Ехоба халқына нұрын төгіп, салтанатқа кенелтеді
“Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, [“әйел”, ЖД] сәулеңді шаш! Сен нұрға бөленіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты үстіңнен көтеріліп келе жатыр” (ИШАЯ 60:1).
1, 2. а) Адамзат қазір қандай жағдайда? ә) Адамзатты шырмаған қара түнектің артында кімдер тұр?
“ШІРКІН, осында Ишая немесе қасиетті Пауыл болса ғой!” Бұл сөздерді 1940-шы жылдары АҚШ-тың президенті Гарри Трумэн мұңая айтқан болатын. Ол неге бұлай деді екен? Өйткені ол сол уақытта дүниенің жоғары өнегелілікті ұстанатын басшыға аса зәру екенін мойындаған. ХХ ғасырдың ең қайғылы оқиғасы, Екінші дүниежүзілік соғыс, енді ғана аяқталған еді. Бірақ соғыс аяқталса да, дүние жүзінде бейбітшілік орнаған жоқ-тын. Әлемді қара түнек басқан болатын. Міне, соғыстың біткеніне 57 жыл болды, сөйтсе де дүние жүзі әлі де қара түнектің шырмауында. Егер президент Трумэн бүгінде тірі болғанда, дүненің Ишая мен Пауыл сияқты жоғарғы өнегелілікті ұстанатын басшыларға әлі де зәру болып отырғанына көзі жетер еді.
2 Кім білсін, президент Трумэн білді ме, жоқ па, бірақ елші Пауыл өзінің хаттарында бүкіл адам баласына әсер етіп отырған қара түнек туралы жазып, мұқият болуды ескерткен. Мысалы, бауырластарына былай деп ескертті: “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12). Пауылдың сөздерінен оның дүниенің рухани қара түнектің шырмауында екенін біліп қана қоймай, оның артында тұрғандардың ‘дүниені билеп-төстеуші’ деп аталған үлкен күш иесі жын-перілер екенін де түсінгенін байқауға болады. Жұмыр басты пенделер зор рухани күш иелерінің ықпалымен жасалып отырған қара түнекті сейілте ала ма?
3. Адамзатты қара түнек басқанына қарамастан, Құдайға адал адамдарға қатысты Ишая алдын ала не деді?
3 Ишая да адамзатты қараңғылық басқаны жөнінде жазған (Ишая 8:22; 59:9). Сөйтсе де біздің уақытымызға қатысты ол киелі рухтың жетелеуімен осындай қара түнек шырмаған кезеңнің өзінде жарықты сүйетіндерге Ехоба өзінің нұрын шашатынын алдын ала айтқан. Иә, біздің қасымызда Пауыл мен Ишая жоқ болса да, олардың басшылық ретінде қолдануға болатын киелі рухтың жетелеуімен жазылған жазбалары бар. Ехобаны сүйетіндерге мұның қандай керемет бата екенін түсіну үшін Ишая кітабының 60-тарауындағы пайғамбарлық сөздерді қарастырып көрейік.
Пайғамбарлықтағы әйелдің нұрлы сәуле шашуы
4, 5. а) Ехоба әйелге не бұйырды және ол қандай уәде берді? ә) Ишая кітабының 60-тарауында қандай көңіл толқытатын мәлімет жазылған?
4 Ишаяның 60-тарауының бірінші тармағындағы сөздер өте мүшкіл халдегі — тас түнек қараңғылықта етпеттеп жерде жатқан — әйелге арналған. Кенеттен, бір жарық сәуле қараңғылықты қақ жарады да, Ехоба былай дейді: “Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, [“әйел”, ЖД] сәулеңді шаш! Сен нұрға бөленіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты үстіңнен көтеріліп келе жатыр” (Ишая 60:1). “Әйелдің” орнынан тұрып, Құдайдың нұрын, оның салтанатты ұлылығын көрсететін уақыты келді. Не үшін? Мұның жауабы келесі тармақтан көрінеді: “Міне, жер бетін қою қараңғылық жайлап, халықтарды қара түнек жауып алды. Бірақ сенің үстіңнен Жаратқан Иенің нұры жарқырап, Оның нұрлы салтанаты көрінеді” (Ишая 60:2). Әйел Ехобаның бұйрығына мойынсұнған кезде, Ехоба оны мұның нәтижесінің керемет боларына сендіреді. Ол: “Ұлттар сенің сәулеңе ағылып, патшалары да шұғылаңа жақындап келеді”,— дейді (Ишая 60:3).
5 Осы үш тармақтағы көңіл толқытатын сөздер Ишая 60-тарауының кіріспесі әрі қысқаша мазмұны болып табылады. Бұл сөздер пайғамбарлықтағы әйелге не болатынын алдын ала айтады, сондай-ақ адамзатты қара түнек басқанына қарамастан, қалай Ехобаның нұрында жүруімізге болатынын түсіндіреді. Алайда осы кіріспе үш тармақтағы бейнелі образдар нені білдіреді?
6. Ишаяның 60-тарауындағы әйел кімді білдіреді және жер бетіндегі оның өкілдері кімдер?
6 Ишая 60:1—3 тармақтардағы әйел Сионды, яғни рухани жаратылыстардан тұратын Ехобаның көктегі ұйымын, білдіреді. Бүгінде Сион ‘Құдайдың рухани Исраилінің’, яғни Мәсіхпен бірге көкте патшалық етуге үміттенетін рухпен майланған мәсіхшілердің дүниежүзілік қауымының, жер бетінде қалған мүшелерін білдіреді (Ғалаттықтарға 6:16). Осы рухани халықтың мүшелерінің саны — 144 000; бүгінгі күні Ишая кітабының 60-тарауы солардың “соңғы дәуірде” жер бетінде өмір сүріп жатқан мүшелерінде орындалуда (2 Тімотеге 3:1; Аян 14:1). Сонымен қатар пайғамбарлықта майланған мәсіхшілердің серіктері ‘басқа қойлардан’ тұратын ‘өте үлкен тобыр’ жөнінде де көп мәлімет бар (Аян 7:9; Жохан 10:16).
7. 1918 жылы Сион қандай жағдайда еді және пайғамбарлықта бұл қалай суреттелген?
7 Пайғамбарлықтағы әйел іспетті ‘Құдайдың рухани Исраилінің’ қараңғылықта жатқан кезі болды ма? Иә, 80 жыл бұрын. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде майланған мәсіхшілер уағыздау ісін жүргізу үшін барынша күш салған. Соған қарамастан, 1918-ші жылы, соғыстың соңғы жылы, ұйымдасқан түрдегі уағыздау ісі мүлдем тоқтап қалды деуге болады. Дүние жүзі бойынша уағыздау ісіне басшылық етіп отырған Джозеф Рутерфорд пен басқа да жауапты бауырластарға жалған айып тағылып, ұзақ уақытқа түрмеге жабылды. Аян кітабында сол кезде жерде өмір сүрген майланған мәсіхшілердің сүйектері ‘астарлап “Содом” және “Мысыр” деп те аталатын’ ‘“үлкен қаланың” көшесінде жатқаны’ пайғамбарлық тілмен суреттелген (Аян 11:8). Сион үшін, оның жер бетіндегі майланған “балалары” үшін, бұл расында да қара түнек басқан кезең болатын!
8. 1919 жылы қандай күрт өзгеріс болды және оның нәтижесі қандай болды?
8 Алайда 1919 жылы жағдай күрт өзгерді. Ехоба Сионға нұрын шашты! Құдайдың рухани Исраилінің қалған мүшелері қайтадан ізгі хабарды батыл уағыздауды бастауларымен орындарынан тұрып, Құдайдың нұрын шашты (Матай 5:14—16). Сол қайтадан құлшыныс таныта бастаған мәсіхшілердің арқасында Ехобаның нұрына өзгелер де келді. Бастапқыда қосылғандар Құдайдың рухани Исраилінің мүшелері болды. Ишая 60:3-те олар “патшалар” деп аталған, өйткені олар Иса Мәсіхпен бірге Құдайдың көктегі Патшалығын мұра етеді (Аян 20:6). Кейін басқа қойлардан тұратын өте үлкен тобыр Ехобаның нұрына келді. Олар пайғамбарлықта “халықтар” деп аталған.
Әйелдің балалары үйлеріне қайта оралды!
9, 10. а) Әйел қандай керемет көріністі көрді және бұл ненің бейнесі болды? ә) Сион қандай себептермен қуанды?
9 Енді Ехоба Ишая 60:1—3 тармақтарда жазылғандардың мәнін аша бастайды. Ол әйелге тағы басқа бұйрық берді. Оның не дегеніне құлақ салыңдаршы: “Басыңды көтеріп айналаңа көз тасташы”. Әйел солай етеді де, қандай керемет көріністі көреді десеңші! Оның балалары үйлеріне қайтып келеді. Тармақта әрі қарай: “Олардың бәрі жиналып саған келе жатыр; сенің қыздарыңды қолына көтеріп, алыстан ұлдарың келеді”,— делінген (Ишая 60:4). Дүние жүзі бойынша 1919-шы жылы басталған Патшалық туралы жариялау ісінің арқасында мыңдаған жаңа адамдар Ехобаға қызмет етуге келді. Олар да Сионның ‘ұлдары’ мен ‘қыздары’, яғни Құдайдың рухани Исраилінің майланған мүшелері болды. Осылайша, Ехоба 144 000-ның соңғы мүшелерін нұрға әкеліп қосып, Сионды салтанатқа кенелтті.
10 Балаларының бірге болғанына Сионның қалай қуанғанын көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Сөйтсе де Ехоба Сионның қуанышын қуанышқа ұластырды. Біз мынаны оқимыз: “Оларды көргенде жүзің нұрланып, жүрегің дүрсілдеп, шат-шадыман боласың. Сен теңіздің мол байлығын иемденіп, халықтар өз қазыналарын саған ұсынады” (Ишая 60:5). Осы пайғамбарлық сөздерге сәйкес, 1930 жылдардан бастап, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенетін көптеген мәсіхшілер Сионға қарай ағылып келе бастады. Олар Құдайды мойындамайтын “теңіз” іспетті адамдардың арасынан шыққан ‘халықтардың қазыналарын’ білдіретін. Олар — ‘барлық халықтардың қалаулылары’ (Нағай 2:7; Ишая 57:20). Ескере кетер бір жайт, сол ‘қалаулылар’ Ехобаға әрқайсысы өз бетінше қызмет етіп жүрген жоқ. Қайта, өздерінің майланған бауырластарымен бірігіп, “бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар” болып ғибадат етуімен Сионның салтанатын арттыра түсуде (Жохан 10:16).
Сионға саудагерлер мен қойшылардың келуі
11, 12. Сионға ағылып келе жатқан адамдарды суреттеп беріңдерші.
11 Осы пайғамбарлықтың орындалуының нәтижесінде Ехобаны мадақтаушылардың саны керемет түрде өсуде. Бұл жайында пайғамбарлықтың кейінгі сөздерінде айтылған. Пайғамбарлықтағы әйелмен бірге Сион тауында тұрғандарыңды елестетіп көріңдерші. Шығысқа қараңдар. Не көріп тұрсыңдар? “Жеріңді түйелер қаптайды. Мадиян мен Ефа халықтарынан жас түйелер айдалып, сәбалық керуендер де саған жиі тоқтайтын болады. Олар алтын мен хош иісті заттар тасып әкеліп, Жаратқан Иенің ұлылығын паш етеді” (Ишая 60:6). Мың сан саудагерлер Иерусалимге апаратын жолмен түйелі керуендерін жетектеп келеді. Түйелердің көптігі сонша, жер дүниені қаптап кеткен! Саудагерлер бағалы заттарды, ‘алтын мен хош иісті заттарды’, сыйға әкеле жатыр. Олар Құдайдың нұрына келіп, оны ашық мойындап, ‘Жаратқан Иенің ұлылығын паш етуге’ келеді.
12 Жолда тек саудагерлерді ғана емес, Сионға келе жатқан қойшыларды да көруге болады. Пайғамбарлықта әрі қарай: “Қидар тайпасы саған отар-отар қой-ешкілерін айдап әкеліп, Небайоттың адамдары да саған қошқарларын ұсынады”,— делінген (Ишая 60:7а). Қойшы тайпалар өздерінің ең күйлі қойларын Ехобаға ұсыну үшін қасиетті қалаға келе жатыр. Олар тіпті Сионға қызмет көрсетуді де ұсынады! Сол жат жерліктерді Ехоба қалай қабылдар екен? Жаратқан Иенің өзі былай деп жауап береді: “Сол малдар шалынып, құрбандық үстелімде өртелгенде Маған ұнамды болады. Мен сәулетті ғибадатханамды қайтадан нұрлы салтанатыма кенелтемін” (Ишая 60:7ә). Ехоба мейірімділік танытып, жат жерліктердің сыйлары мен қызметін қабыл алады. Олардың сонда келгендері ғибадатхананы нұрлы салтанатқа кенелтеді.
13, 14. Батыстан не жақындап келеді?
13 Енді батысқа қараңдаршы. Не көріп тұрсыңдар? Алыста теңіздің бетін қаптаған бұлт ағараңдап тұрғандай. Ехоба былай деп сұрайды, бәлкім, сендердің көңілдеріңде де осы сұрақ тұрған болар: “Жел айдаған бұлттай зымырап, көгершіндей ұясына қарай зулап келе жатқан бұлар кімдер?” (Ишая 60:8). Сосын ол өзінің сұрағына өзі жауап береді: “Алыстағы елдер Менен белгі күткен еді. Енді, міне, алып сауда кемелері бірінші болып жетіп жатыр. Сион, олар сенің ұлдарыңды алыстан алып келе жатыр! Олар Менің құрметіме алтын, күмістерін бағыштайды. Мен, сенің Тәңір Иең, Исраил сиынған Киелі Құдай, саған салтанат пен сәулет сыйлаймын” (Ишая 60:9).
14 Осыны көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Сол ақша бұлттар жақындай келіп, енді жырақтағы батыстан көрінген көптеген теңбіл дақтарға ұқсайды. Олар толқын үстінде самғап келе жатқан бір үйір құс іспетті. Бірақ тағы жақындай түскенде, сендер мұның желкендерін желге тосып зулап келе жатқан кемелер екенін көресіңдер. Иерусалимге жүзіп келе жатқан кемелердің көптігі сонша, ұяларына ұшып келе жатқан бір үйір көгершінге ұқсайды. Алыстағы кемежайлардан Иерусалимге қарай бар пәрменімен жүйткіп келе жатқан кемелер сенушілерді Ехобаға ғибадат етуге әкеледі.
Ехобаның ұйымының ұлғаюы
15. а) Ишая 60:4—9 тармақтарда қандай өсім туралы алдын ала айтылған? ә) Шынайы мәсіхшілер қандай рух танытуда?
15 1919-шы жылдан бері дүние жүзі бойынша ұйымның қалай өскені 4-тен 9-ға дейінгі тармақтарда керемет суреттеледі. Неге Ехоба Сионға батасын төгіп, осындай өсім берді екен? Өйткені 1919 жылдан бастап, Құдайдың рухани Исраилі мойынсұнушылықпен үздіксіз Ехобаның нұрын шашуда. Алайда, 7-ші тармаққа сәйкес, жаңадан келгендердің ‘малдар шалып, [Құдайдың] құрбандық үстеліне өртегендеріне’ көңіл аудардыңдар ма? Пайғамбарлықтағы осы бір мәлімет Ехобаға қызмет етудің қандай да бір құрбандықтар жасаудан тұратынын есімізге салады. Елші Пауыл былай деп жазған: “Өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады” (Римдіктерге 12:1). Пауылдың осы сөздеріне сәйкес, шынайы мәсіхшілер өзгелер сияқты аптасына бір рет діни жораларға қатысып қана қоюды қанағат тұтпайды. Олар шынайы ғибадат кеңінен етек алу үшін уақытын, қайрат-жігері мен қаржысын құрбандық етеді. Осындай шын берілген сенушілер Ехобаның киелі үйінің салтанатын арттырады емес пе?! Ишаяның пайғамбарлығына сәйкес солай болып та жатыр. Өз кезегінде, осындай құлшынысқа толы қызметшілердің Ехобаның көз алдында керемет екеніне сенімді болуымызға болды.
16. Ерте заманда қалпына келтіру ісіне кімдер көмектескен, ал қазір ше?
16 Жаңадан қосылғандар еңбек етуді қалайды. Пайғамбарлықта әрі қарай былай делінген: “Қамалыңды жат жерліктер қайта тұрғызып, патшалары да саған қызмет ететін болады” (Ишая 60:10). Бұл сөздер алғаш рет Құдай халқы Бабыл тұтқындығынан қайта оралғанда орындалғанда, патшалар да, өзге адамдар да тура мағынада ғибадатхана мен Иерусалим қаласын қалпына келтіруге көмектескен (Езра 3:7; Нехемия 3:26). Қазіргі уақытта бұл пайғамбарлық өте үлкен тобырдың майланған тамтыққа шынайы ғибадатты “тұрғызуға” көмектесуімен орындалуда. Өте үлкен тобырдың мүшелері мәсіхшілердің қауымдарын “тұрғызуға” көмектесіп, Ехобаның қалаға ұқсайтын ұйымының “қамалдарын” берік етуде. Сондай-ақ олар тура мағынадағы құрылыс істеріне — Патшалық және конгресс Сарайларын, Бетел үйлерін салу ісіне қатысуда. Осылайша олар майланған бауырластарымен бірге Ехобаның ұлғайып келе жатқан ұйымының қажеттіліктерін қанағаттандыруда.
17. Ехобаның өзінің халқына қалай салтанат сыйлағанына мысал келтіріңдерші.
17 Ишая 60:10-да жазылған соңғы сөздер қалай жігерлендіреді десеңші! Ехоба былай дейді: “Сион, Мен қаһарланып, сені жазалаған едім. Енді саған риза болып, жанашырлық білдіремін”. Иә, 1918—1919 жылдары Ехоба өзінің халқын тәртіпке салды. Алайда бұл өткен уақытта болған нәрсе. Ал қазір Ехоба үшін өзінің майланған қызметшілері мен олардың серіктері басқа қойларға мейірімділік танытатын уақыт. Бұл Ехобаның батасын төгіп, оларға ‘салтанат сыйлағандай’ керемет өсім бергенінен көрінеді.
18, 19. а) Өзінің ұйымына келетін жаңа адамдарға қатысты Ехоба не уәде етті? ә) Ишаяның 60-тарауының қалған тармақтарында не жөнінде әңгімеленеді?
18 Жыл сайын жүздеген мың ‘жат жерліктер’ Ехобаның ұйымына қосылуда және басқа да көптеген адамдардың олардың жолын қууға мүмкіндіктері бар. Ехоба Сионға былай дейді: “Қақпаларың күні-түні жабылмай, әрдайым ашық тұратын болады. Олар арқылы өзге халықтар мен олардың патшалары салтанатты шерумен жетелене кіріп [“патшалары басшылық етіп”, ЖД], байлықтарын үздіксіз әкеле береді” (Ишая 60:11). Кейбір қарсыластар ‘қақпаларды’ жауып тастауға тырысады, алайда біз олардың әрекеттерінің сәтсіз боларын білеміз. Ехобаның өзі қалай болған күнде де қақпалардың ашық тұратынын айтқан. Демек, өсім жалғаса бермек.
19 Соңғы күндері Ехоба басқа да жолдармен өзінің халқына батасын төгіп, оны салтанатқа бөлеп отыр. Ишаяның 60-тарауының қалған тармақтарында мұның қалай жүзеге асырылғаны көрсетілген.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• ‘Әйел’ деген кімді білдіреді және оның жер бетіндегі өкілдері кім?
• Сионның балалары қашан етпеттеп жатты, ал қашан және қалай ‘орындарынан тұрды’?
• Қалай Ехоба әр түрлі бейнелерді қолданып бүгіндегі Патшалықты жариялаушылардың өсімі жөнінде алдын ала айтты?
• Қай жағынан Ехоба өзінің халқына нұрын шашуда?
[20-беттегі сурет]
‘Әйелге’ орнынан тұру бұйырылды
[22-беттегі сурет]
Кемелер көкжиектегі көгершіндерге ұқсайды