Исаға еліктеп, батыл уағыздаңдар
“Сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды” (САЛ. 1-Х. 2:2).
1. Патшалық туралы ізгі хабар несімен тартымды?
ЖАҚСЫ хабар есту қандай ғанибет десеңші! Дүниедегі ең жақсы хабар — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар. Осы хабардың арқасында біз қайғы-қасіреттің, ауру-сырқаудың, жан азабының және өлімнің жойылатынына көзіміз жетті. Сонымен қатар, мәңгілік өмірге апаратын жолды таптық, Құдайдың ниетімен таныстық және оған қалай жақындауға болатынын білдік. Иса айтқан осы ізгі хабарды барлығы қуана қабыл алды деп ойлайтын шығарсыңдар. Өкінішке қарай, олай болған жоқ.
2. Исаның ‘айыруға келдім’ деген сөздерін түсіндір.
2 Иса шәкірттеріне былай деген: “Мені дүниежүзіне жалған татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім. Сөйтіп пайғамбардың алдын ала айтқан мына сөздерін жүзеге асыруға келдім: “Ұлы әкесіне, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы тұрады. Адамның дұшпаны өз үй іші болады” (Мат. 10:34—36). Көбісі ізгі хабарды қуанышпен қабылдаудың орнына, одан бас тартады. Кейбіреулер оны жариялап жүрген адамды, тіпті жақын туысы болса да, өзіне жау санайды.
3. Уағыздау тапсырмасын орындау үшін бізге не қажет?
3 Біз де Иса айтқан шындықты жариялап жүрміз және қазір де адамдардың көбісі сол кездегідей одан бас тартуда. Бұл біз үшін жаңалық емес, себебі Иса шәкірттеріне: “Құлдың жолы қожайынынан үлкен емес. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды”,— деген (Жох. 15:20). Көп жерлерде ашық қудаламағанымен, адамдар бізді жек көреді және хабарға немқұрайды қарайды. Сондықтан ізгі хабарды батыл уағыздау үшін бізге сенім мен қайсарлық қажет (Петірдің 2-хаты 1:5—8 оқы).
4. Неге Пауылға уағыздау үшін батылдық қажет болды?
4 Сен кейде уағызға шығудан немесе қызметтің кейбір түріне қатысудан жүрексінетін шығарсың. Кейбір адал қызметшілерде де осындай сезім болған. Мысалы, батыл да өжет елші Пауылға уағыздау барлық уақытта оңайға соқпаған. Бірде ол Салониқадағы мәсіхшілерге былай деп жазды: “Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды” (Сал. 1-х. 2:2). Філіпіде қала басшылары Пауыл мен серіктесі Сыйласты шыбықпен сабатып, түрмеге тастатты, ал ондағылар аяқтарына ағаш бұғау салды (Ел. іс. 16:16—24). Сонда да Пауыл мен Сыйлас батыл уағыздай берді. Ал біз қалай батыл уағыздай аламыз? Қазір Құдайдың ежелгі қызметшілеріне Ехоба туралы шындық жайлы батыл сөйлеуге не көмектескенін және біздің оларға қалай еліктей алатынымызды қарастырайық.
Батылдық қарсылыққа төтеп беру үшін қажет
5. Неге Ехобаның барлық адал қызметшілеріне батылдық қажет болған?
5 Батылдықтың бірден-бір үлгісін Иса Мәсіх көрсетті. Адамзат тарихы басталғалы Ехобаның адал қызметшілерінің бәріне де батылдық қажет болған. Неге? Едем бағындағы бүліктен кейін Ехоба өзінің қызметшілері мен Шайтанға қызмет ететіндер арасында “өштестік” болатынын айтқан (Жар. 3:15). Бұл көп кешікпей-ақ анық болды: адал қызметші Әбілді туған бауыры өлтірді. Кейінірек Топан судың алдында өмір сүрген әділ болған Енох та қарсылыққа кезікті. Себебі ол Құдайдың мыңдаған қасиетті нөкерлерімен құдайсыздарды жазалайтынын пайғамбарлық еткен (Яһд. 14, 15). Бұл хабарды көпшілік жақтырмады, тіпті олар Енохты жек көрді. Сондықтан адамдар өлтіріп қоймас үшін, Ехоба оны “алып кетті”. Енох шынында да зор батылдық танытқан! (Жар. 5:21—24).
6. Перғауынға сөйлеу үшін неліктен Мұсаға батылдық қажет еді?
6 Мысыр перғауынының алдында Мұсаның қандай батылдық танытқанын ойлап көрші. Перғауын өзін құдайлардың жай ғана өкілі емес, құдайдың өзі әрі күн құдайы Раның ұлы деп есептеген. Басқа перғауындар сияқты ол да өзінің бейнесіне табынған болу керек. Оның айтқаны заң болатын және бұйрығы екі етілмейтін. Зор билігі бар, менмен әрі қыңыр перғауынның бетіне қарап сөйлеуге ешкімнің дәті бармаған. Осындай адамның алдына қарапайым қойшы болған Мұса шақырусыз қайта-қайта келді. Келіп қана қоймай, оған Құдайдың он жаза жіберетінін айтты әрі елде тұрып жатқан бірнеше миллион құлды босатуын талап етті! Мұсаға зор батылдық қажет болғаны сөзсіз (Ру. сан. 12:3; Евр. 11:27).
7, 8. а) Мәсіхшілерге дейінгі қызметшілер қандай сынаққа кезіккен? ә) Оларға шынайы ғибадатты батыл қорғауға не көмектесті?
7 Кейінгі ғасырларда да пайғамбарлар мен Құдайдың басқа қызметшілері шынайы ғибадатты батылдықпен қолдаған. Бірақ Шайтанның дүниесі оларды аяған жоқ. “Біреулері таспен атқыланып, арамен кесіліп, семсермен шабылып өлтірілді. Басқалары қой, ешкінің терісін жамылып, жоқшылық көріп, азапталып, жәбірленді”,— деп жазды Пауыл (Евр. 11:37). Осындай адал қызметшілерге табанды болуға не көмектесті? Елші Пауыл: “Тәңір өздеріне уәде еткен игіліктерді иемденбестен соларды тек алыстан ғана көріп, қуанды”,— деп, Әбіл, Ыбырайым мен Сара сияқты адал жандардың қайдан күш алғанын көрсетті (Евр. 11:13). Ехобаның уәделерін көзден таса етпегендері Ілияс, Еремия сияқты ежелгі қызметшілерге де шынайы ғибадаттың жағында нық тұруға күш бергені сөзсіз (Тит. 1:2).
8 Мәсіхшілерге дейін өмір сүрген осы қызметшілер жарқын болашақты күткен. Олар қайта тірілгенде Иса Мәсіх пен оның 144 000 серіктесі атқаратын қызметтің арқасында кемелділікке жетеді әрі ‘өткіншіліктің құлдығынан босатылады’ (Рим. 8:21). Ехоба Еремияға: “Олар саған қарсы көтерілетін болады, алайда сені жеңе алмайды, өйткені сені қауіп-қатерден құтқару үшін... Мен сенің қасыңда боламын”,— деп уәде еткен. Бұл сөздер Құдайдың басқа қызметшілеріне де батылдық берген (Ерм. 1:19). Құдайдың болашаққа қатысты уәделері мен рухани қорғайтыны жайлы ой жүгірткеніміз бізге де батылдық береді (Нақ. с. 2:7; Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18 оқы).
Сүйіспеншілік Исаны батыл уағыздауға талпындырды
9, 10. а) Дінбасыларының, ә) бір топ әскердің, б) бас діни қызметкердің және в) Пилаттың алдында Иса қалай батылдық танытты?
9 Иса батылдықты түрлі жолмен көрсеткен. Мысалы, беделді билік иелерінің жек көргеніне қарамастан, Құдайдың еркін айтудан тайсалмады. Ол ықпалды дінбасыларын өз-өздерін әділ санағандары мен жалған ілімді үйреткендері үшін әшкереледі. Бірде олардың айыптарын беттеріне басып, былай деді: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Сыртынан әдемі болып көрініп, бірақ іші өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы әктелген молаларға ұқсайсыңдар: сырттарыңнан әділ болып көрінсеңдер де, іштерің екі жүзділік пен күнәға лық толы!” (Мат. 23:27, 28).
10 Гетсимани бағына бір топ әскер Исаны тұтқындауға келгенде, ол жасырынбай, алдарынан шықты (Жох. 18:3—8). Кейін Жоғарғы кеңес пен бас діни қызметкер оны тергеуге кірісті. Олардың өлімге кесуге сылтау іздеп тұрғанын білсе де, Иса өзінің Мәсіх және Құдайдың Ұлы екендігін растаудан қорықпады. Бұған қоса оларға: “Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар!”— деді (Мар. 14:53, 57—65). Бұдан кейін көп ұзамай ол Пилаттың алдына апарылды. Иса оның босатып жіберуге билігі барын біле тұра, өзін ақтап бір ауыз сөз айтпады (Мар. 15:1—5). Осы жағдайдың бәрінде ол зор батылдық танытты.
11. Батылдықтың сүйіспеншілікпен қандай байланысы бар?
11 Иса Пилатқа: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деген (Жох. 18:37). Ехоба Исаға ізгі хабарды уағыздауды тапсырған еді. Көктегі Әкесін жақсы көргендіктен, бұл тапсырманы ол шын ықыласпен орындады (Лұқа 4:18, 19). Иса адамдарды да жақсы көрді әрі өмірлері қиыншылыққа толы екенін көріп жаны ашыды. Біз де Құдайды және адамдарды жақсы көргендіктен, батыл әрі ештеңеден қорықпастан уағыз айтып жүрміз (Мат. 22:36—40).
Батыл уағыздауға киелі рух күш береді
12. Алғашқы шәкірттердің қуанышына не себеп болды?
12 Иса өлгеннен кейін бірнеше апта бойы Ехоба шәкірттердің қатарын көбейтіп, оларды зор қуанышқа бөледі. Бір күннің ішінде 3 000 адам шомылдыру рәсімінен өтті! Бұлар Иерусалимге Алғашқы өнім мейрамына жиналған яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар еді. Мұндай жайт бүкіл қаланы дүрліктірсе керек. “Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсететін көптеген керемет істер болып жатты” (Ел. іс. 2:41, 43).
13. Неліктен бауырластар батылдық сұрап дұға етті және мұның нәтижесі қандай болды?
13 Ашуға мінген дінбасылары Петір мен Жоханды тұтқындап, түні бойы қамауда ұстады. Кейін оларға Иса туралы уағыздауға қатаң тыйым салып, босатып жіберді. Екеуі болған жайтты бауырластарға айтып бергенде, барлығы кезіккен қарсылықтар жайлы бір ауыздан дұға етіп, Ехобадан: “Иеміз... құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!”— деп өтінді. Нәтижесінде олар “Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады” (Ел. іс. 4:24—31).
14. Киелі рух уағыз ісінде бізге қалай көмектеседі?
14 Шәкірттерге ізгі хабарды батыл уағыздауға Ехобаның құдіретті киелі рухы көмектескенін байқадың ба? Адамдарға, тіпті қарсыластарға да шындықты батыл уағыздап жүргеніміз өз арқамызда емес. Ехоба сұрағандарға киелі рухын беруді қалайды, әрі береді де. Соның көмегімен біз кез келген қарсылыққа төтеп беруге қажетті батылдыққа ие боламыз (Забур 137:3 оқыa).
Бүгінгі мәсіхшілер батыл уағыздауда
15. Бүгінде шындық адамдарды қалай екі топқа бөлуде?
15 Қазіргі кезде де шындық адамдарды екі топқа бөлуде. Себебі біреулер шынайы ғибадатты қуана қабылдап жатса, басқалары оны түсінбейді де, бағаламайды да. Кейбіреулер бізді сынап-мінейді, келеке-мазақ етеді, тіпті жек көреді. Осылай боларын Иса алдын ала айтып кеткен (Мат. 10:22). Кейде біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылып жатқан жалған мәлімет пен жаланың құрбаны болып жатамыз (Заб. 108:1—3). Сонда да Ехобаның халқы дүниежүзі бойынша ізгі хабарды батыл уағыздап жүр.
16. Батылдықпен уағыздау адамдардың көзқарасын өзгерте алатынын қандай мысалдан көреміз?
16 Батылдығымыздың арқасында адамдардың ізгі хабарға деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Қырғызстандағы бір әйел бауырлас былай деп жазды: “Қызметте жүргенімде бір үйдің иесі маған: “Мен Құдайға сенемін, бірақ христианның Құдайына емес. Енді келетін болсаң, анау итіме талатамын!”— деді. Әріректе шынжырмен байлаулы үлкен ит жатқан еді. “Жалған діннің ақыры таяп келеді!” трактатын тарату науқаны басталғанда, басқа адаммен сөйлесермін деген үмітпен әлгі үйге қайта келдім. Бірақ есікті тағы да сол кісі ашты. Ішімнен қысқаша дұға айта салысымен, оған: “Сәлеметсіз бе, үш күн бұрынғы әңгімеміз де, итіңіз де есімде. Бірақ мен де сіз сияқты шын Құдайға сенетін болғандықтан, үйіңізге соқпай өтіп кете алмадым. Жақында Құдай өзінің атына кір келтіріп жүрген діндерді жояды. Бұл жайлы мына мәліметтен көбірек біле аласыз”,— деп трактатты ұсынып едім, ол алды. Сосын мен келесі үйге бет алдым. Бірнеше минуттан кейін трактатты ұстаған ол артымнан жүгіріп келді де: “Оқып шықтым. Құдайдың қаһарына ілікпес үшін не істеуім керек?”— деп сұрады”. Содан ол кісімен зерттеу сабағы басталып кетті. Қазір мәсіхшілер кездесуіне келіп жүр.
17. Бауырластың батылдығы қызығушы әйелге қалай әсер етті?
17 Біздің батылдығымыз басқаларды да батыл болуға талпындырады. Ресейде бір әйел бауырлас автобуста келе жатып, қасында отырған кісіге журнал ұсынды. Сонда басқа бір кісі орнынан ұшып тұрып, қасына келді де, қолындағы журналды жұлып алып, мыжып-мыжып еденге тастай салды. Сөйтіп, бауырласқа ұрыса жөнелді, мекенжайын айтуды талап етті және бұл ауылға келуші болма деп ескертті. Бауырлас Ехобаға дұға етіп көмек сұрады. Сонда есіне: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар!”— деген Исаның сөзі түсті (Мат. 10:28). Жайлап орнынан тұрды да, әлгі кісіге сабырлы дауыспен: “Мен сізге мекенжайымды бермеймін, бұл ауылда уағыздауды да тоқтатпаймын”,— деп, автобустан түсіп кетті. Алайда ол автобуста өзімен Киелі кітапты зерттеп жүрген әйелдің отырғанын білмеген еді. Ол әйел адамдардан қорқып, мәсіхшілер кездесуіне бармай жүрген болатын. Алайда бауырласымыздың батылдығын көргенде, қайтадан кездесулерге баруды шешті.
18. Иса сияқты батыл уағыздауға не көмектеседі?
18 Құдайдан безген дүниеде ізгі хабарды уағыздау үшін Иса сияқты батыл болу керек. Бұл үшін не істеу қажет? Болашақты көзден таса етпе. Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілігіңді нығайт. Ехобаға дұға етіп, батылдық сұра. Жалғыз емес, Исамен бірге екеніңді ешқашан ұмытпа (Мат. 28:20). Киелі рух сені нығайтады. Ал Ехоба саған батасын береді әрі қолдау көрсетеді. Олай болса: “Жаратқан Ие менің Қолдаушым! Мен ештеңеден қорықпаймын, адамдар маған не істей алады?”— деп, батылдықпен уағыздай берейік! (Евр. 13:6).
[Сілтеме]
a Забур 137:3: “Мінажат еткенімде жауап бердің, Жігер беріп, жанымды берік еттің”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдай қызметшілеріне неге батылдық қажет?
• Батыл болу үшін...
Мәсіхке дейінгі адал қызметшілерден,
Иса Мәсіхтен,
алғашқы мәсіхшілерден,
бүгінгі мәсіхшілерден
қандай сабақ аламыз?
[21-беттегі сурет]
Дінбасыларды Иса батыл әшкерелеген
[23-беттегі сурет]
Ехоба уағыздауға батылдық береді