Ыбырайым — сенім үлгісі
“Ыбырайым... Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы” (РИМДІКТЕРГЕ 4:11).
1, 2. а) Ыбырайым не себепті бүгінгі күнгі мәсіхшілердің есінде? ә) Ыбырайым неліктен, “Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы” аталады?
ОЛ ҚҰДІРЕТТІ халықтың арғы атасы, пайғамбар, басшы және іскер адам болған еді. Алайда оның бүгінгі мәсіхшілердің есінде болуының басты себебі — Ехоба Құдайдың оны өзінің досы ретінде санауына себеп болған қасиеті, яғни берік сенімі (Ишая 41:8; Жақып 2:23). Оның есімі Ыбырайым болатын, сондай-ақ Киелі кітапта ол “Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы” аталған (Римдіктерге 4:11).
2 Әбіл, Енох, Нұх сияқты Ыбырайымға дейін өмір сүрген адамдар да сенім танытты емес пе? Солай ғой әрине, бірақ Құдай жер бетіндегі барлық ұлттарға батасын төгуге байланысты келісімді Ыбырайыммен жасасқан болатын (Жаратылыс 22:18). Осылайша ол уәде етілген Ұрпаққа сенім артқан адамдардың барлығының бейнелеп айтқандағы түп атасы болды (Ғалаттықтарға 3:8, 9). Қандай да бір мағынада Ыбырайымды біздің де түп атамыз деп қарастыруға болады, өйткені оның сенімі біз еліктеуге тиіс үлгі болып табылады. Оның сынақтар мен қауіп-қатерге толы бар өмірін Құдайға деген сенімін дәлелдейтін істерге толы деп қарастыруға болады. Сенімі ең үлкен сынаққа ұшырамастан көп уақыт бұрын Ыбырайым — оған ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуға бұйрық берілген болатын — көптеген кішігірім сынақтарда сенім танытқан (Жаратылыс 22:1, 2). Қазір сол ертедегі сынақтардың біразын қарастырып, бүгінде не нәрсеге үйренуімізге болатынын көрейік.
Ур қаласын тастап шығу туралы бұйрық
3. Ыбырамның шыққан ортасы жайында Киелі кітапта не айтылған?
3 Киелі кітапта Ыбырам (кейінірек Ыбырайым аталған) туралы алғаш рет Жаратылыс 11:26-да айтылады: “Тарах жетпіс жасқа толғаннан кейін, одан Ыбырам, Нахор, Харан дүниеге келді”. Ыбырамның арғы атасы Шам Құдайдан қорқатын адам болған (Жаратылыс 11:10—24). Жаратылыс 11:31-ге сәйкес, Ыбырам отбасымен бірге Евфрат өзенінің шығысында орналасқан “Халдей еліндегі Ур” деп аталған гүлденген қалада өмір сүргенa. Осылайша ол шатырда өмір сүретін көшпенді ретінде емес, сән-салтанатқа толы қалада туып өсті. Ур қаласының базарларынан шет елдерден әкелінген тауарлар сатып алуға болатын. Оның көшелері әктелген, ішіне су құбырлары жүргізілген, он төрт бөлмелі үлкен үйлерге толы болатын.
4. а) Шын Құдайға ғибадат еткендер Ур қаласында қандай сынақтарға ұшыраушы еді? ә) Ыбырамның Ехобаға сенуіне не себеп болды?
4 Материалдық жағынан артықшылықтары болғанмен, Ур қаласында шын Құдайға қызмет еткісі келген адамдардың бәрі де үлкен сынақтарға ұшыраушы еді. Бұл қалада пұтқа табыну мен ырымшылдық кеңінен тараған болатын. Қаладағы ең басты ғимарат — айдың құдайы Наннды дәріптеуге арналған зәулім зиккурат еді. Осы құдайға арналған жиіркенішті ғибадатқа қатысуға Ыбырамға қысым көрсетілгені сөзсіз, тіпті кейбір туыстары да қысым көрсеткен болуы мүмкін. Яһудилердің кейбір аңыздарына сәйкес, Ыбырамның әкесі Тарах та пұт жасайтын шебер болған (Ешуа 24:2, 14, 15). Қалай болғанда да Ыбырам жиіркенішті ғибадатқа қатыспаған. Оның арғы атасы Шам әлі тірі еді және оның шын Құдай туралы білетінін Ыбырамға айтқаны сөзсіз. Соның нәтижесінде Ыбырам Наннға емес, Ехобаға сенген (Ғалаттықтарға 3:6).
Сенім сынағы
5. Урда болған кезінде Құдай Ыбырамға қандай бұйрық берді және не уәде етті?
5 Ыбырамның сенімі сыналды. Құдай оған аян беріп, былай деді: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды және әкеңнің үйін тастап, Мен саған көрсететін елге көш! Мен сен арқылы ұлы халық жасаймын, сені жарылқаймын да атыңды шығарамын. Менің ақ батам сен арқылы басқаларға да жететін болады. Саған ақ батасын бергендерге Мен де ақ батамды беремін, ал кім сені қарғаса, соны Мен де қарғаймын. Сен арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарды жарылқаймын” (Жаратылыс 12:1—3; Елшілердің істері 7:2, 3).
6. Урды тастап шығу үшін неліктен Ыбырамның нағыз сенімі болу керек еді?
6 Ыбырам қарт адам еді және баласы да жоқ болатын. Одан қалай “ұлы халық” шығар еді? Ал Құдайдың оған бар деп бұйырған жері қайда орналасқан еді? Ол кезде Құдай оған бұл жайлы ештеңе айтқан жоқ болатын. Сол себепті гүлденген Ур қаласы мен ондағы молшылықтың барлығын қалдыру үшін Ыбырамның нағыз сенімі болуы керек еді. “Отбасы, сүйіспеншілік және Киелі кітап” (Family, Love and the Bible) кітабында ежелгі уақыт жайында былай делінген: “Отбасының үлкен қылмыс жасаған мүшесіне қолданылатын ең қатаң жаза — оны отбасының қалған мүшелерінен бөліп, қуып жіберу болған еді... Сол себепті Ыбырамның Құдайдың шақыруын қабыл алып, елін ғана емес, бауырларын да тастап шыққаны — Құдайға мүлтіксіз мойынсұну мен оған сенім артудың керемет үлгісі болған”.
7. Ыбырам кезіккен сынаққа бүгінгі мәсіхшілер қалай кездесулері мүмкін?
7 Бүгінде де мәсіхшілер тап осындай сынаққа ұшырауы мүмкін. Ыбырамның кезіндегідей, біздің уақытымызда да материалдық мүддені теократиялық істерден бұрын қоюға жеңіл елігіп кетуге болады (1 Жохан 2:16). Отбасының сенбейтін мүшелері, соның ішінде қауымнан шығарылған туыстарымыз да, қарсылық көрсетіп, олармен араласқанда кері әсер етуі мүмкін (Матай 10:34—36; 1 Қорынттықтарға 5:11—13; 15:33). Осыған байланысты Ыбырам бізге керемет үлгі қалдырды. Ол Ехобамен достық қарым-қатынасты бәрінен де, тіпті туыстық қатынастан да, жоғары қойды. Ол Құдайдың уәдесінің қалай, қашан және қайда орындалатынын нақты білген жоқ. Әйтсе де ол өз өмірін осы уәделерге үміт арта отырып құруға даяр болды. Бұл бізді күнделікті өмірімізде Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюға қаншалықты жігерлендіреді десеңші! (Матай 6:33).
8. Ыбырамның сенімі отбасы мүшелеріне қалай әсер етті және мәсіхшілер бұдан не нәрсеге үйрене алады?
8 Ыбырамның отбасы мүшелері жайында не айтуға болады? Ыбырамның Құдайға деген сенімі мен Оның уәделерінің орындалатынына сенімділігі оларға қатты әсер етсе керек, себебі, әйелі Сарай мен жетім қалған немере інісі Лут Құдайға мойынсұнып, Ур қаласын тастап шықты. Ағасы Нахор мен оның ұрпақтарының кейбіреулері кейінірек Урды тастап шығып, Харанға көшіп келді де, сол жерде Ехобаға ғибадат етті (Жаратылыс 24:1—4, 10, 31; 27:43; 29:4, 5). Тіпті әкесі Тарах та ұлымен бірге жүруге келісті! Отағасы болғандықтан, Киелі кітапта Қанаханға қарай өзгелерді Тарах жолға алып шықты деп айтылған (Жаратылыс 11:31). Егер әдеппен куәлік етер болсақ, мүмкін біз де туыстарымыздың жүректеріне ақиқатты жеткізе алармыз?
9. Жолға шығу үшін Ыбырам қандай дайындық жасады және неліктен ол бұл істе шығынға ұшыраған болса керек?
9 Жолға шықпас бұрын Ыбырам көп нәрсе атқаруы керек еді. Меншігіндегі жері мен тауарларын сатып, шатыр, түйелер, азық-түлік және қажетті құрал-сайман сатып алуы керек болды. Осылай асығыс жиналғандықтан, ол қаржылай шығынға ұшыраған болса керек, алайда ол Ехобаға мойынсұнғанына қуанышты болды. Дайындықтың бәрі аяқталып, Ыбырамның керуені Урдың қабырғасының сыртында жол жүруге дайын тұрған күн қандай есте қаларлық күн болған болуы керек десеңші! Керуен бұралаңдаған Евфрат өзенін жағалай солтүстік-батысқа қарай жолға шықты. Апталар бойы шамамен 1 000 шақырымдай жол жүріп, керуен Месопотамияның солтүстігінде орналасқан керуен жолдары қиылысатын Харан деген қалаға келіп жетті.
10, 11. а) Ыбырамның біраз уақытқа Харанда қалуына не себеп болған болса керек? ә) Қартайған әке-шешесін күтіп жүрген мәсіхшілерді не нәрсе жігерлендіреді?
10 Қартайған әкесі Тарахты күту үшін болса керек, Ыбырам Харанда тұрып қалады (Леуіліктер 19:32). Сол сияқты, бүгінгі күні де көптеген мәсіхшілердің қартайған немесе науқас әке-шешелерін күту жауапкершіліктері бар, кейбіреулері тіпті осы міндеттерін атқару үшін өмірлеріне өзгеріс енгізуде. Қажет болған жағдайда осылай еткен мәсіхшілер сүйіспеншілікпен жасаған мұндай құрбандықтары ‘Құдайға ұнайтынына’ сенімді бола алады (1 Тімотеге 5:4).
11 Уақыт өтіп жатты. “Тарах екі жүз бес жыл өмір сүріп, Харанда қайтыс болды”. Әкесінің қайтыс болғанына Ыбырамның қайғырғаны күмәнсыз, алайда жоқтау мерзімі аяқталысымен Харанды тастап жолға шықты. “Хараннан көшіп кеткен кезде Ыбырам жетпіс бес жаста еді. Осылайша Ыбырам әйелі Сарайды және туған інісінің баласы Лутты ертіп, бар жиған-тергендері мен Харанда өздері иемденген қызметшілерін де алып, сапарға шығып, Қанахан еліне барды” (Жаратылыс 11:32; 12:4, 5).
12. Харанда тұрған кезінде Ыбырам не істеді?
12 Харанда болған кезінде Ыбырамның ‘жиып-тергенін’ атап өткен жөн. Ыбырам Ур қаласынан шығарда шығынға ұшырағанымен, Хараннан дәулетті адам болып шықты. Бұл Құдайдың батасын төгуінің арқасында болғаны күмәнсыз (Екклесиаст 5:18). Құдай бүгінгі қызметшілеріне байлық уәде етпегенімен, ‘үй-жайын, туған бауырларын... тастап шыққандардың’ қажеттіліктерінің қамын ойлаймын деген уәдесіне берік (Марқа 10:29, 30). Сондай-ақ Ыбырамның “Харанда өздері иемденген қызметшілері” болды. Иерусалим және Халдей таргумдарында Ыбырам “адамдарды өз дініне кіргізді” делінген (Жаратылыс 18:19). Сенімдерің сендерді көршілеріңе, бірге жұмыс істейтін адамдарға және сыныптастарыңа шындықты айтуға талпындыра ма? Харанда болған кезде Құдайдың өсиетін ұмытпаған Ыбырам уақытын тиімді пайдаланды. Ал енді оның ол жерден кететін уақыты келді. “Ыбырам Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты” (Жаратылыс 12:4).
Евфраттың арғы бетіне өту
13. Ыбырам Евфрат өзенінің арғы бетіне қашан өтті және бұның қандай мәні болды?
13 Ыбырам тағы да жолға шықты. Хараннан шыққан керуен батысқа бет алып, шамамен тоқсан шақырымдай жол жүрді. Ыбырам Евфрат өзенінің бойында, ежелгі өнеркәсіп орталығы Қархеміске қарсы жерде тоқтаған болса керек. Бұл керуеннің өзеннің арғы бетіне өтуіне ыңғайлы жер едіb. Ыбырамның керуені өзеннің арғы бетіне қай уақытта өтті екен? Киелі кітаптан б. з. б. 1 513 жылы 14 нисанда яһудилер Мысырдан көшіп шығардан 430 жыл бұрын өткенін көруге болады. Мысырдан шығу 12:40, 41 тармақтарында былай делінген: “Исраил әулетінің Мысырда тұрған уақыты төрт жүз отыз жыл. Осы мерзім өткен күні-ақ Тәңірдің халқы лек-легімен Мысыр елінен шықты”. Демек, Ыбыраммен жасалған келісім б. з. б. 1 943 жылғы 14 нисанда — ол Құдайдың тілін алып Евфрат өзенінің арғы бетіне көшкен кезінде — күшіне енген болса керек.
14. а) Ыбырам сенім көзімен нені көре алды? ә) Қай мағынада Құдайдың бүгінгі қызметшілері Ыбырамға қарағанда әлдеқайда көп баталарға ие?
14 Ыбырам гүлденген қаланы тастап шықты. Алайда ол енді “негізі берік қаланған... қаланы”, яғни адамзатты әділ басқаратын үкіметті, көз алдына елестете алды (Еврейлерге 11:10). Иә, аз ғана мәліметі бар Ыбырам Құдайдың өлімге сатылған адамзатты құтқаруға байланысты негізгі мақсатының жалпы нобайын түсіне бастады. Бүгінгі күні біз Ыбырамға қарағанда Құдайдың ниеті жайында әлдеқайда көп білеміз (Нақыл сөздер 4:18). Ыбырам үміт артқан “қала”, немесе Патшалық үкіметі, қазір бар. Ол 1 914 жылы көкте орнады. Бұл жағдай бізді іс-әрекетімізден Ехобаға сенетініміз және үміт артатынымыз көрінетіндей әрекет етуге талпындыруы керек емес пе?
Уақытша қоныстанатын уәде етілген жерге жету
15, 16. а) Ехобаға құрбандық ұсынатын орын тұрғызу үшін Ыбырамға неліктен батылдық керек еді? ә) Бүгінгі күні мәсіхшілер қалай Ыбырам сияқты батылдық көрсете алады?
15 Жаратылыс 12:5, 6 тармақтарында былай делінген: “Ыбырам сол елді [Қанахан елі] кезіп, Сихем қаласының қасындағы алып емен ағашы өсіп тұрған Море деген жерге дейін жетті”. Сихем Иерусалим қаласының солтүстігінде 50 шақырым қашықтықта, “киелі жердің жұмағы” ретінде суреттелген құнарлы алқапта орналасқан болатын. “Ол кезде елді қанахандықтар мекендеуші еді”. Қанахандықтар өнегесіз, азғындық істерімен белгілі болғандықтан, Ыбырам отбасын олардың жаман әсерінен қорғау үшін күш салуы керек болатын (Мысырдан шығу 34:11—16).
16 “Жаратқан Ие Ыбырамға [екінші рет] аян беріп: “Мен сенің ұрпағыңа осы елді сыйлаймын”,— деп уәде етті“. Қандай жан тебірентерлік оқиға десеңші! Әрине, тек болашақта ұрпақтары ғана ие болатын нәрсеге қуана білу үшін Ыбырамның сенімі болуы керек еді. Ыбырам, жауап ретінде, “сол жерде өзіне аян берген Тәңір Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды” (Жаратылыс 12:7). Бір Киелі кітап маманы былай дейді: “Қандай да бір жерде құрбандық ұсынатын орын тұрғызу іс жүзінде ол жерді сенімінің негізінде өзіне иелікке алудың формалды жолы болған”. Сондай-ақ мұндай құрбандық ұсынатын орын тұрғызу батыл әрекет еді. Бұл орынның кейінірек Заң келісімінде айтылған қашалмаған тастан соғылған құрбандық шалатын орынға ұқсас болғаны күмәнсыз (Мысырдан шығу 20:24, 25). Ол қанахандықтар қолданған құрбандық ұсынатын орынға мүлдем ұқсамаған. Осылайша Ыбырам бүкіл халықтың алдында батылдықпен өзінің шынайы Құдай Ехобаға ғибадат ететінін паш етті. Сөйтіп айналасындағыларға жек көрінішті болып, тіпті өмірін де қауіпке тіккен болуы мүмкін. Ал бүгінде біз туралы не айтуға болады? Кейбіріміз — әсіресе жастар — көршілерімізге немесе сыныптастарымызға Ехобаға ғибадат ететінімізді білдіруден тартыншақтаймыз ба? Ыбырам көрсеткен батылдық үлгісі барлығымызды да Ехобаның қызметшісі екенімізді мақтан тұтуға жігерлендіргей!
17. Ыбырам өзінің Құдайдың есімін уағыздаушы екенін қалай дәлелдеді және бұл бүгінгі мәсіхшілердің есіне нені салады?
17 Қайда бармасын, Ыбырам үшін Ехобаға ғибадат ету әрқашан бірінші орында болған. “Содан соң ол Бетел қаласының шығыс жағындағы тауға қарай бет алып, батыс жақтағы Бетел қаласы мен шығыс жақтағы Ай қаласының ортасына шатырын тікті. Сол жерде де Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, Оған сиынды [“Ехобаның есімін шақырды”, ЖД]” (Жаратылыс 12:8). “Есімін шақыру” деген еврей сөз тіркесі сондай-ақ “есімін жариялау (уағыздау)” дегенді де білдіреді. Ыбырамның қанахандық көршілерінің арасында Ехобаның есімін батыл жариялағаны күмәнсыз (Жаратылыс 14:22—24). Бұл — бүгінгі күні “көпшіліктің алдында оның [Ехобаның] есімін жариялау” ісіне мүмкіндігінше көп үлес қосу міндетімізді есімізге салады (Еврейлерге 13:15, ЖД; Римдіктерге 10:10).
18. Ыбырам қанахандықтармен қандай қарым-қатынаста болды?
18 Ыбырам бұл жерлердің ешқайсысында ұзақ тұрақтаған жоқ. “Сонан соң Ыбырам сапарын оңтүстіктегі Негев айдаласына қарай жалғастырды”. Бұл Яһудея тауларының оңтүстігіндегі жартылай қуаң жер еді (Жаратылыс 12:9). Әрқашан көшіп-қонып жүрген Ыбырам мен оның отбасы тоқтаған жерлерінің бәрінде Ехобаға ғибадат ететінін паш етіп жүрген. Осылайша олар көпшіліктің алдында “өздерінің сол елде тек жат жерлік келімсек ретінде және уақытша тұрғандарын” жариялады (Еврейлерге 11:13, ЖД). Олар қай кезде болмасын құдайсыз көршілерімен тым жақын араласпауға тырысты. Бүгінгі мәсіхшілер де солар сияқты “осы күнәкар дүниенің адамдары” болмаулары керек (Жохан 17:16). Көршілеріміз бен бірге жұмыс істейтін адамдарға мейірімділікпен және сыпайы қарағанымызбен, біз Құдайдан безген дүниенің рухын танытатын іс-әрекетке араласып кетпеу үшін сақтық танытамыз (Ефестіктерге 2:2, 3).
19. а) Көшпелі өмір неліктен Ыбырам мен Сарай үшін сынақ болған болуы мүмкін? ә) Ыбырамның алдында тағы қандай қиыншылықтар күтіп тұрды?
19 Көшпенді өмірдің қиындықтарына бейімделу Ыбырам мен Сарай үшін оңайға соқпағанын ұмытпайық. Олар Урдағы базарлардан сатып алып жеген тағамның орнына өз малдарының өнімдерімен тамақтанды; ыңғайлы соғылған үйлердің орнына енді шатырларда тұрды (Еврейлерге 11:9). Ыбырам тынымсыз еңбектенді; малдары мен қызметшілеріне бас-көз болу үшін оған көп тірлік ету керек болды. Сарайдың сол уақыттағы қалыптасқан дәстүрге байланысты әйелдер атқаруға тиіс қамыр илеу, нан жабу, ұршық иіру, киім тігу сияқты істерді атқарғанында күмән жоқ (Жаратылыс 18:6, 7; 4 Патшалықтар 23:7; Нақыл сөздер 31:19; Езекиел 13:18). Сондай-ақ, үнемі жаңа сынақтар күтіп тұратын. Ыбырам мен отбасын алдарында өмірлеріне қауіп төндірген жағдай тосып тұрды! Осы жағдайға қарсы тұра алатындай Ыбырамның сенімі жеткілікті берік болды ма екен?
[Сілтемелер]
a Қазіргі уақытта Евфрат өзені бұрынғы Ур қаласының шығысында 16 шақырым қашықтықта ағып жатқанымен, деректер ежелгі уақытта өзен қаланың түбінен, батыс жағынан аққанын айтады. Сол себепті кейінірек Ыбырам жайлы “өзеннің арғы бетінен “келген деп айтылған (Ешуа 24:3).
b Ғасырлар өткен соң Ассирияның патшасы Ашшурбанипал II сал жасап, Қархеміске жақын жерден Евфраттың арғы бетіне өтті. Ыбырам сал жасады ма, жоқ әлде өзі де, керуені де суды кешіп өтті ме, ол жайында Киелі кітапта айтылмаған.
Көңіл аудардыңдар ма?
• Ыбырам неліктен “Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы” аталды?
• Қанахан жеріндегі Ур қаласын тастап шығу үшін Ыбырамға неліктен сенім керек болды?
• Ыбырам Ехобаға ғибадат етуді өмірінде бірінші орынға қойғанын қалай көрсетті?
[9-беттегі сурет]
Ур қаласындағы жанға жайлы өмірді тастап шығу үшін Ыбырамға сенім керек болды