Әйүп — төзімді әрі мінсіз адам
“Сен Менің құлым Иовқа [Әйүпке] көңіл аудардың ба, жоқ па? өйткені жер [бетінде] ондай адам жоқ: бүлінбеген, әділ, [Құдайдан] қорқатын және жамандықтан қашып жүретін адам” (ӘЙҮП 1:8).
1, 2. а) Әйүп күтпеген жерден қандай қайғылы жағдайларға душар болды? ә) Әйүптің мұның алдындағы өмірін суреттеп беріңдер.
ЖЕР БЕТІНДЕ адамға не керектің бәріне дерлік ие болған бір кісі өмір сүрді. Оның байлығы да, атақ-даңқы да, жақсы денсаулығы мен бақытты отбасы да болды. Алайда бірде ол қатарынан үш қайғылы жағдайға душар болады. Бір түннің ішінде байлығынан айырылады. Сонан соң аяқ астынан көтерілген дауыл балаларының өмірін алып кетеді. Содан көп ұзамай жанды азаптайтын дертке шалдығып, үсті-басын іріңді жара қаптап кетеді. Бұл кісі Киелі кітаптағы өзінің есімімен аталатын кітаптың басты кейіпкері Әйүп екенін сезіп отырған боларсыңдар (Әйүп 1, 2-тарау).
2 “О, егер мен бұрынғы айлардағыдай болсам ғой”,— деп күңіренді ол (Әйүп 3:3; 29:2). Басына азап түскенде, кім бұрынғы күндерін аңсамайды дейсің?! Ал Әйүп қайғы-мұңсыз жақсы өмір кешкен еді деуге болады. Беделді адамдар оны құрметтеп, кеңес сұрайтын (Әйүп 29:5—11). Ол бай болатын, бірақ ақшаның орнын білген (Әйүп 31:24, 25, 28). Мұқтаждық көрген жесірлер мен жетімдерге қол ұшын беретін (Әйүп 29:12—16). Сондай-ақ әйеліне әрқашан адал болған (Әйүп 31:1, 9, 11).
3. Ехоба Әйүп жайлы қандай ойда болды?
3 Әйүп мінсіз таза өмір кешті, өйткені ол Құдайға ғибадат ететін. Ехоба ол туралы: “Жер [бетінде] ондай адам жоқ: бүлінбеген, әділ, [Құдайдан] қорқатын және жамандықтан қашып жүретін адам”,— деген болатын (Әйүп 1:1, 8). Алайда Әйүп құлықтылық жағынан мінсіз болғанына қарамастан, басына түскен қайғылы жағдайлар алаңсыз өмірінің астан-кестенін шығарды. Бейнетпен тапқан-таянғанының бәрі әп-сәтте ғайып болды, ал тән және жан ауруымен, сондай-ақ шарасыздық күй кешіп, көңілі қалуымен нағыз болмысы сыналды.
4. Неліктен Әйүптің басына түскен ауыр сынақты қарастырғанымыз пайдалы?
4 Әрине, Құдайдың қызметшілерінің арасында жеке басына түскен апаттан зардап шеккен Әйүп қана емес. Бүгінде көп мәсіхшілер де Әйүптің жағдайын жақсы түсінеді. Сол себептен де мынадай екі сұрақ қарастыруымызға тұрарлық: Әйүптің ауыр сынағын қарастырғанымыз қиындыққа ұшырағанда бізге қалай көмектеседі? Бұдан қасірет шегіп жатқандарға анағұрлым жанашыр болуды қалай үйрене аламыз?
Адалдыққа қатысты даулы мәселе және мінсіздіктің сыналуы
5. Шайтанның меңзеуінше, Әйүптің Құдайға қызмет етудегі ниеті қандай еді?
5 Әйүптің жағдайы ерекше еді. Ібіліс Әйүптің Құдайға қызмет етудегі ниетінің адал екендігіне күмән келтірген болатын, ал бұдан Әйүп бейхабар еді. Көкте рухани жаратылыстар жиналғанда, Ехоба Әйүптің керемет қасиеттеріне көңіл аударған болатын. Сонда Шайтан: “Оны және оның үйін, ондағының бәрін айнала қорғап-қоршап қойған Сен емес пе едің?”— деп жауап берді. Осылайша ол Әйүпті — сайып келгенде, Құдайдың қызметшілерінің бәрін де — Құдайға қызмет еткізіп отырған қара бастың қамы деген ойға меңзеді. Ол Ехобаға: “Бірақ Сен қолыңды соз да, онда бардың бәріне жанас, — ол Саған батасын берер ме екен?”— деді (Әйүп 1:8—11).
6. Шайтан қандай маңызды даулы мәселе көтерді?
6 Бұл маңызы зор даулы мәселе еді. Шайтан Ехобаның өз билігін жүргізу жолына күмән келтірген-ді: Құдай бүкіләлемдік билігін шынымен сүйіспеншілікпен жүргізуі мүмкін бе? Жоқ әлде Шайтан меңзегендей, адамның өзімшілдігі үнемі жеңіп отыра ма? Қызметшісінің мінсіздігі мен адалдығына сенімді болған Ехоба кейін үлгі етіп келтіретін оқиға болу үшін Шайтанның Әйүпті сынауына жол берді. Осылайша Әйүпті бірінен соң бірі болған бақытсыздықтарға душар еткен Шайтан еді. Алғашқы соққысы сәтсіз болған соң, ол Әйүпті ауыр дертке ұшыратты. “Адам теріге тері, ал өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді”,— деп нандырмақшы болды (Әйүп 2:4).
7. Бүгінде Құдайдың қызметшілері Әйүптікі сияқты қандай сынақтарға кезігеді?
7 Қазіргі күні мәсіхшілердің көбісі дәл Әйүп сияқты қасірет шегіп жатпаса да, олар да небір азапты көруде. Көбісі қудалауларға немесе отбасындағы қиындықтарға кезігуде. Экономикалық қиыншылықтар яки нашар денсаулық та жандарын жегідей жеуі мүмкін. Ал кейбіреулер сенімі үшін өмірін құрбан етті. Әлбетте, басымызға түскен әрбір қайғыны Шайтан жіберіп отыр деп пайымдамауымыз керек. Шындап келгенде, кейбір қиындықтар тіпті өзіміздің қателіктерімізден немесе денсаулықтың кесірінен болуы мүмкін (Ғалаттықтарға 6:7). Сонымен қатар бәріміз де кәрілік пен табиғи апаттардың зардабын тартамыз. Киелі кітапта Ехоба қазіргі таңда өз қызметшілерін керемет түрде осындай қиындықтардан қалқалап қалмайтыны тайға басқан таңбадай анық айтылған (Екклесиаст 9:11).
8. Шайтан басымызға түскен қиындықтарды қалай пайдаланып қалуға тырысады?
8 Десе де Шайтан басымызға түскен қиындықтарды сенімімізден айыру үшін қолдануы мүмкін. Елші Пауыл ‘тәніне “шаншылып түйрелу азабы” бұйырылып, шайтанның хабаршысы ұрып-соғып қатты қинайтынын’ айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 12:7). Бұл жанарының нашарлауы не басқа бір нәрсе болуы мүмкін. Не болған күнде де, Пауыл Шайтанның осы қиындықты және оның нәтижесінде болатын шарасыздық күйді қолданып, қуанышы мен мінсіздігінен айыруы мүмкін екенін түсінген (Нақыл сөздер 24:10). Бүгінде Шайтан Құдайдың қызметшілерін қудалау үшін отбасы мүшелерін, сыныптастарын, тіпті диктаторлық үкіметтерді қолдануы мүмкін.
9. Неге қиындықтар мен қудалаулар бізді аса таңғалдырмайды?
9 Осындай қиындықтарға қалай төтеп бере аламыз? Оларды Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз де, оның билігіне мойынсұнушылығымыз да тұрақты екенін көрсетудің мүмкіндігі деп қарастыру арқылы (Жақып 1:2—4). Қандай қиындық көрсек те, Құдайға адал болудың маңыздылығын түсінгеніміз рухани жағынан байсалдылық сақтауға көмектеседі. Елші Петір мәсіхшілерге: “Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің “от кешіп” ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 4:12). Ал елші Пауыл: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— деп түсіндірді (Тімотеге 2-хат 3:12). Шайтан Әйүптің жағдайындағы сияқты Ехоба Куәгерлерінің де мінсіздіктеріне әлі күнге дейін күмән келтіреді. Киелі кітап осы соңғы күндері Шайтанның Құдай халқына қарсы шабуылын арттыра түскенін көрсетеді (Аян 12:9, 17).
Жаңсақ ой және кейбір дұрыс емес кеңестер
10. Әйүптің басында бізде жоқ қандай жайт болды?
10 Әйүптің басында бізде жоқ бір жайт болды. Ол басына түскен апаттардың себебін білмеді. Әйүп қателесіп, қандай да бір жолмен “Жаратқан Ие берді, Жаратқан Иенің [Өзі] қайтып алды” деген тұжырымға келді (Әйүп 1:21). Бәлкім, Шайтан әдейі Әйүпті басына қиындықтарды түсіріп отырған Құдай деген әсерде қалдыруға тырысқан болар.
11. Басына түскен қиындықты Әйүп қалай қабылдағанын түсіндіріңдер.
11 Әйүп әйелінің сөзіне ермей, Құдайға лағынет айтудан бас тартса да, қатты ұнжырғасы түсті (Әйүп 2:9, 10). Ол: “Зұлымдардың күні менікінен әлдеқайда жақсы сияқты”,— деді (Әйүп 21:7—9). “Құдай мені не үшін жазалап жатыр?”— деп түсінбесе керек. Тіпті өлгісі келген кездері де болды. “О, егер Сен төменгі жақта [шеолда] мені, Өзіңнің ашуың тарқағанша, жасырып, тығып қойсаң ғой”,— деп ол аһ ұрды (Әйүп 14:13).
12, 13. Үш досының айтқандары Әйүпке қалай әсер етті?
12 Әйүптің ‘онымен бірге назалану [“қайғысына ортақтасу”, ЖД] және оны жұбату үшін” келген үш досы болды (Әйүп 2:11). Алайда олар “бишара жұбатушы” болып шықты (Әйүп 16:2). Әйүп достарына қиыншылықтарын айтып жеңілдеп қалу керек еді, бірақ бұл үшеуі оны одан сайын жаңылыстырды және еңсесін басты (Әйүп 19:2; 26:2).
13 Әйүп өзінен: “Неге мен? Осыншама азап шегетіндей не істедім сонша?”— деп сұраған да шығар, әрі бұл қисынды да. Өйткені жолдастарының айтқан сөздері оны әбден шатыстырған еді. Олардың сөзі Әйүп қандай да бір ауыр күнә жасағандықтан қасірет шегіп жатыр дегенге сайды. “Жазықсыз біреу опат болып па еді?— деп сұрады Елифаз,— Менің көргеніме қарағанда, арамдықты айқайлап [жария еткендер] мен зұлымдық сепкендер соның [зардабын] шегеді?” (Әйүп 4:7, 8)
14. Неге бірден қиындықтар тек бұрыс жүріс-тұрыстың салдарынан ғана болады деп есептемеуіміз керек?
14 Рас, егер рухқа емес, тәнге себетін болсақ, қиындықтар тууы мүмкін (Ғалаттықтарға 6:7, 8). Дегенмен де осы дүниеде қиындықтар тек жүріс-тұрысымыздан ғана туындамайды. Оның үстіне, жазықсыз адам барлық қасіреттен аулақ деп еш айта алмаймыз. Мысалы, ‘кіршіксіз, күнәкарлардан аластатылған’ Иса Мәсіх азап шегу бағанасында азапты өліммен өлген, елші Жақып та азапталып өлтірілді (Еврейлерге 7:26; Елшілердің істері 12:1, 2). Елифаз бен екі досының жаңсақ ой толғамы Әйүпті өз беделін қорғауға, жазықсыз екеніне сендіріп бағуға талпындырды. Әйүп лайықты түрде азап шегіп жатыр деп, олардың қоймай айтқан сөздері оның Құдайдың әділдігіне қатысты көзқарасына әсер еткен болуы мүмкін (Әйүп 34:5; 35:2).
Азап шеккенде, көмекті қайдан табуға болады?
15. Қайғы-қасірет шеккенде, бізге қандай ой қалпы көмектеседі?
15 Әйүптің жағдайынан қандай сабақ алуымызға болады? Қайғылы жайттарға, ауру не қудалауларға ұшырағанымыз тым әділетсіз болып көрінер. Ал басқалар осындай қиындықтардың көбін көрмейтін сияқты болар (Забур 72:3—12). Онда арагідік өзімізге мынадай негізгі сұрақтарды қойып тұрғанымыз жөн: басыма не түспесін, Құдайға қызмет етуге оған деген сүйіспеншілігім талпындыра ма? Ехобаның ‘өзін қорлаушыға жауап беруіне’ мүмкіндік беруді қатты қалаймын ба? (Нақыл сөздер 27:11; Матай 22:37) Өзгелердің ойланбай айтқан сөздерінің көктегі Әкемізге күмән тудыруына ешқашан жол бермеуіміз керек. Көп жылдан бері созылмалы аурудан қасірет шегіп жүрген бір адал мәсіхші бірде былай деді: “Ехоба не нәрсеге жол бермесін, бәрі де жақсы болатынын білемін. Маған қажетті күш-қуат беретінін де білемін. Ол үнемі беріп келеді де”.
16. Құдай Сөзі қиындық көріп жатқандарға қалай көмектеседі?
16 Шайтанның әдіс-тәсілдеріне келсек, Әйүпке қарағанда бізде олар жайлы түсінік бар. “Оның зымиян ниетін жақсы білеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Оның үстіне, бізде жүгінуімізге болатын іс жүзіндегі даналық жетіп-артылады. Киелі кітаптан небір қиындықтарға төтеп берген адал ерлер мен әйелдердің мысалдарын табамыз. Мәсіхшілердің ішінде ең көп азап шеккен елші Пауыл: “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз”,— деп жазды (Римдіктерге 15:4). Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сенімі үшін түрмеде отырған Еуропадағы бір Куәгер өзінің үш күндік тамағын Киелі кітапқа айырбастаған. Ол: “Бұлай еткенім қаншалықты пайдалы болды десеңші! Аш болғаныма қарамастан, мен сол бір аласапыран шақтарда өзіме де, басқаларға да күш-қуат алуға көмектескен рухани тамақты алдым. Сол Киелі кітабым әлі күнге дейін сақтаулы”,— дейді.
17. Бізге қиындықтарға төзе білуге Құдайдың қандай шаралары көмектеседі?
17 Жазбалардағы жұбаныш сөздерден басқа, бізде қиыншылықтарымызды жеңуге көмектесетін әрі сенімді басшылықтар берілетін Киелі кітапты зерттеуге арналған көптеген құралдар бар. Егер “Күзет мұнарасы басылымдарының индексін” (ор.) қарасаң, дәл сенікіндей сынақтарға кезіккен мәсіхші бауырластардың мысалын табуың әбден мүмкін (Петірдің 1-хаты 5:9). Сонымен қатар басыңдағы жағдайлар туралы жанашыр ақсақалдармен немесе өзге толысқан мәсіхшілермен сөйлескенің де пайдалы. Ең бастысы, дұға арқылы Ехобаның және оның киелі рухының көмегіне жүгіне аласың. Пауыл Шайтанның ‘ұрып-соққанына’ қалай қарсы тұрған? Құдайдың күшіне арқа сүйеу арқылы (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10). Ол: “Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын”,— деп жазды (Філіпіліктерге 4:13).
18. Қалай бір сенімдегілер зор жігер бере алады?
18 Демек, көмек көзі бар, тек оған жүгінуден ешқашан тартынба. Нақыл сөздерде: “Тап болған қиындыққа мойығаның — Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!”— делінген (Нақыл сөздер 24:10). Ақ құмырсқалар (термиттер) үйдің ағашын бүлдіріп, оны қирата алатыны сияқты, ұнжырғаның түсуі де мәсіхшілерді әлсіретіп, мінсіздігінен айыруы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Ехоба бауырластарымыз арқылы қолдау көрсетеді. Иса тұтқынға алынған түні періште келіп, оны нығайтқан болатын (Лұқа 22:43). Тұтқын ретінде Римге бара жатқан сапарында Пауыл Аппи базары мен Үш қонақ үй деген жерде өзін қарсы алған бауырластарды көргенде, “Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалды” (Елшілердің істері 28:15). Үрейге толы жасөспірім шағында қамалған бір неміс бауырластың Равенсбрюк концлагеріне түскенде, қалай көмек алғаны әлі есінде. Ол: “Бір әйел бауырлас тез мені тауып алып, құшақ жая қарсы алды. Ал өзге бір адал әйел бауырлас мені қанатының астына алып, рухани анамдай болды”,— деді.
“Адал бол”
19. Әйүпке Шайтанның әрекеттеріне қарсы тұруға не көмектесті?
19 Ехоба Әйүпті “мінсіздігін берік сақтаған” адам деп сипаттаған (Әйүп 2:3, ЖД). Ұнжырғасы түскеніне және не үшін қасірет шегіп жатқанын түсінбегеніне қарамастан, Әйүп маңызды даулы мәселеде адалдығын сақтап қалды. Ол өмір салтының бұрыс болғандығын мойындаудан бас тартты. Табандылықпен: “Соңғы демім біткенше, мінсіздігімнен таймаймын”,— деді ол (Әйүп 27:5, ЖД).
20. Төзімділіктің қандай пайдасы бар?
20 Осындай шешім бізге де кез келген жағдайда — азғыруға, қарсылық не қиындыққа кезіккенде — мінсіздігімізді сақтап қалуға көмектеседі. Иса Ізмірдегі қауымға: — Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың [қиыншылық, қасірет не қысым көру] он күнге ғана созылады. Өлуге тура келсе де, Маған адал бол, сонда “мәңгілік өмір тәжін” сыйлаймын,— деді (Аян 2:10).
21, 22. Азап шеккенде, нені білгеніміз жұбаныш береді?
21 Шайтанның қол астындағы осы дүниеде мінсіздігіміз бен төзімділігіміз сыналады. Әйтсе де Иса егер болашаққа көз тігетін болсақ, қорқуға еш себеп жоқ екендігіне сендіреді. Ең маңыздысы — адал болып қалу. Пауыл ‘азаптарымыздың уақытша’, ал жететін ‘ұлылығымыз’, яғни Ехобаның уәде еткен сыйы, “әлдеқайда зор, тіпті шексіз” екенін айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18). Тіпті Әйүптің азаптары да сынағынан бұрынғы және кейінгі қуанышқа толы көп жылдарымен салыстырғанда уақытша болған (Әйүп 42:16).
22 Дегенмен де өмірімізде сынақтарымыздың соңы бітпестей, қасіретімізді көтере алмастай көрінетін сәттер болуы мүмкін. Келесі мақалада Әйүптің мысалынан төзімділікке қатысты тағы қандай қосымша сабақтар алуға болатынын көреміз. Сондай-ақ қиындық көріп жүргендерді қалай нығайтуға болатынын қарастырамыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Шайтан Әйүптің мінсіздігіне қатысты қандай маңызды даулы мәселе көтерді?
• Неге қиындықтар бізді аса таңғалдырмау керек?
• Қиындықтарға төзе білуімізге Ехоба қалай көмектеседі?
[10-беттегі суреттер]
Ізденгеніміз, толысқан мәсіхшілермен сөйлескеніміз және көңіліміздегіні Ехобаға дұғада ақтарғанымыз төзе білуге көмектеседі