Марқа
14 Құтқарылу мейрамы* мен Ашымаған нан мейрамына*+ екі күн қалған еді+. Жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаны айламен ұстап алып, өлтірудің жолын іздестірді+. 2 Бірақ олар: “Мұны мейрамда істемейік, әйтпесе халық көтеріліп кетуі мүмкін”,— десті.
3 Бетанияда болғанында Иса бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде дастарқан басында жантайып жатты. Сонда өте қымбат таза нард иісмайы құйылған тас құты* ұстаған бір әйел келіп, құтының аузын сындырды да, иісмайды оның басына құя бастады+. 4 Бұған кейбіреулер наразылық білдіріп, өзара: “Иісмайды бұлай ысырап етудің қажеті қанша? 5 Оны 300-ден аса динарға* сатып, түскен ақшаны кедейлерге үлестіруге болар еді ғой!”— десті. Осылай олар әйелге ашуланды. 6 Бірақ Иса былай деді: “Бұл әйелді жайына қалдырыңдар. Неге оны мазалайсыңдар? Ол маған жақсылық жасады+. 7 Кедейлер әрқашан қастарыңда ғой+, оларға қалаған кездеріңде жақсылық жасай аласыңдар, ал мен қастарыңда әрқашан болмаймын+. 8 Ол қолынан келгенін істеп, денеме иісмай жағып, алдын ала жерлеуге дайындады+. 9 Сендерге шындығын айтамын, ізгі хабар дүниенің қай жерінде уағыздалмасын+, бұл әйел де еске алынып, осы істегені жайлы айтылатын болады+”.
10 Ал 12 елшінің бірі Яһуда Исқариот Исаны ұстап беру үшін жоғарғы діни қызметкерлерге барды+. 11 Олар бұны естігенде қуанып кетіп, оған күміс ақша беруді уәде етті+. Сөйтіп, Яһуда оны ұстап берудің қолайлы сәтін іздей бастады.
12 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні+ Құтқарылу мейрамына арналған құрбандық шалынатын+. Сол кезде шәкірттері Исаға: “Құтқарылу мейрамының асын қайда барып дайындағанымызды қалайсыз?”— деп сұрады+. 13 Сонда ол екі шәкіртін жұмсап, былай деді: “Қалаға барыңдар. Сол жерде құмырамен су алып бара жатқан адамды кездестіресіңдер. Соңынан еріп+, 14 ол кірген үйдің иесіне: —Ұстазымыз сізден шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамының асын ішуге болатын қонақ бөлменің қайда екенін сұрап жатыр,— деңдер. 15 Ол сендерге жоғары қабаттағы әзірленіп қойылған үлкен бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар”. 16 Шәкірттер жолға шығып, қалаға барғанда, бәрі дәл Иса айтқандай болып шықты. Сөйтіп, олар мейрамға дайындалды.
17 Кеш түскенде Иса 12 елшісімен келді+. 18 Дастарқан басында жантайып тамақтанып жатқанда, ол: “Сендерге шындығын айтамын, менімен бірге тамақ жеп отырған араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды”,— деді+. 19 Бұған олардың еңселері түсіп, бірінен соң бірі: “Сол адам мен емеспін ғой?”— деп сұрай бастады. 20 Иса былай деді: “Бұл — он екіңнің бірі, менімен бір табаққа нан батырып жатқан біреуің+. 21 Рас, Адам Ұлы өзі туралы жазылғанға сай кетіп бара жатыр. Бірақ Адам Ұлына опасыздық жасаған кісі қасіретке қалады+! Бұдан гөрі оның дүниеге келмегені жақсы еді+!”
22 Олар тамақтанып жатқанда, Иса қолына нан алып, дұға етті де, шәкірттеріне сындырып беріп жатып: “Алыңдар, бұл менің денемді білдіреді”,— деді+. 23 Сосын шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға берді. Одан бәрі ішті+. 24 Ол былай деді: “Бұл менің көптеген адамдар үшін төгілетін қанымды+ — “келісім+ қанын” — білдіреді+. 25 Сендерге шындығын айтамын, Құдай Патшалығында жаңа шарап ішетін күнге дейін, енді қайтып шарап ішпеймін”. 26 Соңында, олар Құдайды мадақтап әндер айтты да, Зәйтүн тауына қарай жүрді+.
27 Иса оларға былай деді: “Бәрің мені тастап кетесіңдер, өйткені Киелі жазбаларда “бағушыны ұрып өлтіремін+, сонда қойлары бытырап кетеді” делінген+. 28 Бірақ мен қайта тірілгеннен кейін, сендерден бұрын Ғалилеяға барамын+”. 29 Ал Петір: “Сізді тіпті бәрі тастап кетсе де, мен тастамаймын”,— деді+. 30 Бұған Иса: “Саған шындығын айтамын, бүгін, осы түні-ақ, әтеш екі рет шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деп жауап берді+. 31 Алайда Петір одан бетер құлшына: “Сізбен бірге өлуге тура келсе де, сізден еш танбаймын!”— деді. Барлығы да осылай дей бастады+.
32 Олар Гетсимани деген жерге келгенде, Иса шәкірттеріне: “Мен дұға айтып келгенше, осында отыра тұрыңдар”,— деді+. 33 Бұны айтқаннан кейін, Петірді, Жақып пен Жоханды өзімен бірге ертіп кетті+. Ол қатты қиналып, күйзеле бастады. 34 Иса оларға: “Жаным өлердей қайғырып тұр+. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар”,— деді+. 35 Сөйтті де, әрірек барып, жерге жығыла кетіп, мүмкін болса, осы сынақтың басына түспеуін сұрап дұға ете бастады. 36 Ол: “Абба*, Әке+, сенің қолыңнан бәрі келеді, бұл тостағаннан* маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің қалауың болсын”,— деді+. 37 Қайтып келгенде, шәкірттерінің ұйықтап жатқандарын көріп, Петірге былай деді: “Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бір сағат сергек бола алмадың ба+? 38 Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер+. Рух дайын, бірақ тән әлсіз+”. 39 Кейін қайтадан шеткері барып, алдында айтқан сөздерін қайталап дұға етті+. 40 Бұдан соң қайтып келіп, тағы да олардың ұйықтап жатқанын көрді, өйткені көздерін ұйқы басқан еді. Олар оған не дерін білмеді. 41 Үшінші рет дұға етіп келген соң, Иса оларға былай деді: “Осындай уақытта ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма?! Жетер! Уақыт келді+! Міне, Адам Ұлы күнәкарлардың қолына ұстап берілмек. 42 Тұрыңдар, кеттік! Мінеки, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды+”.
43 Ол әлі сөйлеп тұрғанда, 12 елшінің бірі Яһуда қолдарына семсер, сойыл ұстаған тобырмен келіп те қалды. Оларды жоғарғы діни қызметкерлер, дін мұғалімдері мен ақсақалдар жіберген еді+. 44 Опасыздық жасайтын адам қандай белгі беретінін айтып: “Мен кімнің бетінен сүйсем, ол — сол кісі. Соны тұтқындап, қашып кетпеуін қадағалаңдар”,— деген болатын. 45 Яһуда тіке Исаның қасына барып: “Ұстаз!”— деді де, ақырын ғана бетінен сүйді. 46 Сол кезде олар тап беріп, оны тұтқынға алды. 47 Сонда сол жерде тұрғандардың бірі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің құлының құлағын шауып түсірді+. 48 Иса келгендерге былай деді: “Қарақшыны ұстауға келгендей, семсер, сойылмен келгендерің қалай+? 49 Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп+, қастарыңда болғанымда тұтқындамап едіңдер. Бірақ бұл Жазбаларда айтылғандар жүзеге асу үшін осылай болуға тиіс+”.
50 Сонда шәкірттерінің бәрі оны тастап, қаша жөнелді+. 51 Бірақ денесіне сапалы зығыр жамылғы орай салған бір жас жігіт оған еріп отырды. Олар оны ұстап алмақшы болғанда, 52 жігіт жамылғысын тастай сала, жалаңаш* қашып кетті.
53 Олар Исаны бас діни қызметкерге апарды+, сол жерге барлық жоғарғы діни қызметкерлер, ақсақалдар мен дін мұғалімдері жиналды+. 54 Петір оған алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің ішкі ауласына дейін барды да, сол жерде үй қызметшілерімен бірге отқа жылынып отырды+. 55 Осы кезде жоғарғы діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес* Исаны өлімге кеспек болып, оған қарсы айғақтар іздестіріп, бірақ ештеңе таба алмай жатты+. 56 Көптеген адам оған қарсы жалған куәлік бергенімен+, олары бір-бірімен үйлеспей жатты. 57 Сондай-ақ орындарынан тұрып, оған қарсы мынадай жалған куәлік айтушылар да болды: 58 “Біз оның “қолдан жасалған мына ғибадатхананы қиратып, үш күннің ішінде адам қолымен жасалмаған басқасын тұрғызамын” дегенін естідік”+. 59 Бірақ бұл куәліктері де өзара сәйкес келмеді.
60 Ақырында, бас діни қызметкер ортаға шығып, Исадан: “Айтар жауабың жоқ па? Мыналар саған қарсы куәлік беріп жатыр ғой!”— деп сұрады+. 61 Бірақ Иса еш жауап қайырмай, үнсіз тұра берді+. Бас діни қызметкер тағы да сұрақ қойып: “Сен Киелі Құдайдың Ұлы Мәсіхсің бе?”— деді. 62 Сонда Иса: “Иә, мен солмын. Сіздер Адам Ұлының+ Құдіреті күштінің оң жағында отырғанын+ және аспандағы бұлттармен келе жатқанын көретін боласыздар”+,— деді. 63 Бұны естігенде, бас діни қызметкер киімінің өңірін жыртып, былай деді: “Бізге бұдан басқа қандай куә қажет+? 64 Құдайды қорлағанын өздерің естідіңдер ғой. Бұған не дейсіңдер?” Бәрі оны өлімге лайық деген үкім шығарды+. 65 Біреулер оған түкіріп+, бетін жауып тұрып, жұдырықтап: “Пайғамбар болсаң, кім ұрғанын айтшы”,— деді. Ал сот орындаушылары оның жағынан тартып-тартып жіберіп, алып кетті+.
66 Осы уақытта Петір төменде, ішкі аулада еді. Сонда бас діни қызметкердің бір қызметші қызы келіп+, 67 отқа жылынып тұрған Петірді көріп, оған тесіле қарап: “Сен де назареттік Исамен жүретін едің ғой”,— деді. 68 Бірақ ол: “Мен оны танымаймын, сенің не айтып тұрғаныңды да түсінбеймін”,— деп мойындамады. Сосын сырт жаққа, қақпаға қарай жүрді. 69 Сол жерде оны қызметші қыз тағы көріп, жанындағыларға: “Бұл — солардың бірі”,— дей бастады. 70 Петір қайтадан мойындамады. Біраздан соң сол жердегілер тағы да оған: “Сен шынымен солардың бірісің, өйткені сен ғалилеялықсың ғой”,— десті. 71 Бірақ ол: “Сендер айтып тұрған адамды танымаймын”,— деп, қарғанып, ант іше бастады. 72 Сол сәтте әтеш екінші рет шақырды+. Сонда Петірдің есіне Исаның “әтеш екі рет шақырғанша, сен менен үш рет танасың” деген сөздері түсіп+, өз-өзін ұстай алмай, жылап жіберді.