайдың заңдарын барынша сүйетінін көрсеткен
[24-беттегі суреттер]
Құдай Нұх, Ыбырайым, Зәкәрия мен Елізабеттерді, сондай-ақ Корнелді әділ деп есептеген. Неге екенін білесіңдер ме?