Құдай сөзін батыл уағыздаңдар
“Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады” (ЕЛ. ІС. 4:31).
1, 2. Неге қызметімізді тиімді атқаруға барынша тырысуымыз керек?
ӨЛЕРІНЕН үш күн бұрын Иса шәкірттеріне былай деді: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”. Ал қайта тірілген соң, көкке көтерілер алдында ізбасарларына ‘күллі халықтардан шәкірттер дайындап, өсиет еткендерінің бәрін де ұстануға үйретуді’ тапсырды. Иса оларға: “Бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!”— деп уәде етті (Мат. 24:14; 26:1, 2; 28:19, 20).
2 Адамдарға өмір беретін Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісінен маңызды ештеңе жоқ. Ехоба куәгерлері ретінде біз бірінші ғасырдан бастау алатын осы іске құлшына атсалысудамыз. Оны тиімді атқарғанымыз қаншалықты маңызды десеңдерші! Бұл мақалада киелі рухтың қызметімізді батыл атқаруға қалай көмектесетінін қарастырамыз. Кейінгі екі мақалада Ехобаның рухы шеберлікпен тәлім беруге және жүйелі түрде уағыздауға қалай көмектесетінін көреміз.
Бізге батылдық қажет
3. Патшалық туралы хабарды уағыздау үшін неге батылдық қажет?
3 Құдай сеніп тапсырған Патшалықты жариялау ісі біз үшін зор мәртебе! Бірақ бұл оңай іс емес. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды кейбір адамдар қабылдап жатқанымен, басым көпшілігі Нұхтың заманындағы адамдарға ұқсайды. Олар туралы Иса былай деген: “Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша олар ештеңені ұқпады” (Мат. 24:38, 39). Көптеген адамдар бізді келемеждеп, қарсылық көрсетеді (Пет. 2-х. 3:3). Үкімет не дінбасылары, сыныптастарымыз не әріптестеріміз, тіпті ет жақын адамдарымыз бізді қыспаққа алуы мүмкін. Оның үстіне, ұялшақ шығармыз не елден ала бөтен болуды қаламауымыз мүмкін. Иә, Құдай сөзін “батыл” жариялауымызға бөгет боларлық нәрселер көп (Ефес. 6:19, 20). Дегенмен ісімізді табандылықпен атқару үшін батылдық таныту аса маңызды. Бұл қасиетті қалай дамыта аламыз?
4. а) Батылдық дегеніміз не? ә) Қалай елші Пауылдың салониқалықтарға ізгі хабарды жариялауға батылы барды?
4 “Батылдық” деп аударылған грек сөзі бүкпесіз, бұрмаламай, ашық сөйлеу дегенді білдіреді. Бұл сөздің “өзіне сенімді, өжет” деген де мағынасы бар. Бірақ батылдық дөрекі болуды білдірмейді (Қол. 4:6). Біз батылдық танытамыз, сөйте тұра барлық адамдармен тату болғымыз келеді (Рим. 12:18). Сол себепті батыл уағыздаумен қатар, сыпайылық сияқты басқа да жақсы қасиеттер танытуымыз керек, сонда өзгелерді ренжітіп алмаймыз. Бұл, әрине, көп күшті талап етеді, сондықтан бізге көмек қажет. Елші Пауыл мен оның серіктері ‘Філіпіде қорлық көрген’ соң, Салониқада ізгі хабарды жариялауға қалай ‘батылдары барды’ екен? Пауыл жазғандай, оларға Құдайға сенгендері көмектесті (Салониқалықтарға 1-хат 2:2 оқы). Ехоба Құдай бізге де осындай батылдық дарыта алады.
5. Петір, Жохан және тағы басқа шәкірттерге Ехоба қалай батылдық дарытты?
5 “Яһудилердің бастықтары, рубасылары және дін мұғалімдері” қоқан-лоқы көрсеткенде, елші Петір мен Жохан: “Құдайды емес, сіздерді тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен, оны өздеріңіз шешіңіздер. Ал біз көріп-естігендеріміз туралы үнсіз қала алмаймыз”,— деді. Құдайдан қуғын-сүргінді тоқтатуды тілеудің орнына олар қастарына жиналған бауырластармен бірге: “Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!”— деп жалбарына сиынды (Ел. іс. 4:5, 19, 20, 29). Ехоба олардың дұғаларына қалай жауап берді? (Елшілердің істері 4:31 оқы). Ол киелі рухқа кенелтіп, батылдық дарытты. Құдай бізге де батылдық дарыта алады. Олай болса, Құдай рухына кенеліп қызмет ету үшін не істеуіміз керек?
Батылдық дамыту
6, 7. Құдай рухына ие болудың бірден-бір жолы қандай? Мысал келтіріңдер.
6 Киелі рух сұрап дұға ету — оған кенелудің бірден-бір жолы. Иса былай деген: “Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз!” (Лұқа 11:13). Иә, біз әрдайым киелі рух сұрап дұға етуіміз керек. Егер көшеде, бейресми немесе іскерлер аумағында уағыздаудан жүрексінетін болсақ, Ехобадан киелі рух пен батылдық беруін сұрағанымыз жөн (Сал. 1-х. 5:17).
7 Роза есімді бауырластың оқиғасын қарастырайықa. Бірде ол жұмыс орнында бір мұғалімнің балаларға зорлық көрсетілгені жайлы басқа мектептен келген мәлімдемені оқып отырғанын байқайды. Мұғалім еңсесі түсіп: “Бұл дүниеде не боп жатыр, өзі?”— деді. Сонда Роза үшін куәлік берудің керемет мүмкіндігі туды. Оған батыл сөйлеуге не көмектесті? “Мен Ехобаға дұға етіп, киелі рухы арқылы көмектесуін сұрадым”,— дейді ол. Роза жақсы куәлік беріп, мұғаліммен тағы бір жолы сөйлесуге келісті. Ал енді Нью-Йорк қаласында тұратын Мелани есімді бес жасар қыздың мысалын қарастырайық. Ол былай дейді: “Мен мектепке барарда мамам екеуміз Ехобаға дұға айтамыз”. Олар неге дұға етеді? Мелани Ехобаның жағында берік тұрып, ол туралы батыл сөйлей алуы үшін! “Бұл қызыма туған күн мен басқа да мейрамдарға қатысты көзқарасын түсіндіріп, оларға қатыспауға көмектеседі”,— дейді Меланидің анасы. Бұл мысалдар батыл куәлік ету үшін дұға етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетпей ме?
8. Еремияға батыл болуға не көмектесті және бұдан біз не үйренеміз?
8 Ал енді Еремия пайғамбарға батыл болуға не көмектескені жайлы ойланып көрейік. Ехоба оған халықтарға пайғамбарлық етуді тапсырғанда, ол: “Мен әлі сөйлей де алмаймын, өйткені әлі тым жаспын”,— деді (Ерм. 1:4—6). Алайда кейін Еремияның құлшынысы мен табандылығының зор болғаны сонша, көп адам ол халыққа қасірет тілеп отыр деп ойлады (Ерм. 38:4). Ол 65 жылдан астам уақыт бойы Ехобаның үкімдерін батыл жариялаған. Ол Исраилде батыл уағыздаушы ретінде танымал болғандықтан, шамамен 600 жылдан кейін батыл сөйлеген Исаны кейбір адамдар қайта тірілген Еремия пайғамбар деп қабылдады (Мат. 16:13, 14). Бұрын жасқаншақ болған Еремияға батыл болуға не көмектесті? Ол былай дейді: “Менің жүрегімде, менің сүйектерімнің ішінде жанып жатқан от бар секілді болды, оны [Құдай сөзін] өшіремін деп шаршадым, өшіре алмадым” (Ерм. 20:9 ЖД). Ехобаның сөзі Еремияға әсер етіп, оны батыл уағыздауға талпындырды.
9. Қалай Құдай сөзі бізге Еремияға әсер еткендей әсер ете алады?
9 Еврейлерге жазған хатында елші Пауыл былай деген: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Евр. 4:12). Құдай сөзі бізге Еремияға әсер еткендей әсер ете алады. Киелі кітапты адамдар жазса да, ол пенденің ақылымен емес, Құдай рухының жетелеуімен жазылғанын ұмытпайық. Петірдің 2-хаты 1:21-де былай делінген: “Пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес, қайта, Құдайға бағышталған қасиетті адамдарға Оның хабарларын айтуға Құдайдың Киелі Рухы қозғау салып отырды”. Арнайы уақыт бөліп, Киелі кітапты мұқият зерттегенде киелі рухтың хабары бойымызға сіңеді (Қорынттықтарға 1-хат 2:10 оқы). Сонда “жанып жатқан от” іспетті бұл хабарды ішімізде сақтай алмай, баршаға жариялайтын боламыз.
10, 11. а) Батыл сөйлегіміз келсе, Киелі кітапты қалай зерттеуіміз керек? ә) Жеке зерттеуіңнің сапасын арттыру үшін нақты қандай қадам жасағың келеді?
10 Жеке зерттеуіміз пайдалы болу үшін, Киелі кітапты жан дүниемізге әсер ететіндей зерттеуіміз керек. Мысалы, аян көрген Езекиел пайғамбарға тілазар халыққа арналған қатаң ескерту жазылған шиыршықты жеп қоюға бұйрық беріледі. Яғни, оған бұл хабарды бойына сіңіру керек болды. Сонда осы хабар ол үшін балдай тәтті болмақ еді (Езекиел 2:8; 3:2—4 оқыb).
11 Біздің де жағдайымыз Езекиелдікіне ұқсайды. Көп адамның Киелі кітапта не жазылғанын білгілері де келмейді. Ендеше Құдай сөзін табандылықпен жариялай беру үшін Жазбаларды толық түсініп, сеніміміз нығаятындай зерттеуіміз қажет. Сондай-ақ зерттеуді тиіп-қашып емес, жүйелі түрде жүргізген маңызды. Бізде забур жыршысы сияқты ықылас болу керек. Ол: “Лайым менің аузымдағы сөздерім, Әрі жан дүниемдегі ойларым, Ұнамды болсын Саған, о, Тәңірім, Сенсің жартастай мықты Қорғанышым, Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием!”— деп жырлаған (Заб. 18:15). Киелі кітаптағы шындық бойымызға сіңу үшін оқығанымыздың үстінен ой жүгірту өте маңызды. Ендеше жеке зерттеуіміздің сапасын арттыра берейік!c
12. Қауым кездесулері киелі рухтың басшылығымен жүруге қалай көмектеседі?
12 Ехобаның киелі рухына кенелудің тағы бір жолы — ‘өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлау және сенушілердің жиналыстарына бару’ (Евр. 10:24, 25). Қауым кездесулерінен қалмай, онда айтылғандарды мұқият тыңдауға және іс жүзінде қолдануға күш салатын болсақ, бізді киелі рух жетелейтін болады. Себебі Ехоба басшылықты қауым арқылы береді (Аян 3:6 оқы).
Батыл болудың пайдасы
13. І ғасырдағы мәсіхшілердің уағыздау ісінде жеткен жетістіктерінен нені білеміз?
13 Киелі рух әлемдегі ең құдіретті күш және ол адамдарға Ехобаның еркін орындауға көмектеседі. Киелі рухтың арқасында І ғасырдағы мәсіхшілер уағыздау ісінде керемет жетістіктерге қол жеткізді. Олар ізгі хабарды ‘аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жариялаған’ (Қол. 1:23). Олардың басым көпшілігі “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” болғандықтан, бұл істі өз күштерімен атқармағаны айдан анық (Ел. іс. 4:13).
14. Қызметте ‘рухпен жалындап’ сөйлеуге не көмектеседі?
14 Киелі рухтың басшылығымен өмір сүргеніміз қызметімізді батыл атқаруға талпындырады. Аполлос есімді сөзге ұста яһудилік кісі жөнінде Киелі кітапта: “Рухпен жалындаған ол Иса туралы айтып, ұқыпты үйрететін”,— делінген (Ел. іс. 18:24, 25 ЖД). Үйме-үй және бейресми қызметімізде батыл болу үшін біздің де ‘рухпен жалындағанымыз’ жөн. Бұл үшін үнемі киелі рухты сұрап дұға еткеніміз, мұқият жеке зерттеу жүргізгеніміз, оқығанымыздың үстінен дұға ете отырып ой жүгірткеніміз және қауым кездесулерінен қалмағанымыз маңызды.
15. Батыл уағыздағанымыздың қандай пайдасы бар?
15 Батыл уағыздағанымыздың пайдасы көп. Біріншіден, атқарып жүрген ісіміздің қаншалықты маңызды да игілікті екенін толығырақ түсінеміз. Екіншіден, қызметте тәжірибеміздің артқанына қуанып, зор шабытпен уағыздаймыз. Сондай-ақ уағыздау ісі кезек күттірмейтін іс екенін есте ұстағандықтан, құлшынысымыз еш бәсеңдемейді.
16. Қызметке деген құлшынысымыз бәсеңдеп кеткен болса, не істеуіміз керек?
16 Егер қызметке деген құлшынысымыз бәсеңдеп кеткен болса, не істеуіміз керек? Өзімізді тексерген жөн. Елші Пауыл: “Сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер, әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар!”— деп жазған (Қор. 2-х. 13:5). Олай болса, өзіңе келесі сұрақтарды қойып көр: мен әлі де рухпен жалындап жүрмін бе? Ехобадан киелі рух сұраймын ба? Дұғаларымнан Құдайдың еркін орындауда оған арқа сүйейтінім көріне ме? Ехоба сеніп тапсырған қызмет үшін ризашылығымды білдіремін бе? Жеке зерттеуім жайлы не деуге болады? Оқығаным мен естігенімнің үстінен ой жүгіртуге қанша уақыт бөлемін? Қауым кездесулерінің бағдарламасына барынша қатысамын ба? Осындай сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз осал тұстарымызды байқап, қажетті өзгерістер жасауға көмектеседі.
Құдай рухы саған батылдық дарытсын
17, 18. а) Уағыздау ісі қандай көлемде атқарылуда? ә) Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды ‘батыл уағыздауға’ не көмектеседі?
17 Қайта тірілген Иса шәкірттеріне былай деді: “Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (Ел. іс. 1:8). Сол кезде басталған іс бүгінде бұрын-соңды болмаған көлемде атқарылуда. Жеті миллионнан астам Ехоба куәгері Патшалық туралы хабарды 230-дан аса елде жариялауда. Бұл іске олар жылына 1,5 миллиардқа жуық сағат жұмсайды. Бұдан былай қайталанбайтын осы іске қатысу неткен мәртебе десеңші!
18 І ғасырдағыдай, бүгінде де дүниежүзілік уағыздау ісі Құдай рухының жетелеуімен атқарылуда. Демек, батыл уағыздай алу үшін киелі рухтың басшылығына мойынсұнғанымыз маңызды (Ел. іс. 28:31). Олай болса, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау ісін киелі рухтың басшылығымен атқара берелік!
[Сілтемелер]
a Есімдер өзгертілген.
b Езекиел 2:8: “Ал сен, адамзаттың ұлы, Мен саған не айтсам соны тыңда; сол басбұзар әулеттің ұрпағына ұқсап қасарыспа; өз аузыңды аш та, Мен саған не берсем, соны жейтін бол”.
Езекиел 3:2—4: “Сонда мен өз аузымды аштым және де Ол маған қатталған қағазды жеуге берді; Және маған былай деді: адамзаттың ұлы! Мен саған беріп отырған мына қатталған қағазбен өз құрсағыңды тойындыр және өз іш-құрылысыңды толтыр; сөйтіп, мен жеп алдым, сонда аузыма балдың дәмі келгендей болды. Және де Ол маған былай деді: адамзаттың ұлы! Орныңнан тұр да Исраил әулетіне бар, сөйтіп, оларға Менің атымнан сөйлейтін бол”.
c Киелі кітапты оқу мен жеке зерттеуіміз тиімді болу үшін “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 21—32 беттеріндегі “Оқуға көңіл бөл” және “Жемісті болатын зерттеу” деген тарауларын қараңдар.
Не білдіңдер?
• Неліктен Құдай сөзін батыл жариялауымыз қажет?
• Алғашқы мәсіхшілерге батыл уағыздауға не көмектесті?
• Батылдықты қалай дамыта аламыз?
• Батыл болудың қандай пайдасы бар?
[7-беттегі сурет]
Ата-аналар балаларына батыл болуға қалай көмектесе алады?
[8-беттегі суреттер]
Қысқаша дұға айтқанымыз батыл куәлік етуге көмектеседі