“Жұбаныш атаулының” Құдайы Ехобаға сенім артыңдар
“Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы әрі Әкесі мадақталсын. Ол — қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” (ҚОР. 2-Х. 1:3).
1. Адам қандай жаста болмасын нені қажет етеді?
АДАМ дүниеге келгеннен бастап жұбанышқа мұқтаж. Сәби жұбатуды қажет еткенде, шырылдап жылайды. Бәлкім, ол ата-анасының өзін қолына алғанын қалайтын шығар немесе қарны ашып қалған болар. Тіпті есейгенде де, әсіресе, қиын жағдайларға тап болғанда бізге жұбаныш қажет.
2. Өзіне сенім артатындарды Ехоба жұбататынын қайдан білеміз?
2 Бізді жиі туыстарымыз бен достарымыз жұбатады. Бірақ кейде ешкім жұбата алмайтын күй кешеміз. Мұндай кезде жағдайымыз қаншалықты ауыр болмасын, тек Құдайдан ғана жұбаныш таба аламыз. Оның Сөзі былай деп сендіреді: “Ол [өзін] шынайы шақырғандардың қасында... Жалынышын естіп, [оларды] аман сақтайды” (Заб. 144:18, 19). Иә, “Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады” (Заб. 33:16). Алайда Құдайдың қолдауы мен жұбанышына ие болғымыз келсе, оған сенім артуымыз керек. Забур жыршысы Дәуіт мұны анық көрсетіп, былай деп жырлаған: “Қаналғандарға Жаратқан пана болады, Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады, Сені шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды” (Заб. 9:10, 11).
3. Ехобаның халқына деген сүйіспеншілігін Иса қандай көрнекі мысалмен көрсетті?
3 Ехоба үшін қызметшілері өте бағалы. Иса мұны растап, былай деді: “Бес торғай екі тиынға сатылады емес пе? Десе де Құдай олардың бірде-біреуін ұмытпайды. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі! Қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Лұқа 12:6, 7). Еремия пайғамбар арқылы Ехоба ежелдегі халқына былай деді: “Мен сені мәңгі өшпес сүйіспеншілігіммен жақсы көріп кеттім және сондықтан да саған рақымымды жаудырдым” (Ерм. 31:3).
4. Ехоба уәделерін орындайтынына неге сенімді бола аламыз?
4 Қиындыққа кезіккенде, Ехоба өз уәделерін орындайтынына сенім артсақ, жанымыз жұбаныш табады. Біз Құдайға Ешуа сияқты сенім артуымыз керек. Ол былай деген: “Жаратушы Ие сендер туралы айтқан ізгі сөздердің бірде-біреуі бос кетпегенін бүкіл жан-жүректеріңмен сезесіңдер; сендер үшін бәрі орындалды, бірде-бір сөз іске аспай қалған жоқ” (Ешуа 23:14). Сондай-ақ мынаған сенімді бола аламыз: қазір қиындықтардан азап шегіп жатсақ та, Құдай адал және өзіне шын берілген қызметшілерін ешқашан тастамайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқы).
5. Неге біз де басқаларды жұбата аламыз?
5 Елші Пауыл Ехобаны “жұбаныш атаулының қайнар көзі” деп атаған. Демек, Құдай қиналып жатқан не қайғы-мұңға берілген адамға медеу болып, жанына жай бере алады (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқы). Оның құдіреті шексіз. Бізді ешкім де, ештеңе де жұбата алмаған кезде Ехоба жүрегімізге жол табады. Құдайдан жұбаныш тапқандықтан біз де, өз кезегінде, “әртүрлі қиындық көріп жүрген” бауырластарымызды жұбата аламыз. Иә, Ехоба — теңдесі жоқ жұбаныштың көзі!
Қайғы-мұңмен күресу
6. Қандай жағдайлар адамды қайғы-мұңға батырады?
6 Өмірде адамды жұбанышқа мұқтаж ететін қиын жағдайлар көп. Жанымызға қатты батып, қабырғамызды қайыстыратын ең ауыр жағдай — жақынымыздың, әсіресе, жұбайымыз не баламыздың қайтыс болғаны. Адам кемсіту не алалаушылыққа кезіккенде де жұбанышты қажет етуі мүмкін. Денсаулықтың нашарлауы, жастың ұлғаюы, қаражат тапшылығы, отбасындағы қиындықтар не дүниедегі қайғылы жағдайлар адамдарды жантыныштығынан айырады. Иә, бүгінде жұбанышқа мұқтаж емес адам жоқ.
7. а) Қайғыға батқанда, не нәрсеге мұқтажбыз? ә) “Жаралы жүректі” Ехоба қалай сауықтырады?
7 Қайғыға батқанда, адам жанына жай беретін, ойын орнықтыратын, жағымсыз сезімдерден арылтатын, сондай-ақ денсаулығын нығайтып, рухани күш беретін жұбанышқа мұқтаж болады. Мысалға қайғы-дерт басқан жүректі алайық. Құдай Сөзінде адамның “жүрегі жараланып, жаны күйрейтіні” айтылған (Заб. 33:19). Мұндай күй кешкен адамға Ехоба көмектесе алатыны сөзсіз. Өйткені ол “жаралы жүректерді сауықтырады, қайғы-қасіреттерін жұбатады” (Заб. 146:3). Тіпті ең ауыр жағдайларда Ехоба жан жарамызды таңып, сауықтыра алады. Бұл үшін оған сеніммен дұға етіп, өсиеттерін берік ұстануымыз қажет (Жоханның 1-хаты 3:19—22; 5:14, 15 оқы).
8. Санамызды мазасыз ойлар жаулап алғанда, Ехоба бізге қалай көмектесе алады?
8 Түрлі сынақтар мазамызды қашырғанда, ойымызды орнықтыратын жұбанышқа мұқтаж болып жатамыз. Біз өз күшімізбен сынақтарға төтеп бере алмас едік. Бірақ забур жыршысы былай деді: “Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді [“мазасыз ойлар жаулап алғанда санамды” ЖД], Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді” (Заб. 93:19). Бұған қоса елші Пауыл былай жазған: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіп. 4:6, 7). Жазбалардан оқығандарымыздың үстінен ой жүгіртудің мазасыз ойлармен күресуде көмегі зор (Тім. 2-х. 3:15—17).
9. Жағымыз сезімдермен қалай күресе аламыз?
9 Кейде еңсеміз түскеннен бойымызды жағымсыз сезімдер билейді. Мысалы, Ехобаның талаптарын орындауға немесе қауымдағы міндетті атқаруға өзімізді дәрменсіз сезінуіміз мүмкін. Осы жағдайда да Ехоба бізге жұбаныш беріп, көмектеседі. Мысалы, Құдай Ешуаға исраилдіктерді жау халықтардың алдына бастап алып баруды тапсырғанда, Мұса оған былай деді: “Берік әрі ержүрек бол. Жаратушы Ие сенің алдыңда Өзі жүріп отырады, Өзі сенімен бірге болады, сенен теріс айналып кетпейді және сені жалғыз тастамайды, қорықпа және үрейленбе” (Заң. қ. 31:7, 8). Ехобаның көмегімен Ешуа халықты уәде етілген жерге алып келіп, жаулардың бәрін жеңіп шықты. Бұдан бұрын Қызыл теңізде Мұса да осылай Құдайдың қолдауын көрген еді (Мыс. ш. 14:13, 14, 29—31).
10. Қиыншылықтар денсаулығымызға кері әсер етіп жатса, бізге не көмектеседі?
10 Қиыншылықтар денсаулығымызға кері әсер етуі мүмкін. Мұндайда уақтылы тамақтанудың, жеткілікті демалудың, жаттығу жасаудың және бойымызды таза ұстаудың көп пайдасы бар. Сондай-ақ Киелі кітаптың болашаққа қатысты уәделері жайлы ойлағанымыз да денсаулығымызға жақсы әсер етеді. Ендеше қиын шақтарда Пауылдың басынан өткен жағдайы мен жігер берерлік келесі сөздерін есте ұстайық: “Біз жан-жақтан қатты қысым көрудеміз, бірақ тығырыққа тірелген жоқпыз; не істерімізді білмейміз, бірақ мүлдем шарасыз күйде емеспіз; қуғындалудамыз, бірақ Құдай бізді тастаған жоқ; бізді құлатуда, бірақ жойылған жоқпыз” (Қор. 2-х. 4:8, 9).
11. Сеніміміздің әлсіреп бара жатқанын сезсек, не істеуіміз керек?
11 Кейбір қиындықтардың кесірінен адам рухани әлсіреуі мүмкін. Бұндайда да Ехоба Құдай көмекке келеді. Оның Сөзі былай деп сендіреді: “Сүрініп жатқандарды Жаратқан сүйейді, Еңкейіп жүргендерді көтеріп демейді” (Заб. 144:14). Рухани күйімізді қалпына келтіру үшін ақсақалдардың көмегіне жүгінуіміз қажет (Жақ. 5:14, 15). Сондай-ақ Жазбаларға негізделген мәңгілік өмірге деген үмітті үнемі жадымызда ұстасақ, сынақтарға төтеп беру жеңілірек болады (Жох. 17:3).
Ехоба Құдайдан жұбаныш тапқан адамдар
12. Ыбырайымды жұбату үшін Ехобаның қалай әрекет еткенін айтып бер.
12 Забур жыршысы рухтың жетелеуімен былай деді: “Ескере гөр пендеңе уәдеңді, Өзің қалайсың соған үміттенуімді. Сенің сөзің мені жандандырады, Бұл мені жапа шеккенде жұбатады” (Заб. 118:49, 50). Бүгінде біздің қолымызда Ехобаның Сөзі — Киелі кітап бар. Онда Құдайдың өз қызметшілерін қалай жұбатқаны жайлы көп оқиғалар жазылған. Мысалы, Ыбырайымды алайық. Ехоба Содом мен Ғомораны жойғалы жатқанын естігенде, Ыбырайымның көңілі түскен болса керек. Сонда ол Құдайдан: “Уа, Ием, жауызбен бірге әділді де құртпақсың ба?”— деп сұрады. Ехоба Ыбырайымға Содомда 50 әділ адам табылса, райынан қайтатынын айтып жұбатты. Кейін Ыбырайым Ехобадан 45, 40, 30, 20, 10 әділ адам табылса ше деп бес рет сұрады. Сонда Ехоба оның әр сұрағына асқан шыдамдылықпен және мейірімділікпен жауап қайтарып отырды. Соңғы сұрағына жауап бергенде, Ехоба 10 әділ адам табылса, ол жерді жоймайтынын уәде етті. Бірақ Содомда әділ адамдардың саны тіпті онға да жетпеді. Соған қарамастан Ехоба Лут пен оның қыздарын аман алып қалды (Жар. 18:22—32; 19:15, 16, 26).
13. Ханна Ехобаға сенім артқанын қалай көрсетті?
13 Елқананың әйелі Ханна бала сүюді қатты қалады. Бірақ ол бедеу болатын әрі бұл оның жанын жегідей жейтін. Ол Ехобаға мұңын айтып, дұға еткен соң бас діни қызметкер Ели Ханнаға: “Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын!”— деді. Содан Ханнаның “жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды” (Пат. 1-ж. 1:8, 17, 18). Ханна бар уайымын Ехобаға артты. Кейін не болатынын білмесе де, ол жантыныштығына кенелді. Көп ұзамай Ехоба оның дұғасына жауап берді. Ханна жүкті болып, дүниеге ұл әкелді. Ол баласының атын Самуил деп қойды (Пат. 1-ж. 1:20).
14. Неге Дәуіт жұбанышқа мұқтаж болды және оны кімнен іздеді?
14 Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт те жұбанышқа мұқтаж болды. Адамның “жан дүниесін” көретін Ехоба Дәуітті патша етіп таңдағанда, оның ақжүрек әрі шынайы ғибадатқа берілген адам екенін білді (Пат. 1-ж. 16:7; Пат. 2-ж. 5:10). Алайда, кейінірек, Дәуіт Барсабиямен зинақорлық жасап, күнәсін жасыру үшін күйеуі Ұрияны өлтіртті. Бұл әрекеті өте ауыр күнә екенін түсінгенде, Дәуіт Ехобаға дұға етіп былай деді: “Мейіріміңнің молдығына бола қылмыстарымды өшіріп тастай гөр. Мені әділетсіздігімнен арылтып, Күнәларымнан түгел тазарта гөр. Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде” (Заб. 50:3—5). Дәуіт шын көңілден өкінгендіктен Ехоба оны кешірді. Алайда оған күнәсінің зардабын тартуға тура келді (Пат. 2-ж. 12:9—12). Қандай болған күнде де Ехобаның рақымы оған нағыз жұбаныш берді.
15. Иса өлерінен аз уақыт бұрын Ехобадан қандай көмек алды?
15 Жерде болған кезінде Исаның сенімі көп рет сыналды. Ехоба жол берген осы сынақтарда Иса мінсіздігін сақтап қалды. Ол кемелді адам ретінде әрдайым Ехобаға сенім артып, оның бүкіләлемдік билігін қолдаған. Шәкіртінің бірі опасыздық жасайтынын, әрі өзін өлім күтіп тұрғанын білген Иса Ехобаға былай деп дұға етті: “Әке, егер қаласаң, бұл тостағаннан маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің еркің болсын”. Содан кейін Исаны нығайту үшін көктен бір періште келді (Лұқа 22:42, 43). Осындай қиын шақта Құдай Исаны жұбатып, жанына медеу болды.
16. Мінсіздігімізді сақтау үшін бізге өліммен бетпе-бет келуге тура келсе, Құдай бізді қалай жұбата алады?
16 Сенімде берік тұрғанымыз үшін тіпті өліммен бетпе-бет келуге тура келсе де, Ехоба мінсіздігімізді сақтауға көмектесе алады әрі көмектеседі де. Оның үстіне, бізде қайта тірілуге деген үміт бар. “Соңғы жау — өлім” жойылатын күнді бәріміз де асыға күтудеміз (Қор. 1-х. 15:26). Өлім құшқан адал қызметшілер мен тағы басқа адамдар Құдайдың жадында. Ехоба оларды жақын болашақта қайта тірілтеді (Жох. 5:28, 29; Ел. іс. 24:15). Бұған сенімді болғанымыз қуғын-сүргінге кезіккен кезде бізге жұбаныш пен үміт береді.
17. Жақындарымыз қайтыс болғанда, Ехоба біздерді қалай жұбатады?
17 Өлім ұйқысында жатқан жақындарымыздың өмірге оралатынын білгеніміз неткен жұбаныш десеңші! Олар қайғы-қасіреттің нышаны да болмайтын жаңа дүниеге қайта тіріледі. Сол заманда осы зұлым дүниенің жойылуынан аман қалған Құдай қызметшілерінен тұратын “ұлы жамағат” қайта тірілгендерді қарсы алып, оларға тәлім беру мәртебесіне ие болады (Аян 7:9, 10).
Мәңгілік бойы Құдайдың қамқорлығын көреміз
18, 19. Ехоба қуғын-сүргін кезінде қызметшілерін қалай жұбатады?
18 Күш пен жұбаныш беретін әннің сөздерімен Мұса исраилдіктерді мынаған сендірді: “Сенің пана тұтарың көне Құдай болмақ және де сен мәңгілік қамқорлыққа алатын қанаттың астында боласың” (Заң. қ. 33:27). Кейінірек Самуил пайғамбар оларға былай деді: “Жаратқан Иеден бас тартпаңдар! Керісінше Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, қызмет етіңдер. Ол Өзінің ұлы даңқына бола меншікті халқын тастамақ емес” (Пат. 1-ж. 12:20—22). Шынайы ғибадатты берік ұстану арқылы Ехобаға етене жақын жүрейік, сонда ол бізді ешқашан қалдырмайды. Ол бізді әрқашан қолдап-қорғайды.
19 Осы қиын-қыстау күндері Ехоба қызметшілеріне көмек көрсетіп, жұбаныш беруде. Бір ғасырдан аса уақыт бойы мыңдаған Куәгер Ехобаға қызмет еткендері үшін ғана қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге жабылды. Олардың өмірлерінен көрінетіндей, Ехоба қиындыққа ұшыраған қызметшілерінің жанынан табылады. Мысалы, Кеңес Одағының кезінде бір бауырласқа 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген болатын. Түрмеде отырса да, ол жұбаныш пен күш беретін рухани ас-суды алып отырды. Ол былай дейді: “Сол ұзақ жылдар бойы мен Ехобаға арқа сүйеуді үйрендім әрі оның көмегін сезіндім” (Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқы).
20. Ехоба бізді тастамайтынына неге сенімді бола аламыз?
20 Болашақта қандай қиындықтарға кезікпейік, забур жыршысының жұбаныш беретін келесі сөздерін есте ұстағанымыз абзал: “Жаратқан өз халқынан бас тартпайды, Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды” (Заб. 93:14). Өзіміз жұбанышты қажет етсек те, біз басқаларды жұбата аламыз. Келесі мақалада осы аумалы-төкпелі заманда қайғы-мұңға батқан адамдарды қалай жұбата алатынымызды талқылайтын боламыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қандай жағдайлар бізді қайғы-мұңға батыруы мүмкін?
• Ехоба өз қызметшілерін қалай жұбатады?
• Өліммен бетпе-бет кезіксек те, бізді не нәрсе жұбатады?
[25-беттегі қоршау/сурет]
ЕХОБА БІЗДІ КАЛАЙ ЖҰБАТАДЫ?
▪ Жүрегімізді сауықтырады (Заб. 146:3; Жох. 1-х. 3:19—22; 5:14, 15)
▪ Ой-санамызды орнықтырады (Заб. 93:19; Філіп. 4:6, 7)
▪ Сезімдерімізді жүгендеуге көмектеседі (Мыс. ш. 14:13, 14; Заң. қ. 31:6)
▪ Денсаулығымызды нығайтады (Қор. 2-х. 4:8, 9)
▪ Рухани күйімізді қалпына келтіреді (Заб. 144:14; Жақ. 5:14, 15)