“Киелі кітап үйретеді” кітабымен зерттеуге дайын емес адамдарға көмектесу
1. Неліктен алғашқы кезде бәрі бірдей “Киелі кітап үйретеді” кітабына қызығушылық білдірмеуі мүмкін?
1 Ехобаның қызметшісі болу үшін адам Киелі кітаптың неге үйрететінін білу қажет. Алайда кейбіреулер мәсіхшілікті ұстанбайтындықтан, Киелі кітапты Құдай Сөзі деп есептемейді. Басқалары болса Құдайға мүлдем сенбейді әрі Киелі кітапты бедел тұтпайды. Мұндай адамдар алғашқы кезде “Киелі кітап үйретеді” кітабымен зерттеуге дайын болмауы мүмкін. Оларға көмектесу үшін қандай құралдарды қолданғанымыз тиімді? Осыған қатысты төменде берілген кеңестер шамамен 20 елде тұратын жариялаушылардың тәжірибелеріне негізделген.
2. Адам Құдайға сенбейтінін айтса, біз нені біліп алуымыз керек және неліктен?
2 Құдайға сенбейтін адамдармен сөйлесу. Егер адам Құдайға сенбейтінін айтса, мұның себебін білген дұрыс. Ол дүниедегі әділетсіздікті не діндегі екіжүзділікті көргендіктен Құдайға сенуден қалған ба? Әлде эволюцияға сенгендіктен бе? Я болмаса, Құдайға сену тыйым салынған жерде өскен бе? Бәлкім, ол Құдайдың бар екенін жоққа шығармайтын да болар, алайда Құдайға мұқтаждық сезінбегендіктен, оған сенбейтінін айтуы мүмкін. Көп жариялаушылар байқағандай, адамнан “Сіз әрдайым осындай ойда болдыңыз ба?” деп сұрау оны көзқарасын түсіндіруге талпындырады. Сұрақ қойған соң, адамның жауабын мұқият тыңдап, сөзін бөлмегеніміз жөн. Адамның неліктен Құдайға сенбейтінін түсінгенде ғана біз оған қалай жауап беруге болатынын және қандай әдебиетті қолдану керектігін білетін боламыз (Нақ. с. 18:13).
3. Адамды және оның не нәрсеге сенетінін құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?
3 Үй иесіне жауап бергенде, біз оның көзқарасын сынға алып жатқандай болмауымыз керек. Осыған қатысты Құрама Штаттардағы филиал мынадай кеңес берген: “Әрбір адамның не нәрсеге сенетініне қатысты таңдау еркіндігін құрметтеу өте маңызды. Адамдармен сөз таластырудың орнына, оларды ойландыратын және қандай да бір тұжырымға келуге көмектесетін сұрақтар қойғанымыз дұрыс”. Мысалы, бір аралаушы бақылаушы үй иесінің ойын тыңдағаннан кейін, жауап бермес бұрын “Қалай ойлайсыз, ал былай болуы мүмкін бе?” деп сұрайды екен.
4. Буддистерге қалай уағыздай аламыз?
4 Көптеген буддистер үшін Құдай жайлы ұғым жат нәрсе болып табылады. Кейбір жариялаушылар оларға Жаратушының бар екеніне дәлелдер келтірілген әдебиеттерді көрсетеді, ал кейін “Киелі кітап үйретеді” кітабына көшеді. Мысалы, Британиядағы жариялаушылардың кейбірі “Баянды бақыт пен бейбітшілікке қалай қол жеткізуге болады?”a кітапшасының алғы сөзін қарастырғаннан кейін, “Ең жоғарғы Жаратушы бар ма?” деген тақырыпты, ал кейіннен “Күллі адамзаттың пайдасы үшін берілген басшылық” деп аталатын тақырыпты талқылайды. Содан кейін олар үй иесіне “Киелі кітап үйретеді” кітабын көрсетіп, былай дейді: “Құдайға сенбесеңіз де, Киелі кітапты оқудың пайдасын көре аласыз. Өйткені онда көптеген тиімді кеңестер жазылған”. Құрама Штаттардағы қытайларға уағыздайтын бір жалпы ізашар былай дейді: “Біздің аумағымыздағы адамдардың көбісі оқығанды жақсы көреді. Олар жиі қалдырған әдебиетімізді біз қайтып келгенше түгел оқып шығады. Бірақ көбісі Киелі кітапты зерттеудің мақсатын түсіне бермейді. Сол себепті мен адамдарға бірінші барғанда “Қуанышты хабар” кітапшасын ұсынамын, өйткені бұл кітапша арқылы оларды әңгімеге тарту өте оңай”. Құрама Штаттардағы қытай тілді аумақта қызмет ететін бір аудандық бақылаушы болса буддистермен алғаш жолыққанда-ақ “Киелі кітап үйретеді” кітабын қолдануға болатынын айтады. Алайда зерттеуді Құдай жайлы жазылған 1-тараудан емес, Киелі кітаппен таныстыратын 2-тараудан бастаған тиімдірек болуы мүмкін.
5. Шыдамдылық танытқанымыз неліктен маңызды?
5 Құдайға сену үшін адамға біраз уақыт қажет. Сол себепті шыдамдылық танытқанымыз өте маңызды. Бірнеше рет сөйлескеннен кейін адам Жаратушының бар екенімен келісе кетпейтін шығар. Бірақ уақыт өте келе ол бұлай болуы мүмкін екенін мойындауы не кейбіреулердің неліктен мұндай тұжырымға келетінін түсінетінін айтуы мүмкін.
6. Неліктен кейбір адамдар Киелі кітапқа қызығушылық танытпайды?
6 Киелі кітапқа қызығушылық танытпайтын не сенім артпайтын адамдармен сөйлесу. Кейбір адамдар Құдайдың бар екенін мойындаса да, Киелі кітапқа қызығушылық танытпайды, себебі оның Құдай Сөзі екеніне сенбейді. Бәлкім, олар мәсіхшілікті ұстанбайтын ортада өмір сүргендіктен, Киелі кітапты мәсіхшілер әлемімен байланыстыратын болар. Я болмаса, өздерін мәсіхшіміз деп атағанмен, осы дүниелік істерге ұмтылатын адамдардың арасында өскендіктен, Киелі кітаптың өзіне қандай да бір пайдасын тигізетініне күмәнданатын шығар. Мұндай адамдардың Киелі кітапқа деген қызығушылығын оятып, “Киелі кітап үйретеді” кітабымен зерттеу сабағын бастау үшін не істей аламыз?
7. Адамдардың Киелі кітапқа қызығушылығын оятудың ең жақсы жолы қандай?
7 Грекиядағы филиал былай деп жазды: “Киелі кітапқа қызығушылық танытпайтын адамдарға көмектесудің ең жақсы жолы — Киелі кітапты ашып, онда не жазылғанына адамның назарын аудару. Жариялаушылардың көбісі адамға өздерінің сөздерінен гөрі Киелі кітаптағы сөздер әлдеқайда күштірек әсер ететінін байқаған (Евр. 4:12). Киелі кітаптан Құдайдың есімін көргенде, көп адам Құдай Сөзін зерттеуге ықылас білдірген”. Үндістандағы филиал былай деп жазып жіберді: “Өмір мен өлім туралы шындық индуистердің көбісін қызықтырады. Сондай-ақ оларға болашақта касталық кемсітушілік болмайтын дүние орнайтыны жайлы Киелі кітаптағы уәде өте ұнайды”. Демек, жергілікті проблемаларды атап өткеніміз адамдарға болашақта Құдай Патшалығының жағдайды қалай түзететінін Киелі кітаптан көрсетуге мүмкіндік береді.
8. Киелі кітапты шіркеумен байланыстырғандықтан оған сенім артпайтын адамға не дей аламыз?
8 Киелі кітапты шіркеумен байланыстырғандықтан адам оған сенім артпайтын болса, мәсіхшілер әлемінің Киелі кітапты бұрмалайтынын көрсеткеніміз дұрыс. Үндістан филиалы былай деп жазды: “Кей кездері адамдарға шіркеудегілердің Киелі кітап ілімдерінің сақтаушылары емес екенін түсінулеріне көмектесуіміз қажет”. Сондай-ақ филиал “Өмірдің мәні неде? Оны қалай табуға болады?” (ор.) деген кітапшаның 4-тақырыбы индуистерді жиі қызықтыратынын жазған. Онда шіркеудегілердің қалай Құдай Сөзін өзгертіп, жоюға тырысқандары жайлы айтылады. Бір жалпы ізашар уағыздағанда былай дейді екен: “Киелі кітапта не жазылғанын көбірек білгіңіз келмес пе еді? Көп адам кең тараған қарсы пікірлерге қарамастан және қандай да бір діннің мүшесі болу жауапкершілігін алмастан осылай етіп жүр. Киелі кітаптан білгендеріңіз сізді таңғалдыруы мүмкін”.
9. Адам алғашында Киелі кітапқа қызығушылық танытпаса, неліктен үмітімізді үзбеуіміз керек?
9 Ехоба Құдай әрбір адамның жүрегіне қарайды (Пат. 1-ж. 16:7; Нақ. с. 21:2). Ол жүрегі ізгі адамдарды өзіне ғибадат етуге жақындатып тартуда (Жох. 6:44). Олардың көбісі Ехоба Құдай туралы ешқашан білім алмаған не Киелі кітаппен онша таныс емес. Біздің уағыздау қызметіміз оларға “құтқарылуға және шындық жайлы тура білім алуға” мүмкіндік береді (Тім. 1-х. 2:4). Сол себепті кейбір адамдар алғашында Киелі кітаптың не нәрсеге үйрететініне қызығушылық білдірмесе, үмітімізді үзбе! Олардың қызығушылығын ояту үшін қолда бар әдебиеттердің бірін қолдан. Адаммен осылай әңгімелесе жүріп, ақыр аяғында Киелі кітапты зерттеуге арналған басты құралымыз — “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабына көше алатын шығарсың.
[Сілтеме]
a Бұл кітапша қазақ тілінде жоқ. Осы және басқа да басылымдарды www.jw.org сайтынан орыс тілінде оқи аласыз.
[4-беттегі сурет]
Үй иесі Құдайға сенбейтінін айтса, былай етіп көр:
• Мұның себебін білу үшін “Сіз әрдайым осындай ойда болдыңыз ба?” деп сұра.
• Үй иесі буддист болса, “Баянды бақыт пен бейбітшілікке қалай қол жеткізуге болады?” (ор.) кітапшасының 9—12 беттеріндегі мәліметті қолдан.
• Ол эволюцияға сенетін болса, келесі мәлімет көздерін қолдансаң болады:
“Ояныңдар!” журналындағы “Мұны кім ойластырған?” деген айдар
“Ғажайып жаратылыстар Құдайдың даңқын паш етеді” бейнефильмі
“Қанағаттандырарлық өмір. Оған қалай қол жеткізуге болады?” (ор.) кітапшасының 4-тақырыбы, “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” және “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшалары
• Егер ол дүниедегі әділетсіздік пен қайғы-қасіреттің себебінен Құдайға сенбейтін болса, мына әдебиеттердің көмегі тиюі мүмкін:
“Қамқор Жаратушы бар ма?” (ор.) кітабының 10-тарауы
“Құдай шынымен біздің қамымызды ойлай ма?” кітапшасының 6-бөлімі, “Өмірдің мәні неде? Оны қалай табуға болады?” (ор.) кітапшасының 6-тақырыбы
• Адам Құдайдың бар болуы мүмкін деген ойға біртабан жақындағанда, “Киелі кітап үйретеді” кітабына көш. Алайда зерттеуді 1-тараудан емес, екінші не оған қызықты болатын басқа тараудан бастаған дұрыс болар.
[5-беттегі қоршау]
Егер адам Киелі кітапқа сенбейтін болса, былай етіп көр:
• “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?” (ор.) кітабының 17, 18-тарауларын қарастыр.
• Индуистерге уағыздағанда, “Пікір алысу” (ор.) кітабының 23-бетін қара.
• Иудаизмді ұстанатындарға уағыздағанда, “Соғыс болмайтын кез келе ме?” (ор.) кітапшасының 3—11 беттеріндегі мәліметті қолдан.
• Киелі кітаптағы принциптерді ұстанудың пайдасын қарастыр. Бұл үшін мына әдебиеттерді қолдансаң болады:
“Ояныңдар!” журналындағы “Отбасына көмектесу” айдары
Ұсынуға арналған “Күзет мұнарасы” журналындағы “Отбасы бақытының сыры” айдары
“Киелі кітап. Адам өмірін өзгертетін күші бар” бейнефильмі
“Құдайдан келген қуанышты хабар” кітапшасының 9 , 11-сабақтары, “Баршаға арналған кітап” кітапшасының 22—26 беттері, “Қанағаттандырарлық өмір. Оған қалай қол жеткізуге болады?” (ор.) кітапшасының 2-тақырыбы
Буддистерге кездескенде, “Тыныштық пен бақытқа жетелейтін жол” (ор.) кітапшасының 3—7 беттеріндегі мәліметті немесе “Пікір алысу” кітабының 20, 21-беттеріндегі мәліметті қолдан.
Мұсылмандарға кездескенде, “Шынайы сенім — бақыттың кілті” кітапшасының 3-тарауын қолдан.
Егер Киелі кітапты бедел тұтпайтын аймақта уағыздап жүрсең, өзің бөлісіп жүрген дана кеңестердің қайдан алынғанын алғашқы кездерде айтпай-ақ қойғаның дұрыс болар.
• Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың қалай орындалғанын айтып түсіндір. Бұл үшін мына әдебиеттерді қолдансаң болады:
“Киелі кітап. Ондағы тарихи деректер мен сенімді пайғамбарлықтар” бейнефильмі
“Баршаға арналған кітап” кітапшасының 27—29 беттері
• Адам әртүрлі тақырыптарға қатысты Киелі кітапта не жазылғанын сұрай бастаса, бірден “Киелі кітап үйретеді” кітабына көш.
[6-беттегі сурет]
Егер үй иесі “Мен Құдайға сенбеймін” десе, былай айтсаң болады:
• “Жаратушының бар екеніне мен неліктен сенетінімді қысқаша айтып берсем бола ма?” Содан кейін “Пікір алысу” кітабының 357—360 беттерінде келтірілген кейбір ойлармен немесе басқа әдебиеттердегі өзіңе ұнаған мәліметпен бөліссең болады.
• “Ал егер Құдай бар болса, сіз оның қандай болғанын қалар едіңіз?” Адамдардың көбісі сүйіспеншілігі мол, әділ, мейірімді және ешкімді алаламайтын Құдайға жақындағысы келетінін айтады. Оған Киелі кітаптан Құдайдың осындай қасиеттерге ие екенін көрсет. (“Киелі кітап үйретеді” кітабының 1-тарауының 6-абзацындағы мәліметпен бөліссең де болады.)
Егер үй иесі “Мен Киелі кітапқа сенбеймін” десе, былай айтсаң болады:
• “Көбісі солай айтады. Кейбіреулер Киелі кітапты ғылыми жағынан тура емес не ондағы өсиеттердің өмірде пайдасы жоқ деп ойлайды. Сіз Киелі кітапты оқып көргенсіз бе? [Жауабын күт. Сосын “Баршаға арналған кітап” деген кітапшаның 3-бетіндегі кіріспені көрсетіп, ондағы ойлармен бөліс.] Діндер Киелі кітаптың ілімдерін бұрмалап жібергендіктен, көбісі оған сенбей кеткен. Бұл туралы кітапшаның 4, 5-беттерінде жазылған. Келесі жолы сізге осы жайлы айтып бергім келер еді”.
• “Көп адам солай айтады. Киелі кітаптағы не нәрсе мені қатты таңғалдырғаны жайлы айтып берсем бола ма? [Киелі кітаптың ғылыми жағынан тура екенін көрсететін Әйүп 26:7 немесе Ишая 40:22 оқы.] Сондай-ақ Киелі кітапта отбасыларына көмектесетін дана кеңестер бар. Келесі жолы сізге солардың біреуін көрсеткім келер еді”.
• “Ойыңызды ашық айтқаныңызға рақмет. Қалай ойлайсыз, егер Құдай адамзатқа кітап түсірген болса, онда не жазылған болар еді?” Сосын оның жауабына сай келетін Киелі кітаптағы бір жазба орнын көрсет.