Мұсаның 2-жазбасы
33 Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді: “Өзің және Мысырдан алып шыққан халқың бұл жерді тастап, жолға шығыңдар. Сөйтіп, мен Ыбырайымға, Ысқақ пен Жақыпқа “ұрпағыңа беремін” деп уәде еткен жерге барыңдар+. 2 Алдыңнан періште жіберіп+, сол жерден қанахандықтарды, аморлықтарды, хеттіктерді, перездіктерді, хевтіктер мен ебустіктерді қуып шығамын+. 3 Ағы мен балы ағыл-тегіл мол сол жерге барыңдар+. Бірақ мен сендермен бірге жүрмеймін. Сендер тоңмойын халықсыңдар+, сондықтан жол-жөнекей қырып жіберуім мүмкін+”.
4 Осы жаман хабарды естігенде, халық қайғырды. Олардың ешқайсысы әшекейлерін тақпады. 5 Ехоба Мұсаға: “Исраилдіктерге мынаны айт: —Сендер тоңмойын халықсыңдар+, араларыңнан бір-ақ сәтте өте шығып, жойып жібере аламын+. Бірақ қазір сендерге қандай жаза беру керектігін ұйғарғанымша, әшекейлеріңді шешіңдер”,— деген еді. 6 Содан исраилдіктер Хориб тауынан шыққан кезден бастап әшекейлерін тақпайтын болды.
7 Мұса шатырын алып, қостан алысырақ жерге апарып тікті де, оны кездесу шатыры деп атады. Ехобаның еркін сұрағысы келген әркім+ қостың сыртындағы осы кездесу шатырына келетін болды. 8 Мұса шатырға бара жатқанда, күллі жұрт өз шатырының алдында тұрып, ол кездесу шатырының ішіне кіріп кеткенше, соңынан қарап тұратын. 9 Мұса шатырға кірген бойда бұлт бағанасы+ төмен түсіп, Құдай Мұсамен сөйлесіп жатқанда, шатырдың кіреберісінде тұратын+. 10 Бүкіл халық кездесу шатырының кіреберісіндегі бұлт бағанасын көргенде, әрқайсысы орындарынан тұрып, шатырларының алдында иіліп тағзым ететін. 11 Ехоба Мұсамен адамдар бір-бірімен сөйлесетіндей бетпе-бет сөйлесетін+. Мұса қосқа оралғанда, оның қызметшісі әрі көмекшісі+ Нұнның ұлы Ешуа+ шатырдың қасынан ешқайда кетпейтін.
12 Мұса Ехобаға былай деді: “Міне, сен маған: —Мына халықты бастап алып жүр,— дейсің, бірақ менімен кімді жіберетініңді айтқан жоқсың. Оның үстіне: —Мен сені жақсы білемін*, сен менің ықыласыма ие болдың,— дегенсің. 13 Егер ықыласыңа ие болсам, онда сені танып-білуім және әрі қарай да ықыласыңа бөлене беруім үшін маған жолдарыңды білдіре көрші+. Мына халықтың өз халқың екенін есіңнен шығара көрме+”. 14 Құдай оған: “Сенімен бірге өзім барамын+, әрі саған тыныштық сыйлаймын+”,— деп жауап қатты. 15 Бұған Мұса: “Бізбен бірге өзің бармасаң, онда осында қала берейік. 16 Мен де, халқың да ықыласыңа ие болғанымызды қайдан білеміз? Бізбен бірге жүргеніңнен емес пе+? Міне, осы арқылы мен және өз халқың жер бетіндегі басқа халықтардан ерекшеленеміз ғой+”,— деді.
17 Ехоба Мұсаға: “Бұл өтінішіңді де орындаймын, өйткені сен менің ықыласыма ие болдың, мен сені жақсы білемін”,— деді. 18 Сонда Мұса: “Маған өз ұлылығыңды көрсетші”,— деп өтінді. 19 Құдай оған мынаны айтты: “Мен саған бар ізгілігімді көрсетемін және сенің алдыңда Ехоба деген есімімді паш етемін+. Ықыласыма бөлегім келгенді ықыласыма бөлеп, мейірім танытқым келгенге мейірім танытамын+”. 20 Сосын ол: “Сен менің бет-жүзімді көре алмайсың, өйткені оны көрген адам тірі қалмайды”,— деп қосты.
21 Ехоба әрі қарай оған: “Менің қасымда орын бар, мына жартасқа шығып тұр. 22 Менің ұлылығым алдыңнан өткен кезде, сені жартастың қуысына қойып, өтіп кеткенімше, қолыммен көлегелеймін. 23 Содан кейін қолымды алғанда, мені ту сыртымнан көресің, бірақ бет-жүзімді көре алмайсың+”,— деді.