Балаларыңа тәлім беріңдер
Немере інісі Пауылды өлімнен құтқарып қалды
ЕЛШІ Пауылдың әпкесі мен немере інісі Исаның ізбасарлары болғанын білгенсің бе?a ~ Сол немере інісі Пауылдың өмірін сақтап қалған. Біз оның да, анасының да есімін білмейміз, бірақ не істегенін білеміз. Бұл туралы білгің келе ме? ~
Пауылдың үшінші миссионерлік сапардан оралған кезі. Ол қазір Иерусалимде. Б. з. 56 жылы болса керек. Қамауға алынған Пауыл жауларының қолынан жапа шегуде. Бірақ жаулары оны қинап қана қоймай, өлтіргісі келеді. Сөйтіп, олардың ішіндегі қырық адам Кесарияға барар жолда Пауылды өлтіру үшін жоспар құрды.
Қалай екені белгісіз, мұны Пауылдың немере інісі біліп қояды. Оның не істегенін білесің бе? ~ Ол бұл туралы Пауылға айтып береді. Мұны ести сала Пауыл бір жүзбасын шақырып алып: “Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар”,— дейді. Жүзбасы жігітті өзінің басшысы Клауди Лүсиге апарып, оның оған айтпақ маңызды хабары бар екенін түсіндіреді. Клауди оны жеке шығарып алып, анық-қанығын сұрап алады.
Клауди жігітке: “Маған айтқандығың туралы ешкімге тіс жарма!”— деп ескертеді. Содан екі жүзбасын шақырып алып, екі жүз сарбаз, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға баруға дайындауды бұйырады. Сол күні кешкі сағат тоғызда жолға шыққан 470 адам Пауылды аман-есен Кесариядағы Рим әміршісі Феликске жеткізеді. Феликске жазған хатында Клауди яһудилердің Пауылды өлтіргісі келгенін айтады.
Сөйтіп, яһудилер Пауылға таққан айыптарын дәлелдеу үшін Кесарияның сот залына шақырылады. Бірақ олар Пауылға ешқандай айып таға алмайды. Сөйтсе де Пауылға әділетсіздік жасалып, екі жылға түрмеге жабылады. Алайда ол өзін Римдік патшаның алдында соттауды талап етеді де, сонда жіберіледі (Елшілердің істері 23:16—24:27; 25:8—12).
Біз Пауылдың немере інісі туралы жазылған осы үзіндіден не нәрсеге үйренуімізге болады? ~ Басқалар білуі керек шындықты айту үшін батылдық қажет және солай еткеніміздің арқасында адам өмірін сақтап қала аламыз. Иса жаулары өзін ‘өлтірмекші болғанын’ білсе де, адамдарға Құдай Патшалығы туралы айтуды тоқтатқан жоқ. Ол біздің де солай еткенімізді қалайды. Біз қарсылықтарға қарамастан уағыздай береміз бе? Егер Пауылдың немере інісі сияқты батыл болсақ, бұл қолымыздан келеді (Жохан 7:1; 15:13; Матай 24:14; 28:18—20).
Пауыл жас серігі Тімотені былай деп шақырды: “Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың” (Тімотеге 1-хат 4:16). Пауылдың немере інісі бұл жігерлі сөздерге сай әрекет еткені сөзсіз. Ал сен ше?
a Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.