“Мен сендермен біргемін!”
“Жаратушы Иенің жаршысы халыққа Жаратушы Иенің: Мен сендермен біргемін!— деген сөзін айтты” (НАҒАЙ 1:13).
1. Иса біздің заманымызды қай заманмен салыстырды?
БІЗ тарихтағы айрықша мәні бар кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуы 1914 жылдан бері “Иеміздің күнінде” өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді (Аян 1:10, ЖД). Өздерің жақсы білетіндей, Иса Патшалықтың ‘Билеушісі ретінде көктен қайтып келетін кезін’ Нұх пен Луттың заманымен салыстырған (Лұқа 17:26, 28). Осылайша Киелі кітап сол замандағы оқиғалардың біздің күндеріміз үшін пайғамбарлық мәні бар екенін көрсетеді. Алайда егжей-тегжейлі қарастыруымыз керек тағы бір пайғамбарлық жайт бар.
2. Ехоба Нағай мен Зәкәрияға қандай іс тапсырды?
2 Қазір еврей пайғамбарлары Нағай мен Зәкәрияның күндерінде болған жағдайды қарастырып көрейік. Бұл екі адал пайғамбар қандай хабар айтты, әрі қазіргі Ехобаның қызметшілеріне оның қандай қатысы бар? Нағай мен Зәкәрия Бабыл тұтқындығынан оралған яһудилерге жіберілген ‘Жаратқан Иенің жаршылары’ болған. Олар исраилдіктерді ғибадатхананы қайта тұрғызуда Құдайдың өзі қолдау көрсетіп, жар болатынына сендіру керек болды (Нағай 1:13; Зәкәрия 4:8, 9).a Нағай мен Зәкәрияның жазған кітаптары қысқа болғанымен, олар Құдай рухының жетелеуімен жазылған Киелі жазбалардың бір бөлігі, әрі “тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді” (Тімотеге 2-хат 3:16).
Ден қоюымыз керек пайғамбарлықтар
3, 4. Неге Нағай мен Зәкәрия кітаптары бізді қызықтыру керек?
3 Сөз жоқ, Нағай мен Зәкәрияның айтқан хабары яһудилер үшін пайдалы болды және пайғамбарлықтары сол кезде орындалды. Алайда бұл екі кітап неге бізді де қызықтыру керек? Мұның жауабын Еврейлерге 12:26—29 дейінгі тармақтардан табамыз. Онда елші Пауыл Құдай ‘аспан мен жерді шайқалтатыны’ жайлы айтылған Нағай 2:6-дан үзінді келтірген. Осы ‘шайқатылудың’ нәтижесінде ‘патшалықтардың тақтары құлап, мәжуси [басқа ұлт] патшалықтарының күші жойылады’ (Нағай 2:22).
4 Нағайдың сөздерін келтірген соң, Пауыл ‘мәжуси патшалықтарымен’ не болатыны жайлы және майланған мәсіхшілер иемденетін, шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтың артықшылығы жайлы айтады (Еврейлерге 12:28). Бұдан Нағай мен Зәкәрияның пайғамбарлықтары б. з. I ғасырында Еврейлерге арналған хат жазылған уақытта әлі орындалмағанын, болашақта орындалу керектігін көреміз. Бүгінде әлі де жер бетінде Мәсіхпен бірге Патшалықтың мұрагері болатын майланған мәсіхшілердің тамтығы бар. Демек, Нағай мен Зәкәрияның пайғамбарлықтарының біздің күнімізге қатысы бар.
5, 6. Нағай мен Зәкәрияның қызметі кезінде жағдай қандай еді?
5 Езра кітабында біраз тарихи мәліметтер жазылған. Б. з. б. 537 жылы яһудилер Бабыл тұтқындығынан оралған соң, билеуші Зоробабел мен дін қызметкері Ешуаның басшылығымен б. з. б. 536 жылы жаңа ғибадатхананың іргетасын қалады (Езра 3:8—13; 5:1). Бұл іс зор қуаныш әкелді, бірақ көп ұзамай яһудилердің үрейі ұшты. Езра 4:4-ке сай, олардың жаулары, яғни ‘сол жердің халқы Яһуда халқының қолын әлсіретіп, құрылысқа кедергі жасай бастады’. Әсіресе самариялықтар яһудилерге жалған айыптар тағып, Парсы патшасына ғибадатхана құрылысына тыйым салғызды (Езра 4:10—21).
6 Яһудилердің ғибадатхананы соғуға кіріскендегі құлшыныстары басылып қалды. Олар қара бастарының қамын ойлауға көшті. Алайда б. з. б. 520 жылы, яғни ғибадатхананың іргетасы қаланғаннан кейін 16 жылдан соң, Ехоба Нағай мен Зәкәрияға халықты ғибадатхананы тұрғызу ісін қайта қолға алуға талпындыруды тапсырды (Нағай 1:1; Зәкәрия 1:1). Құдайдың жаршыларының арқасында жігерленген әрі Ехобаның қолдауына көздері жеткен яһудилер ғибадатхананы тұрғызу ісіне қайта кірісіп, б. з. б. 515 жылы оны салып бітірді (Езра 6:14, 15).
7. Нағай мен Зәкәрияның күндеріндегі жағдайдың біздің күнімізбен қандай ұқсастығы бар?
7 Бұл жайттардың біз үшін қандай мәні бар екенін білесіңдер ме? Бізге ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды’ жариялау ісі тапсырылған (Матай 24:14). Оған Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ерекше көңіл бөлінді. Ежелгі яһудилердің Бабылдың құлдығынан босағаны сияқты, қазіргі таңдағы Ехобаның халқы да Ұлы Бабылдың, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының, құлдығынан босады. Құдайдың майланған қызметшілері өздерін уағыздау мен тәлім беру ісіне арнап, адамдарды шынайы ғибадатқа бағыттады. Бұл іс бүгінде жалғасын тауып, тіпті кең көлемде жүріп жатыр, бәлкім, сендер де оған атсалысып жүрген шығарсыңдар. Қазір осы істің атқарылуы керек уақыт, өйткені осы зұлым дүниенің соңы жақын. Құдайдың бізге тапсырған уағыздау ісі Ехоба ‘ауыр азапта’ адамзаттың ісіне араласқанға дейін жалғаса беру керек (Матай 24:21, сілтемені қараңдар). Сол кезде зұлымдық атаулы жойылып, шартарапта шынайы ғибадат өркендейді.
8. Уағыздау ісінде Ехобаның қолдау көрсететініне неге сенімді бола аламыз?
8 Нағай мен Зәкәрияның пайғамбарлықтарынан көретініміздей, шын көңілден атқарып жатқан уағыздау ісімізге Ехобаның қолдау көрсетіп, батасын беретініне сенімді бола аламыз. Кейбіреулердің уағыздау ісін тоқтатуға не оған тыйым салдыруға тырысып баққанына қарамастан, ешбір үкімет оның алға жылжуына кедергі бола алмаған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардан біздің күнімізге дейін Ехобаның Патшалықты жариялау ісіне қолдау көрсетіп, батасын бергендігінің арқасында қандай өсім болып отырғаны жайлы ойлаңдаршы! Алайда әлі де атқарылатын іс көп.
9. Ежелде болған қандай жағдайға назар аударуымыз керек және неге?
9 Нағай мен Зәкәрияның кітаптарынан білгендеріміз қалайша бізді Құдайдың уағыздаңдар және тәлім беріңдер деген бұйрығына құлақ асуға талпындыра түседі? Ол үшін Киелі кітаптың осы екі кітабынан қандай сабақтар алуға болатынын көрейік. Мысалы, еліне қайта оралған яһудилердің ғибадатхананы тұрғызу ісімен байланысты кейбір жайттарды алайық. Жоғарыда айтылғандай, Бабылдан қайтқан Иерусалимдегі яһудилер ғибадатхананы салуда табанды болмады. Іргетасын қалап болған соң, олар қарқындарын бәсеңдетті. Оларда қандай жаңсақ ой пайда болды? Біз бұдан қандай сабақ аламыз?
Дұрыс көзқараста болу
10. Яһудилерде қандай жаңсақ ой пайда болды және оның нәтижесі қандай болды?
10 Елдеріне оралған яһудилер: “Әлі уақыт жеткен жоқ”,— деп жүрді (Нағай 1:2). Ал б. з. б. 536 жылы іргетасын қалап, ғибадатхананы тұрғызуға кіріскенде, олар “әлі уақыт келген жоқ” деп айтпаған еді. Бірақ көп кешікпей көрші халықтардың бұл іске қарсылық көрсетуі мен үкіметтің тыйым салғаны оларға әсер етті. Яһудилер өз үйлері мен өз жағдайларына көбірек көңіл бөле бастады. Олардың жақсы ағаштардан безендіріліп жасалған үйлері мен аяқталмай қалған ғибадатхананың арасындағы айырмашылықты көрсетіп, Ехоба: “Бұл үй жұтап тұрғанда сендердің әсем безендірілген үйлерде тұруларыңның уақыты жеткені ме?”— деп сұрады (Нағай 1:4).
11. Нағайдың күндерінде неге Ехобаның яһудилерге кеңес беруіне тура келді?
11 Иә, яһудилердің өмірде басты орында не тұру керектігіне қатысты ойлары өзгеріп кетті. Басты орынға Ехобаның еркін қойып, ғибадатхананы қайта тұрғызудың орнына, Құдай халқы өздеріне және үй-жайларына көп көңіл бөліп кетті. Құдайдың үйін тұрғызу жайына қалды. Нағай 1:5-тегі Ехобаның сөздері яһудилерді ‘жүректерін өз жолдарына бұруға’ шақырды. Ехоба оларға бір сәт тоқтап, не істеп жүргендерінің үстінен ой жүгіртуге, сондай-ақ ғибадатхананы тұрғызу ісі бірінші орында тұрмағаны өмірлеріне қалай әсер етіп жатқаны жайлы ойлануға шақырды.
12, 13. Нағай 1:6-да яһудилердің жағдайы қалай суреттелген және бұл нені білдіреді?
12 Яһудилердің маңызды істерді кейінге ығыстырып жібергендері өмірлеріне кері әсер еткенін елестетіп көру қиын емес. Нағай 1:6-да Құдайдың оларға не дегенін байқаңдаршы: “Сендер көп егесіңдер де аз орасыңдар; көп жейсіңдер, бірақ тоймайсыңдар, ішкенмен қанбайсыңдар; киінгенмен жылынбайсыңдар; тапқан табыстарың жыртық әмиянның құрдымында кетеді”.
13 Яһудилер Құдай берген жерде өмір сүріп жатқанымен, ол жерден өздері қалағандай өнім алмады. Ехоба алдын ала ескерткендей, оларға батасын бермей қойды (Заңды қайталау 28:38—48). Құдай қолдау көрсетпегендіктен, тұқымды көп ексе де, аз орды, яғни алған өнімдері қарындарын тойдыруға жетпеді. Құдайдың батасы болмағандықтан жылы киім кие алмады. Тіпті тапқан табыстарын шұрқ тесік қалтаға салғандай болды, яғни оның ешбір пайдасын көрмеді. Ал “[Шарапты] ішкенмен, қанбайсыңдар” деген сөйлемше нені білдіреді? Шарапты тойына ішіп, мас болу Құдайдың батасын білдірмейді, өйткені Құдай маскүнемдікті айыптайды (Патшалықтар 1-жазба 25:36; Нақыл сөздер 23:29—35). Бұл сөйлемше Құдайдың яһудилерге батасын бермей жатқанын көрсетеді. Олардың жасаған шараптары аз болып, мас болғанша ішуге жетпейтін.
14, 15. Нағай 1:6-дан өзімізге қандай сабақ аламыз?
14 Әрине, бұның бәрінен үйді сәндеп не әшекейлеуді үйренейін деп отырған жоқпыз. Бабыл тұтқындығына алынардан көп уақыт бұрын, Амос пайғамбар байларды ‘піл сүйегінен жасаған үйлері’ мен ‘піл сүйегінен жасалған төсекте жатқандары’ үшін жазғырған болатын (Амос 3:15; 6:4). Зәулім үйлер мен әшекейленген жиһаздар уақытша ғана еді. Оларды кейіннен жаулары талан-таражға салды. Алайда қаншама жылдар өтіп, 70 жыл тұтқында болып келсе де, Құдай халқы бұдан өздеріне сабақ алмады. Ал біз ше? Әрқайсысымыз өзімізден: “Шынын айтқанда, үйіме және оны әдемілеп, сәндеуге қанша көңіл бөлем? Қандай да бір мансапқа ие болу үшін, біраз жылдарымды сарп ететін, ал рухани өмірімдегі маңызды нәрселерді ысырып тастайтын қосымша білім алу туралы не ойлаймын?”— деп сұрағанымыз жөн (Лұқа 12:20, 21; Тімотеге 1-хат 6:17—19).
15 Нағай 1:6-дан оқығандарымыз өмірімізде Құдайдың батасына мұқтаж екенімізді түсінуге көмектесу керек. Ертедегі яһудилер Құдайдың батасынан айырылып қалды, сөйтіп, соның зардабын көрді. Дүние-мүлкіміз тіпті асып-тасып жатқан күнде де, егер бізде Құдайдың батасы болмаса, онда сөзсіз рухани жағынан зардап шегеміз (Матай 25:34—40; Қорынттықтарға 2-хат 9:8—12). Алайда Құдайдың батасына қалай ие бола аламыз?
Ехоба киелі рухы арқылы көмектеседі
16—18. Ежелгі уақытта Зәкәрия 4:6-ғы сөздер нені білдірді?
16 Нағаймен бірге пайғамбарлық еткен Зәкәрия Ехоба сол замандағы қызметшілерін нақты ненің көмегімен талпындырып, батасын бергеніне баса назар аударды. Бұл Құдайдың әрқайсымызға қалай батасын беретінін көрсетеді. Біз былай деп оқимыз: “Қалың қолмен емес, күшпен де емес, Менің Рухыммен, дейді Жаратушы Ие Саваоф” (Зәкәрия 4:6). Бұл тармақты, бәлкім, жиі естіген шығарсыңдар, бірақ Нағай мен Зәкәрияның күндеріндегі яһудилер үшін бұл нені білдірді және біз үшін мұның қандай мәнісі бар?
17 Нағай мен Зәкәрияның рухтың жетелеуімен айтқан сөздерінің сол кезде әсері қандай зор болғанын еске түсірейікші. Олардың айтқандары адал яһудилерге қайта дем берді. Нағай пайғамбарлық етуді б. з. б. 520 жылдың алтыншы айында бастаса, Зәкәрия сол жылдың сегізінші айында бастаған болатын (Зәкәрия 1:1). Нағай 2:18-ден көретініміздей, тоғызыншы айда яһудилер ғибадатхананың іргетасын қалауға бар ынта-ықыластарымен қайта кірісті. Демек, олар әрекет етуге талпынды, яғни Ехобаның қолдау көрсететініне сенімді болып, оған мойынсұнды. Зәкәрия 4:6-ғы сөздер Құдайдың қолдайтынын көрсетеді.
18 Б. з. б. 537 жылы яһудилер отанына оралғанда, ешқандай әскери күштері болмаған. Бабылдан қайтқан жолда Ехоба оларды қорғап, алып жүрді. Оның үстіне, олар келгеннен кейін, көп кешікпей ғибадатхананы салуға кіріскенде де, Ехобаның рухы басшылық беріп отырған еді. Бұл істі шын жүректен қайтадан қолға алысымен, Ехоба оларға киелі рухымен қолдау көрсетті.
19. Құдайдың рухы қандай күшті қарсылықты жеңе білді?
19 Зәкәрияның көрген сегіз аяны Ехоба ғибадатханасын адалдықпен соғып бітіретін халқымен бірге болатынына көзін жеткізді. 3-ші тараудағы төртінші аян Шайтанның яһудилерге ғибадатхананы аяқтатпауға аянбай қарсылық жасап жатқанын көрсетеді (Зәкәрия 3:1). Ол бас діни қызметкер Ешуаның жаңа ғибадатханада халқы үшін қызмет атқарып жатқанын, әрине, көргісі келмес еді. Ібіліс яһудилердің ғибадатхананы салуына барынша кедергі жасағанымен, Ехобаның рухы барлық кедергілерді алып тастап, ғибадатхананы салып біткенше, оларға күш беріп отырды.
20. Киелі рух яһудилерге Құдайдың еркін жүзеге асыруларына қалай көмектесті?
20 Ғибадатхананы тұрғызу ісіне тыйым салған шенеуніктердің жасаған кедергілері алып таудай боп көрінді. Алайда Ехоба ‘таудай’ боп көрінгенді ‘жайдақ жерге’ айналдыруды уәде етті (Зәкәрия 4:7). Әрі осылай болды да. Дарий I патша іздестіріп, Кирдің яһудилерге ғибадатхананы қайта тұрғызуға рұқсат еткен жарлығын тауып алады. Сөйтіп, ол яһудилерге ғибадатхананы салуға қайта рұқсат беріп, шығынын өтеу үшін патша қазынасынан қаражат бөледі. Жағдай қалай өзгеріп шыға келді десеңші! Бұл жерде Құдай рухының әсері болды ма? Бұған еш күмәнданбасақ та болады. Ғибадатхана б. з. б. 515 жылы, яғни Дарий I патшаның билік етуінің алтыншы жылында, салынып бітті (Езра 6:1, 15).
21. а) Құдай ежелгі уақытта қалай ‘халықтарды шайқады’ және “қалаулылар” қалай ғибадат етуге келді? ә) Бұл бүгінгі таңда қалай орындалуда?
21 Нағай 2:5-те пайғамбар яһудилерге Құдайдың олармен Синай тауында жасасқан келісімін еске салды. Сол кезде ‘бүкіл тау қатты шайқалып тұрған’ болатын (Мысырдан шығу 19:18). Ехоба Нағай мен Зәкәрияның күндерінде, 6-шы және 7-ші тармақтарда бейнелеп айтылғандай, жерді тағы бір шайқамақшы болды. Парсы Ірі мемлекетінде тұрақсыздық орын алды, ал ғибадатхана құрылысы тоқтамай, аяқталып бітті. Басқа ұлт адамдары, яғни ‘барлық халықтардың қалаулылары’ (ЖД), ақыр соңында яһудилермен бірге ғибадат орнында Құдайды мадақтады. Біздің уақытымызда бұл кең көлемде орындалуда. Құдай уағыздау ісі арқылы ‘халықтарды шайқап’ отыр, нәтижесінде ‘барлық халықтардың қалаулылары’ келіп, майланғандардың тамтығымен бірге Ехобаға ғибадат етуде. Шынында да, қазір майланғандар мен басқа қойлар Ехобаның үйін мадаққа толтыруда. Осы шынайы қызметшілер Ехобаның басқа бір мағынада ‘аспан мен жерді шайқалтатын’ уақытын сеніммен күтуде. Сол кезде Құдай ‘мәжуси патшалықтарын’ құлатып, күшін жояды (Нағай 2:22).
22. Халықтар қалай ‘шайқатылуда’, оның нәтижесі қандай болуда және алда тағы қандай оқиға болу керек?
22 Бұл тармақтар ‘аспан мен жер, теңіз бен құрлық’ ретінде бейнеленген әр түрлі бөліктерде болатын күрт өзгерістерді есімізге салады. Мысалы, соның бірі — Шайтан Ібіліс пен оның жын-перілерінің жердің маңайына қуылуы (Аян 12:7—12). Сондай-ақ Құдайдың майланғандары бастаған уағыздау ісі осы дүниенің жердегі бөліктерін шайқауда (Аян 11:18). Осыған қарамастан “өте үлкен тобыр”, яғни барлық халықтардың қалаулылары, Ехобаға қызмет ету үшін рухани Исраилге қосылып отыр (Аян 7:9, сілтемені қараңдар; 10). Олар майланған мәсіхшілермен бірге Құдай жақында Һар-Магедонда халықтарды шайқайтыны жайлы ізгі хабарды жариялауда. Осы оқиға жердің түкпір-түкпірінде шынайы ғибадаттың кемеліне жетуіне жол ашады.
[Сілтеме]
a Осы және келесі мақалада келтірілген Нағай мен Зәкәрия кітаптарындағы Жазба орындары, басқаша көрсетілмесе, “Таурат. Қазақ және ағылшын тілдерінде” Киелі кітабынан алынды.
Естеріңде ме?
• Нағай мен Зәкәрияның қызметі кезінде жағдай қандай еді?
• Нағай мен Зәкәрияның кітаптарындағы мәліметтің бізге қандай қатысы бар?
• Неге Зәкәрия 4:6-тармақ бізді жігерлендіреді?
[8-беттегі суреттер]
Нағай мен Зәкәрияның жазбалары Ехобаның бізге қолдау көрсететініне сенімімізді арттырады