Ең бастысы, “Оның әділ еркін” орындауға ұмтылыңдар!
“Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді” (МАТ. 6:33).
1, 2. Құдайдың әділ еркі деген не және ол қандай қасиеттерге негізделген?
‘ЕҢ БАСТЫСЫ, Оның Патшалығының қамын ойлаңдар’ (Мат. 6:33). Иса Мәсіхтің Таудағы уағызында айтқан бұл өсиетін бүгінде Ехоба куәгерлері жақсы біледі. Олар өмірдің барлық саласында осы Патшалықты жақсы көретіндерін және оған адал болуды қалайтындарын көрсетуге тырысады. Алайда сол тармақтың келесі бөлігіне де, атап айтқанда “Оның әділ еркін” дегенге, көңіл бөлу маңызды. Құдайдың әділ еркі деген не және оны орындауға ұмтылуға не жатады?
2 Құдайдың әділ еркі деген — оның әділдігіне негізделген нормалары мен құндылықтары. Жаратушы болғандықтан, Ехоба ненің дұрыс, ненің бұрыс, сондай-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін шешуге құқы бар (Аян 4:11). Бірақ Құдайдың әділ еркі қатаң заңдардың немесе ережелер мен нұсқаулардың таусылып бітпес тізімі емес. Ехобаның әділ еркі оның болмысына, әділдікпен қоса, сүйіспеншілік, даналық және күш сияқты басты қасиеттеріне негізделген. Сондай-ақ Құдайдың әділ еркі оның ниетімен байланысты, әрі оған өзіне қызмет еткісі келетіндерге қойған талаптары жатады.
3. а) “Ең бастысы, Құдайдың әділ еркін орындау” деген нені білдіреді? ә) Ехобаның әділ нормаларын неліктен ұстануымыз керек?
3 “Ең бастысы, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылу” деген нені білдіреді? Бұл өзіміздің емес, Құдайдың кемелді нормалары мен құндылықтарына сай өмір сүруге тырысуды білдіреді (Римдіктерге 12:2 оқы). Мұндай өмір салтының маңызды бөлігі — Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу. Бірақ біз Құдайдың заңдарына жазадан қорыққандықтан емес, сүйгендіктен мойынсұнамыз. Ал сүйіспеншілік болса өз нормаларымызды орнатуға емес, оның нормаларын ұстану арқылы оған ұнамды болуға талпындырады. Бұған қоса, біз Құдай нормаларын ұстанудың дұрыс екенін түсінеміз, өйткені сол үшін жаратылғанбыз. Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіх сияқты біз де әділдікті сүюіміз керек (Евр. 1:8, 9).
4. Ехобаның әділ еркін орындауға ұмтылу неліктен маңызды?
4 Ехобаның әділ еркін орындауға ұмтылу неліктен маңызды? Мұны түсіну үшін келесі жайтқа көңіл бөлейікші: Адам мен Хауаның Едем бағындағы сынағы Ехобаның нормалар орнатуға құқылы екенін мойындау-мойындамауларына қатысты еді (Жар. 2:17; 3:5). Бірақ олар қате шешім қабылдап, соның кесірінен ұрпақтары қайғы-қасірет пен өлімге душар болды (Рим. 5:12). Ал Құдай Сөзінде: “Әділдік пен берік мейірім жолынан Шын өмір, әділет, құрмет табады жан”,— делінген (Нақ. с. 21:21). Шынында да, алдымен Құдайдың әділ еркін орындасақ, Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа ие боламыз. Ал бұл, өз кезегінде, құтқарылуымызға жол ашады (Рим. 3:23, 24).
Өз көзінде әділ болудың қаупі
5. Қандай қауіптен аулақ болуымыз керек?
5 Римдегі мәсіхшілерге жазған хатында елші Пауыл Құдайдың әділ еркін орындағысы келетіндердің бәрі аулақ болулары керек бір қауіпке назар аударды. Ол өзінің халқы еврейлер жайлы былай деген: “Олардың Құдай үшін ынта көрсетіп жүргендеріне куәмін, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген. Өйткені олар Құдайдың адамды ақтау жолын ұқпай, өздерінің әділдігін орнатуға тырысты, осылайша Тәңір Иенің дайындаған ақтау жолын мойындамай қойды” (Рим. 10:2, 3). Пауылдың айтуынша, Құдайға ғибадат ететін сол адамдар оның әділ еркін түсінбеді. Себебі олар өз әділдігін орнатуға тырысумен болдыa.
6. Қандай көзқарастан аулақ болуымыз қажет және неге?
6 Өзімізді басқалармен салыстырып, Құдайға бағышталған қызметті сайыс ретінде қарастырсақ, жоғарыда айтылған қауіпке кезігеміз. Мұндай көзқарас өз қабілеттерімізге тым сенімді болып кетуге әкеп соғады. Ал бұл Ехобаның әділ еркін ұмыттырады (Ғал. 6:3, 4). Егер ниетімізді түзейтін болсақ, Ехобаны сүйетінімізді дәлелдейміз. Егер өз әділдігімізді орнатуға тырысатын болсақ, Құдайды сүйеміз дегеніміз бос сөз екенін көрсетеміз (Лұқа 16:15 оқы).
7. Өз әділдігіне сенімді болудың дұрыс емес екенін Иса қалай көрсетті?
7 Иса “өздерінің әділдігіне нық сеніп, басқаларды менсінбей жүрген кейбір кісілер” жайлы уайымдады. Сондықтан өз көзінде әділ болудың дұрыс емес екенін көрсету үшін мынадай астарлы әңгіме айтты. “Екі адам сиыну үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салық жинаушы екен. Парызшыл тұра қалып, іштей былай деп мінажат етеді: “Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбірлеуші, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшін Саған ризашылығымды білдіремін. Өйткені мен аптасына екі рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бір бөлегін қайыр-садақаға беріп тұрамын”. Ал салық жинаушы алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесіне қойып: “Я, Құдай! Мен күнәкармын, рақым ете гөр!”— деп жалбарынады. Сендерге шын айтамын: екеуі үйлеріне қайтқанда парызшыл емес, салық жинаушы Құдайдан кешіріліп, ақталған еді. Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады” (Лұқа 18:9—14).
Тағы бір қауіп — тым әділ болу
8, 9. “Тым әділ” болу деген не және оның салдары қандай?
8 Аулақ болуымыз керек тағы бір қауіп жайлы Екклесиаст 7:16-да: “Өте қатал [“тым әділ” ЖД] болма және ашықтан-ашық өзіңді данышпан ретінде көрсете берме; өзіңді құртудың қандай қажеті бар?”— деп айтылған. Киелі кітап жазушысы мұндай көзқарастан аулақ болуымыздың себебін түсіндіріп, 20-тармақта (ЖД) былай деді: “Жер бетінде күнә істемей, өмірінде тек жақсылық жасайтын әділ адам жоқ”. “Тым әділ” болып кеткен адам өзі әділ деп есептейтін нормалар орнатып, басқаларды соған сай соттайды. Бірақ ол мұнысымен өз нормасын Құдайдікінен жоғары қойып, оның көзінде өзінің әділ емес екенін көрсетіп тұрғанын түсінбейді.
9 Тым әділ болып кетсек, Құдайдың іс-әрекетіне де күмән келтіре бастауымыз мүмкін. Сондықтан келесі жайтты ұмытпауға тиіспіз: Ехобаның шешімдерінің әділдігі мен туралығына күмәндансақ, өз нормаларымызды оның әділ нормаларынан жоғары қоя бастаймыз. Басқашалап айтқанда, Ехобаны өзіміздің дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасымызбен сынап, тіпті оны соттай бастауымыз ықтимал. Бірақ әділдік нормаларын орнатуға біздің емес, тек Ехобаның құқы бар (Рим. 14:10).
10. Әйүптің оқиғасынан көретіндей, Құдайды соттауға бізді не итермелеуі мүмкін?
10 Әрине, ешқайсымыз әдейілеп Құдайды соттағымыз келмейді, алайда кемелсіз болмысымыз бізді соған итермелеуі мүмкін. Бұған, әсіресе, бір нәрсе әділетсіз болып көрінгенде немесе қатты қиындыққа кезіккенде, оп-оңай беріліп қалуымыз мүмкін. Құдайға адал болған Әйүптің өзі қателескен. Ол жайлы алғашында “бұзылмаған, әділ және Құдайдан қорқатын жан” делінген еді (Әйүп 1:1). Бірақ басына қасірет бірінен-соң бірі төнгенде, бұл оған әділетсіз болып көрінді. Ақыр соңында, ол ‘Құдайды емес, өзін көбірек ақтай’ бастады (Әйүп 32:1, 2). Алайда оның көзқарасы түзетілді. Кейде біз де осындай жағдайға тап болсақ, таңғалмайық. Мұндай кезде көзқарасымызды түзетуге не көмектеседі?
Барлық жайтты біле бермейміз
11, 12. а) Әділетсіздік орын алғандай болып көрінсе, нені ұмытпағанымыз жөн? ә) Неліктен кейбіреулер Исаның астарлы әңгімесіндегі қожайын әділ әрекет етпеді деп ойлайды?
11 Ең алдымен, мәселеге қатысты барлық жайтты біле бермейтінімізді есте ұстауымыз қажет. Бұл Әйүптің оқиғасынан жақсы көрінеді. Ол көкте Құдайдың алдына періштелер жиналғанда, Шайтанның оған жала жапқанын білген жоқ еді (Әйүп 1:7—12; 2:1—6). Сондықтан басына түскен қиыншылықтардың Шайтаннан екенін ұқпады. Тіпті Шайтанның шынымен кім екенін де білмеген дей аламыз. Сондықтан ол қателесіп, қиыншылықты жіберіп отырған Құдай деп пайымдады. Расында да, барлық жайтты білмесек, қате тұжырым жасауымыз оп-оңай.
12 Осыған мысал ретінде Исаның жүзімдікте еңбек еткен жұмысшылар жайлы айтқан астарлы әңгімесін қарастырайықшы (Матай 20:8—16 оқы). Қожайын күні бойы еңбектенген жұмысшыларға да, бір-ақ сағат жұмыс істеген кісілерге де бірдей ақы төлейді. Бұл жайлы сен не ойлайсың? Әділетсіздік деп есептейсің бе? Алдымен сен күннің астында күні бойы тер төккен жұмысшыларды ойлайтын шығарсың. Әрине, оларға көбірек ақы төленуі керек сияқты. Осы жағынан қарағанда, қожайын сүйіспеншілік танытпағандай әрі әділдік жасамағандай көрінер. Тіпті наразылық білдірген жұмысшыларға айтқан сөзінен ол өз билігін бұрыс қолданған сияқты. Бірақ біз барлық жайтты ескеріп тұрмыз ба?
13. Исаның астарлы мысалындағы жағдайға тағы қай жағынан қарауға болады?
13 Енді, бұл мысалға басқа жағынан қарап көрейік. Астарлы әңгімедегі қожайын жұмысшылардың өз отбасыларын асырауы керек екендігін түсінгені сөзсіз. Исаның заманында танаптағы жұмысшылар күнделікті ақысын күнде алатын болған. Үй ішіндегілері сол жалақыға қарап отыратын. Осыны ескеріп, қожайын кешке қарай кездестіргендіктен, бір-ақ сағат еңбек еткен жұмысшылардың жағдайын ойлап көрейікші. Олардың бір сағат еңбегі үшін алған жалақысы отбасына мардымсыз болар еді. Алайда олар еңбек еткісі келген, сондықтан жұмысқа жалдайтын адамды күні бойы күткен (Мат. 20:1—7). Сондықтан толық күн жұмыс істей алмағандарына олар кінәлі емес еді. Оның үстіне, мысалда олардың әдейі еңбектен қашқанына меңзейтін ешқандай сөз жоқ. Өзіңді солардың орнына қойып көрші: үй ішің бүгінгі жалақыңа қарап отырғанын білесің, әрі біреу жұмыс берер ме екен деп күні бойы күтіп отырсың. Жұмыс табылса, әсіресе отбасыңның бір күндік азығына жетерлік жалақы берсе, қатты қуанбас па едің?!
14. Жүзімдіктегі жұмысшылар жайлы астарлы әңгімеден қандай маңызды сабақ аламыз?
14 Сонымен, жұмыс берген қожайынның әрекетін қарастырайық. Ол ешкімнің ақысын жеген жоқ. Жұмысшылардың бәрі күн көруге құқы бар деп есептеді. Тіпті жұмыс аз, ал жұмысшылар көп болған күнде де, қожайын мұны пайдаланып, жұмысшыларға азырақ төлеуіне болар еді, бірақ ол олай істемеді. Бәрі де үйлеріне қажетті қаражатпен оралды. Осындай қосымша жайттарды ескергеніміз қожайынның әрекеті жайлы ойымызды өзгертеді. Ол шешімді сүйіспеншілікпен қабылдады және билігін дұрыс қолданды. Бұдан біз қандай сабақ аламыз? Қандай да бір мәселеге қатысы бар бірнеше жайттың өзін білгеніміз бізді бұрыс тұжырым жасаудан сақтайды. Шынында да, бұл астарлы әңгімеден Құдайдың әділдігі қаншалықты зор екенін және ол тек заң ережелері мен адамның лайық болу-болмауына негізделмегенін түсінеміз.
Ойымыз қате немесе шектеулі болуы мүмкін
15. Неге біздің әділдік жайлы ойымыз қате немесе шектеулі болуы мүмкін?
15 Қандай да бір жағдай әділетсіз болып көрінгенде, ойымыздың қате немесе шектеулі болуы мүмкін екенін де есте ұстауымыз керек. Қате болуының себебі — кемелсізбіз, алдын ала тон пішуге бейімбіз, мәдени ортаның ықпалындамыз. Шектеулі болуының себебі — біз адамның шын ниетін және жүрегінде не бар екенін біле алмаймыз. Ал Ехоба мен Исада мұндай шектеулер жоқ (Нақ. с. 24:12; Мат. 9:4; Лұқа 5:22).
16, 17. Дәуіт пен Барсабия күнә жасағанда, неге Ехоба оларды өзі берген заң бойынша жазаламады?
16 Дәуіттің Барсабиямен күнә жасаған оқиғасын қарастырайықшы (Пат. 2-ж. 11:2—5). Мұса заңы бойынша, екеуі де өлім жазасына кесілу керек еді (Леу. 20:10; Заң. қ. 22:22). Ехоба оларды жазалағанымен, Мұсаға берген өз заңы бойынша әрекет еткен жоқ. Сонда Ехобаның мұнысы әділетсіз болды ма? Ол Дәуітті басқалардан артық санап, өзінің әділдік нормасын бұзды ма? Кейбір адамдар солай есептеуі мүмкін.
17 Алайда неке адалдығын бұзуға қатысты заңды Ехоба кемелсіз әрі адамның жүрегіндегісін біле алмайтын билерге берді. Олардың мүмкіндіктері шектеулі болса да, осы заңның көмегімен сот жүргізу ісінде бірізділік сақтай алды. Ал Ехоба адамның жүрегінде не бар екенін жақсы біледі (Жар. 18:25; Шеж. 1-ж. 29:17). Сондықтан Ехоба кемелсіз адамдарға берген заңдарын бұлжытпай орындап, өз мүмкіндіктерін шектейді деп күтпеуіміз керек. Егер ол осылай ететін болса, бұл нашар көретін адамның көзін дұрыстауға арналған көзілдірікті өте жақсы көретін адамға кигізумен бірдей болар еді. Ехоба Дәуіт пен Барсабияның жүрегінде не бар екенін және олардың шын өкінгенін көрді. Ол осыны ескеріп, оларға мейірімділікпен әрі сүйіспеншілікпен үкім шығарды.
Ехобаның әділ еркін орындай берейік
18, 19. Ехобаны өзіміз әділ деп есептеген нормалармен соттаудан аулақ болуға не көмектеседі?
18 Сонымен, Киелі кітапты оқып отырғанда не өмірде бір жағдайларға кезіккенде, Ехобаның ісі әділетсіз болып көрінсе, ешқашан оны өзіміз әділ деп есептеген нормалармен соттамайық. Біз мәселеге қатысты жайттардың бәрін біле бермейтінімізді және ойымыздың қате не шектеулі болуы мүмкін екенін есімізде ұстайық. ‘Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнамды, әділ істерді жасай алмайтынын’ ешқашан ұмытпайық (Жақ. 1:19, 20). Сонда жүрегіміз бұзылып, “Жаратқанға наразы” болудан аулақ жүреміз (Нақ. с. 19:3).
19 Иса сияқты, біз де әділдік пен жақсылықтың нормасын орнатуға Ехобаның ғана құқы бар екенін мойындайық (Мар. 10:17, 18). Құдайдың нормалары жайлы “дұрыс түсінікке” ие болуға тырысайық (Рим. 10:2; Тім. 2-х. 3:7). Оларды қабыл алып, өмірімізді соларға сай келтірсек, “ең бастысы, Оның әділ еркін орындауға ұмтылатынымызды” көрсетеміз (Мат. 6:33).
[Сілтеме]
a Бір ғалым айтқандай, “орнату” деп аударылған түпнұсқадағы сөз “ескерткіш қоюды” да білдіреді. Олай болса, еврейлер Құдайды емес, өздерін мадақтайтын бейнелі мағынада ескерткіш қойған.
Есімізге түсірейік
• Неліктен Ехобаның әділ еркін орындауға ұмтылу маңызды?
• Қандай екі түрлі қауіптен сақтануымыз керек?
• Ехобаның әділ еркін орындауға қалай ұмтыла аламыз?
[9-беттегі сурет]
Ғибадатханаға келіп сиынған екі кісі жайлы Исаның астарлы әңгімесінен қандай сабақ аламыз?
[10-беттегі сурет]
Күні бойы жұмыс істегендер мен бір сағат жұмыс істегендердің бірдей жалақы алғаны әділетсіз болды ма?