Ар-ұжданың сенімді бағыт-бағдар бере ме?
“Мен берген нұсқаудың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұжданнан бастау алатын сүйіспеншілік ояту” (ТІМ. 1-Х. 1:5).
1, 2. Адамзатқа ар-ұжданды кім сыйлаған және неге біз бұл үшін ризашылық білдіруіміз керек?
ЕХОБА ҚҰДАЙ адам баласын ерік бостандығымен, яғни таңдау еркімен жаратқан. Ол алғашқы еркек пен әйелге, сондай-ақ олардың ұрпақтарына өмірде басшылық болатын ар-ұждан, яғни жаман мен жақсыны айыра білу қабілетін берген. Дұрыс қолдана білсек, ар-ұжданымыз жақсылық жасауға асық, жамандықтан қашық жүруімізге көмектеседі. Демек, ар-ұждан — Құдайдың сүйіспеншілігі мен адамзаттың игілігін ойлайтынының көрінісі.
2 Бүгінгі күнгі адамдар ар-ұжданнан жұрдай дей алмаймыз (Римдіктерге 2:14, 15 оқы). Көпшіліктің жүріс-тұрысы Киелі кітаптағы талаптарға сай келмегенмен, жамандықтан аулақ жүретін адамдар жоқ емес. Ар-ұждандары жол бермегендіктен шектен шыққан зұлымдыққа бармайтын адамдар да көптеп кездеседі. Адам баласы ар-ұжданнан ада болса, мына дүниенің қандай болатынын елестетіп көрші. Сірә, зұлымдық қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Құдайымыздың бізге ар-ұждан сыйлағанына қалайша ризамыз десеңші!
3. Тәрбиеленген ар-ұжданның қандай пайдасы бар?
3 Ехобаның қызметшілері көпшілік сияқты емес, олар ар-ұждандарын тәрбиелегісі келеді. Сондай-ақ оның Құдай Сөзіндегі жаман мен жақсыға қатысты талаптарға сай болғанын қалайды. Дұрыс тәрбиеленген ар-ұждан қауымдағыларға жақсы әсер етеді. Ал ар-ұжданымызды тәрбиелеу үшін Киелі кітапты оқып қана қою жеткіліксіз. Біз Құдайдың нұсқауларын жақсы көруіміз, олардың пайдалы екеніне сенуіміз керек. Осы орайда елші Пауыл: “Мен берген нұсқаудың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілік ояту”,— деген (Тім. 1-х. 1:5). Ар-ұжданымызды тәрбиелеп, оның үніне құлақ асар болсақ, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бен сеніміміз нығаяды. Ар-ұжданымыздың үніне қаншалықты құлақ асқанымыз — рухани күйіміздің, жүрегіміздің пәктігінің, Ехобаға қаншалықты ұнамды болғымыз келетінінің көрсеткіші. Иә, осы ішкі дауыс біздің шын мәнінде қандай адам екенімізді көрсетеді.
4. Ар-ұжданымызды қалай тәрбиелеуге болады?
4 Ар-ұжданды қалай тәрбиелеуге болады? Бұл үшін Киелі кітапты жүйелі әрі дұға ете отырып оқып, сосын ой жүгіртуіміз, сондай-ақ білгенімізді өмірде қолдануымыз керек. Бұған қандай да бір жайттарды не заң-талаптарды білу ғана жатпайды. Біз Киелі кітапты Ехобаның болмысы мен қасиеттері, сондай-ақ оған не ұнап не ұнамайтыны жайлы көбірек білу мақсатымен зерттеуіміз керек. Сонда ар-ұжданымыз Құдайдың ой-санасына сай тәрбиеленеді. Ал бұл жүрегімізге әсер етіп, оған көбірек ұқсауға талпындырады.
5. Бұл мақалада не қарастырылады?
5 Бірақ бізде келесідей сұрақтар туындауы мүмкін: Жақсы тәрбиеленген ар-ұждан шешім қабылдауға қалай көмектеседі? Неге бауырластардың ар-ұждандарына сүйеніп қабылдаған шешімдерін сыйлауымыз керек? Ар-ұжданымыз құлшына қызмет етуге қалай талпындырады? Осы сұрақтарды ойда тұтып, ар-ұжданның жақсы тәрбиеленуін талап ететін келесі салаларды қарастырайық: 1) денсаулық, 2) ойын-сауық, 3) қызмет.
ЕСТІЛІК
6. Денсаулыққа қатысты қандай шешім қабылдау керек болуы мүмкін?
6 Киелі кітап бізді зиянды істерден аулақ жүруге, сондай-ақ ішіп-жеу мен басқа да жағынан байсалды болуға шақырады (Нақ. с. 23:20; Қор. 2-х. 7:1). Жазбалардағы принциптерді ұстансақ, қандай да бір дәрежеде денсаулығымызды сақтай аламыз. Бірақ кәрілік пен ауру-сырқаудан толық арыла алмаймыз. Кей елдерде дәстүрлі де, дәстүрлі емес те медицина кең тараған. Осы орайда бауырластар филиалдарға хат жазып, жиі белгілі бір емшараға қатысты сұрақтар қояды. Көп бауырластар: “Ехобаның қызметшісіне мұндай емшараны қолдануға бола ма?”— деп сұрап жатады.
7. Емшараға қатысты шешім қабылдағанда нені ескеруіміз керек?
7 Бауырлас қандай емшараны таңдау керектігін айтуды өтінгенмен, филиал да, жергілікті қауымның ақсақалдары да бұған құзырлы емес (Ғал. 6:5). Алайда олар бауырластың шешім қабылдауына көмектесетін Ехобаның сөздеріне назар аударады. Мысалы, мәсіхші Киелі кітаптағы “қаннан аулақ болыңдар” деген талапты есте ұстауы тиіс (Ел. іс. 15:29). Бұдан қанның өзі мен оның басты төрт құрамбөлігін қолдануға болмайтыны анық көрінеді. Мұны білгені сол құрамбөліктерден алынған ұсақ фракцияларға қатысты шешім қабылдарда, мәсіхшінің ар-ұжданына әсер етуі мүмкінa. Емшараларға қатысты шешім қабылдағанда, Киелі кітаптағы тағы қандай ақыл-кеңесті басшылыққа алуға болады?
8. Філіпіліктерге 4:5-тегі сөздер денсаулықты күтуге қатысты дұрыс шешімдер қабылдауға қалай көмектеседі?
8 Нақыл сөздер 14:15-те келесідей сөздер бар: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады”. Кейбір аурудың емі әлі белгісіз болу мүмкін. Сондықтан осындай аурудан құлантаза айықтырады-мыс дейтін емдеу тәсілдері жайлы алыпқашпа сөздерге сене бермеген дұрыс. Пауыл рухтың жетелеуімен: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын”,— деп жазған (Філіп. 4:5). Естілік қасиеті денсаулықты күтуге тым көп уақыт жұмсап, рухани нәрселерді шет қалдырудан сақтайды. Сондай-ақ денсаулық мәселесі өмірімізде бірінші орында тұрса, тек өз қара басымыздың қамын ойлай бастауымыз мүмкін (Філіп. 2:4). Бірақ біздің өмірімізде Ехобаға қызмет ету басты орында тұруы тиіс, сондықтан денсаулығымызды күткенде есті болуымыз керек (Філіпіліктерге 1:10 оқы).
9. Римдіктерге 14:13, 19-дағы сөздер денсаулыққа қатысты шешім қабылдауға қалай көмектеседі және қауымның ынтымағына не нәрсе қауіп төндіруі мүмкін?
9 Есті бауырластар өз пікірін өзгелерге тықпыштамайды. Мысалы, Еуропа елдерінің бірінде ерлі-зайыпты бауырлас белгілі бір биологиялық белсенді қоспалар мен емдәмді жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Осылай кейбір бауырластарды оны ұстануға көндіреді, ал өзгелері бұдан бас тартады. Бірақ аталмыш қоспалар мен емдәмнің әсері сенімдерін ақтамағанда, көп бауырластар бұған наразылық білдіреді. Әрине, әлгі ерлі-зайыпты қандай қоспаны ішіп, қандай емдәмді ұстанатындарын өздері үшін шешуге қақылы еді. Бірақ денсаулық мәселесі үшін қауымның ынтымағына қауіп төндіргендерін естілік деуге бола ма? Ежелде Римдегі мәсіхшілер белгілі бір тамақтар мен күндерге қатысты әртүрлі пікірде болған. Пауыл оларға қандай кеңес берді? Ол былай деген: “Біреу бір күнді екіншісінен маңызды санайды, ал өзге біреу күндердің бәрі бірдей деп есептейді. Әркім өз ойына сенімді болсын”. Байқағанымыздай, олар ең бастысы өзгелерді сенімнен тайдыратын ештеңе істемеу керек болған (Римдіктерге 14:5, 13, 15, 19, 20 оқы).
10. Неліктен өзгелердің жеке мәселеге қатысты шешімдерін құрметтеуіміз керек? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
10 Егер біз бауырласымыздың қандай да бір жеке мәселеге қатысты шешімін түсінбесек, дереу айыптауға немесе шешімін өзгертуге мәжбүрлеуге асықпауымыз керек. Бәлкім, оның ар-ұжданы “әлсіз” әрі тәрбиелеуді қажет ететін шығар немесе кейбір мәселелерде тым сезімтал болар (Қор. 1-х. 8:11, 12). Я болмаса, керісінше, өз ар-ұжданымызды тексеріп, Құдай принциптеріне сай тәрбиелеу керек шығар. Денсаулық мәселесінде әрқайсысымыз жеке шешім қабылдап, оның жауапкершілігін мойнымызға алуға дайын болуымыз қажет.
ОЙЫН-САУЫҚ ПЕН ДЕМАЛЫС
11, 12. Демалу түрлерін таңдағанда Киелі кітаптағы қандай кеңесті есте ұстаған жөн?
11 Демалу бізге қуаныш сыйлайды әрі пайдалы, өйткені Ехоба адамдарды осылай жаратқан. Бұған қатысты Сүлеймен патша “күлетін уақыт” пен “билейтін уақыт” бар екенін жазған (Уағ. 3:4). Алайда ойын-сауық пен демалыс түрлерінің бәрі бірдей пайдалы да жан сергітерлік емес. Сондай-ақ тым ұзақ не тым жиі демалу да дұрыс емес. Демалысымыздың жан сергітерлік, пайдалы болуына ар-ұжданымыз қалай көмектеседі?
12 Жазбаларда “тәннің істерінен” аулақ болуға қатысты ескерту жазылған. Бұған “азғындық, арам істер, өрескелдік, пұтқа табынушылық, бақсы-балгерлік, қаскөйлік, жанжалқойлық, қызғаныш, ашу-ызаға берілу, талас-тартыс, алауыздық, секталар құру, іштарлық, маскүнемдік, ырду-дырду той-думан құру және осы сияқты” істер жатады. Пауыл: “Осындаймен айналысатындар Құдай Патшалығын мұра етпейді”,— деген (Ғал. 5:19—21). Сондықтан да келесідей сұрақтар туралы ой жүгірткеніміз абзал: “Ар-ұжданым қаскөйлік, бәсекелестік, ұлтшылдық пен зұлымдыққа толы спорт түрлерінен аулақ болуға талпындыра ма? Порнографиялық көріністері бар немесе азғындыққа, көп ішімдік ішуге, бақсы-балгерлікке еліктіретін кино көруге азғырылғанда, ар-ұжданым үн қата ма?”
13. Тімөтеге 1-хат 4:8-де және Нақыл сөздер 13:20-да демалуға қатысты қандай кеңестер жазылған?
13 Киелі кітапта ар-ұжданымызды тәрбиелеп, демалу түрлеріне талғампаз болуға көмектесетін принциптер бар. Мысалы, онда “денені жаттықтырудың пайдасы аз” екені айтылған (Тім. 1-х. 4:8). Көпшіліктің ойынша, жүйелі жасалған жаттығулар көңіл-күйге де, денсаулыққа да пайдалы. Әйтсе де топтық спортпен айналысқымыз келсе, топтың құрамына назар аударамыз ба? Нақыл сөздер 13:20-да: “Данамен жүрген дана болар, Ақылсызбен араласқан жапа шегер”,— деп жазылған. Бұл сөздерден Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданымызды тыңдап, демалу түрлеріне талғампаз болу керектігі көрінеді емес пе?
14. Қалай бір жас бауырлас Римдіктерге 14:2—4 тармақтарға сай әрекет етті?
14 Кристиан мен Даниеланың екі жасөспірім қызы бар. Отағасы былай дейді: “Отбасылық ғибадат кезінде біз демалу түрлерін талқыладық. Барлығымыз да көңіл көтеру түрінің бәрі бірдей жақсы бола бермейтінімен келістік. Содан “Кімдермен уақыт өткізген дұрыс?” деген сұрақ көтердік. Бір қызымыздың ойынша, мектептегі үзіліс кезінде кейбір Куәгер оқушылар өздерін дұрыс ұстамайды екен. Ол өзі де солардың ықпалына беріле жаздағанын айтты. Сосын біз кіммен не істейтінімізді әркім өз ар-ұжданына сай шешу керектігі жөнінде әңгімелестік” (Римдіктерге 14:2—4 оқы).
15. Матай 6:33-тегі сөздер демалатын уақытты жоспарлауға қалай көмектеседі?
15 Көңіл қоятын тағы бір жайт — қашан демалып серіккен дұрыс? Демалатын уақытты қауым кездесулері, уағыздау мен жеке зерттеу сияқты теократиялық істерді ескеріп жоспарлайсың ба? Әлде мұндай істермен сауық-сайран құрудың ара-арасында айналысасың ба? Сен үшін қайсысы маңызды? Иса: “Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосылып беріледі”,— деген (Мат. 6:33). Ар-ұжданың сені осы кеңеске сай әрекет етуге талпындыра ма?
ҚҰЛШЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУ
16. Ар-ұжданымыз бізді не істеуге талпындырады?
16 Жақсы тәрбиеленген ар-ұждан бұрыс әрекеттерден сақтандырып қана қоймай, игі істерге де талпындырады. Мұндай істердің ең маңыздысы — үйме-үй не бейресми уағыздау. Елші Пауылдың ар-ұжданы солай етуге талпындырған. Ол: “Ізгі хабарды жариялау — менің міндетім. Ал ізгі хабарды жарияламасам, қасіретке қалар едім!”— деп жазған (Қор. 1-х. 9:16). Оған еліктесек, ар-ұжданымыз игі іс істеп жатқанымызды растайды. Сонымен қатар ізгі хабарды уағыздау арқылы өзге адамдардың ар-ұжданына әсер етіп, дұрыс нәрсе істеуге талпындырамыз. Пауыл бұған қатысты: “Шындықты аша отырып, Құдай алдында өзімізді барша адамдардың ар-ұжданына үлгі етеміз”,— деген (Қор. 2-х. 4:2).
17. Бір жас бауырлас қалай ар-ұжданына құлақ асты?
17 Жаклин 16 жасында мектепте биология пәнін өткен. Бірде сабақта эволюция теориясына назар аударылады. Ол былай деп есіне алды: “Бұл сабаққа мен атсалыса алмадым. Эволюция теориясымен келіспейтіндіктен, ар-ұжданым бұған жібермеді. Сондықтан мұғалімге барып, өз көзқарасымды түсіндірдім. Бір таңғалғаным — ол жылы шырай танытып, сыныптастарымның алдында жаратылыс туралы айтып беруді ұсынды”. Жаклин Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданына құлақ асып, соған сәйкес әрекет еткендіктен зор қанағат сезінді. Сені де ар-ұжданың дұрыс нәрсе істеуге талпындыра ма?
18. Неге біз ар-ұжданымызды сенім артуға болатындай етіп тәрбиелеуіміз керек?
18 Біз Ехобаның принциптері мен нұсқауларына сай өмір сүргіміз келеді. Осы мақсатқа жетуде ар-ұжданның көмегі зор. Құдай Сөзін терең зерттеп, білгендеріміз жайлы ой жүгірту және соны өмірде қолдану арқылы ар-ұжданымызды тәрбиелейміз. Сонда ол өмірімізге сенімді бағыт-бағдар береді.