Ехоба сенің қамыңды ойлайды
“Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” (1 ПЕТІР 5:7).
1. Қандай маңызды нәрседе Ехоба мен Шайтан бір-бірінен мүлдем өзгеше?
ЕХОБА мен Шайтан — бір-біріне толықтай қарама-қайшы тұлғалар. Ехобаға жақындағысы келетін адамдардың бойында Шайтанға деген жеркеніш қана болады. Олардың арасындағы айырмашылық жөнінде “Британ энциклопедиясында” (1970 жылғы басылымында) ескерілген еді. Сол елеулі анықтамалық кітапта Әйүп кітабына сәйкес, Шайтанның немен айналысатынына қатысты былай делінген: “Шайтанның мақсаты — жер бетін кезіп, жамандауға болатын адамдарды немесе іс-әрекеттерді іздеу. Басқа сөздермен айтқанда, оның мақсаты Ехобаның мақсатына қарама-қайшы, өйткені “Тәңірдің көзі” барлық игі нәрсені нығайту үшін жер бетін шолып отырады (II Пар. XVI, 9). Шайтан риясыз ізгілік танытатындарды жек көріп сенімсіздікпен қарайды, сондай-ақ оның мұндай адамдарды Құдайдың рұқсат етуімен, яғни Құдайдың қадағалауымен және орнатқан шегіне дейін, сынауға мүмкіндігі бар”. Құдай мен Шайтанның арасындағы айырмашылық жер мен көктей! (Әйүп 1:6—12; 2:1—7).
2, 3. а) Әйүптің басына түскен жағдайдан Ібіліс дегенді білдіретін грек сөзінің мағынасы қалай көрінеді? ә) Киелі кітаптан Ехобаның жер бетіндегі қызметшілеріне Шайтанның әлі де айып тағып жүргені қалай көрінеді?
2 Ібіліс дегенді білдіретін грек сөзінің мағынасы — “жалған айып тағушы”, “жалақор”. Әйүп кітабынан Шайтан Ехобаның адал қызметшісі Әйүпті қара басының қамын көздегендіктен оған қызмет етеді деп айыптағаны көрінеді. Ол: “Әйүп Құдайдан текке қорқады ма екен?” — дейді (Әйүп 1:9). Әйүп кітабында сынаққа салынғанына қарамастан, Әйүптің Ехобаға бұрынғысынан да жақындай түскені жазылған (Әйүп 10:9, 12; 12:9, 10; 19:25; 27:5; 28:28). Басына түскен барлық қиыншылықтары артта қалған соң, ол Құдайға былай дейді: “Осыған дейін Өзің туралы құлағыммен ғана естідім, ал енді Сені өз көзіммен көріп тұрмын” (Әйүп 42:5).
3 Әйүптің заманынан бері Шайтан Құдайдың адал қызметшілерін айыптауды доғарды ма? Жоқ. Аян кітабынан көрініп отырғандай, Шайтан қазіргі соңғы күндерде Мәсіхтің майланған бауырластарын әлі де айыптауда, сондай-ақ олардың адал серіктерінің де шет қалып жатпағандығы күмәнсіз (2 Тімотеге 3:12; Аян 12:10, 17). Сондықтан бәріміз үшін шынайы мәсіхшілер ретінде шын жүректен қызмет ету арқылы қамқор Құдайымыз Ехобаға мойынсұнып, Шайтанның таққан айыптарының жалған екенін дәлелдеудің маңызы аса зор. Солай етуімізбен Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлейміз (Нақыл сөздер 27:11).
Ехоба бізге көмектесудің жолдарын іздейді
4, 5. а) Ехоба жер бетіне не үшін назар салады? ә) Ехобаға ұнамды болу үшін біз өз тарапымыздан не істеуіміз керек?
4 Ібіліс жер бетін кезіп, әлдебіреуді айыптап, жалмап қоюға тырысады (Әйүп 1:7, 9; 1 Петір 5:8). Ал Ехоба, керісінше, өзінің күшіне мұқтаждарға көмек көрсетудің жолын іздейді. Ананий пайғамбар Аса патшаға: “Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін, Тәңірдің көзі бүкіл жер жүзін шолып отырады”,— деген (2 Шежірелер 16:9). Шайтанның жауыздықпен тырнақ астынан кір іздейтіні, Ехобаның сүйіспеншілікке толы қамқорлығынан қалайша ерекшеленеді десеңші!
5 Ехоба мүлт кеткен жерлерімізді байқау үшін, сыртымыздан бақылап отырмайды. Забур жыршысы: “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң,— Тәңірім! кім төзе алсын?” — деп жазған (Забур 129:3). Әрине, ешкім де төзе алмайды (Екклесиаст 7:20). Егер Ехобаға шын жүректен жақындайтын болсақ, оның көздері бізді кінәлау үшін емес, талпынысымызды байқау және дұғаларымызды тыңдау үшін бақылайтын болады. Елші Петір былай деген: “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда, ал жамандық жасайтындарға Тәңір әбден теріс қарайды да” (1 Петір 3:12).
6. Қалай Дәуіттің басынан өткен жағдай бізге жұбаныш береді, әрі ескерту болып табылады?
6 Дәуіт кемелсіз адам болған, үлкен күнә да жасаған (2 Патшалықтар 12:7—9). Бірақ ол көңіліндегіні Ехобаға артып, дұға арқылы оған жақындайды (Забур 50:1—14). Дәуіт күнәсінің зардабын тартады, сөйтсе де Ехоба дұғасына құлақ салып, оны кешіреді (2 Патшалықтар 12:10—14). Дәуіттің басынан өткен жағдай бізге жұбаныш береді, әрі ескерту болып табылады. Күнәларымызды мойындап шын жүректен өкінсек, Ехобаның кешіретінін білгеніміз бізге жұбаныш береді; десе де күнәнің нәтижесі жиі ауыр қиыншылықтарға әкеліп соқтыратынын түсінгеніміз ойланып әрекет етуге талпындырады (Ғалаттықтарға 6:7—9). Егер Ехобаға жақындағымыз келсе, оған ұнамсыз нәрселердің бәрінен аулақ жүруіміз керек (Забур 96:10).
Ехоба қызметшілерін өзіне жақындатады
7. Ехоба қандай адамдарды іздейді және қалай оларды өзіне жақындатып тартады?
7 Забур жырларының бірінде Дәуіт былай деп жазған: “Жаратқан Ие жоғарыда. Ол кішіпейілдіні де көреді, өр көкіректі де алыстан таниды” (Забур 137:6). Басқа бір жырда да осыған ұқсас сөздер айтылған: “Тәңір Құдайымыз сияқты жоғарыда өмір сүретін кім бар? Ол көк пен жерді көру үшін, еңкейіп төмен қарайды; кедейді топырақтан тұрғызады” (Забур 112:5—7). Иә, Әлемді жаратқан құдіретті Құдай иіліп жерге қарауды намыс санамайды. Оның көздері ‘кішіпейіл’ мен ‘кедейді’, ‘болып жатқан барлық сорақылықтарға жаны күйзеліп, қасірет шегіп’ жүргендерді, көріп отырады (Езекиел 9:4). Мұндай адамдарды ол өзінің Ұлы арқылы жақындатып тартады. Иса жер бетінде болғанда: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады... Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды”,— деген (Жохан 6:44, 65).
8, 9. а) Неге барлығымыз Исаға келуіміз керек? ә) Ехобаның азаттық төлемін бергеніне қатысты қандай таңқаларлық жайт бар?
8 Құдайды танымайтын күнәкар болып туылғандықтан, адамдардың барлығы Исаға келіп, оның төлем құрбандығына сенулері керек (Жохан 3:36). Олар Құдаймен татуласуды қажет етеді (2 Қорынттықтарға 5:20). Құдай татуласудың жолын көрсетуін сұрап адамдардың өзіне жалбарынғанын күтіп отырған жоқ. Елші Пауыл: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті. Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді. Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз!” — деп жазды (Римдіктерге 5:8, 10).
9 Елші Жохан Құдайдың адамдарды өзімен татуластыратынына қатысты керемет шындықты дәлелдеген: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз Ұлын дүниеге жіберді. Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәмыздың құнын өтеу үшін рухани Ұлын жіберді” (1 Жохан 4:9, 10). Бірінші қадамды адам емес, Құдай жасаған. ‘Күнәкарларға’, тіпті ‘қастарына’ осындай сүйіспеншілік танытқан Құдайға жақындағың келе ме? (Жохан 3:16).
Ехобаны іздеу қажет
10, 11. а) Ехобаны іздеу үшін не істеуіміз керек? ә) Шайтанның дүниесіне деген көзқарасымыз қандай болу керек?
10 Өзіміз білетіндей, Ехоба ешкімді өзіне келуге мәжбүрлемейді. Біз оны өзіміз іздеуіміз керек, сонда ‘қарманып жүргендей іздестіріп, тауып аламыз. Ол әрқайсымыздан алыс емес’ (Елшілердің істері 17:27). Біз Ехобаның мойынсұнушылықты талап етуге қақысы бар екенін мойындауға тиіспіз. Жақып былай деп жазды: “Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді. Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды. Күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Екі ойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!” (Жақып 4:7, 8). Біз Ібіліске қарсы шығып, Ехобаның жағында мызғымай берік тұруымыз керек.
11 Бұл — Шайтанның зұлым заманынан бойымызды аулақ салуымыз керек деген сөз. Жақып: “Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады”,— деп те жазған (Жақып 4:4). Сондай-ақ, керісінше, Ехобаның досы болғымыз келсе, Шайтанның дүниесінің бізді жек көретініне даяр болуымыз керек (Жохан 15:19; 1 Жохан 3:13).
12. а) Дәуіт қандай жұбанышты сөздер жазған? ә) Азария пайғамбар арқылы Ехоба қандай ескерту жасады?
12 Әсіресе Шайтанның дүниесінің қысымы қандай да бір нақты нәрседе көрінгенде, дұғада көмек сұрап, Ехобаға жақындауымыз керек. Ехоба талай рет қиыншылықтан құтқарған Дәуіт бізге жұбаныш болу үшін былай деп жазған: “Тәңір Өзін шақырғандардың, шындықпен шақырғандардың, барлығына жақын. Өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, олардың зарын естіп, құтқарады. Тәңір Өзін сүйетіндердің бәрін аман сақтап, ал әділетсіздердің бәрін жояды” (Забур 144:18—20). Бұл жырдан Ехобаның сынаққа тап болғанда жеке әрқайсысымызды, ал “ауыр азап” кезінде бүкіл халқын құтқара алатыны көрінеді (Аян 7:14). Егер біз Ехобаға жақындасақ, ол да бізге жақындайды. Азария киелі рухтың жетелеуімен өмірдің барлық саласында қолданылатын шындық деуге болатын ой айтқан: “Жаратқан Иемен бірге болғандарыңда, Ол да сендермен бірге; Оны іздесеңдер, табасыңдар; Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады” (2 Шежірелер 15:1, 2).
Ехобаның расында да бар екендігіне қалтқысыз сенімді болуға тиіспіз
13. Ехобаның бар екеніне қалтқысыз сенетінімізді қалай көрсете аламыз?
13 Елші Пауыл Мұсаның ‘көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланғаны’ жөнінде жазған (Еврейлерге 11:27). Әрине, Мұса Ехобаны тура мағынада ешқашан көрмеген (Мысырдан шығу 33:20). Бірақ Мұса Ехобаның бар екендігіне қалтқысыз сенгені сонша, оны көзімен көргендей еді. Сол сияқты Әйүп те басына түскен сынақтардан кейін, Ехобаны сенім көзімен, яғни оны адал қызметшілерінің сыналуына жол бергенімен, олардан ешқашан бас тартпайтын Құдай ретінде анығырақ көрген (Әйүп 42:5). Енох пен Нұхтың да ‘Құдаймен тығыз байланыста жүргені’ жөнінде жазылған. Олар Құдайға ұнамды болуға тырысып, оған мойынсұнған (Жаратылыс 5:22—24; 6:9, 22; Еврейлерге 11:5, 7). Енох, Нұх, Әйүп және Мұса сияқты Ехобаның бар екендігіне қалтқысыз сенер болсақ, барлық іс-әрекеттерімізде ‘оны ескереміз’, сонда ол бізді ‘тура жолмен жүргізеді’ (Нақыл сөздер 3:5, 6, ЖД).
14. Ехобадан ‘ажырамау’ деген нені білдіреді?
14 Исраилдіктер Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Мұса оларға: “Құдайларың Тәңірге еріңдер, Одан қорқып, өсиеттерін орындаңдар, Оның үніне құлақ асып, Оның Өзіне қызмет етіңдер, Одан ажырамаңдар”,— деп өсиет еткен (Заңды қайталау 13:4). Исраилдіктер Ехобаға еріп, одан қорқып, оған құлақ асып, сондай-ақ одан ажырамаулары керек еді. Бір Киелі кітапты зерттеуші “ажырамау” деп аударылған еврей сөзі “өте тығыз, ең жақын қарым-қатынасты білдіретінін” айтқан. Забур жыршысы: “Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа одан қорқатындар ие болады”,— деген (Забур 25:14, ЖД [24:14]). Біз Ехобаның бар екендігіне қалтқысыз сеніп, оны жақсы көргеніміз соншалық, оған ұнамсыз әрекет істеп қоюдан шошынатын болсақ қана онымен осындай құнды, тығыз қарым-қатынасқа қол жеткізе аламыз (Забур 18:10—15).
Ехобаның қамқорлығын сезінесің бе?
15, 16. а) 33-ші Забур жырынан Ехобаның қамымызды ойлайтыны қалай көрінеді? ә) Ехобаның өзімізге ізгілік танытқанын есімізге түсіру қиын болса, не істеуге болады?
15 Шайтанның қастық әрекеттерінің бірі — Құдайымыз Ехобаның айнымас қамқорлық көрсетіп отырғанын байқатпау. Дәуіт патша қандай қауіп төніп тұрса да, Ехобаның қорғайтынына еш күмәнданбаған. Дәуіт Ғат патшасы Анхұстың алдында есуас болғансып әрекет етуге мәжбүр болғаннан кейін, керемет жыр жазып, өзінің сенімін келесі сөздермен жеткізген: “Менімен бірге Жаратқан Иені дәріптеңдер, Оның есімін бірге мадақтайық! Мен Жаратқан Иені іздедім, сонда Ол маған құлақ салып, барлық қауіп-қатерден құтқарды. Жаратқан Иеден қорқатындарды Оның періштесі қоршап алып, құтқарады. Иеміздің қандай ізгі екендігінің дәмін татып көріңдер! Оған үмітін артқан адам бақытты! Тәңір жүрегі жаралыларға жақын әрі кішіпейілдерді құтқарады” (Забур 33:3, 4, 7, 8, 18, 19; 1 Патшалықтар 21:10—15).
16 Ехобаның құтқара алатынына сенімдісің бе? Оның періштелер арқылы құтқарған кездері есіңде ме? Дәмін татып, Ехобаның қаншалықты ізгі екенін сезініп көрдің бе? Ехобаның ізгілігін соңғы рет қашан анық сезіндің? Есіңе түсіріп көрші. Бәлкім, уағыздап жүргенде әбден қалжырап, соңғы есікті қаққанда болған шығар? Тап сол үйдің тұрғынымен керемет әңгіме басталған болар. Сол кезде өзіңе қажетті күш беріп, батасын төккені үшін Ехобаға ризашылығыңды білдірдің бе? (2 Қорынттықтарға 4:7). Жоқ әлде, сен үшін Ехобаның өзіңе ізгілік көрсеткен нақты жағдайды есіңе түсіру қиын ба? Бір апта, бір ай, бір жыл не оданда көп уақыт бұрынғы оқиғаны еске алу керек болар. Олай болса, Ехобаға жақынырақ болуға және басшылық беріп, өзіңді тура жолмен алып жүргенін көру үшін, неге саналы түрде күш салмасқа? Елші Петір мәсіхшілерді: “Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар... Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” — деп шақырған (1 Петір 5:6, 7). Сонда оның өзіңе зор қамқорлық көрсетіп жүргенін көріп, таңқалатын боласың! (Забур 72:28).
Талмастан Ехобаны іздей бер
17. Ехобаны толассыз іздеу үшін не істеу керек?
17 Ехобамен қарым-қатынастың үзілмеуінің қамын жеу — толассыз әрекет. Иса Әкесіне дұға етіп, былай деген: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және өзің жерге жіберген мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тани беру” (Жохан 17:3, ЖД). Ехоба мен оның Ұлын жақыннан тани беру үшін біздің тарапымыздан үнемі күш салып отыру қажет. Сондай-ақ дұға мен киелі рухтың көмегінсіз ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіне алмаймыз (1 Қорынттықтарға 2:10; Лұқа 11:13). Біз “уақтылы” беріліп отырған рухани ас-сумен ой-санамызға нәр беру үшін, ‘адал да саналы қызметшінің’ көмегіне де мұқтажбыз (Матай 24:45). Ехоба бізді өзі қолданып отырған осы арна арқылы Киелі кітапты күнделікті оқуға, қауым кездесулерінен қалмауға, сондай-ақ Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен жариялауға шақырады (Матай 24:14). Осы кеңестерге құлақ асуымыз арқылы қамқор Құдайымыз Ехобаны толассыз іздейтіндігімізді көрсетеміз.
18, 19. а) Не істеуге белімізді бекем бууымыз керек? ә) Шайтанға қайтпастан қарсы тұрып, Ехобаны іздей беретін болсақ, қандай баталарға ие боламыз?
18 Шайтан жан-жақтан Ехобаның халқын қудалату, қарсыласып, қысымға алдыру үшін барын салуда. Ол біздің Құдаймен бейбіт қарым-қатынасымызды бұзып, оған ұнамсыз болғанымызды қалайды. Шайтан біздің адал ниетті адамдарды тауып, олардың бүкіләлемдік билікке қатысты даулы мәселеде Ехобаның жағына шығуларына көмектескенімізді қаламайды. Алайда Ехобаның бізді Шайтанның ықпалынан құтқаратынына сеніп, оған адал болуға белімізді бекем бууымыз керек. Құдай Сөзінің басшылығын қабылдап әрі оның ұйымымен бірге белсенді қызмет етіп жүрсек, Ехобаның әрқашан қолдайтынына сенімді болуымызға болады (Ишая 41:8—13).
19 Шайтанға және оның қастық әрекеттеріне қайтпастан қарсы тұрайық, сондай-ақ өзімізді сөзсіз ‘нығайтып, қуатты да табанды ететін’ сүйікті Құдайымыз Ехобаны іздеуді тоқтатпайық (1 Петір 5:8—11). Осылайша “әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтанып, әрі Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өзімізге шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтеміз” (Яһуда 21).
Қалай жауап берер едіңдер?
• “Ібіліс” деген сөз нені білдіреді және қалайша ол осы анықтамаға сай келеді?
• Ехоба қандай мақсатпен жер бетінің тұрғындарына назарын салады, ал Шайтан мұны қандай мақсатпен істейді?
• Неге Ехобаға жақындау үшін төлем құрбандығына сену қажет?
• Ехобадан ‘ажырамау’ деген нені білдіреді және қалай Ехобаны толассыз іздеуімізге болады?
[15-беттегі сурет]
Әйүп басына түскен сынақтарға қарамастан, Ехобаның қамқорлық етіп отырғанын білген
[16-беттегі суреттер]
Киелі кітапты күнделікті оқу, қауым кездесулеріне қалмай бару және уағыздау ісіне құлшына қатысу Ехобаның қамқорлығын есімізге салып отырады