Қарттар — мәсіхші бауырластығымыздың ардақты мүшелері
“Тәңірдің үйінде отырғызылғандар... гүлдейді. Олар қартайған кездерінде де жемісті” (ЗАБУР 91:14, 15).
1. Көп адам қарттарға қалай қарайды?
ЕХОБА өзінің қызметшілерінің барлығын, қартайғандарын да, сүйеді. Алайда ұлт жағдайына баға беру мәліметіне қарағанда, жыл сайын Құрама Штаттарында қарт адамдардың жарты миллионға жуығы жәбір көреді немесе елеусіз қалдырылады екен. Осындай басқа да дүниежүзілік есептер қарттарды жәбірлеу бүкіләлемдік проблема екенін көрсетеді. Бір ұйым бұндай проблеманың ‘қарттар пайдасыз, өнімді еңбек ете алмайды, басқалардың жәрдемінсіз бір қадам да жасай алмайды... деген кең тараған көзқарастан’ туындап отырғанын айтады.
2. а) Ехоба өзінің адал қарт қызметшілеріне қалай қарайды? ә) Забур 91:13—16-дан қандай жүрек жылытар сөздер оқимыз?
2 Ехоба өзінің қарт қызметшілерін бағалайды. Ең алдымен, Ол дәрменсіздігімізге емес, “жанымызға”, яғни рухани күйімізге, қарайды (2 Қорынттықтарға 4:16). Оның Сөзі Киелі кітаптан мынадай жүрек жылытар сөздер оқимыз: “Әділ адам құрма ағашындай гүлдейді, Ливан тауының балқарағайындай асқақтайды. Тәңірдің үйінде отырғызылғандар Құдайдың ауласында гүлдейді. Олар қартайған кездерінде де жемісті, шырыны мол, жап-жасыл, Тәңірдің әділ екенін жариялайды” (Забур 91:13—16). Осы тармақтарды қарастыру барысында сендер, қауымның қарт мүшелері, мәсіхші бауырластыққа қай салаларда бағалы үлес қоса алатындарыңды көресіңдер.
“Қартайған кездерінде де жемісті”
3. а) Неге әділ адам құрма ағашына ұқсайды? ә) Қарт бауырластар қалайша “қартайған кездерінде де жемісті” бола алады?
3 Забур жыршысы әділ адамдарды ‘Құдайдың үйінде отырғызылған’ құрма ағаштарына теңеді. Олар “қартайған кездерінде де жемісті”. Бұның жігерлендіретін ой екенімен келісесің ғой? Әсем әрі түп-түзу болып өсіп тұрған құрма ағаштары Киелі кітап жазылып жатқан заманда Шығыс елдеріне тән көрініс болған. Құрма ағаштары сәнді болғаны үшін ғана емес, мол жеміс бергені үшін, тіпті кейбірі жасы жүзден асса да, жемісті болғаны үшін бағалы саналғанa. Сендер де Құдайға шынайы ғибадат етуде жемісті бола беру арқылы “әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне [“жеміс бере”, ЖД]” аласыңдар (Қолостықтарға 1:10).
4, 5. а) Мәсіхшілер беру қажет маңызды жеміс қандай? ә) Киелі кітаптан ‘ауызбен де мойындап, дәріптеу’ арқылы жеміс берген қарт қызметшілерді мысалға келтірші.
4 Ехоба мәсіхшілерден өзін және ниетін ‘ауызбен де мойындап, дәріптеу’ арқылы жеміс береді деп күтеді (Еврейлерге 13:15). Қарт мәсіхші болсаң, бұл саған да қатысты ма? Әрине, қатысты.
5 Киелі кітапта Ехоба мен оның ниеті жайлы батылдықпен куәлік еткен қарт адамдардың мысалдары бар. Ехоба Мұсаны өзінің пайғамбары әрі өкілі етіп тағайындағанда, ол ‘жетпіс жастан’ асып кеткен болатын (Забур 89:10; Мысырдан шығу 4:10—17). Кәрілік Даниял пайғамбарға да Ехобаның бүкіләлемдік билігін батыл жариялауға кедергі болмаған. Балтасар қабырғаға жазылған құпия сөздерді түсіндіріп беруге шақыртқанда, оның жасы тоқсаннан асқан болу керек (Даниял 5-тарау). Ал қарт елші Жохан жайлы не деуге болады? Ол ұзақ жыл қызметінің соңында ‘Құдай сөзін және Иса Мәсіхтің шынайы хабарын уағыздағаны’ үшін Патмос аралындағы түрмеге жабылды (Аян 1:9). Киелі кітаптан Құдайды ‘ауызбен де мойындап, дәріптеуімен’ жеміс берген бұлардан басқа да қарт қызметшілерді білсеңдер керек (1 Патшалықтар 8:1, 10; 12:2; 3 Патшалықтар 14:4, 5; Лұқа 1:7, 67—79; 2:22—32).
6. Ехоба осы соңғы күндері қарттарды қалай пайғамбарлық сөз айту үшін қолдануда?
6 Елші Петір еврей пайғамбары Жоелдің сөздерін келтіріп: “Құдай былай дейді: осы заманның аяғында Мен өзімнің Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне [оған “қарттар” да кіреді] төгемін... олар да пайғамбарлық сөз айтады”,— деген (Елшілердің істері 2:17, 18; Жоел 2:28). Осы сөздерге сәйкес, осы соңғы күндері Ехоба майланған тап пен ‘басқа қойлардың’ егде тартқан мүшелерін өз ниетін жариялау үшін қолдануда (Жохан 10:16). Олардың кейбіреулері адалдықпен Патшалықтың жемісін беріп келе жатқандарына ондаған жыл болды.
7. Дәрменсіздіктеріне қарамай, Патшалықтың жемісін берген қарттардың мысалын келтіріңдерші.
7 1941 жылдан бері Патшалықтың толық уақытты жариялаушысы болып келе жатқан Соняны алайықшы. Ол ұзақ уақыт созылмалы ауруымен күресіп келе жатса да, үнемі үйінде Киелі кітап зерттеу сабағын өткізеді. “Ізгі хабарды уағыздау — өмірімнің бөлігі,— деді ол.— Турасын айтқанда, ол — менің өмірім. Уағыздау қызметінде “зейнетке” шығудан бас тартамын”. Осыдан аз уақыт бұрын Соня әпкесі Олив екеуі аурухананың күту бөлмесінде емделмейтін сырқатқа душар болған Джанетке кезігіп, оған Киелі кітаптың үміт беретін хабарын айтады. Қызына көрсетілген шынайы ықыластан күшті әсер алған Джанеттің шешесі, құдайшыл католик, үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуге келісіп, нәтижесінде керемет жетістіктер жасауда. Патшалықтың жемісін беру үшін сендер осындай мүмкіндіктерді пайдалана аласыңдар ма?
8. Қартайған кезінде Халеп Ехобаға сенім артатынын қалай көрсетті және оның үлгісіне қарт мәсіхшілер қалай еліктей алады?
8 Кәріліктен мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамай, қарт мәсіхшілер Патшалықты уағыздау ісіне батылдықпен атсалысу арқылы қырық жыл шөл далада Мұсаның қасында жүрген исраилдік адал Халептің үлгісіне еліктейді. Халеп Иордан өзенінен өтіп, Уәде етілген жерге жеткенде, жетпіс тоғыз жаста болатын. Ол Исраилдің жеңімпаз жасағымен бірге алты жыл бой соғысқаннан кейін, сый-құрметке бөленіп, жанының рақатын ойлап өмір сүруіне болар еді. Бірақ ол батылдық танытып, Яһудеяның таулы аймағындағы алып Енактың ұлдары тұратын “үлкен де мықты бекінген қалаларды” жаулап алуды өз қолына беруін сұрайды. Ехоба Халепке көмектесті, сөйтіп, ‘Тәңірдің айтқаны орындалып, оларды қуып шықты’ (Ешуа 14:9—14; 15:13, 14). Қартайған кездеріңде Патшалықтың жемісін беріп жүрген болсаңдар, сендерді де Ехоба Халеп сияқты тастамайтынына сенімді болыңдар. Соңына дейін адал болып қалсаңдар, оның уәде еткен жаңа дүниесіндегі өмірге ие боласыңдар (Ишая 40:29—31; 2 Петір 3:13).
“Шырыны мол, жап-жасыл”
9, 10. Қарт мәсіхшілер сенімді ұстанып, рухани сергек болып қалу үшін не істейді? (11-беттегі қоршауды қараңдар.)
9 Ехобаның қарт қызметшілерінің жемісті болатынына нұсқап, забур жыршысы: “Әділ адам құрма ағашындай гүлдейді, Ливан тауының балқарағайындай асқақтайды. Олар қартайған кездерінде де жемісті, шырыны мол, жап-жасыл”,— деп жазды (Забур 91:13, 15).
10 Қартайсаңдар да, қалай рухани күшті болып қала аласыңдар? Құрма ағашының ұзақ жыл бойы әсемдігін жоғалтпауының басты себебі — сарқылмайтын бұлақтан тұщы су ішеді. Сол сияқты сендер де Құдай Сөзін оқу мен оның ұйымымен бірге болуларың арқылы Киелі кітап шындығының суын ішесіңдер (Забур 1:1—3; Еремия 17:7, 8). Рухани жағынан жігерлі болғандарыңның арқасында бауырластарыңа ардақты боласыңдар. Бас діни қызметкер болған қарт Жодайдың мысалы бұны қалай растайтынын қарастырайық.
11, 12. а) Яһуда патшалығының тарихында Жодай қандай маңызды рөл атқарды? ә) Шынайы ғибадаттың мүддесі үшін Жодай беделін қалай қолданды?
11 Атаққұмар Аталия патшайым өз немерелерін өлтіріп, Яһуданың билігін басып алған кезде Жодай жүзден асқан болса керек. Қарт Жодай не істей алды? Әйелі екеуі патша тағының аман қалған жалғыз мұрагері Жоғасты ғибадатханада алты жыл бойы жасырды. Кейін батыл әрекет етіп, Жодай жеті жасар Жоғасты патша деп жариялады да, Аталияны өлтіртті (2 Шежірелер 22:10—12; 23:1—3, 15, 21).
12 Патшаның қамқоршысы ретіндегі беделін Жодай шынайы ғибадаттың мүддесі үшін қолданды. Ол ‘Тәңірдің халқы болу үшін өзімен, халықпен және патшамен келісім жасады’. Оның бұйрығымен халық жалған құдай Бағалға арнап соғылған үйді және құрбандық шалатын орын мен мүсіндерді қиратып, абызын өлтірді. Сондай-ақ Жодайдың басшылығымен Жоғас ғибадатханадағы діни қызметті ретке келтіріп, аса қажет болған жөндеу жұмыстарын жүргізді. “Жодай тура жол көрсетіп отырған күндердің бәрінде Жоғас Тәңірге ұнамды істер істеді” (2 Шежірелер 23:11, 16—19; 24:11—14; 4 Патшалықтар 12:2). Жодай жүз отыз жыл жасап қайтыс болғанда, ‘Исраилде Құдай үшін және оның үйі үшін игі істер істегендіктен’ ерекше құрметтеп, оны патшалардың моласына жерлейді (2 Шежірелер 24:15, 16).
13. Қалай қарт мәсіхшілер ‘Құдай үшін және оның үйі үшін игі істер істей’ алады?
13 Бәлкім, нашар денсаулық немесе басқа бір жағдайлар шынайы ғибадат үшін қызметіңді шектейтін болар. Сондай болған күннің өзінде де, сен ‘Құдай үшін және оның үйі үшін игі істер істей’ аласың. Қауым жиналыстарына келіп, бағдарламаға және шамаң келгенше уағызға қатысуың арқылы Ехобаның рухани үйіне құлшыныс көрсете аласың. Киелі кітаптың кеңестерін қабыл алуға дайын болғаның және “адал да ақылды құл” мен қауымды адалдықпен қолдағаның мәсіхші бауырластықтың нығаюына септігін тигізеді (Матай 24:45—47, ЖД). Сондай-ақ сен бауырластарыңды “сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге” қозғау сала аласың (Еврейлерге 10:24, 25; Філимонға 8, 9). Егер елші Пауылдың: “Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты, әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс. Сол сияқты егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын”,— деген сөздеріне сай іс-әрекет ететін болсаң, басқаларға көп пайдаң тиеді (Титке 2:2—4).
14. Қауым ақсақалы ретінде көп жыл қызмет етіп келе жатқандар шынайы ғибадат үшін не істей алады?
14 Қауым ақсақалы ретінде көп жылдан бері қызмет етіп келесің бе? Ұзақ уақыт қауым ақсақалы болып келе жатқан бір бауырлас: “Жылдар бойы жиған даналығыңды риясыз басқалармен бөліс,— деген кеңес береді.— Үйренуге дайын бауырластармен міндеттеріңді және тәжірибеңді бөліс... Басқалардың қабілеттерін көре біл, әрі оларды жан-жақты қолданып, өсуіне ықпал ет. Оларды келешекке дайында” (Заңды қайталау 3:27, 28). Кең құлаш жайып жатқан Патшалық ісіне шынайы ықылас қойғаның мәсіхші бауырластарыңа көп пайда әкеледі.
‘Тәңірдің әділ екенін жарияла’
15. Қалай қарт мәсіхшілер ‘Тәңірдің әділ екенін жариялауда’?
15 Құдайдың қарт қызметшілері ‘Тәңірдің әділ екенін жариялау’ міндеттерін қуанышпен орындайды. Егер қарт мәсіхші болсаң, сенің сөзің мен іс-әрекетің басқаларға Ехобаның ‘қорған’ әрі ‘әділ емес ісі жоқ’ екенін көрсете алады (Забур 91:16). Құрма ағашы Жаратушысының зор қасиеттерін үнсіз паш етеді. Ал Ехоба саған шынайы ғибадат етіп жүргендерге өзі туралы куәлік беруге керемет мүмкіндік беріп отыр (Заңды қайталау 32:7; Забур 70:17, 18; Жоел 1:2, 3). Бұл неліктен маңызды?
16. Киелі кітаптағы қандай мысал ‘Тәңірдің әділ екенін жариялаудың’ маңызды екенін көрсетеді?
16 Исраилдіктердің көсемі Ешуа ‘жасы ұлғайып, қартайған’ кезінде “барлық Исраил ұлдарын, ақсақалдарын, басшыларын, билері мен бақылаушыларын жинап”, Құдайдың әділ істерін естеріне салды. Ол: ‘Құдайларың сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болды’,— деді (Ешуа 23:1, 2, 14). Бұл сөздер халықты нығайтып, біршама уақыт адалдық сақтауға көмектесті. Ал Ешуа өлген соң, “Тәңірді және оның Исраилге істеген істерін білмейтін басқа ұрпақ пайда болды. Сонда Исраил ұлдары Тәңірдің көз алдында зұлымдық жасап, Бағалдарға қызмет ете бастады” (Билер 2:8—11).
17. Ехоба біздің заманда халқы үшін қандай істер істеген және істеуде?
17 Қазіргі мәсіхші қауымның адалдығы Құдайдың қарт қызметшілерінің сөз жүзіндегі куәлігіне байланысты емес. Алайда осы соңғы күндері Құдайдың халқы үшін істеген ‘ұлы істерін’ көргендердің өз ауыздарынан естігенде, біздің Ехоба мен оның ниетіне деген сеніміміз нығаяды (Билер 2:7; 2 Петір 1:16—19). Егер сенің Ехобаның ұйымында жүргеніңе көп жыл болған болса, онда өзің тұрған аймақта не елде Патшалықты уағыздаушылар өте аз болған не уағыздау ісіне қатаң тиым салынған уақытты ұмытпаған шығарсың. Уақыт өте, Ехобаның қандай да бір кедергілерді алып тастағанын және Патшалық ісін ‘тездетіп’ өсіріп-өндіргенін көрдің (Ишая 54:17; 60:22). Киелі кітаптағы шындықтың айқындала түскенінің, Құдай ұйымының көзге көрінетін бөлігінің ілгерілегенінің куәсі болдың (Нақыл сөздер 4:18; Ишая 60:17). Өз көзіңмен көрген Ехобаның әділ істерін айтып, бауырластарыңды жігерлендіруге тырысасың ба? Бұл мәсіхші бауырластарды қалайша жігерлендіріп, сенімдерін нығайта алады десеңші!
18. а) ‘Тәңірдің әділ екенін жариялағанның’ ұзақ уақытты әсері болатынына мысал келтіріңдерші. ә) Ехобаның әділ екенін өз өміріңнен қалай көрдің?
18 Ехобаның сүйіспеншілігі мен басшылығын көрген өз жағдайың жайлы не айта аласың? (Забур 36:25; Матай 6:33; 1 Петір 5:7). Марта есімді қарт бауырласымыз әдетте: “Қандай жағдайға тап болсаң да, ешқашан Ехобаны қалдырушы болма. Ол саған күш береді”,— деп жігерлендіретін. Бұл кеңес Мартаның көмегімен Киелі кітапты зерттеп, 1960 жылдардың басында шомылдыру рәсімінен өткен Толминаға қатты әсер етті. “Күйеуім қайтыс болғанда,— деп есіне алды Толмина,— қатты қайғырдым, бірақ сол кеңес қауым кездесулерін қалдырмай барып тұруға көмектесті. Шынымен де, Ехоба маған осы күнге дейін күш беріп келеді”. Толмина өзі де көп жылдар бойы осы кеңесті Киелі кітап зерттеп жүрген адамдарға беріп келді. Ехобаның әділ істерін айту мен жігерлендіру арқылы сен бауырластарыңның сенімін нығайтуға зор үлес қоса аларың сөзсіз.
Ехоба қарт қызметшілерін бағалайды
19, 20. а) Ехоба қарт қызметшілерінің істеріне қалай қарайды? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
19 Алғысты білмейтін осы дүниеде қарттарға аз көңіл бөлінеді (2 Тімотеге 3:1, 2). Көңіл бөлген күнде де, бұрынғы жетістіктері үшін, яғни қазір емес, бұрын кім болғаны үшін ғана естеріне алады. Ал Киелі кітап болса: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”,— дейді (Еврейлерге 6:10). Әрине, Ехоба Құдай сендердің істеген адал істеріңді ұмытпайды. Бірақ ол өзіне қызмет ету үшін істеп жүрген бүгінгі істеріңді де бағалайды. Иә, ол адал қарт қызметшілерін өзінің күшін паш етіп жүрген жемісті, рухани салауатты және сергек мәсіхшілер деп есептейді (Філіпіліктерге 4:13, ЖД).
20 Мәсіхші бауырластығымыздың қарт мүшелеріне деген көзқарасың Ехобаның көзқарасындай ма? Солай болса, оларға деген сүйіспеншілігіңді іс жүзінде танытуға ықыласың болады (1 Жохан 3:18). Келесі мақалада олардың мұқтаждықтарының қамын ойлап, сүйіспеншілік көрсетудің кейбір жолдары қарастырылады.
[Сілтеме]
a Әрбір шоғында құрманың данасы мыңға дейін болуы мүмкін және салмағы 8 келі не одан көп болуы мүмкін. Бір жазушының айтуынша, ‘жеміс беретін мерзімін толық алғанда, [құрма] ағашы иесіне екі-үш тоннадай құрма тарту етеді’.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қарттар қалай ‘жеміс бере’ алады?
• Неге қарт мәсіхшілердің рухани жағынан жігерлі болғандары өте бағалы?
• Егде тартқандар қалайша ‘Тәңірдің әділ екенін жариялайды’?
• Неліктен Ехоба өзіне көп жыл бойы қызмет етіп келгендерді бағалайды?
[11-беттегі қоршау]
Оларға дұрыс сенімде қалуға не көмектесті?
Көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мәсіхшілерге дұрыс сенімде қалуға және рухани сергектікті сақтауға не көмектеседі? Олардың кейбіреулері былай дейді:
“Ехобамен қарым-қатынасымызға баса көңіл бөлетін Жазба орындарын оқу маңызды. Күнде кешкісін Забурдың 22-ші және 90-шы жырларын жатқа айтып, қайталаймын” (Олив, 1930 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
“Шомылдыру рәсімінен өткелі жатқандарға арналған баяндаманы үзбей, өзім шомылдыру рәсімінен өткелі жатқандай мұқият тыңдаймын деп шештім. Өмірімді Құдайға бағыштағанымды анық есте ұстағаным — адалдық сақтауыма қажет маңызды шара” (Харри, 1946 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
“Күнде дұға ету — Ехобадан көмек, қорғаныш және бата сұрағанымыз, ‘барлық жолдарымызда оны ескергеніміз’ — өте маңызды (Нақыл сөздер 3:5, 6, ЖД) (Антонио, 1951 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
“Көп жылдан бері Ехобаға адал қызмет етіп келе жатқандардың бастарынан өткен оқиғаларын тыңдағаным Құдайға шын берілгендік сақтау мен адал болу шешімімді нығайтуға жаңа бір күш қосады” (Джоан, 1954 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
“Өз басымыздың қамын тым көп ойлап кетпеу өте маңызды. Не нәрсеге ие болсақ та, бәрі мейірімді Құдайдың арқасында. Бұндай көзқарас аяғына дейін табанды болып қалуға қажетті рухани азықтың дұрыс көзін табуға көмектеседі (Арлин, 1954 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
[9-беттегі сурет]
Қарттар Патшалықтың бағалы жемісін береді
[10-беттегі сурет]
Қарттар рухани жағынан жігерлі болғандарының арқасында бауырластарына ардақты болады