“Жаратқан Иенің ойындағысын білетін кім бар?”
“Жаратқан Иенің ойындағысын біліп, Оған ақыл бере алатын кім бар?” Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар” (ҚОР. 1-Х. 2:16).
1, 2. а) Көп адам қандай қиындыққа кезігеді? ә) Ехобаның және өзіміздің ойымызға қатысты нені есте ұстауымыз керек?
БАСҚА адамның ой-қалпын түсіну қиын екенін байқағансың ба? Жақында неке құрған болсаң, жарыңның ойын толық түсіне алмайтындай сезінген шығарсың. Шынында да, еркек пен әйел басқаша ойлап, басқаша сөйлейді. Сондықтан да кейбір елде ерлер мен әйелдер бір тілдің екі түрлі диалектісінде сөйлейді. Бұған қоса, мәдениет пен тілдің өзгешелігінен адамдардың ой-қалпы мен мінез-құлқы да бір-біріне ұқсамайды. Алайда біреуді жақынырақ біле түсу оның ой-қалпын жақсырақ түсінуге көмектеседі.
2 Олай болса, адамның Ехобадан мүлдем өзгеше ойлайтынына біз еш таңғалмаймыз. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба исраилдіктерге былай деген: “Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа”. Әрі қарай мұны мысалмен түсіндіріп: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік”,— деген (Ишая 55:8, 9).
3. Құдаймен “тығыз қарым-қатынас” дамытудың қандай екі жолы бар?
3 Алайда бұл Ехобаның ойын білуге тырысудың да қажеті жоқ дегенді білдіре ме? Әрине, олай емес. Біз Ехобаның ойындағысын ешқашан толық біле алмайтын болсақ та, Киелі кітапта бізді онымен “тығыз қарым-қатынас” (ЖД) дамытуға шақырады (Забур 24:14; Нақыл сөздер 3:32). Ехобаға жақындаудың бір жолы — Киелі кітапта жазылған оның істеріне құрметпен қарау және мұқият ден қою (Заб. 27:5). Тағы бір жолы — “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” болып табылатын ‘Мәсіхтің ой-ниетін’ білу (Қор. 1-х. 2:16; Қол. 1:15 сілт.). Киелі кітапта жазылғандарды оқып, олардың үстінен ой жүгіртудің арқасында Ехобаның қасиеттері мен ой-ниетін түсінетін боламыз.
Бұрыс бейімділіктен сақтан
4, 5. а) Қандай бұрыс бейімділіктен аулақ болуымыз керек? Түсіндір. ә) Исраилдіктер қандай бұрыс көзқарасқа беріліп кетті?
4 Ехобаның іс-әрекеттері жайлы ой жүгірткенде, адам оған өз ақылына сүйеніп баға беруге бейім. Біз бұдан аулақ болуымыз керек. Мұндай бейімділік Ехобаның Забур 49:21-дегі: “Мені өзіңдей есептедің”,— деген сөздерінен көрінеді. Киелі кітапты зерттеуші бір ғалым 175 жыл бұрын осы ойды растап былай деген: “Адамдар Құдайға өз түсінігі бойынша баға беруге әдеттенген, олар өздерінің көзінде дұрыс болып есептелетін заңдарды Құдай да ұстанады деп ойлайды”.
5 Ехоба жайлы түсінігіміз өз нормамыз бен қалауымызға негізделмеуі керек. Неліктен бұл маңызды? Себебі Жазбаларды зерттеу барысында бізге Ехобаның кейбір іс-әрекеті шектеулі әрі кемелсіз көзқарасымыз бойынша дұрыс еместей болып көрінуі мүмкін. Дәл осындай көзқарасқа ежелдегі исраилдіктер беріліп қалып, Ехобаның өздеріне істеп жатқандарын бұрыс деп қарастырды. Сонда Ехобаның оларға не дегеніне көңіл бөлейікші: “Жаратушының жолы дұрыс емес!” дейсіңдер. Исраил әулеті, тыңдаңдар! Менің жолым дұрыс емес пе екен? дұрыс емесі сендердің жолың емес пе?” (Езек. 18:25).
6. Әйүп қандай сабақ алды және мұны білгеніміздің бізге қандай пайдасы бар?
6 Өз ақылымызға сүйеніп, Ехобаның іс-әрекетіне баға беруден аулақ болу үшін, ең бастысы, көзқарасымыздың шектеулі екенін және кейде қатты қателесетінімізді мойындау қажет. Әйүпке осы жайтты түсіну қажет еді. Ол азап шеккен кезінде шарасыздықпен күресемін деп жүргенде, қандай да бір шамада өзіне көп көңіл бөліп, маңыздырақ мәселені ұмытып кеткен еді. Бірақ Ехоба оған жағдайға жан-жақты қарауға көмектесті. Оған жетпістен аса сұрақ қойғанда, ол ешқайсысына жауап бере алмады. Осылайша Ехоба оның түсінігі қаншалықты шектеулі екеніне баса назар аударды. Ақыр соңында Әйүп түзетуді кішіпейілділікпен қабылдап, көзқарасын өзгертті (Әйүп 42:3—6 оқыa).
‘Мәсіхтің ой-ниетін’ білу
7. Ехобаның қалай ойлайтынын білгіміз келсе, неге Исаның іс-әрекетін қарастыруымыз керек?
7 Иса сөзімен де, ісімен де әрқашан Әкесіне кемелді түрде еліктеген (Жох. 14:9). Сондықтан Исаның іс-әрекетін қарастырғанымыз Ехобаның қалай ойлайтынын түсінуге көмектеседі (Рим. 15:5; Філіп. 2:5). Олай болса, Ізгі хабарда жазылған екі оқиғаға көңіл бөлейік.
8, 9. Жохан 6:1—5 тармақтарда айтылғандай, Иса Філіпке қандай жағдайда және неліктен сұрақ қойды?
8 Келесі оқиғаны көз алдыңа елестетші. Б. з. 32 жылы. Құтқарылу мейрамының қарсаңы. Иса елшілерімен бүкіл Ғалилея аймағын аралап, уағыз сапарынан енді ғана оралған. Жолдан қатты шаршап келгендіктен, Иса шәкірттерімен демалу үшін Ғалилея көлінің солтүстік-шығыс жағасындағы оңаша жерге бет алды. Алайда мыңдаған халық олардың соңынан еріп барды. Сол жерде Иса көп адамды сауықтырып, оларға тәлім бергеннен кейін, сондағы жағдайға сай, бір қиындық туындады. Елсіз жерде халық жейтін асты қайдан таппақ? Мұны түсініп тұрған Иса сол өлкеден шыққан Філіптен: “Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз?”— деп сұрады (Жох. 6:1—5).
9 Иса мұндай сұрақты неге Філіпке қойды? Не істерін білмегендіктен бе? Әрине, жоқ. Онда Исаның ойлағаны не еді? Сол жерде болған елші Жохан мұны түсіндіріп: “Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды”,— деп жазды (Жох. 6:6). Демек, Иса шәкірттерінің қаншалықты рухани өскенін байқап көрмекші болған. Осындай сұрақпен Иса шәкірттерінің назарын туындаған қиын жағдайға аударып, олардың өзіне деген сенімдерін өз ауыздарынан естігісі келген еді. Алайда олар бұл мүмкіндікті жіберіп алды, әрі түсініктерінің қаншалықты шектеулі екенін көрсетті (Жохан 6:7—9 оқы). Сонда Иса олардың ойларына кіріп шықпаған керемет жасап, мыңдаған аш адамды тамақтандырды (Жох. 6:10—13).
10—12. а) Неге Иса грек әйелдің өтінішін бірден орындамады? Түсіндір. ә) Қазір нені қарастырамыз?
10 Бұл оқиға Исаның басқа бір жағдайдағы ой-ниетін түсінуімізге көмектеседі. Үлкен бір топ адамды тамақтандырған соң, Иса шәкірттерімен бірге солтүстікке бет алып, Исраилмен шегаралас Тир мен Сидон өлкесіне келеді. Сол жерде оларға кезіккен бір грек әйел Исадан қызын сауықтыруын сұрап жалбарынады. Алғашында ол әйелді елемейді. Бірақ өтініп қоймаған соң, Иса оған: “Алдымен “балалар” жеп тойсын: “Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес”,— деді (Мар. 7:24—27).
11 Иса неге әйелдің өтінішін бірден орындамады? Філіпті тексергеніндей, ол бұл әйелге де сенімін білдіруге мүмкіндік беріп, қалай әрекет ететінін көргісі келді ме? Киелі кітапта Исаның қалай сөйлегені жазылмаса да, ол әйелдің бетін қайтарып тастамағанын білеміз. Себебі ол “күшіктер” деп көңілге жұмсақ тиетін теңеуді қолданды. Бұл жағдайда Иса ата-ана сияқты әрекет етіп, баланың өтінішін орындағалы жатса да, оның ниетін тексеру үшін рұқсат бергісі келмейтіндей сыңай танытқан. Қандай болған күнде де, әйел өз сенімін танытқандықтан, Иса оның өтінішін шын ықыласымен орындады (Марқа 7:28—30 оқы).
12 Ізгі хабардағы бұл екі оқиғадан Исаның ой-ниетін ұғына аламыз. Қазір бұлар Ехобаның ой-ниетін жақсырақ түсінуге қалай көмектесетінін қарастырайық.
Ехобаның Мұсамен болған жағдайдағы әрекеті
13. Исаның ой-ниетін білгеніміздің бізге қандай көмегі бар?
13 Исаның ой-ниетін білгеніміз Жазбалардың қиын жерлерін түсінуге көмектеседі. Мысалы, исраилдіктер алтын өгіз жасап табынғанда, Ехобаның Мұсаға айтқан сөздерін қарастырайықшы. Ол былай деген: “Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін, оның тоң мойын қыңыр екеніне көзім жетті. Енді Мені тоқтатуға тырыспа! Қаһарым лаулап, оларды құртып жібермекпін. Содан кейін өзіңнен үлкен бір халықты жаратамын” (Мыс. ш. 32:9, 10).
14. Ехобаның сөзін естігенде, Мұса не істеді?
14 Әрі қарай Жазбаларда былай делінген: “Мұса Құдай Иесінен райынан қайтуын жалбарына сұрап: — Уа, Жаратқан Ие! Өзің Мысырдан ұлы күшпен, мықты қолыңмен бастап алып шыққан халқыңа қарсы неге қаһарың лаулайды?— деді. — Егер солай істесең, онда мысырлықтар: “Тәңір оларды елімізден арам ниетпен, тауда қырып-жойып, жер бетінен жоқ қылу үшін алып шығыпты”,— деп жүрер. Қаһарыңды басып, халқыңа апат жіберемін деген райыңнан қайтып, қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ пен Исраилді есіңе түсіре гөр. Оларға: “Сендердің ұрпақтарыңды аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейтіп, Өзім беруге уәде еткен осы жерді сыйлаймын, олар соны мәңгі иемденетін болады”,— деп өз атыңмен ант берген едің ғой. Сонда Жаратқан Ие халқына апат жіберемін деген ниетінен бас тартты” (Мыс. ш. 32:11—14)b.
15, 16. а) Ехобаның айтқан сөзі Мұсаға қандай мүмкіндік берді? ә) Ехоба неге “райынан қайтты”?
15 Мұсаға шынымен Ехобаның көзқарасын түзету қажет пе еді? Әрине, жоқ. Ехоба не істемек ойы барын айтса да, бұл оның соңғы шешімі емес болатын. Шын мәнінде Ехоба Мұсаны тексергісі келген. Көп жылдан кейін Иса да грек әйел мен Філіпті осылай тексерген. Олай болса, Мұсаға өз көзқарасын айтуға мүмкіндік берілдіc. Сондай-ақ Ехоба оны Исраил мен өзінің арасындағы келістіруші етіп тағайындағандықтан, осы рөлге сай әрекет етуге жол берді. Бұған қоса Ехоба келесі жайттарды білгісі келді: Мұса шарасыздық сезініп, ашулана ма? Ехобаның Исраилден бас тартып, өзінен күшті халық шығарамын деген сөзін қолдай ма?
16 Мұсаның өтінішінен Ехобаға және оның әділдігіне кәміл сенетіні көрінді. Сондай-ақ оның өз пайдасын емес, Ехобаның есімін ойлайтыны, әрі оған кір келмегенін қалайтыны байқалды. Осылайша Мұса бұл мәселеде “Жаратқан Иенің ойындағысын” білетінін дәлелдеді (Қор. 1-х. 2:16). Мұның нәтижесі қандай болды? Ехоба үзілді-кесілді шешім қабылдамағандықтан, бүкіл халықты жазалаймын деген ойынан “бас тартты”, немесе “райынан қайтты”.
Ехобаның Ыбырайыммен болған жағдайдағы әрекеті
17. Ехоба Ыбырайымға қалай зор шыдамдылық танытты?
17 Ехоба қызметшілеріне өз сенімін және қаншалық арқа сүйейтінін көрсетуге мүмкіндік бергеніне тағы бір мысал — Ыбырайымның Содом үшін араша сұрауы. Сол оқиғада Ехоба Ыбырайымның сегіз рет өтініш айтуына жол беріп, шыдамдылық танытты. Өтінішінің бірінде Ыбырайым былай деп қатты жалынған болатын: “Сен осылай істеп, әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемнің Қазысы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді?” (Жар. 18:22—33).
18. Ехобаның Ыбырайыммен болған жағдайдағы әрекетінен не білеміз?
18 Бұл оқиғадан Ехобаның ой-ниеті жайлы не білеміз? Дұрыс шешім қабылдау үшін Ехобаға Ыбырайыммен ақылдасу қажет болды ма? Олай емес. Әрине, Ехоба неге ондай шешім қабылдағанын о бастан-ақ айта салуына болар еді. Бірақ Ыбырайымның қайта-қайта өтініш айтуына жол беру арқылы Ехоба өзінің шешімі мен ой-ниеті жайлы оның дұрыс түсінікке келуіне уақыт берді. Сондай-ақ бұл Ыбырайым үшін Ехобаның рақымы мен әділдігінің қаншалықты зор екенін ұғынудың мүмкіндігі еді. Расында да, Ехоба Ыбырайымға досындай қарады (Ишая 41:8; Жақ. 2:23).
Біз үшін сабақ
19. Әйүпке қалай еліктей аламыз?
19 “Жаратқан Иенің ойындағысы” жайлы не білдік? Біз Ехобаның ой-ниеті жайлы түсінігімізді Киелі кітаптың түзетуіне жол беруіміз қажет. Сондай-ақ Ехобаға біздікіндей шектеулері бар тұлғадай қарамауымыз және оның ісіне түсінігіміз бен нормаларымызға сүйеніп баға бермеуіміз керек. Әйүп былай деген: “[Құдай] мен сияқты адам емес, — мен Оған жауап бере алатындай, сөйтіп Онымен бірге сотқа баратындай пенде емес!” (Әйүп 9:32). Біз Ехобаның ойындағысын түсіне бастағанда, Әйүп сияқты: “Міне, бұл — Оның жолдарының бөлігі; біз Ол жайында қалай аз естігенбіз! Ал Оның қуатының күркірегенін кім жете түсіне алар?”— деп дауыстағымыз келетін болады (Әйүп 26:14).
20. Киелі кітапты оқи отырып, түсінуге қиын жерге келгенде не істеуіміз керек?
20 Киелі кітапты оқи отырып түсінуге қиын жерлерге, әсіресе Ехобаның ой-ниетіне қатысты жайттарға кезіккенде не істеуіміз керек? Сол мәселені жан-жақты зерттегеннен кейін де анық жауап таба алмасақ, мұны Ехобаға деген сеніміміздің сыналуы деп қарастырсақ болады. Есіңде болсын, Киелі кітапта айтылған кейбір жайттар Ехобаның қасиеттеріне сенімді екенімізді көрсетуге мүмкіндік береді. Олай болса, Ехобаның барлық әрекетін түсіне бермейтінімізді кішіпейілділікпен мойындайық (Екк. 11:5). Сонда біз елші Пауылдың келесі сөздеріне қосыламыз: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес! “Кім Тәңірдің ақыл-парасатын ұққан, Кеңесші боп бағыт берді Оған?” “Есесін қайтарып алам деп Құдайдан, Кім алдымен бір нәрсесін берген Оған?” Себебі әлемнің бәрі Құдайдан, Ол арқылы, Ол үшін пайда болған. Лайым Құдай мәңгілік мадақталсын! Аумин” (Рим. 11:33—36).
[Сілтемелер]
a Әйүп 42:3—6: “Ештеңе түсінбей, Аянды күңгірттеп тұрған кім бұл? — Мен өзім ештеңе түсінбеген қалпымда бұрын білмеген ғажайып көрінген іс туралы осылай дедім. Мен Сен туралы құлағыммен естіп едім; енді өз көзіммен Сені көріп тұрмын; Сондықтан мен бұрынғымнан бас тартып, топырақ пен күлде өкінемін”.
b Бұған ұқсас оқиға Руларды санау 14:11—20 тармақтарда жазылған.
c Кейбір ғалымдардың айтуынша, Мысырдан шығу 32:10-дағы “Енді Мені тоқтатуға тырыспа!” деп аударылған еврей тіліндегі тұрақты тіркес Мұсаны Ехоба мен халықтың арасында келістіруші болуға шақырылғанын не ұсыныс жасалғанын білдіруі мүмкін (Заб. 105:23; Езек. 22:30). Қандай болған күнде де, Мұсаның Ехобаға өз ойын қысылмай айта алғаны анық.
Қайталау сұрақтары
• Өз ақылымызға сүйеніп, Ехобаның іс-әрекетіне баға беруден қалай аулақ бола аламыз?
• Исаның іс-әрекетін түсінгеніміз қалай Ехобаға жақындауға көмектеседі?
• Ехобаның Мұсамен және Ыбырайыммен сөйлескен оқиғасынан қандай сабақ аламыз?
[5-беттегі суреттер]
Мұса мен Ыбырайымның жағдайындағы әрекетінен Ехобаның ой-ниеті жайлы не білеміз?