Ехобаның сөзі тірі
Малахи кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ИЕРУСАЛИМДЕГІ ғибадатхана құрылысының аяқталғанына 70 жылдан асты. Алайда уақыт өте келе яһудилердің рухани күйі қатты құлдырап кетті. Тіпті діни қызметкерлер де заңсыздықпен айналыса бастаған. Олардың жағдайларын айтып, көздерін ашатын және рухани күйлерін көтеруге тырысатын кім бар? Ехоба бұл істі Малахи пайғамбарға жүктейді.
Еврей жазбаларының соңғы Малахи кітабында пәрменді мәнерде жазылған Құдайдың хабарын оқимыз. Бұл пайғамбарлыққа назар қойғанымыз осы зұлым дүние жойылатын “Ехобаның ұлы да қорқынышты күніне” дайындалуымызға көмектеседі (Малахи 4:5, ЖД).
ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ‘ТАЛАЙЛАРҒА ЗАҢНЫҢ ӘЗӘЗІЛІ БОЛДЫ’
Ехоба өзінің Исраилге деген сезімін: “Мен сендерді жақсы көрдім”,— деп білдіреді. Алайда діни қызметкерлер Ехобаның есімін абыройсыздыққа бөлейді. Қалайша? ‘Құрбантөбеге тазаланбаған нан апарып’, ‘құрбандыққа ақсақ және ауру малды шалу’ арқылы (Малахи 1:2, 6—8).
Діни қызметкерлер ‘талайларға заңның әзәзілі болды’. Халық ‘бір-біріне өктемдік жасауда’. Кейбіреулер бөтен елдерден әйел алған, ал өзгелері ‘жастай қосылған әйелдеріне қиянат жасайды’ (Малахи 2:8, 10, 11, 14—16).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:2. Қалайша Ехоба заң бұзушы діни қызметкерлердің ‘баталарын қарғады’? Құдай олардың берген баталарын қарғысқа айналдырған.
2:3. Діни қызметкерлерге айтылған ‘беттеріңе қи лақтырамын’ деген сөздер нені білдіреді? Таурат заңында құрбандыққа әкелген малдардың қиын елді-мекеннің сыртына шығарып, өртеп тастау керек екені айтылған (Леуіліктер 16:27). Діни қызметкерлердің беттеріне қи лақтыру Ехобаның құрбандықтарды қабыл алмайтынын және оны әкелген адамдарды жақтырмайтынын білдірген.
2:13. Құрбандық шалатын орынды кімнің көз жасы шайған? Ғибадатханаға келіп, Ехобаға мұңын шағып жылаған әйелдердің көз жасы. Оларды осынша қайғыға батырған не нәрсе? Олардың яһуди күйеулері, бөтен елден жасырақ әйел алу үшін болса керек, олармен заңсыз түрде ажырасып, тастап кеткен болатын.
Біз үшін сабақ:
1:14; 2:17. Ехоба екіжүзділікке қарап отыра бермейді.
2:7—9. Қауымда тәлім беру жауапкершілігі жүктелген адамдар Құдай Сөзі мен ‘адал қызметші’ беріп отырған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге сай тәлім беріп жүргендеріне көз жеткізіп отырулары керек (Лұқа 12:42; Жақып 3:11).
2:10, 11. Ехоба қызметшілерінен “екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын” деген кеңеске құлақ асады деп күтеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:39).
2:15, 16. Шынайы мәсіхшілер жастай қосылған әйелдерімен құрған неке одағына құрметпен қарайды, себебі Ехоба “ажырасуды жек көреді (ЖД)”.
‘ШЫНАЙЫ ИЕ ӨЗІНІҢ ҒИБАДАТХАНАСЫНА КЕЛЕДІ’
“Шынайы Ие [Ехоба Құдай] мен... келісім хабаршысы [Иса Мәсіх] ойда жоқта өзінің [Ехобаның] ғибадатханасына келеді”. Құдай өз халқының үстінен сот жүргізуге келеді және зұлымдардың барлығын әшкерелейді. Сондай-ақ Ехобаның “атын қастерлейтіндердің ескерткіш кітабы жазылуда” (Малахи 3:1, ЖД; 3, 5, 16).
“Аптабы жалындаған пештей боп бір күн туады” да, зұлымдардың бәрін жалмайды. Ал оған дейін пайғамбар келіп, “әкелерінің мейірімін балаларына, балаларының мейірімін әкелеріне қайтарады” (Малахи 4:1, 5, 6).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:1, ЖД; 2, 3. “Шынайы Ие” мен “келісім хабаршысы” ғибадатханаға қашан келді және оларға жол ашуға жіберілген “хабаршы” кім? Ехоба б. з. 33 жылы 10 нисанда ғибадатханаға өзінің өкілі арқылы “келіп”, оны тазартып кетті. Бұл өкіл ғибадатханаға келіп, ондағы “сатушылар мен алушыларды” қуып шыққан Иса болатын (Марқа 11:15). Бұл кезде Исаның Патша ретінде майланғанына үш жарым жыл уақыт өткен еді. Дәл солай, Иса көкте Патша ретінде таққа отырған соң үш жарым жыл өте Ехобамен бірге рухани ғибадатханаға келіп, Құдай халқының тазаруға мұқтаж екенін көргенге ұқсайды. Бірінші ғасырда шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия яһудилерді Иса Мәсіхтің келуіне дайындау үшін алдын ала жіберілген болатын. Сол сияқты біздің заманымызда Ехобаның рухани ғибадатханаға келуіне жол дайындау үшін хабаршы жіберілді. 1880 жылдары Киелі кітап зерттеушілері ниеті таза адамдарға Киелі кітаптың негізгі ілімдерін жеткізу үшін рухани білімді тарата бастады.
3:10. ‘Ондықтардың бәрін’, немесе түсімнің оннан бір бөлігін, әкеліп тұру өзімізде бардың бәрін Ехобаға беруді білдіре ме? Иса өлген соң Таурат заңы күшінен айырылғандықтан, бүгінде түсімнің оннан бір бөлігін әкеліп тұрудың қажеті жоқ. Дегенмен мұның бейнелі мағынасы бар (Ефестіктерге 2:15). Бұл өзіміздегінің бәрін Ехобаға беруді білдірмейді. Исраилдіктер түсімнің оннан бір бөлігін жыл сайын әкеліп тұрған, ал біз өзіміздегінің бәрін өмірімізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, оған бір-ақ мәрте береміз. Сол уақыттан бастап өзіміздегінің бәрі Ехобаның меншігіне айналады. Дегенмен Құдай өзіміздегі бардың қандай да бір бөлігін, яғни бейнелі мағынадағы түсімнің оннан бір бөлігін, қызметке жұмсауға мүмкіндік береді. Оның мөлшерінің қанша болатынын жағдайымыз бен жүрек қалауымызға сай өзіміз шешеміз. Біз Ехобаға арнаған құрбандық ретінде уақытымызды, күшімізді және қаржымызды Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне жұмсаймыз. Қауым кездесулеріне, сырқат және жасы келген бауырластарға барып тұру, сондай-ақ шынайы ғибадат үшін садақа беру де Құдайға берген құрбандығымыз болып табылады.
4:3. Қай мағынада Ехобаның қызметшілері ‘содырлы-сойқандыларды аяққа басатын’ болады? Құдайдың жердегі халқы содырлы-сойқандыларды соттауға атсалысып, оларды тура мағынада аяққа баспайды. Бұл бейнелі сөздер Ехобаның жердегі қызметшілері Шайтанның дүниесінің жойылғанын шаттана тойлайтынына нұсқайды (Забур 144:20; Аян 20:1—3).
4:4. Неге біз ‘Мұсаға парыз еткен заңды есімізде сақтауымыз’ керек? Мәсіхшілер бұл заңға бағынышты емес, дегенмен ол ‘Құдайдың жарылқауының күңгірт жобасы’ болып табылады (Еврейлерге 10:1). Сондықтан Мұсаның заңына ден қоя отырып, ондағы жазылғандардың қалай орындалғанын көреміз (Лұқа 24:44, 45). Оның үстіне, Заңда “көктегі киелі үйдің көшірмесі” көрсетілген. Сондықтан мәсіхшілердің ілімі мен жүріс-тұрысына қатысты түсінікке ие болу үшін оны зерттегеніміз маңызды (Еврейлерге 9:23).
4:5, 6. Ілияс пайғамбар кімді бейнелейді? Ілиястың адамдардың жүрегін дайындай отырып, қайта қалпына келтіру ісімен айналысатыны алдын ала айтылған. Бірінші ғасырда Иса Мәсіх шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның “Ілияс” екенін айтқан (Матай 11:12—14; Марқа 9:11—13). Бүгінгі “Ілияс” “Ехобаның ұлы да қорқынышты күнінің” алдында келген “адал да ақылды құлдың” өзі болып шықты (Матай 24:45, ЖД). Осы майланған мәсіхшілер табы рухани мағынада қайта қалпына келтіру ісін құлшына атқаруда.
Біз үшін сабақ:
3:10. Ехобаға ең жақсымызды бермеу өзімізді оның батасынан айырумен тең.
3:14, 15. Діни қызметкерлердің жаман үлгісін көріп, яһудилер Құдайға немкетті қызмет ете бастады. Мәсіхшілер қауымындағы жауапкершілік жүктелген бауырластар үлгілі болуға тиіс (Петірдің 1-хаты 5:1—3).
3:16. Ехоба өзінен қорқатын адал адамдарды есінен шығармайды. Ол Шайтанның зұлым дүниесін жойғанда, оларды сақтап қалады. Сондықтан Құдай алдында мінсіздігімізді сақтап қалу шешімімізге берік болайық (Әйүп 27:5).
4:1. Ехоба өзінің алдында есеп беретін күн келгенде, зұлымдардың “тамырын да”, “бұтағын да” қалдырмайды. Демек, ата-аналарға қандай үкім шығарылса, балаларына да сондай үкім шығарылады. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қатысты жауапкершілігі неткен зор! Мәсіхші ата-аналар Құдайдың ықыласына ие болып, оның алдындағы жақсы аттарын сақтап қалу үшін көп күш салулары керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:14).
“Құдайдан қорық”
“Ехобаның ұлы да қорқынышты күні” кім құтқарылады? (Малахи 4:5, ЖД). “Ал менің атымды қастерлейтін сендер үшін,— дейді Ехоба,— шындықтың күні шығып, оның шапағымен бірге шапағат тарайды, сонда сендер күйлі торпақтарша асыр саласыңдар” (Малахи 4:2).
“Шындықтың күні”, яғни Иса Мәсіх, Құдайдың есімін қастерлейтін адамдарға шапағын шашады да, олар Ехобаның ықыласына ие болады (Жохан 8:12). Сондай-ақ оларға оның ‘шапағаты тарап’ [“нұры ем болып”, ЖД], қазір рухани мағынада, ал Құдайдың жаңа дүниесінде тура мағынада тәндік, ой және эмоциялық жағынан толығымен сауығады (Аян 22:1, 2). Олар “күйлі торпақтарша” асыр салып, масайрайтын болады. Осы баталарды жадымызда ұстай отырып, Сүлеймен патшаның: “Құдайдан қорық және Оның шарттарын сақта, өйткені адам баласына қажеттілердің баршасы осының ішінде”,— деген кеңесіне құлақ асайық (Екклесиаст 12:13).
[28-беттегі сурет]
Малахи — Құдайдың белсенді әрі адал пайғамбары
[31-беттегі сурет]
Біз Киелі кітапқа сай тәлім беруіміз керек
[31-беттегі сурет]
Ехобаның қызметшілері неке одағына құрметпен қарайды