32-ТАРАУ
Құдай Исаны қалай қорғаған?
КЕЙДЕ Ехоба кішкентайларды және әлсіздерді керемет жолмен қорғап жатады. Табиғат аясында қыдырып жүргенде, сен мұның бір дәлелін көре аласың. Бірақ алғашында не болып жатқанын бірден түсінбеуің мүмкін.
Сен бір соқпақ жолмен келе жатырсың. Кенет жақын жерге бір құс келіп қонды. Ол жарақаттанған сияқты. Құсқа жақындағанда, ол бір қанатын сүйретіп, сенен әрірек кетеді. Артынан жүрген сайын, ол жүрісін жылдамдата түседі. Бір кезде құс қанатын жайып ұшып кетеді. Оның қанаты сап-сау екен! Ендеше, құс неге бұлай етті? ~
Өйткені сен шөптің арасында жасырылған құстың ұясына жақындап қалған едің. Ал ұяда оның балапандары бар. Сен оларды тауып алып, зиян тигізе ме деп құс қорықты. Сондықтан ол өтіріктен жарақаттанған болып, сені артынан ілестіріп сол маңнан алып кетті. Балапандарын қорғаған осы құс сияқты, бізді кім қорғай алатынын білесің бе? ~ Киелі кітапта Ехоба балапандарына көмектесетін қыран құсқа теңелген (Заңды қайталау 32:11, 12).
Ехобаның ең сүйікті баласы — Иса. Ол көкте өмір сүрген кезде, Әкесі сияқты құдіретті рухани тұлға еді. Сол кезде ол өз-өзін қорғай алатын. Ал жерде нәресте болып туылғанда, Иса әлсіз әрі қорғанышқа мұқтаж болды.
Ол өзіне берілген Құдайдың тапсырмасын орындау үшін, есейген әрі кемелді адам болуы керек еді. Шайтан мұны қаламады, сондықтан Исаны кішкентай кезінде өлтірмек болды. Ал Ехоба Исаны өлімнен құтқарып қалды. Осы қызықты оқиғаны білгің келе ме? ~
Иса туылғаннан көп ұзамай, аспанның шығыс жағында бір жұлдыз пайда болды. Оны жаққан Шайтан еді. Жұлдызды көрген жұлдызнамашылар оның соңынан жүріп отырды. Ақырында олар жүздеген шақырым жердегі Иерусалимге келді. Олар сол жердегі адамдардан: “Яһудилердің патшасы қай жерде туылу керек еді?”— деп сұрады. Мұны Киелі кітаптан білетіндер: “Бетлехемде”,— деп жауап берді (Матай 2:1—6).
Иерусалимнің қатыгез патшасы Ирод жақында Бетлехем қаласында жаңа патшаның туылғанын естіген болатын. Сондықтан жұлдызнамашыларға: “Барып баланы іздеңдер. Оны тапқан соң, қайтып келіп, маған хабарлаңдар”,— деді. Иродтың Исаны неге тапқысы келгенін білесің бе? ~ Ол өзінің тағын қызғанып, Исаны өлтіргісі келді.
Құдай өз Ұлын қалай қорғады деп ойлайсың? ~ Жұлдызнамашылар Исаны тауып, оған көп сыйлық бергеннен кейін, Құдай оларға түстерінде аян беріп, Иродқа бармаңдар деп ескертті. Сондықтан олар Иерусалимге оралмай, үйлеріне басқа жолмен қайтып кетті. Ирод жұлдызнамашылардың кетіп қалғанын естігенде, қатты ашуланды. Содан Исаны өлтіру үшін, ол Бетлехемдегі екі жасқа толмаған барлық ұл балаларды өлтіруге бұйрық берді. Бірақ бұл кезде Иса сол қалада жоқ еді.
Исаның қалай аман қалғанын білесің бе? ~ Жұлдызнамашылар кеткен соң, Ехоба Мәриямның күйеуі Жүсіпке отбасыңмен Мысырға қаш деп түсінде аян берген болатын. Сол жақта Ирод Исаға қауіп төндіре алмас еді. Бірнеше жылдан кейін Мәриям мен Жүсіп Исаны алып, Мысырдан өз елдеріне қайтады. Сонда Ехоба тағы да Жүсіпке аян беріп, Исаны аман алып қалу үшін Назарет қаласына барыңдар дейді (Матай 2:7—23).
Ехоба өз Ұлын қалай қорғағанын көрдің бе? ~ Шөптің арасында анасы жасырып қойған балапандарға немесе кішкентай Исаға кімді ұқсатар едің? Өзіңді ұқсатар ма едің? ~ Саған да жамандық жасағысы келетін біреулер бар. Олардың кім екенін білесің бе? ~
Киелі кітапта Шайтан бізді жеп қойғысы келетін ақырған арыстанға теңелген. Арыстандар жиі кішкентай жануарларға тап беріп, жеп қойғысы келеді. Сол сияқты Шайтан мен жындар да жиі кішкентай балаларға тап береді (Петірдің 1-хаты 5:8). Бірақ Ехоба Шайтаннан әлдеқайда күшті. Ол өзінің балаларын қорғайды және Шайтан келтірген залалдың орнын толтырады.
Оныншы тарауда талқылағанымыздай, Ібіліс пен оның жындары бізге не істетуге тырысатыны есіңде ме? ~ Иә, олар адамдарды Құдай айыптайтын жыныстық қатынасқа итермелеуге тырысады. Бірақ жыныстық қатынас кімдердің арасында ғана болу керек? ~ Дұрыс, тек некеге тұрған ер адам мен әйелдің арасында ғана болу керек.
Алайда, бір өкініштісі, кейбір үлкен адамдар балалармен жыныстық қатынас жасауды ұнатады. Осындай жексұрын істен кейін, сол балалар мен қыздар да көрген жаман істерін қайталауы мүмкін. Сондай-ақ олар жыныс мүшелерін дұрыс емес қолдана бастауы мүмкін. Көп ғасыр бұрын Содом қаласында да осындай жағдай болған. Киелі кітапта сол қаланың “жас баласы да, кәрісі де” Лутқа келген қонақтармен жыныстық қатынасқа түскісі келгені айтылған (Жаратылыс 19:4, 5).
Кезінде кішкентай Исаны қалай қорғау керек болған болса, бүгінде сені де зорлағысы келетін үлкендерден, тіпті балалардан қорғау керек. Әдетте олар саған дос сияқты болып көрінуге тырысады. Саған не істегісі келетінін ешкімге айтпауды уәде етсең, олар сыйлық береміз деуі мүмкін. Бірақ ондай адамдар Шайтан мен оның жындары сияқты өздерін ғана ойлайды. Сондықтан өз дегеніне жету үшін ештеңеден тайынбайды. Олар балалармен жыныстық қатынасқа түскеннен ерекше сезімге бөленеді. Бірақ бұл — өте жаман іс!
Ондай адамдар не істеуді ұнататынын білесің бе? ~ Олар сенің жыныс мүшеңді сипағысы не ұстағысы келеді. Олар тіпті өз жыныс мүшесін сенің жыныс мүшеңе тигізуге тырысады. Бірақ ешқашан ешкімге өзіңнің жыныс мүшеңмен ойнауға жол берме! Тіпті ағаң мен әпкеңе, папаң мен мамаңа да.
Жаман адамдардан өзіңді қалай қорғай аласың? ~ Алдымен, ешкімге жыныс мүшеңмен ойнауға рұқсат етпе. Егер біреу жыныс мүшеңе тиісуге тырысса, қатты дауыспен, батыл түрде оған: “Тиіспе! Не істегеніңді айтып берем!”— деп айт. Ол саған өзің кінәлісің десе, оған сенбе. Ол өтірік айтып тұр. Дереу сол жерден кетіп қал да, саған тиіскен адам кім болмасын, ол жайлы сенетін жақын адамыңа айтып бер. Ал егер тиіскен адам саған бұл екеуміздің құпиямыз болсын десе, оны тыңдама. Тіпті ол саған сыйлық беруді уәде етуі немесе сені қорқытуы мүмкін. Бәрібір оны тыңдама, қасынан тез кетіп қал да, ол туралы басқаларға айтып бер.
Саған қорқудың қажеті жоқ, бірақ абай болуың керек. Ата-анаң қауіпті адамдардан немесе жерлерден аулақ жүр деп ескертсе, оларды тыңда. Сонда жаман адамдар саған зиянын тигізе алмайды.
Құдай айыптайтын істерден аулақ болу үшін мына тармақтарды оқып шығайық: Жаратылыс 39:7—12; Нақыл сөздер 4:14—16; 14:15, 16; Қорынттықтарға 1-хат 6:18 және Петірдің 2-хаты 2:14.