‘Көктегідей, жер бетінде де’
“Католиктер сенімін ерекшелендіретін төрт соңғы нәрсе: өлім, сот, тозақ, аспан” (“Католицизм”, редактор Джордж Брантл)
АДАМЗАТ үшін соңғы нәрсе болып табылатын осы тізімге жердің енбегенін байқаңызшы. Бұған таңғалмаса да болады, өйткені католик шіркеуі басқа діндер сияқты күндердің күнінде жер жойылып кетеді деп сенеді. Бұл жайында “Католик теологиясы сөздігінің” “Дүниенің соңы” деген тақырыпшасында: “Католик шіркеуі Құдай жаратқан және әлі де тіршілігін жалғастырып жатқан қазіргі дүние мәңгі тұра бермейді дегенге сенеді, әрі осыған үйретеді”,— деп анық айтылған. Соңғы католик катехизисі де осы ойды айтады: “Біздің дүниеміз... ғайып болуға белгіленген”. Алайда планетамыз жойылатын болса, онда Киелі кітаптағы жердегі жұмақ жайлы уәделер турасында не деуге болады?
Киелі кітап болашақта жер бетінде жұмақ болатыны жайлы анық айтады. Мысалы, Ишая пайғамбар жер мен оның тұрғындарын былай деп суреттейді: “Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмір сүретін болады. Менің таңдап алғандарым жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді” (Ишая 65:21, 22). Құдайдан осындай уәде алған яһудилер өз елдерінің — шындығында, бүкіл жер бетінің — бір күні адамдар мәңгі игілігін көретін жұмаққа айналатынына сенімді болған.
36-шы Забур жыры да осы үмітті растайды. Онда: “Момын адамдар жерге ие болады”,— делінген (Забур 36:11). Бұл тармақта жай ғана Исраил халқының Уәде етілген жерге уақытша қайта орнығуы жайлы айтылып тұрған жоқ. Сол Забур жыры әрі қарай: “Әділдер жерге ие болып, онда мәңгі өмір сүреді”,— деп нақтылай түседі (Забур 37:29, ЖД; [36:29])a. Байқасаңыз, бұл жырда жер бетіндегі мәңгілік өмір ‘момын адамдарға’ берілетін сый екені айтылады. Бір Киелі кітапта осы тармаққа берілген түсініктемеге сай, “момын” сөзінің “мағынасы кейбір аудармалардағы мағынадан да кеңірек екені, бұл сөз жолы болмағандарды, Яхве үшін жапа шегіп немесе қудаланғандарды, сондай-ақ Құдайға мойынсұнған кішіпейіл адамдарды да білдіретіні” айтылған.
Жерде ме, әлде көкте ме?
Таудағы уағызында Исаның уәде еткен сөздері жоғарыда келтірілген тармақтарды есімізге салады: “Момындардың шаттығы бар, өйткені олар жерге мұрагерлік етеді” (Матай 5:5; Тт). Жер әділ адамдарға сый ретінде мәңгіге тағы да берілу керек. Алайда Иса елшілеріне ‘көктегі Әкесінің үйінен’ орын дайындамақшы екенін, олардың өзімен бірге көкте болатынын анық айтқан болатын (Жохан 14:1, 2; Лұқа 12:32; Петірдің 1-хаты 1:3, 4). Онда жерге қатысты айтылған уәделерді қалай түсінсек болады? Олардың бүгінгі күні де мәні бар ма, бар болса, кім үшін?
Киелі кітапты зерттеуші әр түрлі ғалымдардың пікірінше, Исаның Таудағы уағызында және 36-шы Забур жырында келтірілген “жер” сөзі жай ғана бейнелі мағынада айтылған. Мысалы, бір Киелі кітапқа берген түсініктемесінде Ф. Вигуру бұл тармақтарды “көк пен шіркеудің бейнесі” деп түсінген (Bible de Glaire). Ал француз Киелі кітап зерттеушісі М. Лагранж үшін бұл уәде “момындардың, қазіргі дүниеде не бұдан да кемелді жағдайда болсын, өздері өмір сүріп жатқан жерді иемденеді деген уәде емес, бұл — мейлі қайда болмасын, көктегі патшалық болып табылатын орын”. Тағы бір зерттеушілердің айтуынша, бұл — “жердегі құндылықтарды қолданып, аспандағыны бейнелеу”. Ал өзгелер үшін “уәде етілген жер, Қанахан жері, бейнелі мағынада айтылған, әрі ол момындарға кепілдік етілген иелікті, яғни көктегі отан — Құдай патшалығын білдіреді. 36-шы Забур жырында және тағы басқа орындарда да бұл сөздің мағынасы осындай”. Алайда тура мағынадағы жерді Құдайдың уәделерінен ығыстыруға асыққанымыз жөн бе?
Жерге қатысты Құдайдың мәңгілік ниеті
О баста жердің Құдайдың адамзатқа қатысты ниетімен тікелей қатысы болған. Забур жыршысы: “Аспан — Жаратушының аспаны, ал жерді Ол адам ұлдарына берді”,— деп жазды (Забур 113:24). Демек, Құдайдың адамзатқа қатысты бастапқы ниеті көкпен емес, жермен байланысты еді. Ехоба алғашқы адам жұбына Едем деген жердегі пейіш бағын ұлғайтып, бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыруды тапсырды (Жаратылыс 1:28). Оның бұл ниеті уақытша емес еді. Жердің мәңгі бақи бола беретінін Ехоба өз Сөзінде былай растайды: “Бұл өмірден бір ру кетеді де, басқа ру [орнына] келеді, ал жер болса мәңгі тозбайды” (Екклесиаст 1:4; Шежірелер 1-жазба 16:30; Ишая 45:18).
Құдайдың уәделері ешқашан орындалмай қалмайды, өйткені ол — Ең жоғарғы Құдай, әрі уәделерін орындайтынына кепілдік береді. Табиғаттағы су айналымын мысал ете отырып, Киелі кітап Құдайдың уәделері сөзсіз орындалатынын былай деп түсіндіреді: “Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады... Менің аузымнан шыққан сөзім [Құдайдың сөзі] де соған ұқсайды: ол Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:10, 11). Құдай адамзатқа уәде береді. Бұл уәделер араға біраз уақыт салып орындалуы мүмкін, бірақ жерде қалмайды. Олар айтылғанның бәрін жүзеге асырып, Құдайға ‘оралады’.
Ехоба адамзат үшін жерді жаратудан зор қанағат алғаны шүбәсіз. Алтыншы жарату күнінің соңында ол жасағандарының бәрі де “өте жақсы” екенін айтты (Жаратылыс 1:31). Жер бетінің мәңгі бақи жұмаққа айналуы — Құдай ниетінің әлі орындалмаған бір бөлігі. Алайда Құдайдың уәделері өзіне “нәтижесіз оралмайды”. Адамдар мәңгі бақи тыныштық пен қауіпсіздікте өмір кешетін жер бетіндегі кемелді өмірге қатысты барлық уәделер жүзеге асады (Забур 134:6; Ишая 46:10).
Құдайдың ниеті сөзсіз жүзеге асады
Алғашқы түп атамыз бен анамыздың күнәсі жерді жұмақ жасаймын деген Құдайдың о бастағы ниетін уақытша бұзған болатын. Тілазарлық әрекеттерінен кейін олар бақтан қуылды. Осылайша олар Құдайдың жердегі жұмақты кемелді адамдарға толтыруға қатысты ниетін орындауға атсалысу мәртебесінен айырылып қалды. Әйтсе де Құдай өз ниетін жүзеге асыру үшін қам жасады. Қалай? (Жаратылыс 3:17—19, 23).
Едемде болған жағдай тамаша жерге үй сала бастаған адамның жағдайына ұқсас еді. Ол іргетасын қалап болғанда, біреу келіп, оны бұзып тастайды. Бірақ әлгі кісі құрылысты тастай салмай, қайта, үйдің салынып бітетініне кепілдік беретін шаралар қолданады. Бұл қосымша атқарылған жұмысқа артық шығын кеткенімен, алғашқы жобаның дұрыстығына еш күмән тумайды.
Сол іспетті Құдай өз ниетінің жүзеге асатындығына кепілдік беретін шаралар қолданды. Түп атамыз бен анамыздың күнәсынан соң, көп ұзамай Құдай бүлінген нәрсені түзететін ‘ұрпақ’ жайлы айтып, олардың ұрпақтарына үміт берді. Бұл пайғамбарлықтың орындалу барысында осы ұрпақтың негізгі бөлігі Құдай Ұлы Иса болды. Ол жер бетіне келіп, адамзаттың төлемін өтеу үшін өмірін құрбан етті (Ғалаттықтарға 3:16; Матай 20:28). Кейін көкке қайта тірілген Иса Патшалықтың Патшасы болмақ еді. Негізінде, жерді мұра ететін момын адам — сол Иса. Жерді онымен бірге Патшалықта өзімен бірге билік ету үшін көкке тірілетін таңдап алынған адал адамдар да мұра етеді (Забур 2:6—9). Уақыт өте келе, бұл үкімет Құдайдың бастапқы ниетін жүзеге асыру және жерді жұмаққа айналдыру үшін жердегі істерді қолға алады. Сонда сан миллиондаған момын адамдар Иса Мәсіх және онымен бірге билеушілер басқаратын Патшалық билігінің игілігін көреді, сөйтіп, осы мағынада “жерге мұрагерлік етеді” (Жаратылыс 3:15; Даниял 2:44; Елшілердің істері 2:32, 33; Аян 20:5, 6).
‘Көктегідей, жер бетінде де’
Құтқарылудың екі түрі, яғни көкте және жерде өмір сүру үшін құтқарылу жайлы елші Жоханның көрген аянында айтылады. Ол Мәсіхтің адал шәкірттерінің арасынан таңдап алынған көктегі тақтарда отырған патшаларды көрді. Киелі кітапта Мәсіхпен бірге болатын бұлар жайлы ‘жер бетіне билік жүргізетіндер’ деп нақты айтылады (Аян 5:9, 10). Құдай ниетінің жүзеге асуындағы осы екі жайтқа назар аударыңызшы: Иса Мәсіх пен онымен бірге мұрагер болатындардан құралған көктегі Патшалықтың қол астында қайта қалпына келетін жер. Құдайдың осы шараларының бәрі жердегі Жұмақты оның бастапқы ниетіне сай қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Иса үлгілі дұғасында шәкірттерін Құдайдың еркі ‘көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала беруін’ сұрап дұға етуге шақырған (Матай 6:9, 10). Егер жер жойылып кететін немесе жай ғана көкті бейнелейтін болса, бұл сөздердің мәні болар ма еді? Сол сияқты егер барлық адамдар көкке баратын болса да, бұл сөздердің мәнісі болмас еді. Құдайдың жерге қатысты ниеті Жазбаларда жаратылыстан бастап Аян кітабында жазылған аяндарға дейін тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Жер жұмаққа айналу керек. Бұл — Құдайдың жүзеге асырам деп уәде еткен еркі. Жер бетіндегі әділ жандар Құдайдың осы еркінің орындалуын сұрап дұға етеді.
Жер бетіндегі мәңгілік өмір — Жаратушының, яғни “өзгермейтін” Құдайдың, о бастағы ниеті (Малахи 3:6; Жохан 17:3; Жақып 1:17). Бір ғасырдан астам уақыттан бері осы “Күзет мұнарасы” журналы Құдай ниетінің жүзеге асуындағы осы екі жайтты түсіндіріп келеді. Бұл Жазбалардағы жердің қайта қалпына келуіне қатысты уәделерді түсінуімізге көмектеседі. Біз сізді Ехоба Куәгерлерімен немесе осы журналдың баспагерлерімен байланысып, осы жайлы әрі қарай да көбірек білуге шақырамыз.
[Сілтеме]
a Көп Киелі кітапта érets деген еврей сөзі “жер” емес, “мекен” деп аударылғанымен, Забур 36:11, 29-ғы érets сөзін Исраил халқы мекендеген жермен шектеп қоюға еш негіз жоқ. Бір еңбекте айтылғандай, érets сөзі “өте кең мағынадағы жерді, соның ішінде оның ел қоныстанған және қоныстанбаған бөліктерін, ал шектеулі мағынада қолданғанда, жер бетінің кейбір бөлігін, елді не аймақты білдіреді” (Old Testament Word Studies by William Wilson). Демек, érets деген еврей сөзінің бірінші әрі басты мағынасы біздің планета, жер шары, жер дегенді білдіреді (1986 жылғы 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасын” қараңдар, 31-бет, ағ.).
[4-беттегі сурет]
Киелі кітапта болашақта жер бетінде Жұмақ орнайтыны жайлы анық айтылған
[7-беттегі сурет]
Егер жер жойылып кететін болса, Исаның үлгілі дұғасының мәні болар ма еді?