Ехобаның Сөзі тірі
Жаратылыстың басталуы кітабының көңіл бұрарлық тұстары. I-бөлім
ӘЛЕМНІҢ пайда болуы, адамзат мекендеу үшін жердің дайындалуы және қалай онда адамның өмір сүре бастағаны жайлы баяндайтын кітаптың Жаратылыстың басталуы деп аталуы өте орынды. Мұса бұл кітапты Синай шөл даласында жазып, б. з. б. 1513 жылы аяқтаса керек.
Жаратылыс кітабында Топан суға дейінгі дүние және одан кейінгі оқиғалар баяндалады, әрі Ехоба Құдайдың Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Жүсіппен қарым-қатынасы жайлы айтылады. Бұл мақалада Жаратылыс 1:1—11:9-дағы көңіл бұрарлық тұстары, атап айтқанда, Ехобаның рубасы Ыбырайыммен қарым-қатынасы басталғанға дейінгі оқиғалар қарастырылады.
ТОПАН СУҒА ДЕЙІНГІ ДҮНИЕ
Жаратылыс кітабының “Әуел баста” деген алғашқы сөздері миллиардтаған жылдар бұрын болған уақытты меңзейді. Алты жаратылыс “күнінің” оқиғалары, яғни кейбір жаратылыс жұмыстары атқарылған кезеңдердің даму сатысы жер бетінен бақылаған адамның көзқарасымен баяндалған. Егер сол уақытта жерде адам өмір сүргенде, оның көзіне оқиғалар солай көрінер еді. Алтыншы күннің соңында Құдай адамды жаратты. Адамдардың тілазарлығынан Жұмақ көп ұзамай жоғалтылды, бірақ Ехоба үміт берді. Киелі кітапта ең алғашқы пайғамбарлық күнәнің салдары мен Шайтанды жоятын “ұрпақ” жайында айтылды.
Келесі он алты ғасыр бойы Әбіл, Енох, Нұх сияқты әділ адамдарды санамағанда, Шайтан адамзаттың бәрін дерлік Құдайдан алып кетті. Мысалы, Қабыл өзінің әділ інісі Әбілді өлтірген. Адамдар “Ехобаның есімін шақыра бастады” (ЖД). Бірақ Құдайға тіл тигізу үшін болса керек. Ләмех болса, өз күндерінің қатігез рухын көрсете отырып, қорғанғанын сылтауратып, бір жас жігітті өлтіргені жайлы өлең шығарады. Ал Құдайдың балалары, тілазар періштелер, әйелдерге үйленіп, олардан бұзақы алыптар туғанда, жағдай мүлдем нашарлады. Кемені соғып жатқанда, Нұх басқаларға Топан судың келетінін батыл ескертті және отбасымен бірге құтқарылып қалды.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:16 — Егер аспан шырақтары төртінші күні жаратылған болса, қалайша Құдай бірінші күні жарық берді? Киелі кітапта Жаратылыс 1:1, 16, 21 және 27-тармақтардағы “жаратты” деген сөз түпнұсқада әр түрлі сөздермен берілген. Аспан шырақтарын қоса алғанда, “аспан” “бірінші күн” басталмастан көп уақыт бұрын жаратылған болатын. Бірақ олардың жарығы жер бетіне түспейтін. Бірінші күні бұлттардың арасынан шашырап түскен жарық жер бетіне жеткенде, жерде ‘жарық пайда болды’. Осылай айналып тұрған жер шарында күн мен түннің ауысуы басталды (Жаратылыс 1:1—3, 5). Алайда жарық көздері әлі жер бетінен көрінбейтін. Бірақ жаратылыстың төртінші кезеңінде едәуір өзгерістер болды. Күн, ай және жұлдыздар енді “жерге жарық түсіріп” тұрды (Жаратылыс 1:17). Енді Құдай оларды жер бетінен үнемі көрініп тұратындай “етіп жасады” (ЖД).
3:8, 9 — Ехоба Құдай Адам атамен тікелей сөйлескен бе? Киелі кітапта Құдай адамдармен сөйлескенде, жиі періштелерді қолданғаны көрінеді (Жаратылыс 16:7—11; 18:1—3, 22—26; 19:1; Билер 2:1—4; 6:11—16, 22; 13:15—22). Құдайдың бас өкілі “Сөз” деп аталған жалғыз ұлы еді (Жохан 1:1). Құдай Адам және Хауамен де “Сөз” арқылы сөйлескен болуы әбден мүмкін (Жаратылыс 1:26—28; 2:16; 3:8—13).
3:17 — Жерді қалайша және қанша уақытқа қарғыс атты? Жердің қарғыс атуы одан өнім алудың енді өте қиын болатынын білдірді. Қарғысқа ұшыраған жерден шыққан арам шөп пен тікенектер Адам ұрпақтарының жандарына батқаны сонша, Нұхтың әкесі Ләмех “Жаратқан Иенің қарғысына іліккен жерде бейнетпен жұмыс істеп жүрген” жайын айтты (Жаратылыс 5:29). Топан судан соң Ехоба Нұх пен оның отбасына батасын беріп, олардың жер бетін толтыруы жайлы ниетін айтты (Жаратылыс 9:1). Құдайдың қарғысы сонымен тоқталса керек (Жаратылыс 13:10).
4:15 — Қалай Ехоба Қабылға “белгі салып берді?” Киелі кітапта белгі немесе таңбаның Қабылдың денесіне салынғаны жайлы айтылмайды. Белгі — басқалардың кек алып, оны өлтіріп қоймауы үшін берілген Құдайдың жарлығы болса керек. Бұл жарлықты барлығы білген әрі орындауға тиіс болған.
4:17 — Қабыл әйелді қайдан алған? “Адам ата ұл-қыздарға әке болды” (Жаратылыс 5:4). Сондықтан Қабыл өзінің қарындастарының немесе немере қарындастарының біріне үйленген болуы мүмкін. Бірақ кейінірек, Құдайдың исраилдіктерге берілген заңында жақын туыстардың үйленуіне тыйым салынған болатын (Леуіліктер 18:9).
5:24 — Қалай Құдай Енохты ‘алып кетті?’ Енохтың өміріне қауіп төнсе керек, бірақ Құдай оның жауларының қолынан азап шегуіне жол бермеді. “Енох... бұ дүниеден әкетілді”,— деп жазды елші Пауыл (Еврейлерге 11:5). Бұл Құдай оны көкте өмір сүрсін деп әкеткенін білдірмейді. Көкке бірінші болып көтерілген Иса болатын (Жохан 3:13; Еврейлерге 6:19, 20). Енохтың ‘ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілгені’, Құдай оны ерекше күйге түсіріп, пайғамбарлық аян беріп, сол күйінде өмірін тоқтатқанын білдіруі мүмкін. Осындай жағдайда болған Енох азап көрген жоқ, немесе жауларының қолынан ‘ажалға жолықтырылған’ жоқ.
6:6 — Ехоба адамдарды жаратқанына “өкінген” (ЖД) деп қай мағынада айтылған? “Өкінген” деп аударылған еврей сөзі көзқарастың немесе ниеттің өзгергеніне нұсқайды. Ехоба кемелді болғандықтан, адамды жаратқанда қателескен жоқ. Бірақ ол Топан суға дейінгі зұлым адамзатқа деген көзқарасын өзгерткен. Адамзаттың зұлымдығына наразы болған Ехоба енді оларға Жаратушы емес, жоюшы ретінде қарады. Ехобаның кейбір адамдарды сақтап қалғаны, адамдардың зұлым болып кеткеніне ғана өкінгенін көрсетеді (2 Петір 2:5, 9).
7:2 — Таза және арам жануарды қалай айырған? Жануарларды жеуге болатын-болмайтындығына емес, ғибадат етуде құрбандыққа шалынатын-шалынбайтындығына қарап айырса керек. Топан судан бұрын адамдар малдың етін жемеген. Тамақты “таза”, “арам” деп бөлу Мұсаның заңымен келді де, сонымен бірге күшін жойды (Елшілердің істері 10:9—16; Ефестіктерге 2:15). Ехобаға ғибадат етіп, құрбандық шалуға ненің жарамды болғанын Нұх білген болу керек. Кемеден шыға сала, ол “Жаратқан Иеге арнап құрбандық беретін орын жасады да, малдың және құстың бәрінің адалынан алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді” (Жаратылыс 8:20).
7:11 — Нұхтың заманындағы жер бетін алып кеткен су қайдан келген? Екінші жаратылыс “күні” немесе кезеңінде жерде әуе “кеңістігі” пайда болып, “астындағы суды” “үстіндегі судан” бөліп тұратын болды (Жаратылыс 1:6, 7). Сол уақыттан бастап “астындағы” су жерде болды. “Үстіндегі” су болса, ‘терең тұңғиықты’ құраған жердің төбесінен төніп тұрған өте көп мөлшердегі ылғал болатын. Нұхтың кезінде осы сулар жерге қарай құлаған.
Біз үшін сабақ.
1:26. Құдайға ұқсас болып жаратылғандықтан, адамдар оның қасиеттерін таныта алады. Сондықтан Жаратушымызға еліктеп, сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық, кеңпейілдік және шыдамдылық сияқты қасиеттерді дамытуға тырысуымыз керек.
2:22—24. Неке — отбасында күйеуі басшылық ететін Құдайдың тұрақты әрі қасиетті құрылымы.
3:1—5, 16—23. Бақытты болуымыз жеке өмірімізде Ехобаның билігін мойындайтынымызға байланысты.
3:18, 19; 5:5; 6:7; 7:23. Ехобаның сөзі әрқашан тура орындалады.
4:3—7. Әбіл сеніммен әрекет еткен әділ адам болғандықтан, Құдай оның сый-тартуын қабыл алды (Еврейлерге 11:4). Ал Қабылдың іс-әрекетінен оған сенім жетіспегені көрінеді. Оның істері зұлымдық, қызғаныш, жеккөрушілік және кісі өлтіру болған (1 Жохан 3:12). Оның үстіне, ол не үшін сый-тарту ұсынып жатқанын ойламастан, жай ұсына салған болса керек. Ехобаны мадақтайтын құрбандықты шын жүректен, таза пейілмен беріп, жүріс-тұрысымыз да соған сай болу керек емес пе?
6:22. Кемені соғуға көп уақыт кетсе де, Нұх барлығын Ехоба қалай бұйырса, солай істеді. Сондықтан Нұх отбасымен бірге Топан судан аман қалды. Ехоба бізбен өзінің Сөзі арқылы сөйлеседі және ұйымы арқылы басшылық береді. Оған құлақ асып, айтқанын орындағанымыз өзімізге пайдалы.
7:21—24. Ехоба зұлымдармен бірге әділдерді жоймайды.
АДАМЗАТТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРГЕ АЯҚ БАСУЫ
Топан судан кейін адамзат жаңа дәуірге аяқ басты. Адамдарға ет жеуге рұқсат берілді, бірақ қанын ағызып жіберу керек еді. Ехоба өлім үшін өлім жазасын қолдануға рұқсат берді және қайтып Топан су қаптатпайтынын уәде етіп, оны кемпірқосақ келісімі арқылы бекітті. Нұхтың үш баласы барлық нәсілдердің түп аталары болды, бірақ Нұхтың Нымрод атты шөбересі “Ехобаға қарсы мықты аңшы” (ЖД) болды. Жер бетіне таралудың орнына, адамдар Бабыл атты қала соғып, өз аттарын шығару үшін мұнара тұрғызбақшы болды. Ехоба тілдерін шатастырып, бүкіл жер бетіне шашыратып жібергенде, олардың бұл ойлары іске аспай қалды.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
8:11 — Егер Топан суда талдардың бәрі жойылып кеткен болса, көгершін зәйтүн жапырағын қайдан тапты? Бұған қатысты екі түрлі тұжырым бар. Зәйтүн ағашы мықты тал болғандықтан, топан су кезінде бірнеше ай бойы судың астында жатса да, тірі қалған болуы мүмкін. Су тартылғанда, оның астындағы тал, жер кепкен соң қайтадан өне бастаған болу керек. Сонымен қатар көгершін Нұхқа су тартылған соң шыққан жас талдың жапырағын әкелген болуы да мүмкін.
9:20—25 — Неге Нұх Қанаханды қарғаған? Өзінің атасы Нұхты келеке етіп кінәлі болған Қанахан болуы әбден мүмкін. Қанаханның әкесі Хам мұның куәсі бола тұра, оны тоқтатудың орнына, әңгімені әрі қарай таратқан. Алайда Нұхтың өзге екі баласы Шам мен Япші өз әкелерінің денесін жапқан. Сол себепті олар батаға ие болған, ал Қанахан қарғысқа ұшыраған, Хам болса өзінің ұрпағының ұятқа қалдырғанына қапа болып қиналған.
10:25 — Қалай Пелектің кезінде жер “бөлінді?” Пелек б. з. б. 2269—2030 жылдар аралығында өмір сүрген. Ехобаның Бабылды соғушылардың тілін шатастыру арқылы адамдарды бөліп, бүкіл жер бетіне шашыратып жіберуі “сол кезде” болған (Жаратылыс 11:9). Осылайша, Пелектің кезінде “жер беті [немесе жердегі халық] бөлінді”.
Біз үшін сабақ.
9:1; 11:9. Ешбір адамның Ехобаның еркіне қарсы құрған жоспары мен жасаған әрекеті іске аспайды.
10:1—32. 5 және 10-тарауда жазылған Топан суға дейінгі және одан кейінгі шежіре бүкіл адамзат Нұхтың үш баласынан тараған Адам атаның ұрпағы екенін айтады. Ассириялықтар, халдейлер, еврейлер, сириялықтар және кейбір араб тайпалары Шамның әулетіне жатады. Ефиопиялықтар, мысырлықтар, қанахандықтар және кейбір африка, араб тайпалары Хамнан, ал Үндіеуропалықтар Япшіден тараған. Барлық адамдар өзара туысқан және барлығы Құдай алдында тең (Елшілердің істері 17:26). Бұл шындық біздің басқаларға қалай қарайтынымызға әсер етуге тиіс.
Құдай Сөзінің әсері күшті
Ежелгі адамдардың тарихы жайлы тура мәліметті тек Жаратылыс кітабының алғашқы бөлігінен ғана табуға болады. Бұл беттерден біз Құдайдың адамзатты жерге орналастырғандағы мақсатын түсінеміз. Нымрод сияқты адамдардың әрекеттерінің іске аспайтынын көру қандай жұбанышты!
Теократиялық қызмет мектебіне дайындалып, апта сайын Киелі кітапты оқығанда, “Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары” деген бөлімдегі мәліметті қарастырғаның Жазбалардың кейбір қиын жерлерін түсінуіңе көмектеседі. “Біз үшін сабақ” деген бөлім бір апта бойында оқыған Киелі кітап тармақтарынан қандай пайда алуға болатынын көрсетеді. Орынды кезде оларды қызмет кездесуіндегі жергілікті қажеттіліктерге де пайдалануға болады. Ехобаның Сөзі шынында да тірі және біздің өмірімізге әсері де күшті (Еврейлерге 4:12).